793-ші бөлім, «Иасин» сүресінің 28-35 аяттары
«Иасин» сүресінің 28-35 аяттарының тәпсірі
«Иасин» сүресінің 28-29-30 аяттары:
«وَمَا أَنزَلْنَا عَلَى قَوْمِهِ مِن بَعْدِهِ مِن جُندٍ مِّنَ السَّمَاءِ وَمَا کُنَّا مُنزِلِینَ»، «إِن کَانَتْ إِلَّا صَیْحَةً وَاحِدَةً فَإِذَا هُمْ خَامِدُونَ»، «یَا حَسْرَةً عَلَى الْعِبَادِ مَا یَأْتِیهِم مِّن رَّسُولٍ إِلَّا کَانُوا بِهِ یَسْتَهْزِئُونَ»
Одан кейін оның еліне көктен бір әскер түсірмедік әрі түсіруші де емеспіз. (28)
Ол бір ғана дауыс еді. Сонда олар сөніп, жоқ болды. (29)
Өздеріне келген елшіні ұдайы мазақ қылған құлдарға қандай өкініш! (30)
Алдыңғы бағдарламада Шам аймағындағы Анатике қаласы халқының өздеріне жетекшілік етуге келген пайғамбарларды азаптап, олардың ресалаттарын теріске шығарғанын айттық. Олар илаһи пайғамбарларды қорғамақ болған Хабиб деген ер азаматты шәһид еткен.
Құдай осы аятта былай деді: «Пайғамбарларды теріске шығарып, Құдай жолындағы азаматты өлтірген халық азапталуға лайық. Оның өзі - осы дүниедегі азап». Сол себепті Алланың әмірімен аспаннан қатты дабыс естіліп, оларға зауал келді.
Негізінде, жолдан тайып, қателікке ұрынған қауымның көзін жою Құдай үшін оңай іс. Ол үшін аспандық ләшкердің, оларды өлтіру үшін Құдайдың періштелерден құралған әскер жіберудің қажеті жоқ. Алайда, Құдайдың қалауымен аспан мен жерден қорқынышты қатты дабыс естіліп, не ешкім қозғала алмауы үшін, не ауыздарынан сөз шықпауы үшін баршаның үнін өшіреді.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Алланың жетекшілігін қабылдаудың орнына қатынастарымен өздерінің өлімдеріне себеп болатын Құдайдың пенделері өкініп, қасірет шегеді. Келеке етіп, қорлаумен басталатын қатынас Құдайдың әулиелерін азаптап, өлтіруге соқтырады».
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Егер қоғамдағы адамдар Құдайдың әулиелерін қорлап, келеке етіп, азаптайтын болса, Алланың қаһарының түсуін күту керек. Зауал тұтқиылдан келуі мүмкін.
2.Зорлықшылдар мен үстемшілдердің қоқан-лоққыларынан қорықпайық, Хақтан қол үзбейік. Егер Құдай қаласа, олардың қысқа уақытта көздері жойылады.
3.Басқалардың келеке етуіне бола біздің иманымыз шайқалмасын. Діни міндеттерді орындаудан аянып қалмайық. Пайғамбарлардың барлығы қорлыққа ұшырады. Алайда ешқашан хақтан қол үзген емес.
«Иасин» сүресінің 31-32 аяттары:
«أَلَمْ یَرَوْا کَمْ أَهْلَکْنَا قَبْلَهُم مِّنَ الْقُرُونِ أَنَّهُمْ إِلَیْهِمْ لَا یَرْجِعُونَ»، «وَإِن کُلٌّ لَّمَّا جَمِیعٌ لَّدَیْنَا مُحْضَرُونَ»
Олардан бұрын қаншама нәсілді жоқ еткенімізді, олардың бұларға қайтып келмейтінін көрмей ме? (31)
Біртұтас барлығы алдымызға жиналады. (32)
Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар адамдарға былай дейді: «Бұрынғы қауымдардың тарихы мен олардың тағдырларын неге зерттемейсіңдер? Сендерден бұрын көптеген қауымдар келіп, барлығының өлгенін көрмейсіңдер ме? Олардың кейбіреуі билік пен байлық және өркениет иесі болған. Бірақ, қазір олардан еш белгі қалмаған. Олардың осы дүниеге қайтатын, бүгінгі адамдармен бірге болатын жолдары жоқ».
