Иранның танымал тұлғалары (160)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, "Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал атақты құтпагер, мистик Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби жайлы сөз қозғаймыз.
"Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби – х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырларда Хорасанда өмір сүрген мистик, уағызшы, шейх әрі Иранның ұлы мистик ақыны Джалаледдин Моулавидің әкесі. Бахаваладтың әкесі Хосейн бен Ахмад Хатиби өз заманының ғұлама тұлғаларының бірі болған. Олар Балхта өмір сүрген. Бахавалад х.қ.ж.с.б. 546 жылы (1151 жылы) Үлкен Хорасанның маңызды қалаларының бірі Балхта әйгілі әрі тақуа әулетте туған. Бахавалад ата-бабасының кәсібін жалғастырып, Балхта уағызшы әрі мүфти болған. Бахавалад өз заманындағы уағызшылардың әдеті бойынша Хорасан, Мәуереннахр мен Түркістанның қалаларына, Вахш жеріне, Соғд даласы мен Хорезм аймағына сапар шеккен. Қай жерге барса да, әр қаланың мешіттерінде уағыз айтып, медреселерде сабақ берген, тіпті дәруіштердің үйлеріне де барған. Оның уағызы экспрессияға толы, сабақтары да тартымды екен. Оның дәрістерінің басқа ғалымдар мен факихтер арасында кең таралған дүниелерден айтарлықтай айырмашылығы болған. Тазкерелерде айтылғандай, Бахавалад Хорезмшахтың әділетсіздігі мен залымдығынан туындағанқиыншылықтарға байланысты және моңғолдардың Иранға шабуыл жасайтыны туралы хабар жеткен соң Балхтан көшуге шешім қабылдаған. Бахавалад өз жанұясы және шәкірттерімен Ирак пен Шамда біраз уақыт тұрған соң Кіші Азияның шығыс аудандарына барған. Бұл аймақтарда парсы тілі сөйлеу, жазу және оқу тілі болған. Сол себепті оның уағыз жиындарын жалпы жұрт қолдаған.
Ғалымдардың cұлтаны Бахавалад Кіші Азияның əртүрлі қаласына қысқа да ұзақ сапарларға барғаннан кейін ақырында қазіргі Түркияда "Фараман" деп аталатын Ларанда қаласына барып, сонда тұрақтайды. Бұл аймақта парсы тілі кең таралғандықтан оның уағыз жиындары мен дəрістеріне көптеген шəкірттер жиналатын. Сапарлар мен көші-қонға толы осы жылдардың барлығында Ларанда қаласы Бахаваладтың ұзақ уақыт тұрып, сабақ беруіне қолайлы орта дайындаған алғашқы мекен болды. Бұл қаланың əкімі Табе Алаеддин Кейқұбад Селджуқи болды. Бахавалад қалаға келгеннен кейін бір медресе оның иелігіне берілді. Қала əдемі, суы мол болған. Қаланың көшелері мен базарынан Византия, тіпті Ежелгі Грекия заманынан қалған əдемі ескерткіштерді көруге болатын. Талай рет крестшілердің шабуылына ұшыраған бұл қала сол заманда ислам елінің құрамында болып, Бахавалад пен оның серіктері үшін өмір сүріп, уағыз айтып, дәріс беру үшін қолайлы орын болды. Ол үшін салынған медресенің ісіне қарайласып, дәріс беруден Бахаваладтың осы қалаға бауыр басқаны соншалықты, ол Селжұқ сұлтанының тағы орналасқан Кония қаласы ақсақалдарының шақыруын қабылдамаған.
Ларандада өмір сүрген жылдардың барлығы Бахавалад пен сол кезде ер жетіп қалған оның ұлы Джалаледдин Мұхаммад Балхи үшін көп адамның алдында уағыз айтып, дәріс берумен өтті. Бұл арада Рим сұлтаны Алаеддин Кейқұбад I Селжұқидің табандылықпен шақыруы Балхтан шыққан "Ғалымдар сұлтанының" Конияға қоныс аударуына себеп болды. Арзанджан, Малатия мен ЛарандадаБахаваладтың жалқы мен жалпыға танымал болғанын естіген Алаеддин Кейқұбад Селджуқи Хорасаннан шыққан осы ирандық уағызшы, мүфти әрі ұстазды көруге құштар болған екен. Сол заманда римдік Селжұқтардың астанасы болған Кония қаласы Балх, Нишапур, Мерв пен Герат сияқты ғылым мен мәдениеттің ірі орталығы саналған. Қартайған Моулана кәрілік салдарынан ұзақ сапарларға шыға алмаса да, Селжұқ сұлтанының шақыруын қабылдайды. Кәрі әкесін осындай жағдайда жалғыз қалдыра алмаған жас Моулана сапарда онымен бірге еріп жүреді. Бахавалад Ираннан тысқары жердегі соңғы тұрағына х.қ.ж.с.б. 626 жылы сапар шеккен.
