Сәу 07, 2019 20:06 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (171)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның танымал тұлғасы, тазкере жазушы, ақын Әлиғоли Вазири жайлы сөз қозғаймыз.

«Вале Дағестани» деген атпен танымал Әлиғоли хан х.қ.ж.с.б. 1124 жылдың сафар айында Исфаһанда дүниеге келген. Валенің әкесі Мұхаммад Әлихан Вазири х.қ.ж.с.б. 1126 жылы Сефеви шахы тарапынан  «Бектердің бегі» деген лауазымға ие болып, жанұясымен бірге Ереванға аттанған. Әкесі қайтыс болған соң Вале жанұясымен бірге Исфаһанға қайтып оралып, әкесінің інісі Хасанәлидің қамқорлығына бөленіп,  сол кездегі ғылым мен әдебиет ұстаздарынан білім ала бастайды. Ол Құранды меңгергеннен кейін аз уақыттың ішінде Құдай берген зеректігінің арқасында парсылар мен арабтар арасында кең таралған ғылымдармен қоса, тарих пен әдебиетті меңгерген. Бірақ ағасы үкіметтегі жұмысынан айырылғаннан кейін Вале өз оқуын аяқтай алмайды. Вале ағасының қызы Хадидже Сұлтанға ғашық еді. Бірақ Махмұт Ауған билікке келіп, Исфаханды басып алған соң Вале мен Хадидже Сұлтанның арасында алшақтық пайда болады. Сондықтан Вале қайғыға толы ғазалдар жазған. Вале х.қ.ж.с.б. 1144 жылы 20 жасында Надершах Афшар билікке келген кезде отанын тастап, Үндістанға аттанып, үнді патшасы Сұлтан Мұхаммадтың сарайына қызметке алынады. Ол өмірінің соңына дейін Иранға оралуды аңсап өткен. Вале 1170 жылы 46 жасында Делиде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Бірақ қазір оның қабірінен еш белгі қалмаған.  

Вале Дағестани – ақын әрі тазкере жазушы. Ол өзінің әріптестері сияқты осы салада құнды еңбектер жазған. Одан 4 туынды қалды. 

Валенің өлеңдер жинағында шамамен 4 мың бәйітті құрайтын қасидалар, ғазалдар мен өлеңнің басқа түрлері бар. Мир Шамседдин Фақир Дехлеви оларды х.қ.ж.с.б. 1157 жылы жинастырған. Бұл жинаққа Валенің ғашығы Хадидже Сұлтан 1160 жылы қайтыс болғаннан кейін жазған өлеңдері енгізілмеген. Осының негізінде зерттеушілер мынадай нәтиже шығарған: Валенің өлеңдер жинағы Хадидже Сұлтан тірі болған кезде және оның өлімінен 10 жыл бұрын жинастырылған.  Вале өзінің "Рияз уш-Шуара" кітабында өлеңдер жинағын Фақир Дехлеви жинастырғанына тоқталып: "Жүрегі таза жандардың нұры кейде мендей қауқарсызға жауады. Кейде қатысты-қатыссыз ұйқас сөздер айтатынмын. Олардың кейбіреуі жазылмаған соң жоғалып кетті, басқа біреулерін Мир Шамседдин Фақир Дехлеви Аббаси жинастырып, 4 мың бәйітке жуық өлеңдер жинағын құрастырды",-деген.

Х.қ.ж.с.б. 1182 жылы жазылған "Тазкере-йе мардом диде" еңбегінің авторы Хакім Лахури Вале өлеңдер жинағындағы өлеңдер санын шамамен 7 мың бәйіт деп айтқан. Бұл пікір Рампур кітапханасында сақталған 6821 бәйіттен тұратын Вале өлеңдер жинағының нұсқасына сәйкес келеді. Бұл нұсқада 18 қасида, 561 ғазал, 1 тарджихбәнд, 3 маснави, 547 рубаи, 70 жеке өлеңі бар. Бұл нұсқада өлеңдер саны басқа нұсқалардан көбірек. Бірақ онда Лондонның Индиана офис нұсқасы мен Валенің "Риаз уш-Шуара" тазкересінде келтірілген екі қасида жоқ.

Вале түрік, парсы және урду тілдерінде өлең шығарған. Оның өлеңдер жинағында  түрік тілінде бірнеше ғазал мен рубаи, урду тілінде бір рубаи бар. Вале – парсы поэзиясы аспанындағы жарық жұлдыз. Алайда, өкінішке орай, бұл мәселеге аса көңіл бөлінбей, оның өлеңдері ирандық көрнекті ақындардың қатарына қосылған жоқ. Оның өлеңдері тек тазкерелерде ғана мақталған.

