Жел 29, 2018 19:13 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (166)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның танымал суретшісі Камаледдин Бехзад Сұлтаниді таныстыруды жалғастырамыз.

Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға барып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнеріндегі Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретші Камаледдин Бехзад Сұлтанимен таныстырамыз. Камаледдин Бехзад Сұлтани өте танымал жаңашыл суретші болған. Оның тәсілі Иранның кескіндеме саласына жаңа жол ашты. Оның ирандық кескіндеме саласындағы жетістіктері ұзақ жылдар бойы Иран, Үндістан, Түркия мен Орта Азия өнерпаздарының назарында болды. 

Камаледдин Бехзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында жабық базардың жанында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Бехзад ата-анасынан ерте айрылған. Туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме, кітап әрлеу және каллиграфия саласында теңдессіз саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне жазуда өте шебер болған.

Камаледдин Бехзад жастайынан кескіндеме өнерінде танымал болып, Сұлтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалған. Шах Исмаил Сефеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Бехзад пен сол қаладағы бірқатар өнерпазды өзімен бірге Табризге алып кетіп, патша кітапханасын басқаруды оған тапсырған. Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер оның мазарын Табризде деп санаса, басқа біреулер Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасқа байланысты оның мазарын Гератта деп санайды. Сонымен қатар айтып өткеніміздей, Камаледдин Бехзад – Герат мектебінің көрнекті тұлғаларының бірі. Герат мектебінің суретшілері екі буынға бөлінген. Олардың бірінші буыны Шахрух Тимуримен замандас болған. Бұл буынның ең көрнекті туындысы – Байсұңқардың "Шахнамасы". Бірінші буынның ерекшеліктерін атап өттік. Бехзад бастаған екінші буын Сұлтан Хосейн Байқараның кезінде өмір сүрген. 

Камаледдин Бехзадтың мүсіні

 

Х.қ.ж.с.б. 850 жылы Шахрух қайтыс болған соң саяси-экономикалық  тұрақтылық жойылып, Тимурилер мемлекетін бейберекеттік пен бүлік жайлады. Әкелер балалардың бүліктері салдарынан өлтірілді. Суретшілер сол оқиғалардан қатты зардап шекті. Тіпті, олар патшаларға тиесілі адамдар ретінде билікке қол жеткізгендердің арасында алмасылып отырды. Бүліктер Иранның кітап әрлеу өнері мен кескіндемесінде тұрақсыздық пен тоқыраудың туындауына соқтырды. 12 жыл азаматтық соғыс болып, х.қ.ж.с.б. 875 жылғы бүліктен кейін Сұлтан Хосейн Байқара жеңіске жетіп, Гератты басып алған соң Тимурилер әулеті билік құрған аумақта саяси тұрақтылық орнады. Сұлтан Хосейн Байқара ғылым мен өнер сүйер уәзірлердің көмегімен қоғамда көптеген өзгерістерге бастау болды. Оның дәуіріндегі өнерпаздардың тізімі оған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда ең ұзын тізім болуы мүмкін. Сұлтан Хосейн Байқараның билік құрған заманында мәдени даму деңгейінің жоғары болғаны соншалықты, тарихшылар оның сарайына тиесілі ақындардың санын шамамен 150-200 адам деп атаған. Сұлтан Хосейн Байқараның шаралары оның сындарлы шешімдерінен бастау алды. Оның заманында ауыл шаруашылығын дамыту, моңғолдар заманында бұзылған қаннат – жер асты су жолдарын қайта жөндеу, мәдени іспен айналысатындарды салықтан босату мәселелері күн тәртібіне қойылған. Патша кітапханасы бұл кезеңде жұмысын жалғастырды. "Мирәк Херави" деген атпен танымал Әмір Рухолла Сұлтан Хосейн Байқараның көрнекті өнерпаздарының бірі болды және Герат кескіндеме мектебінің қалыптасуында әсерлі рөл атқарды. Мирәк басында көркем жазу және Құран оқумен айналысқан. Әкесі қайтыс болған соң кітап әрлеуге бет бұрған. Мұның өзі оның сурет салуға қызығушылығын оятты. Оның жұмысының табысты болғаны соншалықты, ол Сұлтан Хосейн Байқараның сарайында патша кітапханасының басшысы дәрежесіне жетті. Мирәк Херави бұл кезеңде  дәстүр бұзушы өнерпаз ретінде танымал болды. Ол басқа өнерпаздарға керісінше құжырада отыруды қаламағандықтан туындыларының көбін сапарда және ашық кеңістікте тудырған. "Ақсақ Темірдің Хоррам сайындағы соғысы", "Хосроудың суретін Шырынға көрсету", "Фархадтың Шырынмен кездесуі" және "Кемпір мен Сұлтан Санджар" Герат мектебінде Мирәк Херавиге телінген туындылардың қатарына жатады.

