Жел 11, 2018 14:40 Asia/Almaty

«Фатыр» сүресінің 27-30 аяттарының тәпсірі

«Фатыр» сүресінің 27-28 аяттары:

«أَلَمْ تَرَ أَنَّ اللَّـهَ أَنزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجْنَا بِهِ ثَمَرَاتٍ مُّخْتَلِفًا أَلْوَانُهَا وَمِنَ الْجِبَالِ جُدَدٌ بِیضٌ وَحُمْرٌ مُّخْتَلِفٌ أَلْوَانُهَا وَغَرَابِیبُ سُودٌ»، «وَمِنَ النَّاسِ وَالدَّوَابِّ وَالْأَنْعَامِ مُخْتَلِفٌ أَلْوَانُهُ کَذَلِکَ  إِنَّمَا یَخْشَى اللَّـهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ  إِنَّ اللَّـهَ عَزِیزٌ غَفُورٌ»

Шын Алланың көктен жаңбыр жаудырғанын көрмейсің бе? Сонда онымен түрлі-түсті жемістер шығардық. Сондай-ақ, таулардан да ақ, қызыл әрі қап-қара түрлі-түсті жолақтарды көрмейсің бе? (27)

Адамдардан, құрт-құмырсқа және ірі жәндіктерден түрлі-түстегілер осындай. Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары ғана Алладан қорқады. Рас, Алла өте үстем, аса жарылқаушы. (28)

Бұл аяттар сүренің алғашқы аяттары сияқты Құдайдың жалғыздығы мен құдіретіне тоқталып: «Қатты денелер мен өсімдіктер, жан-жануарлар мен адамдар әртүрлі түс пен түрге ие. Осы алуандық жаратылыстан көркем көрініс қалыптастырады.

Әлемнің ең мықты суретшілерінің ең жақсы туындылары – табиғат суреттерінің шынайы көрінетіндігі сондай, сурет пен оның табиғи көрінісі арасынан айырмашылық байқалмайды.

Тіпті, суретшінің адамның жүзін табиғи салатындығы соншалықты көрген адам бұл туындыны фотоаппарат арқылы түсірілген екен деп ойлауы мүмкін. Басқаша айтқанда, Құдай табиғат пен адамды сұлу жаратқаны сондай, адам өз қаламымен суретті табиғатқа неғұрлым жақынырақ етіп салуға талпыныс жасайды.

Табиғаттағы түстердің алуандығының өзі бірегей, жауһар болуымен қатар бір сумен суғарылғанымен, әртүрлі жеміс-жидек пен бау-бақша және егіс алқаптары өнімдерінің түстері мен түрлері және дәмдерінің алуандығы – жаратылыстың келесі мұғжизасы.

Ағаштың тамыры арқылы дің мен бұтақтарға және гүлге жететін түсі де, дәмі де жоқ жаңбырдың суы адамға әртүрлі түс пен дәм сыйлайды» дейді.   

Аяттардың жалғасы ғалымдардың үлкен жауапкершілігіне сілтеме жасап былай дейді: «Олар жаратылыстың ұлылығын сезіп, Құдайдың шексіз құдіретін түсініп, осы ұлылық пен Пәруәрдігердің алдындағы міндеттерін орындаудан жалтарудан әрдайым қорқады. 

Жаратылыстың ұлылығынан хабардарлық адамды жаратылыстың Жаратушысы алдында мойынсұнғыш, қарапайым ететіндігі сондай, оның ең азғантай әсері міндеттерді орындаудан қапы қалудан қорқуда.

Ғылым деген бұл жерде физикалық, химиялық  және биологиялық формулаларды ашу деген мағынаны білдірмейді. Себебі, бұл формулалардың жалғыз өзі адамға сондай әсер етпеуі мүмкін. 

Алайда, рауаяттар бойынша ғылым адамды материалды табиғаттың арасынан Жаратушы Құдайға жеткізіп, сенім кезеңіне жетуі үшін оның иманын нығайтуға себеп болуы мүмкін.

Бұл аяттарда айтылатын ғылым – адамның әлемнің Жаратушысына деген иманын нығайтатын хабардарлық пен қырағылықтың бір түріне ие болу.  

Сол себепті, егер адам ғылыми тәжірибесі көп бола тұра Пәруәрдігердің ұлылығы мен оның жаратылысты жаратудағы мақсаттары мен адамның қияметтегі тағдыры және тағы да басқа осы сияқты мәселелерден хабарсыз болса, жәһілдердің қатарында болғаны.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Құдайдың құдіретінің белгілеріне бір су мен бір топырақтан түрлі дәм мен түрлі түсті көкөністер мен жеміс-жидек және дәнді дақылдарды өсіріп шығаруы жатады.

2.Дін сұлулыққа қарсы емес. Құдай – барлық сұлулықтың жаратушысы. Ол таулар мен ормандарда және теңіздерде ең көркем көріністерді жаратып, өз болмысының белгілері деп таныстырды.

3. Адамдардың түстерінің алуандығы – адамдардың бір-бірінен артықшылығы немесе мақтану үшін емес, Құдайдың құдіреті мен ұлылығының белгісі.

4.Жаратылыстың құпия-сырынан хабардарлық пен ғылым адамның Алладан қорқуы үшін негіз әзірлейді. Бұл менмендік пен тәкәппарлық және мақтанатын құралдар емес.

«Фатыр» сүресінің 29-30 аяттары:

«إِنَّ الَّذِینَ یَتْلُونَ کِتَابَ اللَّـهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِیَةً یَرْجُونَ تِجَارَةً لَّن تَبُورَ»، «لِیُوَفِّیَهُمْ أُجُورَهُمْ وَیَزِیدَهُم مِّن فَضْلِهِ  إِنَّهُ غَفُورٌ شَکُورٌ»

Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. (29)

Өйткені, Алла олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине, Ол өте жарылқаушы, аса қадыр білуші. (30)

Алдыңғы аяттарда ғалымдардың Құдайдан қорқатыны туралы айтылды. Бұл аят былай дейді: «Құдайдан қорқу Оның рақымына үміттенумен, күнәлардың кешірілуі және сауапқа ие болуға себеп болатын үмітпен қатар жүреді».

Арманның іс-әрекетсіз бос екендігі белгілі. Ол Алланың хикметімен үйлеспейді. Сол себепті аяттар былай дейді: «Ғамал иелері ғана, яғни, Һәм өзінің Құдайымен, һәм Құдайдың пенделерімен байланыста, Құран мен намаз оқитын, өзінің мал-мүлкінен қоғамдағы мұқтаждарға бере алатын, мақұрымдарды да ойлайтын адамдар осы дүние мен ақыреттегі Алланың рақымынан үміттене алады».

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Ғылым-білім – жалғыз өзі жеткіліксіз. Ғибадат пен дұға тілеу де лазым.

2.Пайдалы, мәңгіге қалатын тәжірибе – өз қорымызды Құдай жолында іске жаратып, адамдарға көмектесуде. Сол қор біздің өміріміз, ғылым, мал-мүлкіміз бен абыройымыз бола алады.

3.Инфақсыз намаз немесе намазсыз инфақ сындарсыз. Егер барымызды Құдай тарапынан санасақ, оларды инфақ етуде сараңдық танытпаймыз, басқаларға инфақ етіп, сыйлауды зиян санамаймыз.

4. Құтқарылуға деген үміт тиісті әрекет және ғамалмен қатар болуы керек. Әйтпегенде, тек арман күйінде ғана қалады.