805-ші бөлім, «Саффат» сүресінің 22-30 аяттары
«Саффат» сүресінің 22-30 аяттарының тәпсірі
«Саффат» сүресінің 22-23 аяттары:
«احْشُرُوا الَّذِینَ ظَلَمُوا وَأَزْوَاجَهُمْ وَمَا کَانُوا یَعْبُدُونَ»، «مِن دُونِ اللَّـهِ فَاهْدُوهُمْ إِلَى صِرَاطِ الْجَحِیمِ»
“Жинаңдар! Ол залымдарды да, сыбайластарын да олардың табынғандарын да.” (22)
“Алладан өзге. Оларға тозақтың жолын көрсетіңдер;” (23)
Алдыңғы бағдарламада тозақтықтардың тозақ отын көру арқылы бұрынғы істеріне өкініп, өздерін айыптап: «Неліктен мұндай күнді теріске шығардық» деп айғайлап, жылайтынын айттық.
Осы аяттар: «Ол күні Құдай тозаққа жауапты періштелеріне кәпірлер мен залымдарды және олар табынғандарды басқалардан бөліп, тозақ жаққа көшіріңдер», - дейді.
Зұлымдықтың түр-түрі бар. Құран мәдениетінде «зұлым» сөзі басқаларға зұлымдық жасау деген әлеуметтік мағынасымен қатар өзіне зұлымдық жасау дегенді де білдіреді.
Құдайға шерк келтіру де үлкен зұлымдықтың белгісі. Пұттардың тозақта болуының екі себебі бар: біріншісіне адамдар үшін Құдайдың орнына табыну мен сыйынудың символына айналған тағұттар мен залым, кәпір басшылар жатады; келесі себебіне адамдардың тас, ағаш сияқты жансыз пұттармен бірге шақырылуының өзі қорлық екендігі жатады.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Олар тозаққа қарай жіберіледі. Бұл – залым адам үшін айыптау мен қорлықтың бір түрі. Осы дүниеде өз еркімен Алланың тура жолына түспейтін адам қияметте тозақ отына жіберіледі. Оның өзі мәжбүрлі түрде».
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Қияметте әрбір адам өзінің пікірлесі және сүйіктісімен, тіпті, ол тас пен ағаштан жасалған пұт болса да бірге шақырылады.
- Ақыретте ешкім де, ешнәрсе де адамның қиындығын шешіп, оны тозақтан құтқара алмайды.
«Саффат» сүресінің 24-25-26 аяттары:
«وَقِفُوهُمْ إِنَّهُم مَّسْئُولُونَ»، «مَا لَکُمْ لَا تَنَاصَرُونَ»، «بَلْ هُمُ الْیَوْمَ مُسْتَسْلِمُونَ»
“Оларды тоқтатыңдар. Өйткені олар сұраққа тартылады” (делінеді). (24)
Оларға: “Бір-біріңе неге болыспайсыңдар?”,- (делінеді). (25)
Әрине бүгін олар еріксіз бой ұсынғандар. (26)
Алдыңғы аяттардан періштелердің залымдарды тозаққа жөнелтуге жауапты екенін оқыдық. Осы аяттар былай дейді: «Періштелерге залымдарды ұстаңдар деп айтылады. Себебі олар тозаққа енбес бұрын бірқатар сұраққа жауап беруі керек. Олардың сауалдарға беретін жауабы айқын. Мұндай сұрақтар мен жауаптар бірнәрсені анықтау үшін қойылмайды. Құдайдан ештеңе жасырын емес.
Бұл істің маңызды пайдасына күнәһарлардың өз күнәларын мойындауы жатады. Бұл – айыптаудың бір түрімен қатар оларды жазалау үшін дәлелдің аяқталғаны да.
Зұлымдардың сенімдері мен іс-әрекеттері туралы сауалдардың жалғасында олардан өздерінің пікірлестері мен достарынан неге көмек сұрамайтыны сұралады: «Сендер осы дүниеде қиналған кезде соларды пана тұтпап па едіңдер? Осы жерде неліктен олардан жәрдем сұрамайсыңдар?».
Олар өздеріне не мықтылардың, не байлардың көмектесе алмайтынын мойындайды. Себебі олардың өздерінің бастары қиындыққа душар болған. Тіпті, серіктестері де оларға көмек қолын соза алмайды. Өйткені, барлығы Құдайдың абсолютті билігіне мойынсұнған. Оның ерік-жігеріне қарсы ештеңе істей алмайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Қияметте сауал мен тергеуге ілінеміз. Өмір мен жастық, ой-пікір мен сенім, іс-әрекет пен қарым-қатынас туралы сұралады.
2. Бүлікшілер мен кердеңдердің барлығы қияметте Құдайдың бұйрығына мойынсұнады.
2.Дүниеге керісінше қияметте күнәһарлар бір-біріне көмектесе алмайды.
«Саффат» сүресінің 27-30 аяттары:
«وَأَقْبَلَ بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ یَتَسَاءَلُونَ»، «قَالُوا إِنَّکُمْ کُنتُمْ تَأْتُونَنَا عَنِ الْیَمِینِ»، «قَالُوا بَل لَّمْ تَکُونُوا مُؤْمِنِینَ»، «وَمَا کَانَ لَنَا عَلَیْکُم مِّن سُلْطَانٍ بَلْ کُنتُمْ قَوْمًا طَاغِینَ»
Олар бір-біріне қарсы сұрақ қойысады. (27)
(Олар бастықтарына): “Сендер бізге оң жақтан келуші едіңдер” дейді. (28)
Олар: “Олай емес, өздерің сенбеуші едіңдер” дейді. (29)
“Өйткені, сендерге бір өктемдігіміз жоқ еді. Әрине өздерің азғын ел едіңдер.” (30)
Бұл аяттар адасқандардың қияметтегі жағдайларының бірін суреттейді. Ол жерде адасқандардың жетекшілері мен ізбасарлары бір-бірін кінәлап, бір-бірін тергейді.
Алдымен ізбасарлары: «Жақсылық тілейміз, доспыз деп бізге серт беріп, осы жолға мәжбүрлеп түсірген сендерсіңдер. Егер сендер болмағанда біз мұндай кіріптарлыққа душар болмас едік» дейді.
Бірақ алданған ізбасарларға жетекшілерінің беретін жауабы мынадай болады: «Сендер өздерің иман адамдары болған жоқсыңдар. Әйтпегенде пайғамбарлар мен аспандық кітаптардың орнына біздің соңымыздан ермей, сөзімізді қабылдамаған болар едіңдер. Ондай болса өздеріңді кінәлаңдар. Өйткені біз сендерді бұл жолға күштеп әкелген жоқпыз. Сендер болмыстарыңдағы бүлікшіл, басқыншы мінездеріңмен біздің соңымыздан ердіңдер», - дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Қияметте шерк пен кәпір басшыларының соңынан ергендер өз күнәларын адасқан жетекшілерінің мойындарына асып, өздерін ақтамақ болады. Бірақ ондай ақталу қабылданбайды.
2.Күпіршілік пен шерктің жетекшілері сырттай жақсылық тілеген болып, халықты алдап, оларды адастырып, тура жолдан тайдырады.
3. Сыртқы факторлар адамды күнә жасауға мәжбүрлемейді. Бірақ адамды күнәһарлар мен қылмыскерлермен бірге болуға олардың ішкі қайшылықтары мен еріктері жетелейді.