807-ші бөлім, «Саффат» сүресінің 39-49 аяттары
«Саффат» сүресінің 39-49 аяттарының тәпсірі
«Саффат» сүресінің 39 аяты:
«وَمَا تُجْزَوْنَ إِلَّا مَا کُنتُمْ تَعْمَلُونَ»
Сендер істегендеріңнің ғана сазайын тартасыңдар. (39)
Өткен бағдарламада мүшіріктер мен кәпірлердің пайғамбарға жала жапқаны мен олардың қияметте қатаң жазаланатыны айтылды. Осы аяттар былай дейді: «Құдай күнәһарларды кек алу, өшпенділік білдіру немесе көңілін жайландыру үшін азаптамайды. Олардың азапталуы – осы дүниедегі істерінің бұлтартпас салдары». Діни мәтіндерге сәйкес, адамның ойы мен сөзі және қатынасы оның рухына әсер етіп, шынайы болмысын қалыптастырады.
Ақырет жүйесінде жаза мен сый адамның осы дүниеде қалыптастырған болмысы негізінде беріледі. Күпіршілік пен теріске шығару немесе зұлымдық пен үстемшілдіктің адамның рухын бүлдіріп, зиян келтіретіні сондай, қияметте оның тозақ отынан басқа нәтижесі болмайды.
Айтатын жайт, осы дүниедегі жазалар мен айыппұлдардың көбі шартты түрде жүзеге асырылады. Бірақ қияметтегі жазалар ондай емес. Мәселен, рұқсат етілмеген жылдамдықпен көлік жүргізгені үшін жүргізушіге ақшалай айыппұл салынады. Оның көлемі әр елде әралуан.
Сонымен қатар оның қарсы беттегі көлікпен соғылу қатері деген бұлтартпас салдар да болады. Материалды айыппұл – шартты іс. Бірақ көлік апаты – осы заңбұзушылықтың табиғи салдары. Қияметтегі жаза осының екінші түріне, яғни жалтару мүмкін емес салдарға жатады.
Осы аяттан үйрененіміз:
1.Құдайдың жазасы – әділ. Себебі адамның іс-әрекетімен толық сәйкеседі.
2. Қиямет – біздің ойларымыз бен іс-әрекеттеріміз көрініс табатын күн. Осы дүниеде еккенімізді сол жерде орамыз.
«Саффат» сүресінің 40-41-42-43-44 аяттары:
«إِلَّا عِبَادَ اللَّـهِ الْمُخْلَصِینَ»، «أُولَـئِکَ لَهُمْ رِزْقٌ مَّعْلُومٌ»، «فَوَاکِهُ وَهُم مُّکْرَمُونَ»، «فِی جَنَّاتِ النَّعِیمِ»، «عَلَى سُرُرٍ مُّتَقَابِلِینَ»
Бірақ Алланың ықыласты құлдары бір сәрі. (40)
Міне бұлар үшін белгілі бір несібе бар. (41)
(Түрлі) жемістер де. Олар құрметке бөленеді. (42)
Нығмет бақшаларында, (43)
Дивандардың үстінде ерсілі-қарсылы болады. (44)
Алдыңғы аяттар сипаттаған тозақтық топтың соңынан осы аяттар жұмақтықтарды сипаттап: «Алланың тазаланған құлдары қияметтің азабына ұшырамайды. Олар жұмақта әртүрлі нығметтер мен толық бақуаттылық пен тыныштыққа бөленеді» дейді.
Құран мәдениетінде «мохлес» сөзі өз ісін Құдай жолында ықыласпен орындап, рухани даму мен кемелдікке жету үшін әрекет ететін адамға айтылады. Бірақ, «мохлас» сөзі Құдай тарапынан ие кемелдіктерінің арқасында тазаланып, руханиліктің кемелдігіне жеткен адамға айтылады.
Құран Құдайдың мейірімі және жәрдемімен өзін бір әйелдің нәпсілік тілектері алдындағы қатерден құтқарған хазірет Жүсіп (ғ.с.) туралы былай дейді: «Ол – Алланың тазартылған пенделерінің бірі».