Хакім Лахури өзінің тазкересінде оның ақындық тұлғасы жайлы: "Өз өлеңдерін көп оқитын. Кейде кештен бастап түн жарымға дейін  ғазал оқитын. Өлеңді біреуге арнамайтын. Өз заманындағы өлеңдердің көбін жақтырмайтын. Ғарраның қасидалары мен Ғарибтің өлең жинағында 6-7 мың бәйіт бар. Көбінесе бұрынғы адамдар сияқты сөйлейді. Сөздері өте қызық әрі тартымды",-деп жазған.

"Ағд-е Сурайя" кітабының авторы Мұсхафа Хамадани да оның өлеңдерін мақтап: "Араб тілінде ұйқасы дұрыс болмаса да, шешендік өнерде өте ділмар болатын" деп жазған.

Хан Арзу, Азад Белгерами, Азар Бигдели, Фақир Дехлеви мен басқа да көптеген тазкере жазушылар оның ақындығы мен өлеңдерін мадақтаған.

Вале де қарапайымдылығына қарамай, өзінің ақындығын мақтаған.

Вале Дағестанидің өлеңдер жинағының 16 нұсқасы көбіне насталиқ жазуымен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әртүрлі кітапханаларда сақталған. Валенің ғашықтық өлеңдері өзі мен басқа тазкере жазушылардың мадағына ие болған.

Вале өз замандастары арасында рубаи жырлаумен танымал болған. Оның өлеңдер жинағында 547 рубаи бар. Валенің рубаилары сопылық және ғашықтық ойларға толы.

Вале Дағестанидің өз қолымен жазылған "Бияз" жинағы Жаңа Делидегі Ейван Ғалеб кітапханасында сақталынған. 1148 жылы Абдулкарим Масум Алиханның тапсырысымен Вале бұл еңбегінде парсытілді ақындар мен жазушылардың сөздерінің таңдамалысын жинақтап шығарған.

"Маншаат" – Валеден қалған үшінші еңбек. Бұл – әртүрлі адамдарға жазылған, әртүрлі тақырыптарды қамтитын хаттар. Бұл хаттардың кейбіреуі проза тілінде, кейбіреуі поэзия тілінде жазылған. Валенің ғашығы Хадидже Сұлтанға жазған кейбір хаттары да бұл жинақта бар. Оның соңында Вале өлеңдер жинағының Реза Рампур кітапханасында сақталған нұсқасы келтірілген. Вале Хадидже Сұлтанға жазған және "Хадидже Сұлтан" мәснәуиінде келтірілген хаттарының бірінде оған 100-ден астам хат жазғанын айтқан:

Осыншалықты алыс кезде

Бір рет те қайдасың деп айтпадық.

Саған жүзден астам хат жазып,

Жан сырымды жеткіздім.

Сенен жауап келмеді,

Ешкім сенен хабар әкелмеді.

Вале Дағестанидің ең маңызды туындысы – "Рияз уш-Шуара" тазкересі. Ол Үндістанға барған кезде 1160-1162 жылдар аралығында жазылған. Вале оны нақты қай жылы жаза бастағанын жазбаған, бірақ тазкеренің әр жерінде мұны шамамен анықтап беретін мағлұмат бар.   

Вале Халифе Ибрахимнің өмірбаянында: "Қалам алып жаза бастаған 1160 жылға дейін Шахжаһанабад қаласында өмір сүрген",-деп жазған. Сондай-ақ, Қызылбасхан Үміттің өмірбаяны жайлы жазғанда 1160 жылды тазкерені жаза бастаған жыл ретінде растайтынын айтқан.  

"Рияз уш-Шуара" тазкересінде 2551 ақынның өмірбаяны жазылған. Бұл тазкере ақындардың санымен қоса, жақсы өлеңдерді таңдау, сын көзқарастар білдіру, парсы поэзиясындағы кейбір ағымдарға көңіл бөлу, автордың заманындағы әдеби жағдайды сипаттау тұрғысынан парсы тазкерелері арасындағы ең беделділердің бірі саналады. Бұл еңбекті Мохсен Наджи Насырабади реттеп, 2005 жылы Иранда 5 томдық болып басылып, әдебиетке қызығушылар мен зерттеушілердің назарына ұсынылды. 4 томда ақындардың өмірбаяндары, бесінші томда тазкереге қатысты өте маңызды әртүрлі тізімдер берілген.