"Фархадтың Шырынмен кездесуі" және "Кемпір мен Сұлтан Санджар" атты екі картина Мирәк Херавиге телінеді

Мирәк Херави – Бехзадтың ата-анасы қайтыс болған соң оны қамқорлығына алған тұлға. Осылайша тағдыр Бехзадты өз заманындағы суретшілердің қым-қуыт тіршілігінің ортасына түсірді. Бехзад бала кезінен Мирәк Херавидің қол астында шәкірт болған. Х.қ.ж.с.б. 872 жылға тиесілі "Ақсақ Темірдің Зафарнамасы" атты кітаптың суреттері 16-17 жастағы Бехзадтың туындылары саналады. Кейбір зерттеушілердің пікіріне сәйкес, бұл туындыдағы шебер суреттер мен оның түстері Мирәк Херави суреттерді өзі жобалаған, ал бояуды Бехзадқа тапсырған деген ой тудырады. "Ақсақ Темірдің Зафарнамасы" кітабының ресми әрі патшалық тапсырыс емес, Сұлтан Хосейн Байқара заманындағы ақсүйектердің бірінің тапсырысымен әрленгенін ескерсек, Мирәк Бехзадты машықтандыру үшін осы кітапты пайдаланған болуы мүмкін. Бехзадтың ұзақ жылғы өмірінен қалған туындылар оның Герат мектебіне тиесілі суретші замандастары арасында көрнекті тұлға болғанын көрсетеді. Бехзад Әмір Хосроу Дехлавидің өлеңдер жинағын х.қ.ж.с.б. 886 жылы, яғни 32 жасында әрлеген, ал Сағдидің "Гүлстан" кітабының суреттерін х.қ.ж.с.б. 891 жылы 37 жасында салған.  Бехзад х.қ.ж.с.б. 892 жылы 38 жасында  Аттардың "Мантеқ ат-Тейр" кітабына сурет салса, х.қ.ж.с.б. 906 жылы 52 жасында Әмір Әлішер Науаидің өлеңдер жинағын өз суреттерімен әрлеген.

Сұлтан Хосейн Байқараның өлімінен кейін  бүліктер қайта басталды. Мәуереннахрдың солтүстігінде тұратын өзбектерден шыққан Мұхаммадхан Шейбани немесе Шайбак хан Гератты басып алды. Алайда, бұл оқиға ирандық кескіндеменің даму үдерісінде тоқырау тудырмады. Өйткені, Шайбак хан кескіндеме өнеріне қызыққан. Бехзад оның суретін салған. Шах Исмаил Сефевидің  Гератты жаулап алуы және Камаледдин Бехзад сияқты көрнекті өнерпаздарды Табризге алып кетуі Герат мектебін тоқырау кезеңіне жақындата түсті. Бехзад сол кездің көрнекті суретшісі Сұлтан Мұхаммад Табризимен бірге Табризге қоныс аударғаннан кейін шах Исмаилдың ұлы Тахмаспқа тәлім беруді өз міндетіне алған. Осы екі көрнекті ұстаздың Тахмаспқа әсерінің тереңдігі соншалықты, кейін ол тарихта із қалдырумен қатар, х.қ.ж.с.б. 944 жылы "Тахмасптың Шахнамасы" атты кітаптың туындауына түрткі болған. Бұл туынды қазіргі таңда Герат мектебінің кітап әрлеу өнеріндегі ең ірі туынды саналады. Шах Тахмасп Сефеви заманында Табриз бен Герат мектептерінің қатар келуі жаңа стильдің қалыптасуына себеп болды. Бұл қатар өмір сүру Герат мектебінің тоқырауына, ал Исфахан мектебінің қалыптасуына септігін тигізді. Исфахан мектебі Реза Аббасидің туындыларынан көрініс тапты.