Адам өзін тазартқысы келмесе Құдай ешкімді бұл іске мәжбүрлемейді. Бірақ, осы жолға түсіп, әрдайым Құдайдан басқа үшін ештеңе істемейтін болса, Құдай да оған осы жолда жәрдемдесіп, оны демеп, өзі жаққа жетелейді.
Мұндай адамдар жазаланбауымен қатар олардың сыйлары олардың ғамалдарымен шектелмейді. Олар кейбір істерді жасамақ болған ниеттері мен түрткілеріне қарамастан ол істерді орындауда табысты болмағандарымен, оларға илаһи сауап жазылады.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдайға құлшылық адамның кез келген шерк пен риядан тазалануына негіз әзірлейді.
- Күнәһарлардың жазасы Алланың әділеті негізінде, олардың күнәларына сәйкес болады. Бірақ, пәк, дұрыс адамдардың сауабы илаһи хикмет негізінде олардың ғамалдарынан артық беріледі.
- Жұмақта материалды және рухани нығметтердің барлығы бірге болады. Әрбір адам белгілі әрі анық ырзыққа ие болады.
- Құдайдың әулиелерімен дидарласып, олардың қастарында отыру – жұмақтықтардың рухани ләззаттарының бірі.
«Саффат» сүресінің 44-49 аяттары:
«یُطَافُ عَلَیْهِم بِکَأْسٍ مِّن مَّعِینٍ»، «بَیْضَاءَ لَذَّةٍ لِّلشَّارِبِینَ»، «لَا فِیهَا غَوْلٌ وَلَا هُمْ عَنْهَا یُنزَفُونَ»، «وَعِندَهُمْ قَاصِرَاتُ الطَّرْفِ عِینٌ»، «کَأَنَّهُنَّ بَیْضٌ مَّکْنُونٌ»
Оларға қайнаған көзден кәселер айналдырыла ұсынылады. (45)
Ішушілер үшін аппақ, тәтті. (46)
Ол бас ауыртпайды да әрі мас қылмайды. (47)
Олардың қасында телмірген ботагөздер бар. (48)
Рас, олар жарылмаған жұмыртқадай. (49)
Алдыңғы аяттардың жалғасында Құран жұмақтықтардың жайлы орындарға арқаларын сүйеп, риясыз кеңістікте отыратындарын айтты. Осы аяттар былай дейді: «Олардың айналасында жұмақтың күтушілері оларға дәмді сусын ұсыну үшін айналып жүреді».
Жұмақтың бұлақтарынан қайнап шығатын сусындарды күтушілер тостағандарға толтырып, жұмақтықтарға айналдыра таратады.
Осы дүниеде адамдардың бір тобы шараптардың түр-түрімен өздерінің меймандарын сыйлайды. Аяттар жұмақтағы шараптарды осы дүниедегі шараптармен салыстырады.
«Инсан» сүресінің 21 аятында «шарабе таһур» "таза шарап" деп аталған жұмақ сусындарына қатысты айтатын жайт, - олар дүниедегі шараптардан басқаша. Бұл дүниедегі шараптарға керісінше жұмақтағы шарап адамды масайтпайды, жөнсіз сөз бен әрекетке бастамайды. Аяттардың осы бөлімінің соңында Құран жұмақтың және бір нығметіне сілтеме жасап: «Жұмақтағы жұбайлар өздерінің күйеулерінен басқаға ғашық болмайды, бөтенге қарамайды. Олар – басқалардың қолдары жетпеген, сақталған сұлулар» дейді.
Тауық басқалардың қол жетпеуі үшін қанаты мен мамық жүнінің астында жасыратын жұмыртқа сияқты жұмақ сұлулары да өздерінің тәндерін құстардың қанаттары мен мамықтары сияқты киімдерінің астында жасырын ұстайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Қиямет – физикалық тұрғыдан болатын оқиға. Ол жерде жұмақтықтар үшін физикалық әртүрлі ләззаттар болады. Тозақтықтар да физикалық тұрғыдан әртүрлі азапқа ұшырайды.
- Ақ түс – жұмақ түстерінің бірі; жарық пен сұлулықтың, пәктік пен тазалықтың белгісі.
- Жұмақтағы әйелдер – сұлу, тартымды, пәк және адал.