Қаң 01, 2019 20:12 Asia/Almaty

«Фатыр» сүресінің 42-44 аяттарының тәпсірі:

 

«Фатыр» сүресінің 42-43 аяттары:

«وَأَقْسَمُوا بِاللَّـهِ جَهْدَ أَیْمَانِهِمْ لَئِن جَاءَهُمْ نَذِیرٌ لَّیَکُونُنَّ أَهْدَى مِنْ إِحْدَى الْأُمَمِ  فَلَمَّا جَاءَهُمْ نَذِیرٌ مَّا زَادَهُمْ إِلَّا نُفُورًا»، «اسْتِکْبَارًا فِی الْأَرْضِ وَمَکْرَ السَّیِّئِ  وَلَا یَحِیقُ الْمَکْرُ السَّیِّئُ إِلَّا بِأَهْلِهِ  فَهَلْ یَنظُرُونَ إِلَّا سُنَّتَ الْأَوَّلِینَ فَلَن تَجِدَ لِسُنَّتِ اللَّـهِ تَبْدِیلًا وَلَن تَجِدَ لِسُنَّتِ اللَّـهِ تَحْوِیلًا»

Олар өздеріне ескертуші келсе әлде бір үмметтен көрі тағы туралықта болатындықтарына Аллаға шынымен ант қылған. Бірақ, оларға ескертуші келген заман олардың жиренулерін ғана қоздырды. (42)

Олар жер жүзінде паңсып жаман тәсіл жасады. Негізінде айлакерліктің кесірі иесіне ғана болады. Олар бұрынғылардың жолынан басқаны күте ме? (Олардың басына келгенді ғана күтеді.) Алланың жолынан әсте бір өзгеріс таба алмайсың да Алланың жолынан бір бұрылыс көре алмайсың. (43)

 

Сенімді тәпсірлерде Меккенің мүшіріктерінің яһудилердің өздерінің кейбір пайғамбарларын өлтіргенін, олардың тағылымдарын қабылдауға әзір болмағандықтарын естіген кезде: «Егер бізге пайғамбар келетін болса, біз оның сөзі мен шақыруын қабылдап, басқа үмбеттерден жақсырақ тура жолға түсеміз» дегені айтылған. Бірақ, ислам пайғамбары Мекке халқының арасында пайда болған кезде Құрайыш тайпасының үлкендері оны теріске шығарған. Олар қарғыстан өзге ештеңе айтпаған. Олар басқалар исламды қабылдамауы үшін небір айла-шарғы қолданған.  

Олар шын мәнінде өздерінің талап-тілектеріне сай әрекет ететін немесе тым болмағанда олардың талап-тілектері мен қалауларына қарсы сөйлемейтін пайғамбарды қалаған.

Бірақ, құдіретті Құдайдың алдында барлық адамдардың теңдігі туралы ислам тағылымдары айтылған кезде мүшіріктердің басшылары мен ақсақалдары үшін іс қиынға соққан.

Олар өздерінің құлдарымен бірдей болуды қабылдай алмаған. Ислам дінінің көзқарасы бойынша, азат адам да, құл да – Құдайдың жаратылыстары. Құдайдың алдында адамдардың қадірі – азат немесе құл болуда, болмаса мәлік пен мәмүлік болуда емес, пәктікте, істерінің дұрыстығы мен тақуалықтарында.

Кейбір адамдардың ислам діні мен басқа илаһи діндермен күресіп, қарсыласуының себебі - олардың Құдайдың алдында тәкәппарлық танытуында.

Өзінің қалауын Құдайдың талабынан артық санайтын әрі Құдайдың алдында мойынсұнуға әзір емес адам менмендікке душар болады.

Менмен, тәкәппар адам Құдайдың дінін әлсірету үшін неше түрлі айла-шарғыны қолданып, үнемі қастандық жасауды ойлайды. Бірақ, егер Құдай қаласа, айлакерлер мен тәкәппарлардың қастандықтары нәтижеге жетпей, өздеріне қайтып оралады.

Бұл – Құдайдың адамзат қоғамдарына қатысты заңы; өзгермейтін, әрі тарих бойы илаһи сүннет негізінде келе жатқан заң.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Кез келген ант-су ішуге сенуге болмайды.

2. Адам қапылдықа салынбауы үшін немесе егер душар болған жағдайда қапылдық ұйқысынан оянуы үшін ескертуді қажет етеді.

3. Көптеген адамдардың күпіршілігі хақты танымаудан емес, әлем Жаратушысы алдында мойынсұнғысы келмейтін олардың қырсық, қыңыр, менмен мінездеріне байланысты.

4.Әлем илаһи нақты сүннеттер мен заңдар негізінде басқарылады. Бақытқа жету үшін сол сүннеттерді тану маңызды.

«Фатыр» сүресінің 44 аяты:

«أَوَلَمْ یَسِیرُوا فِی الْأَرْضِ فَیَنظُرُوا کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ الَّذِینَ مِن قَبْلِهِمْ وَکَانُوا أَشَدَّ مِنْهُمْ قُوَّةً  وَمَا کَانَ اللَّـهُ لِیُعْجِزَهُ مِن شَیْءٍ فِی السَّمَاوَاتِ وَلَا فِی الْأَرْضِ إِنَّهُ کَانَ عَلِیمًا قَدِیرًا»

Олар жер жүзін кезбей ме? Сонда олар өздерінен бұрынғылардың соңының не болғанын көрер еді. Тіпті, олардың күші бұлардан артық еді. Көктердегі және жердегі нәрселер Алланы әлсірете алмайды. Шәксіз, Ол толық білуші, аса күшті. (44)

Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аят кәпірлер мен мүшіріктерге: «Егер жер бетін шарласаңдар, сендерден бұрынғы қауымдарға қатысты Құдайдың сүннетінің қандай болғанын білесіңдер.

Күш-құдіреттері сендерден мықты болған олар Хақпен қарсыласқаны үшін көздері жойылды. Олардың құдіреттерінен ештеңе қалған жоқ» дейді.

Бір кездері билік пен байлықтың символы болған Перғауын мен Намруд және олардың сарайындағылар мен айналасындағылардан, әлемнің айтарлықтай бөлігіне билік еткендерден бүгін не қалды?

Олар Алланың ерік-жігерімен қарсыласа алды ма? Немесе Құдайды райынан қайтара алды ма? Болмаса, Алланың мықты шеңгелінен қашып, өздерін құтқара алды ма?

Әлем тарихы мен әртүрлі қауымдар мен патшалардың өткенін зерттеу «күпірлік пен зұлымдық жазасыз қалмайды, жақсылыққа апармайды» деген Алланың сүннетін дәлелдейді.  Ондай болса өткеннен ғибрат алып, болашақты жаман салдарға душар болмайтындай етіп қалыптастыру керек.

Осы аяттан үйренетініміз:

1. Құран мұсылмандарды әлемді кезіп, шарлауға, бұрынғы қауымдардың өмір тарихтарын зерделеуге шақырады.

2. Ислам дінінде бұрынғы өркениеттерден қалған көне ескерткіштерді сақтауға, бұрынғы қауымдар туралы зерттеп, олардың тағдырларынан ғибрат алуға кеңес беріледі.

3.Менмендер мен тәкәппарлардың билігі мен байлығы және салтанаты бізді қызықтырмасын. Олардың істері мен тағдырларының соңы туралы ойланайық.

4. Өзіміздің билігіміз бен күшімізге масаттанбайық. Себебі, бізден де мықты қоғамдар мен адамдар жойылған.