Сәу 10, 2016 15:02 Asia/Almaty

Пайғамбарлардың халық ауыз ертегілерінде үш түрлі рөл атқаратынын айттық.

Соның ішінде осы ертегілерде пайғамбарлар кейде емшінің рөлін ойнайды. Кейіпкерлер дағдарысты жағдайда өмір мен өлімнің арасында қалып, шарасыз күйге түскен кезде жоғарырақ күшті қажет етеді. Мұндай ертегілерде емші-пайғамбар кейде шынайы өмірде көрініс береді, кейде түске еніп, аян береді. Мысалы, "Ховарнамада" пайғамбардың киімі жаралыларды жазады. Қызыр жаралыларды, соның ішінде Амру Айярды емдейді. "Хамзанамада" Қызыр Хамзаның көзіне жасыл жапырақ қою арқылы оны сауықтырады. Бозоргмехрдің көзі пайғамбардың аяғы тиген топырақтың арқасында көріп кетеді. "Абумослемнама" атты ертегіде Əла, Талхезəр Нақи мен Абумұслемнің шиіттердің бірінші имамы хазірет Əли(ғ.с.) тарапынан емделгені айтылған. "Нушафарин Гоухартадж" ертегісінде Сүлейменнің  шипамайы жайында сөз болған. Ал проза тілімен жазылған "Ескендірнамада" хазірет Ибрахимнің қолымен өлілердің тіріліп, науқастардың жазылғаны туралы айтылған.

Кейде пайғамбарлар ертегі кейіпкерінің түсіне еніп, оларды сауықтырады. "Ескендір мен айлакерлер" туралы əңгімеде хазірет Ибрахим Ескендірді емдейді. Сөйтіп Ибрахимнің көңіліне жаққан кейіпкер қайтадан көру қабілетіне ие болады. "Мұхтарнама" еңбегіндегі хазірет Айюбтың бұлағы шипалы деп айтылады. "Джунейднамада" жаралы Асад, Мұхтар, қазы мен Сағд Месри ислам пайғамбарын (с.ғ.с.) түстерінде көріп, оңалады.