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Құран бұрынғы халықтар мен қауымдардың тарихын зерттеп, зердеге түю үшін сауық-сайран емес, сабақ болып, ғибрат алатын зерттеу жасайтын сапарға шығуға кеңес береді.
2.Алланың тарихтағы сүннеттері тұрақты әрі анық. Тағдырлар бір-біріне ұқсас. Сол себепті бір нәрсе басқа көріністер үшін үлгі бола алады.
3.Өлімнен кейін осы дүниеге қайтатын ешбір жол жоқ. Сондықтан үндістердің «Адамдар өлген соң басқа бір дене қалпында дүниеге келеді» деген пікірін Құран қабылдамайды.
«Иасин» сүресінің 33-34-35 аяттары:
«وَآیَةٌ لَّهُمُ الْأَرْضُ الْمَیْتَةُ أَحْیَیْنَاهَا وَأَخْرَجْنَا مِنْهَا حَبًّا فَمِنْهُ یَأْکُلُونَ»، «وَجَعَلْنَا فِیهَا جَنَّاتٍ مِّن نَّخِیلٍ وَأَعْنَابٍ وَفَجَّرْنَا فِیهَا مِنَ الْعُیُونِ»، «لِیَأْکُلُوا مِن ثَمَرِهِ وَمَا عَمِلَتْهُ أَیْدِیهِمْ أَفَلَا یَشْکُرُونَ»
Оларға өлі жер – бір белгі. Оны жандандырып, одан дән шығарамыз. Сонда олар одан жейді. (33)
Сондай-ақ, онда құрмалардан, жүзімдерден бақшалар қылып, онда бастаулар ағыздық. (34)
Оның жаратқан өнімінен әрі өздері қолекі істеген нәрселерінен жесін. Сонда да шүкір қылмай ма? (35)
Алдыңғы аяттар қиямет пен ондағы пенделердің Құдайдың алдындағы құзыры туралы болды. Аяттар былай дейді: «Осы дүниедегі қияметтің ең жақсы белгілерінің біріне қыста қатып, көктемде жібіп, қайта көгеретін жер жатады. Жер қыста қатып, ешқандай өнім бермейді. Бірақ, көктемде жер жібіп, бусанып, одан түрлі шөптер мен ағаштар өсіп шығады. Бұл құбылыс жыл сайын қайталанады. Қыста өсімдіктердің тіршілігінің белгісі болып табылатын өсіп-өну дегеннен ешқандай белгі байқалмайды».
Алайда көктемде күннің нұрын төгуімен гүлдер бүршік атып, ағаштар көктейді. Жер бетіндегі адамның өмірі де өсімдіктердің тіршілігімен байланысты. Егер бір күні өсімдіктер қурап, жануарлар өлетін болса, өзінің азық-түлігін өсімдіктер мен жануарлар арқылы қамтамасыз ететін адам жер бетіндегі өмірін жалғастыра алмайды.
Ішіп-жемнің арасынан Құран құрма мен жүзімге ерекше көңіл аударып, оларды Алланың адамға сыйлаған ерекше нығметтері деп атайды.
Оның себебі – бұл екі жемістің құнарлы тағам, адам организмі үшін қажет көптеген витаминдерге толы болуында болар.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Табиғат – Құдайдың жаратылыс кітабы. Осы кітаптың әр парағын оқу адамды әлемнің Жаратушысын тануға жетелейді.
2. Өсімдіктер мен ағаштардың қайта көктеуі – таңданыс тудыратын әрі тәжірибе болатын құбылыс.
3.Адам әртүрлі жемістер мен азық-түлік нығметтер үшін Құдайға шүкір айтуы керек. Бірақ, өкінішке орай, адамдардың көбі шүкірсіз.