795-ші бөлім, «Иасин» сүресінің 45-50 аяттары
«Иасин» сүресінің 45-50 аяттарының тәпсірі
«Иасин» сүресінің 45-46 аяттары:
«وَإِذَا قِیلَ لَهُمُ اتَّقُوا مَا بَیْنَ أَیْدِیکُمْ وَمَا خَلْفَکُمْ لَعَلَّکُمْ تُرْحَمُونَ»، «وَمَا تَأْتِیهِم مِّنْ آیَةٍ مِّنْ آیَاتِ رَبِّهِمْ إِلَّا کَانُوا عَنْهَا مُعْرِضِینَ»
Қашан оларға: “Алдарыңдағы және арттарыңдағы жағдайлардан сақтаныңдар. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер” делінсе; (45)
Сондай-ақ, оларға Раббыларының белгілерінен бір белгі келсе-ақ, олар одан жалтарады. (46)
Алдыңғы бірнеше бағдарламада жаратылыстағы Құдайдың құдіреті мен ұлылығының белгілері баяндалды. Осы аяттар солардың жалғасында былай дейді: «Бір топ Құдай мен пайғамбарларына назар аударып, илаһи белгілерден ғибрат алудың орнына Хақтан теріс айналып жатыр.
Сондай адамдардан осы дүние мен ақыретте жазаға ұшырамас үшін өздерінің істері мен қатынастарына абай болу сұралған кезде олар мән бермей, бұрыс істерін жалғастырады. Егер сол істерін қойып, Хаққа оралса, илаһи мейірім мен рақымға бөленіп, Құдай олардың бұрынғы қателерін кешіреді".
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Жаратылыста Құдайдың белгілері көп. Бірақ, адамдардың қабылдауы мен сенімі аз.
2. Егер рақым есіктерін адам өз алдынан жаппаса, илаһи рақымға жетудің жолы әрдайым ашық.
«Иасин» сүресінің 47 аяты:
«وَإِذَا قِیلَ لَهُمْ أَنفِقُوا مِمَّا رَزَقَکُمُ اللَّـهُ قَالَ الَّذِینَ کَفَرُوا لِلَّذِینَ آمَنُوا أَنُطْعِمُ مَن لَّوْ یَشَاءُ اللَّـهُ أَطْعَمَهُ إِنْ أَنتُمْ إِلَّا فِی ضَلَالٍ مُّبِینٍ»
Қашан оларға: “Алланың сендерге берген несібесінен тиісті орынға жұмсаңдар” делінсе, сондай қарсы болғандар: “Алла қаласа, тамақтандыратын біреулерді біз тамақтандырамыз ба? Сендер мүлде адасқансыңдар” деді. (47)
Бұл аят кәпірлердің қырсықтықтары мен қыңырлықтары үлгілерінің біріне сілтеме жасап: «Құдайдың мүміндерге берген бұйрықтарының бірі – мұқтаждарға инфақ ету. Ақылды және әділ адам бұл істің ізгілігін түсініп, растайды. Бірақ, кейбір қырсық кәпірлер Құдайдың осы бұйрығына күмән келтіріп: «Құдай неліктен сендерге мұқтаждарға тамақ пен киім беріңдер деп бұйырады? Бұл істі өзі неге істемейді? Кедейлердің тоқ болғанын өзі қаламайтын болып тұр ғой» дейді.
Мұндай сауалдарға олардың ақылсыздықтары мен қырсықтықтары себеп болатыны белгілі. Әйтпегенде біздің барымыздың барлығы, тіпті мұқтаждарға беретініміздің өзі – бізге Құдай берген ырзық. Біздің өзіміздің ештеңеміз жоқ.
Ақыл мен ой, денеміздің барлығы – Құдайдың бізге сыйлағаны. Біз солар арқылы билік пен байлық және мүмкіндіктерге қол жеткіземіз.
Шын мәнінде, нәрестенің қарнын тойғызуды анасына жүктегенімен нәрестеге қажет сүт Алланың құдіретімен анасының омырауынан шығатын секілді Құдай жарлы-жақыбай мен аш-жалаңаштың қарнын тойдыруды байлар мен ауқатты адамдарға жүктеген.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Егер қолымыздағы барымызды өзіміздің мүлкіміз емес, Құдай берген ырзық санасақ, мұқтаждарға оңай беріп, инфақ етеміз.
2.Иманның белгілерінің біріне инфақ ету жатады. Инфақ жасамайтын адам күпіршілікке салынады.
3. Адамның инфақ туралы бұрыс ойы бүкіл адам оны ізгі санаған істі бұрыс, теріс деп санауына себеп болады.
«Иасин» сүресінің 48-49-50 аяттары:
«وَیَقُولُونَ مَتَى هَـذَا الْوَعْدُ إِن کُنتُمْ صَادِقِینَ»، «مَا یَنظُرُونَ إِلَّا صَیْحَةً وَاحِدَةً تَأْخُذُهُمْ وَهُمْ یَخِصِّمُونَ»، «فَلَا یَسْتَطِیعُونَ تَوْصِیَةً وَلَا إِلَى أَهْلِهِمْ یَرْجِعُونَ»
Олар: “Егер шын айтсаңдар, бұл құқайларың қашан?” дейді. (48)
Олар таласып тұрғанда, оларды қолға алатын бір-ақ ащы дауыс күтіп тұрады. (49)
Сонда олар өсиет айта алмайды да үйлеріне де қайта алмайды. (50)
Кейбір кәпірлердің Құдайдың бұйрықтарына қатысты қырсықтықтарын баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Бұл адамдар қияметті де келеке етіп: «Сендер қияметтің қашан болатынын білмейсіңдер ғой. Ондай болса неліктен үнемі одан қорқып, өз істеріңе мұқиятсыңдар? Егер қиямет шынымен болатын болса, қашан болады? Біз оның болғанын күтейік».
Құран мұндай сылтауларға жауап беріп: «Бір істің қашан болатынын білмеу ол болмайды дегенге себеп болмайды. Мысалы, жер сілкінісі болатын жердің адамдары зілзаланың қашан болатынын білмегенімен, оның міндетті түрде болатынын біледі. Сондықтан әрдайым әзір отырады.
Қиямет Алланың ғылымы мен құдіреті негізінде болады. Адамның оған қатысы жоқ. Құдай қалаған уақытта бір сәтте аспандар мен жер жарылып, ешкім оған қарсы тұра алмай қалады. Бұл істің көзді ашып-жұмғанша, тұтқиылдан болатыны соншама, тіпті адамның отбасына жететін немесе тапсырып, болмаса өтініш жасайтын мұрсаты қалмайды" дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Қияметті теріске шығарушылар оның болатынына дәлел келтіре алмайды. Сол себепті сауал қою арқылы оған күдік тудыруды ойлайды.
2.Қиямет – Алланың уәдесі. Оның болатын уақытының белгісіздігі ол болмайды дегенге дәлел емес.
3.Дүниенің соңы мен қияметтің басталуы адамдар бір-бірімен ұрсысып, керісіп, жанжалдасып жатқан кезге дөп келеді.
4.Ақырзаманда дүниелік байламдар мен тәуелділіктер, отбасылық байланыстардың барлығы үзіледі. Қияметте әр адам өз алдына, яғни, әке-шешесі мен жұбайы және перзентінен жеке түрде жазасын немесе сыйын алады.