Пайғамбарлардың ертегілерде атқаратын келесі маңызды рөлі бір жағынан кейіпкерлерге көмектесіп, жетекшілік ету, екінші жағынан кейбір дұшпандарды бастап, оларды мұсылманға айналдыру арқылы  оларға кейіпкердің əскері мен қосынына қосылуға тапсырма беру болып табылады. Ертегілердегі пайғамбарлардың көбі талай рет осы рөлді кейіпкердің өңі мен түсінде атқарды. Осы сюжет "Ескендірнама" мен "Хамзанамада" жиі кездеседі. "Хамзанамада" Қызыр Хамзаны нандырып, оған жетекшілік ету үшін келеді,  ал проза тіліндегі "Ескендірнамада" дұшпанның əскеріндегі адамдар  пайғамбарларды, соның ішінде хазірет Ибрахимді (ғ.) түсінде көру арқылы мұсылманға айналғанын көреміз. Бұл ертегілердегі маңызды жайт барлық пайғамбарлардың кейіпкерді ислам дініне шақыруында.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Жавантиғ» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Баяғы өткен заманда  бір патша болыпты. Оның баласы болмаған екен. Сол себепті ол қатты қамығып жүрсе керек. Бір күні әйелімен отырған кезде бір дәруіш келіп, пайғамбар мен имамдарға мадақ айта бастайды. Патша әйеліне: «Мал-мүлкіміз бен байлығымызды қалдыратын баламыз да жоқ. Мына дәруішке бір кесе алтын алып кел»,-дейді. Дәруіш алтынға көңіл аудармай: «Неліктен қайғырып жүргендеріңді айтыңдар, мүмкін шешетін жолын табармын»,-дейді. Патша: «Төрімнен көрім жақын, бірақ әлі күнге дейін перзент сүйген жоқпын»,-дейді. Дәруіш қолын қалтасына салып, алма алып шығып, патшаға беріп: «Жартысын өзің же, жартысын әйеліңе бер. Тоғыз айдан кейін Құдай Тағала сендерге ұл бала береді. Атын «Жавантиғ» қойыңдар, өйткені оның жаны «тиғ»-пышақтың жүзімен байланысты. Ұлдан кейін бірінен соң бірі үш қыз дүниеге келеді. Сонымен тоқтайды»,-дейді. 4 жыл өтеді. Патша бір ұл, үш қыз сүйеді. Ұлдың атын дәруіш айтқандай Жавантиғ қояды. Жылдар өтіп, патша күн өткен сайын қартайып, әлсірей береді. Бір күні бұл дүниемен қоштасатын уақытын сезеді.  Ұлын шақырып алып: «Балам, менің дәм-тұзым  таусылуға жақын. Мен қайтқан соң тез арада біреу құда түсіп келеді. Ләм деместен үлкен қарындасыңды соған бересің. Менің денемді кебінге орап, көмуге дайындаған кезде тағы бір адам құда түседі, оған екінші қарындасыңды бересің. Мені жерлеп болған соң үшінш бір адам келеді. Оған кіші қарындасыңды бересің. Есіңде болсын, ешқайсысынан ештеңе сұрамайсың»,-дейді. Жігіт қабылдап, әкесі айтқандай қарындастарын күйеуге береді. Бірақ іштей қобалжып, үйде отыра алмағандықтан бірнеше күн бойы таңертенен кешке дейін базар аралаумен болады. Бір күні біреу базарда мысық сатады. Жавантиғ одан мысықты сатып алып, үйіне әкеледі. Екінші күні бір тазы ит, үшінші күні бір кептер сатып алады. Бір күні Жавантиғтің шешесі барлық бөлмелердің кілттерін ұлына беріп: «Бұл сарай енді саған тиесілі болғандықтан бөлмелердің кілттері де сенде болуы тиіс»,-дейді. Жавантиғ шешесінің бір бөлменің кілтін оған бермегенін байқайды. Сондықтан анасынан әлгі бөлменің кілті жайлы сұрайды. Шешесі: «Бұл бөлме туралы ойлама. Онда маңызды ештеңе жоқ»,-дейді. Бірақ Жавантиғ қоймай шешесінен кілтті алып, әлгі бөлмені ашады. Сол кезде көзі қабырғаға ілінген бір суретке түседі. Оны көрсе салысымен есінен танып жерге құлайды. Есін жиғанда шешесінен суреттегі адамның кім екенін, оның қайда екенін сұрайды. Шешесі: «Бұл Челгистің суреті. Оның қайда екенін ешкім білмейді»,-дейді. Жавантиғ: «Мен мына суреттің иесін табуым керек»,-дейді. Шешесі: «Бұл ойыңды қой. Саған дейін әкең мен атаң да осы суреттің иесінің соңынан аттанған, бірақ еш нәтижеге жетпеді»,-дейді. Жавантиғ жолға қамданып, Дариябор және Жұлдызшы деген екі досымен бірге кептер, ит пен мысықты ертіп, жолға шығады. Жавантиғ жолдастарымен бірге жүріп отырып, жүріп отырып бір қалаға жетеді. Ондағы барлық адамдардың қара жамылып, аза тұтып жүргендерін көреді. Бір адамнан: «Мыналар қандай қайғыға ұшыраған?»,-деп сұрайды. «Жеті басты дию қаламызға келіп, күнде кешке жеті адамның басын кесіп жейді. Сондықтан бәріміз аза тұтып жүрміз»,-дейді әлгі кісі. Жавантиғ: «Бар да, патшаға хабар бер. Егер мен оны өлтірсем, маған не берер екен?»,-дейді. Хабаршы барып, Жавантиғке мал-мүлік пен байлықтың жартысымен бірге патша қызының неке туралы құжатын алып келеді. Жавантиғ: «Ал енді мені дию күнде кешке келетін жерге апарыңдар да, өздерің қайтыңдар»,-дейді.  Қала тұрғындары Жавантиғті диюдің үңгіріне апарып, өздері қайтады. Түн жарымында дию келіп: «Адамзат баласының иісі шығады»,-дейді. Жавантиғ диюдің алдынан шығып, қылышын қынабынан суырып алып, онымен соғыспаққа дайындалады. Дию: «Ей, байқұс, менің жолымды жапқанда не ойладың?»-дейді. Жавантиғ: «Сен өзің ойлағандай мықты емессің, сенімен соғысқалы келдім»,-дейді. Осыны айтып қылышымен диюге тап беріп, оны белінен қақ айырады. Жұлдызшы патшаға Жавантиғтің диюды өлтіргені туралы хабар береді. Патша той жасап, Жавантиғ қайтып келгенде қызымен екеуінің некесін қиып, оған мал-мүліктің жартысын береді. Жавантиғ қыз бен мал-мүлікті Жұлдызшыға беріп, одан сол жерде қалып, өмір сүруін сұрайды. Өзі Дариябормен бірге жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып халқы әлсіреген қалаға келеді. Біреуден: «Неліктен бұл жердің халқы мұндай күйге душар болған?» деп сұрайды. «Айдаһар судың жолын жауып тастады. Күн сайын бізге азын-аулақ су беру үшін оған жеті қыз бен жеті қазан ас алып баруымыз керек. Қалада патшаның қызынан басқа қыз қалмады. Оны да ертең таңертең айдаһарға апарады»,-дейді әлгі. Жавантиғ: «Патшаңа хабар жеткіз. Мен бұл айдаһарды өлтіремін. Маған не бергісі келсе, соны берсін»,-дейді.