797-шы бөлім, «Иасин» сүресінің 59-65 аяттары
«Иасин» сүресі 59-65 аяттарының тәпсірі
«Иасин» сүресінің 59 аяты:
«وَامْتَازُوا الْیَوْمَ أَیُّهَا الْمُجْرِمُونَ»
“Әй, күнәкарлар! Бүгін араны ашыңдар!”(59)
Алдыңғы бағдарламада Құран Кәрім ізгі адамдардың психикалық және физикалық тұрғылардан тыныштыққа жететін жұмақтағы орнын сипаттады. Осы аят былай дейді: «Ол күні күнәһарлардың саптары ізгі адамдардың саптарынан бөлініп, басқа жолмен кетеді. Ол жол тозақ азабына жеткізеді. Онда азап пен қиындықтан басқа ештеңе жоқ".
Олар осы дүниенің ләззаттары мен шәһуаттарын ақыреттің мәңгілік азабының бағасына сатып алды. Бірақ сол күні өздерінің бұрыс таңдауларының салдарын көреді.
Өйткені қиямет – илаһи әділеттің орны. Жақсылар мен жамандардың бір сапта тұруы мен бір-бірінің қасында осы дүниедегідей бірге өмір сүріп, аралас-құралас болуының мағынасы жоқ.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Қиямет – адамдардың өздерінің ой-пікірлері мен ақидалары және іс-әрекеттері негізінде айрылатын күн. Ата-аналары мен перзенттер бір-бірінен бөлініп, туыс емес адамдар бір-бірінің жанында тұрады.
2.Қиямет – Алланың күнәһарларды жазалап, ізгілерге сауап жазатын уәдесі жүзеге асырылатын күн.
«Иасин» сүресінің 60-61-62 аяттары:
«أَلَمْ أَعْهَدْ إِلَیْکُمْ یَا بَنِی آدَمَ أَن لَّا تَعْبُدُوا الشَّیْطَانَ إِنَّهُ لَکُمْ عَدُوٌّ مُّبِینٌ»، «وَأَنِ اعْبُدُونِی هَـذَا صِرَاطٌ مُّسْتَقِیمٌ»، «وَلَقَدْ أَضَلَّ مِنکُمْ جِبِلًّا کَثِیرًا أَفَلَمْ تَکُونُوا تَعْقِلُونَ»
Әй, адам баласы! Сендерге: “Шайтанға табынбаңдар. Әрине ол өздеріңе ашық дұшпан” деп, серт бермедім бе? (60)
“Маған құлшылық қылыңдар. Тура жол осы!” (61)
Расында ол сендерден көптеген топты адастырды. Сонда да түсінбейсіңдер ме? (62)
Осы аяттар қияметте жиналатын, мүміндерден бөлінген күнәһарлар мен қылмыскерлерге арналған. Алланың сөздері айыптаумен қатар келіп: «Неліктен шайтанның бұйрықтарына ердіңдер? Неге Құдайдың жолын ұмыттыңдар?» дейді.
Құран Кәрім Құдайдың адамзатты жаратудың басындағы адамдардың барлығынан алған серті мен келісімін еске салады. Хазірет Адам мен әйелі Хауа жұмақта шайтанның алдауына түскен кезде Құдай оларға ескерту жасап: «Неліктен шайтанның азғыруына еріп, тыйым салғанды жедіңдер? Шайтан сендердің дұшпандарың екенін білмейсіңдер ме?» деген.
Адам болмысы мен өзінің илаһи жаратылысынан жамандық жасаудың оның адамшылық қасиеттерімен үйлеспейтінін біледі. Кез келген сылтаумен адамды мұндай істерге шақыратын, тіпті, ол адам болса да – шайтан. Адамның илаһи болмысы оны жамандықтардан тыйып, Құдайдың бұйрықтарына бағынуға шақырады.
Адамның ішкі болмысымен қатар сыртқа қарап, бұрынғы өткендердің тарихы туралы ойлану да көптеген адамдардың күнәға батып, бұзақылыққа салынғанын, соңында олардың адасып, көздері жойылғанын көрсетеді. Егер осындай адамдардың өмірлеріне зерттеу жүргізсек, олардың адасушылықтарының негізгі себебінің бұзылған, қара ниетті адамдардың соңдарынан ергені екенін түсінеміз.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдай адамдармен ішкі болмыстары мен ақылдары, сырттан пайғамбарлар арқылы ешқашан шайтанның жолымен жүрмейтіні туралы келісім жасаған болатын.
- Адамның жағдайы әрдайым екі жолдан басқа емес: я Құдайдың құлы, я шайтанның құлы.
- Әрбір намазда Құдайдан бізді тура жолға нұсқауды сұраймыз. Осы аяттарға сәйкес, тура жол – Құдайға бағынып, оған ғибадат ету жолы.
- Ой мен ойлануды тұрмыстың бақуаттығының істері үшін ғана емес, сонымен қатар бұрынғылардың тарихын танып, шайтанның алдауына түскен ащы тағдырларынан сабақ алу үшін де пайдалану керек.
«Иасин» сүресінің 63-64-65 аяттары:
«هَـذِهِ جَهَنَّمُ الَّتِی کُنتُمْ تُوعَدُونَ»، «اصْلَوْهَا الْیَوْمَ بِمَا کُنتُمْ تَکْفُرُونَ»، «الْیَوْمَ نَخْتِمُ عَلَى أَفْوَاهِهِمْ وَتُکَلِّمُنَا أَیْدِیهِمْ وَتَشْهَدُ أَرْجُلُهُم بِمَا کَانُوا یَکْسِبُونَ»
Сендерге уәде етілген тозақ осы. (63)
Қарсы келулерің себепті бүгін оған кіріңдер. (64)
Ол күні олардың ауыздарын мөрлейміз. Бізге олардың қолдары сөйлеп, не істегендеріне аяқтары айғақ болады. (65)
Қияметтегі күнәһарлардың жағдайы туралы болған алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Пайғамбарлар осы дүниеде Құдайдың ізгі адамдарға жазатын сауабы мен күнәһарлардың жазасы туралы уәдесін халыққа жариялағанымен адамдардың көбі уәдеге сенбей, оны келеке еткен. Енді бүгін олар сол уәденің жүзеге асырылғанын өз көздерімен қияметте көріп тұр. Олар тозақты ғана емес, соған енген кезде оттың шарпуын да бар болмыстарымен сезеді».
Алланың әділ сотында қылмыскерлердің бір нәрсені жасырып немесе теріске шығаруы үшін сөйлеудің қажеті болмайды. Себебі, тілдің орнына олардың аяқ-қолдары мен басқа дене мүшелері сөйлеп, істеген істерін баяндайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Пайғамбарлар адамдардың барлығына дәлелді аяқтап, тозақ қатерін оларға дайым жариялады.
2. Қияметте сөйлейтін ауыз жабылып, аяқ пен қол сөйлейді. Адамның дене мүшелері түсінік пен ақылға ие. Олар істің бәрін тіркеп, қияметте соның барлығын айтып береді.