801-ші бөлім, «Иасин» сүресінің 81-83 аяттары:
«Иасин» сүресінің 81-83 аяттарының тәпсірі
Мейірімді де рақымды Алланың атымен!
«Иасин» сүресінің 81 аяты:
«أَوَلَیْسَ الَّذِی خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ بِقَادِرٍ عَلَى أَن یَخْلُقَ مِثْلَهُم بَلَى وَهُوَ الْخَلَّاقُ الْعَلِیمُ»
Сондай көктер мен жерді жаратқан Алланың олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол әр нәрсені жаратушы, толық білуші. (81)
Алдыңғы бағдарламада Құран Кәрім Құдайдың адамды ұрықтан жаратуы мен жасыл ағаштардан отты пайда ету құдіретінің белгілеріне сілтеме жасады.
Бұл аят Құдайдың аспандар мен жерді жаратудағы құдіретіне сілтеме жасап, былай дейді: «Егер сендер Құдайдың өлген адамдарды қайта тірілтетін құдіретіне шәк келтірсеңдер, аспандар мен жердің ұлылығына, олардың ғажайып жүйе негізінде айналып тұрғанына неге қарамайсыңдар? Жаратылыстың аумағы мен ұлылығының ұлан-ғайырлығы сондай жер онымен салыстырғанда шөл даладағы құмның бір түйірі сияқты. Жердің өзі де ірілі-ұсақты тіршілік иелері мен жаратылыстардың түр-түріне ие: таулар мен теңіздер, далалар мен өзендер, кен орындары, құрлық пен теңіздерде тіршілік ететін жан-жануарлар мен адам баласы, сонымен қатар санына жетіп болмайтын әртүрлі өсімдіктер мен ағаштар.
Жаратылыстағы осындай ұлылықтың бәрін көрген соң Құдайдың сендерді қияметте қайта тірілтетініне тағы күдік келтіресіңдер ме? Осы дүниеде ұрық анасының жатырында нәрестеге, кейін адамға айналады. Бірақ, ақыретте топыраққа егілетін, кейін көктеп, топырақтан шығатын дән сияқты әрбір адамнан қалған бөлшектер Алланың құдіретімен жерден бас көтеріп, осы дүниеде болған кездеріндегі түрмен жиналады.
Егер дененің бөлшектері әлемге таралып кетті, олардың мекендері белгісіз деген күмән айтылса, Құдайдың бүкіл әлемде екенін, барлық нәрседен хабардарлығын, оның ғылымынан ештеңенің тысқары емес екендігін назарға алуымыз керек. Сол себепті адам денесінің бөлшектері қайда шашылса да, жинап, оны қайтадан тірілте алады.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Теріске шығарушылардың күдіктерімен кездескен кезде тура жауап берудің орнына сауал-жауап тәсілін пайдаланып, олардың өздері жауапты табуы үшін ар-ұждандарын оятуға болады.
2.Жаратылыс ғылым мен құдіретті қажет етеді. Құдай осы дүние мен ақыретте шексіз ғылым мен құдіретке ие.
3. Жаратылысты таңданыс тудыратын жүйемен жаратушы қияметте адамдарды қайта тірілте алады.
«Иасин» сүресінің 82 аяты:
«إِنَّمَا أَمْرُهُ إِذَا أَرَادَ شَیْئًا أَن یَقُولَ لَهُ کُن فَیَکُونُ»
Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған “бол” деу. Сонда ол бола қалады. (82)
Алдыңғы аяттың жалғасында бұл аят Алланың құдіретін қуаттап былай дейді: «Жарату – ол үшін оңай іс. Оған аспанды жарату қиын, құмырсқаны жарату оңай деп ойламаңдар. Ол үшін барлығы бірдей. Оның еркі және қалауымен кез келген тіршілік иесі пайда бола алады. Басқаша айтқанда, оның еркі мен жаратылыстарды жаратуда қашықтық жоқ. Нақтырақ айтқанда, көзді ашып-жұмғанша орындалатын іс.
Біз адамдар да қалағанымызды көз алдымызға елестете аламыз. Біздің еркіміз бен ол суретті елестетуде қашықтық жоқ. Бірақ, өзіміздің ойымыздан тыс әлемде мұндай іс қолымыздан келмейді. Құдай қалаған істі еш кідіріссіз тысқары әлемде жүзеге асырады.
Осы аяттан үйренетініміз:
- Ірілі-ұсақты, қарапайым немесе күрделі барлық нәрсені жарату – құдіретті Құдай үшін бірдей.
- Құдай – тіршілік сыйлаушы. Тіршілікті жоқтан бар етеді. Басқаша айтқанда, тіршіліктің болмысы мен оның бейнесін бір заматта жаратады. Бірақ біздің, адамдардың жаратуымыз тек бейне берумен шектеледі. Біз ешуақытта нәрсені жоқтан бар ете алмаймыз.
«Иасин» сүресінің 83 аяты:
«فَسُبْحَانَ الَّذِی بِیَدِهِ مَلَکُوتُ کُلِّ شَیْءٍ وَإِلَیْهِ تُرْجَعُونَ»
Барлық нәрсенің билігі қолында болған әрі сендер Соған қайтарылатын Алла кемшіліктен пәк. (83)
Бұл аят «Иасин» сүресінің соңғы аятын қортындылап, былай дейді: «Жаратылыс әлемінің абсолютті иелігі мен билігі Құдайға тән. Ол кез келген әлсіздік пен осалдық немесе солқылдақтықтан пәк. Сол себепті ешкім оның қияметте адамдарды қайтадан тірілтетін құдіретіне шәк келтірмеуі керек. Шәксіз, барша ол жаққа қайтады».
Егер көңілімізде «Адам – өз болмысының иесі, бәлкім, илаһи ерік-жігермен қарсыласатын әлеуетке ие» деген алдамшы ой туындаса, бірақ, шынтуайтында адам өз болмысының иесі емес, ол – пенде, құл; өзінің ештеңесі жоқ.
Адам тіпті өзінің осы дүниеге келуі мен кетуінде де ешқандай ерік-жігерге ие емес. Ондай болса, қиямет туралы неліктен соншама күдік-күмәнға салынады?
Осы аяттан үйренетініміз:
- Неліктен Құдайды қиямет орнатуда қауқарсыз деп ойлайсыңдар? Ол кез келген істі жасай алады, кез келген әлсіздік пен дәрменсіздіктен пәк.
- Жаратылыстың бастауы мен соңы тек Құдайдың қолында. Жаратылыс одан басталып, барлық нәрсе ол жаққа қайтады.