Иранның танымал тұлғалары (168)
"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға барып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнеріндегі Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретші Камаледдин Беһзад Сұлтанимен таныстырамыз.
Камаледдин Беһзад Сұлтани өте танымал жаңашыл суретші болған. Оның тәсілі Иранның кескіндеме саласына жаңа жол ашты. Ирандық кескіндеме саласындағы жетістіктері ұзақ жылдар бойы Иран, Үндістан, Түркия мен Орта Азия өнерпаздары үшін үлгі болды.
Камаледдин Беһзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Беһзад ата-анасынан ерте айрылған. Туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме, кітап әрлеу және каллиграфия саласында теңдессіз саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне көркем жазуға өте шебер болған.
Камаледдин Беһзад жастайынан кескіндеме өнерінде танымал болып, Сұлтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалған. Шах Исмаил Сефеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Беһзад пен осы қаладағы бірқатар өнерпазды өзімен бірге Табризге әкетіп, патша кітапханасын басқаруды оған тапсырған. Камаледдин Беһзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер оның мазарын Табризде деп санаса, басқа біреулер Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасқа байланысты оның мазарын Гератта санайды.
Иран өнері ерекше тартымдылық тудыратын бірегей ерекшеліктерге ие. Мұндай тартымдылықты кез келген өнер тудыра бермейді. Адам бейнесі – Иранның кескіндеме өнеріндегі маңызды элементтердің бірі. Дене бітімінің мөлшерін сақтап, жобалау тәсілі ирандықтардың белгілі бір үлгілерге бағынатын эстетикалық негіздерінің ықпалымен қалыптасқан. Камаледдин Беһзадтың суреттеріндегі адам бейнесі өте маңызды. Ол адамды қарапайым тіршілік ортасында бейнелеуге көңіл аударып, өз туындыларында адамның шынайы бейнесіне қол жеткізді.
Иранның кескіндеме өнеріндегі адам бейнесінің маңыздылығына байланысты оны жобалау және салу тәсілі әртүрлі тарихи дәуірлерде Иранның кескіндеме мектептерінде әрдайым талқыланып, оған көңіл бөлінді. Адам кескіні Батыстың кескіндеме өнерінде батыстықтардың натуралистік таным-түсінігіне негізделіп, адам мүсінін жасауда шынайылыққа, тіпті органографияға қатты көңіл аударылған. Шығыс кескіндеме өнерінде адамның орны табиғи көріністермен салыстырғанда төмендетіліп, адам табиғаттың бір кішкентай бөлшегі ретінде бейнеленген. Зерттеушілер ирандық ой мен қиял негізінде адам мүсінін жасауды Батыс пен Шығыс түсінігінің ортасындағы нәрсе санайды.
Иранның кескіндеме өнері діни сенімдерден әсер алған. Иранның кескіндеме өнерінде адамның болмысы оның физикалық бітімінен тыс ойдан шығарылған бейнеге айналған. Ойдан шығарылған бейненің Иранның кескіндеме өнерінде пайда болуында парсы әдебиетінің маңызды рөл атқарғаны анық. Өйткені, ирандық кескіндемелердің көбінің мазмұны парсы поэзиясынан шабыт алған. Бұл өлеңдерде мистика басты рөл атқарады.
Парсы әдебиеті мен кескіндеме өнері адамның кескініне қатысты эстетикалық тұрғыдан ұқсас және ортақ көзқарастарға ие болуымен қоса, қарапайым халықтың мәдениетіндегі көзқарастар мен өнерді демеушілер мен негізін қалаушылардың пікірлері де Иранның кескіндеме өнерінде, әсіресе Герат мектебінде адам бейнесін салу тәсіліне әсер етті.
Камаледдин Беһзад Герат мектебіндегі кескіндеме өнерінің басты тұлғасы ретінде өз туындыларында адамға айрықша көңіл бөлген. Ол Иранның кескіндеме өнерінің теориялық негіздерінен ауытқымай, адамның шынайы бейнесін салған.
