788-ші бөлім, «Иасин» сүресінің 1-4 аяттары
«Иасин» сүресінің 1-4 аяттарының тәпсірі
«Фатыр» сүресінің аяқталуымен осы бағдарламада «Иасин» сүресін бастаймыз. Бұл Меккеде түскен, жеке әріптерден басталатын бірінші аяттың атауымен аталған сүре. «Иасин» сүресі сенім мәселелерін қарастыратын 83 аяттан тұрады.
Сүренің аяттарында жаратылыс әлеміндегі Пәруәрдігердің ұлылығының белгілеріне сілтеме жасалған. Осы сүренің келесі бір бөлімінде қиямет, қияметтің сотындағы сұрақ-жауап және жұмақ пен тозақтың ерекшеліктеріне қатысты мәселелер қарастырылған.
Рауаяттарда «Иасин» сүресі «Құранның жүрегі» деп аталған.
«Иасин» сүресінің 1-2-3-4 аяттары:
«یس»، «وَالْقُرْآنِ الْحَکِیمِ»، «إِنَّکَ لَمِنَ الْمُرْسَلِینَ»، «عَلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِیمٍ»
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Иа Син. (1)
Терең сырлы Құранға серт. (2)
(Мұхаммед Ғ.С.) Шәксіз сен анық елшілерденсің. (3)
Тура жолдасың. (4)
Жеке әріптер туралы бұдан бұрын «Бақара», «Әли-Ғымран» сияқты сүрелерде айттық. «Бақара» және «Әли-Ғымран» мен Құранның тағы да басқа сүрелері осындай әріптермен басталады. Бұл әріптер тәуелсіз сөздер емес. Ұйымдар мен мекеме атауларының алғашқы әріптерінен алынып жасалған қысқарған атаулар сияқты бұл әріптер де сөздердің белгілері. Олар біз үшін анық емес. Бұл – тек ислам пайғамбары мен мағсұм имамдар ғана одан хабардар Құранның құпиялары.
Олардың ақиқаты бізге имам Заман келген кезде ғана анықталады. Кейбір рауаяттар «Иасин» сүресінің жеке әріптерін ислам пайғамбарының есімдерінің бірі деп атап, оның себебін Алланың пайғамбарына қаратып айтылатын одан кейін келетін аяттармен байланыстырған.
Бұдан да бұрын айтқанымыздай, жеке әріптерден кейін әдетте Құран атауы мен оның ерекшеліктері аталады.
Бұл сүре де Құранның хикметке толы ерекшеліктерін қуаттап, онымен серт береді. Құран адамның алдынан хикметтің есіктерін ашып, оны тура жолға бастайды.
Құранның серттері бір нәрсенің ұлылығын баяндау үшін беріледі. Құдай бір тақырыпты дәлелдеу үшін серт беруді қажет етпейді. Осы аяттар пайғамбардың ресалаты мен Құранның түсірілуі арасындағы байланысқа тоқталып, хазіретке: «Құран сенің ресалатың үшін ең жақсы дәлел. Себебі, илаһи мұғжиза. Ешкім ол сияқты, оған теңдес кітап әкеле алмайды. Сен алдыңдағы пайғамбарлар сияқты адамдарға жетекшілік ету міндетіне иесің. Құдай сенің тура жолда нық келе жатқаныңа, оны өте жақсы меңгеріп, одан таюдың себептерін де білетіндігіңе куәлік етеді» дейді. Осы аяттың мазмұнынан ислам пайғамбарының тек тура жолда ғана емес, сонымен қатар оны толық, әрі жақсы біліп, меңгергені мәлім болады.
Адамдарды осы жолға шақыратын адамның өзі де тура жолдың іс жүзіндегі үлгісі болып, һәм осы жолда басқаларға білгірлікпен жетекшілік етіп, олардың сол жолдағы қадамдарын нық бастыра алуы керек.
Илаһи жолдың тура болуы ешуақытта оның оңай екендігін білдірмейтіндігіне назар аудару керек. Бұл жолдың қиындығы мен бұралаңы жоқ деп ойламауымыз керек. Тура жол – мақсатқа жетудегі дұрыс жол, яғни, теріс, бұралаң жолдардан басқа жол. Бұл жолдар сырттай тегіс, ешбір бұрылыссыз көрінгенімен, адамды ешқашан мақсатқа жеткізбейді.
Осы аяттардан үйренетінміз:
1.Құран – мықты, тұрақты, хикметке толы, хикмет үйрететін кітап. Құранның мұғжизалық қырларына адамға жеке бас, отбасылық және қоғамдық салаларда хикметке толы тағылым үйретуі жатады.
2.Құранның сындарлы, жетекшілік тағылымдары һәм оны үйрететін, һәм өзі іс жүзіндегі үлгі болатын пайғамбар сияқты мұғалімді қажет етеді.
3.Әрбір намазда Құдайдан бізді тура жолға жетекшілік етуді сұрайық. Құдай пайғамбарын "тура жол" деп атады. Ондай болса, ол хазіреттің сүннеті мен тәсілін дұрыс танып, соның негізінде әрекет етейік.