Рим Селжұқтарының сарайы Бахавалад пен оның жанұясын жылы қарсы алған. Тіпті, сол жылдары Селжұқ сұлтанының өзі Бахавалад пен оның жанұясын қарсы алуға шыққан деседі. Ол асқан мейірбандықпен Хорасанның пірін қабылдап, Бахаваладтың әжім басқан кәрі қолын шәкірт ретінде сүйген екен. Тазкерелерде айтылғандай, Конияның базардағы кәсіпшілері мен діндарлары қаладан біршама алыс жерден шейхті қарсы алған. Олар ұлы пір әрі атақты уағызшының Кония қаласында халықтың мүддесін қорғап, озбыр жемқорларды сынға алатындығына қуанған. Тіпті, Кония қаласының бір-бірімен пікір қайшылықтары болған ғалымдары мен факихтері өте қадірменді ақсақалдың қалаға келгеніне, оларға басшылық ететіндігіне, өзінің ақыл-кеңесімен олардың дау-дамайын тоқтататынына қуанған. Селжұқ сұлтаны қаланың ақсақалдары және үлемдерінің қатысуымен "Ғалымдардың сұлтаны" Бахаваладтың Конияға келуіне орай салтанатты қонақасы берген.
Бахавалад Конияда да Бағдадтағы сияқты медресеге түсті. Қала ақсақалдары мен үлемдерінің шақыруына қарамастан Селжұқ сұлтанының сарайына кірмеген. Мұның өзі жалпы пен жалқы арасында оның құрметі мен абырой-айбынын арттыра түседі. Селжұқ сұлтанының жақын туыстарының бірі әрі оның қару тасушысы болған Амир Бадреддин Гоһарташ "Ғалымдардың сұлтаны" үшін бір медресе салған. Бахаваладтан кейін бұл медресе Құдайдың қасиетті медресесі ретінде оның ұлы Моулана Джалаледдин Балхидің дәріс беретін жеріне айналды.
Ол заманда Кония Селжұқ сұлтанының астанасы ретінде парсы тілдес ақындар, ойшылдар мен жазушылардың кездесетін жері болған. Парсы тілі кеңсе тілі болса, араб тілі тек Бағдад халифаты немесе Шам мен Мысыр билеушілерімен хат алмасу кезінде ғана қолданылды. Сарай маңындағылар мен хатшылық тілі парсы тілі болды. Ғалымдар, сопылар, ақындар мен тарихшылар да осы тілде сөйлесіп, жазған. Қала тұрғындарының басым көпшілігі парсы тілінде сөйлеген көрінеді.
Медресеге орналасқан кездің алғашқы апталарынан бастап сапардың шаңы мен шаршауы басылмай жатып, оның үйіне көпшілік жиналатын. Олардың әрқайсысы әртүрлі тәсілмен қадірлі қонақ пен оның жанұясына ілтипат білдіретін.
Бойын біртіндеп кәрілік деңдеген Бахавалад Ақшаһар мен Ларандада өмір сүрген жылдардағыдай уағыз жиындарын жүйелі түрде өткізе алмағандықтан тыңдарманы азырақ дәріс жиындарына көбірек ынта танытқан. Бірақ, уағыз жиынын өткізген кезде қатысушылардың ерекше ықыласына бөленген. Қаланың сопылары, факихтері мен пірлері оның жиындарына қатысуға асығатын. Олар оның жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіру саласындағы бұйыра сөйлейтін тәсілін жақсы көріп, ынтамен қабылдаған. Бахаваладтың уағызшы ретінде "Алла" жайлы және тыңдармандарының Аллаға қосылуға құштарлануы қажеттігін айтқан сөздерінен баршаның жүрегіне жететіндей жақындық пен бауырмалдық сезілді. Тіпті жасының ұлғайғаны мен қажығаны мен әлсірегеніне қарамай, шәкірттері мен қызығушыларды өз үйінде қабылдаған күндері әлсіз үнімен-ақ шәкірттерді тебірентіп, құштарлықтарын арттырған. Бахаваладтың сөздері олар үшін рух, құштарлық пен өмірге толы болды. Бірақ, оның өмір шамы біртіндеп сөніп бара жатты. Соңында айналасына өмірге деген құштарлықты таратқан Бахаваладқа да ажал тырнағы жетіп, х.қ.ж.с.б. 628 жылы 83 жасында дүниеден озды. Пірдің келгеніне қатты қуанған Кония халқы оны ақтық сапарға аттандырарда қатты қайғырып, жылады. Сұлтан бір аптаға жалпы аза жариялады. Қала үлемдері мен ақсақалдары аза тұту рәсімінде Хорасаннан шыққан ирандық уағызшыға ілтипат білдірді. Көп ұзамай қаланың ақсүйектері мен ақсақалдары оның мазарын құштарларының, ізбасарлары мен жақтастарының зиярат мекеніне айналдырды.