Қаң 07, 2019 22:57 Asia/Almaty

«Иасин» сүресінің 20-27 аяттары

 

«Иасин» сүресінің 20-21 аяттары:

 

«وَجَاءَ مِنْ أَقْصَى الْمَدِینَةِ رَجُلٌ یَسْعَى قَالَ یَا قَوْمِ اتَّبِعُوا الْمُرْسَلِینَ»، «اتَّبِعُوا مَن لَّا یَسْأَلُکُمْ أَجْرًا وَهُم مُّهْتَدُونَ»  

 

Қаланың шетінен біреу жүгіріп келіп: “Әй, қауымым! Елшілерге ілесіңдер” деді. (20)

“Сендерден ақы сұрамайтын кісілерге еріңдер. Олар тура жолда.” (21)

 

Алдыңғы бағдарламада илаһи елшілердің адамдарға жетекшілік етудегі талпыныстары туралы баяндадық. Осы аяттар жалғасында былай дейді: «Кейбір мүміндер илаһи пайғамбарларды зорлықшыл билеушілерден қорғауда соңғы демдері қалғанша табандылық танытып, оларға қолдау көрсетеді».

Қаланың бір қиырындағы «Хабиб Наджар» деген адам қарсыластардың илаһи пайғамбарды азаптап, өлтіруді мақсат еткенін естиді. Сол себепті асығып, қаланың орталығына жетіп, басқалардан көмек сұрайды.

Ол нағыз мүмін, иман иесі ретінде қарсыластар Алла елшілерінің көзін жоя алмауы үшін жұртты иманға шақырып, мақсаттары – адамдарға жетекшілік ету болған, халықтан ешбір материалды көмек немесе қаржы күтпеген пайғамбарларды қорғау керек екенін білді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Дін мен хақ жетекшілерін қорғау – иман адамдарының міндеті.

2. Дінді қорғауда жалғыз әрі көмекшісіз болу міндетті жүзеге асыру үшін кедергі емес. Кейде әрекет етіп, хақты қорғау жолында серіктер санының аздығынан да қорықпау керек.

3.Хақ жолына жетекшілік тапқандардың, жолдарының дұрыстығына сенетін адамдардың соңынан ерейік.

 

«Иасин» сүресінің 22-23-24 аяттары:

 

«وَمَا لِیَ لَا أَعْبُدُ الَّذِی فَطَرَنِی وَإِلَیْهِ تُرْجَعُونَ»، «أَأَتَّخِذُ مِن دُونِهِ آلِهَةً إِن یُرِدْنِ الرَّحْمَـنُ بِضُرٍّ لَّا تُغْنِ عَنِّی شَفَاعَتُهُمْ شَیْئًا وَلَا یُنقِذُونِ»، «إِنِّی إِذًا لَّفِی ضَلَالٍ مُّبِینٍ»

 

“Өзімді жаратқанға неге құлшылық қылмаймын? Және сендер де Соған қайтарыласыңдар.” (22)

“Одан өзге тәңірлер етіп алайын ба? Мүбада Алла маған зиян келтіргісі келсе олардың қолдауы маған ешбір пайда бермейді де олар мені құтқара алмайды.” (23)

“Сөз жоқ, онда мен ашық адасуда боламын.” (24)

 

Илаһи пайғамбарларға қолдау көрсету үшін қалаға келген адам жұрттан көмек сұрап, өзінің таухидтік ақидасын қорғап: «Сендердің ойдан шығарған пұттарың мен тәңірлеріңе табынатындай ешбір дәлел көріп тұрған жоқпын. Мені мейірімді Құдайдың жаратқанын білемін. Егер біреуге табынатын болсам, Құдайға табынуым керек. Жаратушыға табыну ақыл мен ішкі болмыстың үнімен де үйлеседі. Сендердің тәңірлеріңе табынудың ақылға сай негізі жоқ. Себебі, егер маған біреу зиян келтіргісі келсе, олар маған төнген қатерді залалсыздандыра алмайды. Егер біреу маған пайда тигізгісі келсе де олар кедергі бола алмайды. Ақыл мен болмыстың үкімін ұмыту адасушылыққа себеп болады. Мұны ештеңе ақтай алмайды» деді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

  1. Жаратушыға табыну – қабылдауға лайық іс. Бірақ, басқа «тәңірлерге» табыну ақылға сыймайды.  
  2. Жаратылыстың бастауы ғана емес, сонымен қатар адамның өмірінің соңы да Құдайдың қолында. Ондай болса, оған табыну лайық. Бұл табыну адамның ақылы мен ішкі болмысының үнімен де үйлеседі.

«Иасин» сүресінің 25-26-27 аяттары:

 

«إِنِّی آمَنتُ بِرَبِّکُمْ فَاسْمَعُونِ»، «قِیلَ ادْخُلِ الْجَنَّةَ قَالَ یَا لَیْتَ قَوْمِی یَعْلَمُونَ»، «بِمَا غَفَرَ لِی رَبِّی وَجَعَلَنِی مِنَ الْمُکْرَمِینَ»        

 

“Күдіксіз, Раббыларыңа иман келтірдім. Енді маған құлақ салыңдар.”(25)

“Жаннатқа кір” делінді де ол: “Әттең! Елім білген болса еді;” (26)

“Раббымның мені жарылқап, ардақтылардан еткенін” деді. (27)

Илаһи пайғамбарларды қолдау үшін көтерілген күрескер өзінің дәлелдерін баяндаған соң: «Мен бұл пайғамбарларға иман келтірдім. Сендерді оларды қолдауға шақырамын. Ондай болса, менің сөзімді дұрыс тыңдап, сол туралы ойланыңдар» деді.

Хақ сөзді естігісі келмеген қырсық кәпірлер оны өлтіріп, ақыл-кеңесінен құтылдық деп ойлады. Бірақ, Құдай оны жұмаққа, қиямет күніне дейін жалғасатын барзах жұмағына енгізуге бұйырды.

Құдайдың шәһид болған мүмін пенделері қияметке дейін сол жұмақта болады.  

Құдай шәһидтердің тірі екендігі туралы Әли-Ғымран сүресінің 169 аятында былай деген: «Алла жолында өлтіргендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі". (169)

Иманды сол адамның қауымына игілік тілегені сондай, тіпті өзін өлтіргендерге де жаны ашып, олар да жетекшілік жолына түсіп, бақыт жолын тапса деп тіледі.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Дін мен дін жетекшілерін қорғауда соңғы дем таусылғанша табандылық танытып, Құдай жолында шәһид болу керек.

2. Құдай жолындағы ерлер адамдарға жақсылық тілейді. Мүмін ерлер қарсыластардан көретін қиындықтар мен азаптарға қарамастан олар үшін азап емес, бақыт тілейді.

3. Құдай жолындағы шәһидтер барзах әлемінде тіршілік етеді. Олар барзахтық жұмақта Құдайдың нығметтері мен ризығына бөленеді.