Жел 16, 2018 16:33 Asia/Almaty
  • Ислам революциясының жеңісінен 40 жыл өткеннен кейінгі Иран 7

Бүгінгі шиеленісті әрі дамыған әлемде әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен күш-қуатын көрсететін факторлардың бірі елдің ғылыми әлеуеті саналады.

Иран Ислам революциясының жеңісінен кейін, әсіресе өткен жиырма жылда жаңа ғылымдарды жылдамдықпен меңгеруге кірісті. Иранның діңгекті жасушалар, жаңа энергия, биотехнология, микроэлектроника технологиясы, аэроғарыш, нанотехнология, ирандық дәстүрлі медицина, дәрілік өсімдіктер және басқа да ғылым салаларына шынайы инвестиция салып, талпыныс жасауы елдің алға ілгерілеуіне себеп болды. Осы кезде стратегиялық ғылымдардың көбі бойынша Иран әлемнің үздік елдерінің қатарында орналасқан.

2000-шы жылы үшінші даму бағдарламасын іске асыруды бастағаннан бері Иран ғылым мен технология және инновацияны дамытудың екінші толқынын бастады. Осы салада мектептер, жоғары оқу орындары, лабораториялар, ғылым мен технология парктері сынды инфрақұрылымдар көп талпыныс жасауда. 2002-ші жылы Иранда тек бір ғылыми технопарк тіркелген болса, 2016-шы жылы олардың саны 39-ға жетті. Ғылыми тұрғыдан мұндай даму Иранның даму саласындағы үлкен мүмкіндіктерін көрсетеді.

Nature Index институтының 2018-ші жылдың қаңтар айының 24 күні жариялаған мәліметтеріне сәйкес ИИР әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда жыл сайын 22 пайызға дамып, ғылым мен инженерия саласында әлемдік деңгейде бірінші орынға көтерілді.

Ислам әлемінің ғылыми құжаттар базасының (ISC) басшысы доктор Дехқани бұл туралы айтқан сөзінде Ислам революциясын Ирандағы көптеген қоғамдық өзгерістердің мәйегі деп атады.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Иранда ғылыми өндіріс өте жылдам дамып келеді. Революция жеңіске жеткен кезде шамамен 500 құжат тіркелген. Өткен жылы  оның саны 47000-нан асты. Ислам революциясының жеңісінен бері Иран 0,095 тұрақты үлесімен 43-ші орынға ие  болды. Қазір Иран 1,9 пайызбен 16 орында.

Ресейдің Таяу Шығыс істері жөніндегі маманы Андрей Евстратов өткен жылдардағы ИИР-ның технология саласындағы жетістіктеріне тоқталып, Иранның ғылыми даму тұрғысынан ислам әлемінде бірінші орында орналасқанын айтты. Ол ирандық зерттеушілердің елден тысқары жерлерде де ядролық энергияға қатысты жобаларды іске асыруға қатысатындарына сілтеме жасап: «Бұл жетістіктер ирандық зерттеушілердің әлем деңгейіндегі ғылыми салада үздік зерттеушілердің қатарына кіретінін көрсетеді»,- деп жазды. Ғылыми саладағы даму – Иранның үлкен мүмкіндіктерінің көрінісі.  

Қазіргі кезде Иранда 100-ге жуық зерттеу орталығы діңгекті жасушалар, бауыр жасушалары, обыр ауруы мен сүйек аномалияларын емдеумен айналысады. «Раян» зерттеу орталығы әлем бойынша  жүкті болуға көмектесетін, эмбрионалды діңгек жасушаларын шығаратын, көзді түзету және  синтетикалық тамақтану мәселелерімен айналысатын орталық ретінде танымал. Сонымен бірге Иран трансплантация саласында үздік орынға ие. Иранда жүрек, бүйрек, бауыр, жұлын, өкпе және басқа ағзалардың трансплантациясымен айналысатын 80-нен астам орталық бар. 

Педагогикалық университеттің ұстазы доктор Тоуфиқи: «Иран зерттеу инфрақұрылымы саласында алға ілгерілеп, ғылыми өндіріс тұрғысынан аймақта бірінші орында,  әлем деңгейінде де ғылыми даму тұрғысынан жоғары елдердің қатарына кіреді»,- деді. Өткен жылдары Иранның ядролық энергия, нано технология, әуе-ғарыш және жерсеріктерін жіберу салаларындағы ғылыми зерттеу жұмыстары жақсы табысқа жетті.  Иран әлем бойынша ғарышқа жерсерігін жіберген тоғызыншы мемлекет болып тіркелді. Иранның Ғарыш ұйымы жұмыстарының бірінші он жылында ғарышқа жерсерігін жіберді. Бұл ирандық мамандардың мақтанышы болды. Иранның ғылыми саладағы дамуы жергілікті білім мен ғылымды әрі өз мүмкіндіктерін пайдалануы арқылы жүзеге асты. БҰҰ-ның Даму және сауда конференциясы ұйымының мәліметі бойынша, Иран әсіресе негізгі ғылымдар мен  білімді тереңдету салалары бойынша көп талпыныс жасады. Бұл кезеңде тіркелген ғылыми құжаттардың саны 90 есе, халықаралық деңгейдегі Иранның ғылыми өндірісі 20 есе артты. Бұл салада Ислам революциясының жетекшісі ғылым мен технология саласындағы саясаттардың негізгі мәселелерін қуаттады. Оларға әлем деңгейінде елдің ғылым мен технология саласындағы дамуын ілгерілетуі, ғылыми дипломатияны нығайтып, әлем елдерімен ғылыми қарым-қатынас орнатуы, исламдық құндылықтарды сақтап, ғылымды байлық пен күш-қуатқа айналдыруы кіреді. Бүгінде Ислам революциясы ұрандарының бірі, яғни өзіне сенім арту ұраны нәтижеге жетті. Енді жетістіктерді қорғап, ғылым мен технология салаларындағы инвестицияны арттыру қажет.

 

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи жас ғалымдармен кездесуінде сөйлеген сөзінде елдің ерекше әлеуетін ғылым мен технологияны жандандыру деп атап: «Біздің еліміз ғылым саласындағы өзінің жарқын тарихына қарамастан, өкінішке орай, бөгделер билеп-төстеген кезде ғылым керуенінен артта қалып қойды. Енді бұл артта қалудың орнын толтыру керек. Қазіргі жетістіктермен қанағаттануға болмайды»,- деді.

 

                                                                                                                                                                                                                                                                                                               

 

Тегтер