«Саффат» сүресінің 809-шы бөлімі, 62-68 аяттар
«Саффат» сүресі, 809-шы бөлім, 62-68 аяттарының тәпсірі
«Саффат» сүресінің 62-63 аяттары:
« أَذَلِکَ خَیْرٌ نُّزُلًا أَمْ شَجَرَةُ الزَّقُّومِ»، «إِنَّا جَعَلْنَاهَا فِتْنَةً لِّلظَّالِمِینَ»
Осы қонақасы жақсы ма немесе заққұм ағашы жақсы ма? (62)
Рас, заққұм ағашын залымдарға сұмдық қылдық. (63)
Алдыңғы аяттарда жұмақтағы нығметтердің бір парасы мен жұмақ тұрғындарының рахат пен тыныштықта болатынына сілтеме жасалды. Бұл аяттар олардың жағдайын тозақтықтардың жағдайымен салыстырып: «Жұмақтықтарға әртүрлі дәмді сусындармен қонақасы берілетіні артық па, әлде тозақтықтардың ащы әрі дәмсіз ішіп-жемі артық па?» деп сұрайды.
Қайсысы артық деп сұрайтындай, бұл екеуінің салыстыруға келмейтіні белгілі. Себебі, әртүрлі қуаныш пен қызық және тыныштықтың мекені жұмақпен салыстыратындай, тозақ – рахат пен дамылдайтын орын емес. Бірақ, мұндай сауал қапыл адамдарды оятып, оларға ескерту жасау үшін қажет. Яғни, бұрыс, жағымсыз істерінде ләззат пен игілікке жетсеңдер, оны жұмақтағы мәңгілік рахат пен тыныштықты тозақтағы кіріптарлық және азап-қорлықпен салыстыруға болмайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Істерді бір-бірімен салыстырғанда олардың өткінші дүниелік әсерлері мен нәтижелерін көрмей, олардың ақыреттегі жазасы мен сауабына да көңіл аударайық.
2. Тозаққа енудің өлшемі – зұлымдықта: өзі мен басқаларға, Құдайдың діні мен Құдайдың әулиелеріне жасалатын зұлымдықта.
«Саффат» сүресінің 64-66 аяттары:
«إِنَّهَا شَجَرَةٌ تَخْرُجُ فِی أَصْلِ الْجَحِیمِ»، «طَلْعُهَا کَأَنَّهُ رُءُوسُ الشَّیَاطِینِ»، «فَإِنَّهُمْ لَآکِلُونَ مِنْهَا فَمَالِئُونَ مِنْهَا الْبُطُونَ»
Рас, ол тозақтың түбінде шығатын бір ағаш. (64)
Оның қауашақтары шайтандардың бастары сияқты. (65)
Сондай-ақ, олардан жеп, қарындарын толтырады. (66)
Бұл аяттар «заққұм» ағашын сипаттайды. «Ад-Духан» сүресінің 43-44-45-46 аяттарында да заққум ағашына осы сияқты сипаттамалар беріліп, «заққумның» тозақтың күйдірген отының ортасында өсетін, тозақтықтардың оның жемісін жейтін шөп пен ағаштың бір түрі екендігі белгілі болады. Оттың ортасында өсетін шөптің су еместігі, күйдіргі қасиеті болатыны белгілі. Оның жемісі жеген жанды азапқа түсіреді.
Бұл шөптің жағымсыз иісі мен дәмімен бірге Құран оны сұрықсыздығы мен қорқыныштылығы тұрғысынан диюдың басына теңейді. Айтатын жайт, адамдар ерте заманнан диюдың басын қорқынышты сипаттап, періштелерді сұлу, тартымды деп ойлаған. Алайда періште мен диюды да ешкім көрген емес.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Ақырет жүйесі бұл дүниедегі жүйеден өзгеше. Сондықтан шөп пен ағаштың тозақтың түбіндегі күйдіретін оттың ортасында өсетін мүмкіндігі бар.
2. Осы дүниеде шайтанның бұйрықтарына еретіндер тозақта жасыл, әдемі көріністердің орнына жаман, жиіркенішті өсімдіктерге кіріптар болады. Құдды шайтандардың қорқынышты бастары жерден бас көтерген сияқты.
«Саффат» сүресінің 67-68 аяттары:
«ثُمَّ إِنَّ لَهُمْ عَلَیْهَا لَشَوْبًا مِّنْ حَمِیمٍ»، «ثُمَّ إِنَّ مَرْجِعَهُمْ لَإِلَى الْجَحِیمِ»
Сосын оларға қайнап тұрған судан сусын беріледі. (67)
Сосын олардың қайтар жерлері әлбетте тозақ болады. (68)
Заққум ағашы жемісінің шөлдететіні белгілі. Осы аяттар былай дейді: «Заққум ағашының жемісін жегендер шөлдерін басу үшін өте ыстық, күйдіргі, лас су ішеді. Ол су шөлді басудың орнына одан сайын шөлдетеді».
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Осындай кезеңдерден кейін олар тозаққа енеді».
Егер тозаққа кірудің алдындағы қонағасы тәсілі осындай болса, жәһаннамға кіргеннен кейінгі қонағасы қандай болмақ?
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Тозақтықтардың жұмақтықтар сияқты ішетін, жейтін астары болады. Бірақ, астары дәмсіз болуымен қатар ұсқынсыз әрі олардың азабына себеп болады.
- Олар осы дүниеде қарындарын хараммен толтырып, Құдайдың бұйрықтарына мән бермеген. Сондықтан қияметте де іштерін азапқа себеп болатын нәрселермен толтырады.
- Қияметтің аялдамасы әртүрлі. Тозақтық әртүрлі кезеңді өткен соң тозақтағы негізгі мекенге тұрақтайды.