Өнер сыншыларының пікірлеріне сәйкес, Иранның кескіндеме өнерінде Камаледдин Беһзадтың адам бейнесін салудағы жетістіктері теңдессіз. Бұл Беһзадтың адамның шынайы ортадағы қарым-қатынасы мен реакциясын көрсетуіне байланысты. Беһзадқа дейін ирандық кескіндеме өнерінде мұндай бейнелеу бұрын-соңды болмаған сыңайлы. Бұл жайт жұмыс барысындағы жұмысшылардың немесе халықтың қарапайым тіршілігі мен әдет-ғұрыпты көрсететін тақырыптардан айқын байқалады. Осы іс Камаледдин Беһзадтың негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады. Бұл оны өзіне дейінгі суретшілерден ерекшелендіріп қана қойған жоқ, Герат мектебінің өзгеруіне себеп болды. Беһзадтың туындыларындағы шыншылдық оның өмірді терең сезініп, түсінгенін көрсетеді. Өнер зерттеушілерінің пікірлеріне сәйкес, Беһзад айналасындағы орта негізінде қиялдың күшімен өз туындыларында адам жайлы поэзиялық шындық ұсынған. Мұнымен қоса, Беһзадтың туындыларында әдеби мазмұндардан алынатын рухани түсінік ешқашан қарапайым әрі күнделікті шындықтарды баяндаудың құрбанына айналмаған. Ол шын мәнінде адамдардың әрекеттеріндегі жасырын мағынаға көңіл бөлу арқылы өзіндік шындықты Иранның кескіндеме өнеріне енгізуге талпыныс жасады.
Беһзадтың туындыларын оған дейінгі суретшілерден ерекшелендіретін фактор – адам бейнесін салуы. Бұрынғы суретшілерге керісінше, Беһзадтың туындыларында адамның тек бір түрі ғана салынбаған, керісінше олардың әрқайсысында тәуелсіз тұлғалық ерекшелік бар. Олардың бет-әлпетінің бір-бірінен айқын айырмашылығы бар. Беһзад адамдарды олардың сол замандағы шынайы үлгісі негізінде салғандай көрінеді. Сол себепті оны Иранда портрет салу стилінің бастаушысы деп атаған.
Тағы бір маңызды жайт, Беһзад туындыларында әрбір суреттің элементтері мен бөлшектері арасындағы пропорция қатты сақталған. Камаледдин Беһзадқа дейін пропорция сақталынбаған. Әрбір адам өзінің әлеуметтік орны, жұмысы мен лауазымына қарай үлкен немесе кіші болып салына берген. Беһзадтың туындыларында сарай қызметшілері, қарапайым халық, тіпті кедей адамдар шаһтар мен шаһзадалардың бейнелері көлемінде салынған. Шаһ салтанатты арманның жаңғыры ретінде назарға алынбаған. Зерттеушілер бұл ерекшелікті Беһзадтың мистикалық көзқарасының өз туындыларында көрініс табуымен қалыптасқан деп санайды. Бұл дүниетаным Джами мен Әмір Әлішер Науаи сияқты ұлылардың ойларынан тамырланған.
Беһзад өзінің туындыларында кескіндерді пропорционалды жинауға, былайша айтқанда құрастыруға ерекше көңіл бөлген. Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, Беһзад адам кескінін құрастыруда шеңбер пішінін қолданған. Мұндай кеңістік тудыру бейне элементтерінің динамикасына айтарлықтай көмектеседі. Беһзад өз туындыларында архитектуралық элементтерді де адамды бейнелеу үшін пайдаланған. Осылайша адам мен оның айналасы туралы жаңа бір аспект тудырған. Сол себепті Беһзадтың адам бейнелеріне толы туындыларында барлық нәрсе бір-біріне кедергі жасамай, өз орнында бейнеленген.