Maм 21, 2019 21:51 Asia/Almaty

«Саффат» сүресінің 79-92 аяттарының тәпсірі

«Саффат» сүресінің 79-82 аяттары:

 

«سَلَامٌ عَلَى نُوحٍ فِی الْعَالَمِینَ»، «إِنَّا کَذَلِکَ نَجْزِی الْمُحْسِنِینَ»، «إِنَّهُ مِنْ عِبَادِنَا الْمُؤْمِنِینَ»، «ثُمَّ أَغْرَقْنَا الْآخَرِینَ»

 

 

Нұхқа (Ғ.С.) бүкіл әлемнен сәлем болсын. (79) Рас, Біз ізгі іс істеушілерді өстіп сыйлыққа бөлейміз. (80) Өйткені, ол сенуші құлдарымыздан. (81) Сосын басқаларын суға батырдық. (82)

 

Алдыңғы бағдарламадағы аяттарда хазірет Нұх пен қасындағы серіктерінің топан судан құтқарылғаны баяндалды. Олар соңында аман-есен қауіпсіз жағаға жетті.

 

Осы аяттар былай дейді: «Хазірет Нұхтың пайғамбарлығын теріске шығарып, сөздерін келеке еткен барлық кәпірлер мен күнәһарлар Алланың азабына ұшырап, өлді».

 

Алла мен иман адамдарының барлығының сәлемі тарих бойы Нұхқа арналады. Себебі, ол хазірет 950 жыл өз қауымын құтқаруға күш салды. Сол жолда сабыр пен шыдамдылық танытып, көп азап шекті. Құдайдың өзі адамға сәлем жолдап, оны әлемдіктердің арасында қияметке дейін сақтаудан артық қандай құрмет болуы мүмкін?

Аяттардың жалғасы былай дейді: «Алланың бұл сәлемі мен сыйы тек Нұхқа қана қатысты емес. Алланың сәлемі мен құтқару туралы уәдесі ізгі жандардың барлығын қамтиды. Олардың бәріне сый мен сауап жазылады».

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Дүниеден өткен Алланың пайғамбарлары мен әулиелеріне біздің сәлемдеріміз жетеді. Өйткені, ештеңе естімейтін, сөзді түсінбейтін адамға Құдайдың сәлем жолдауының мағынасы жоқ. Сондықтан бұрынғы өткен әулие-әмбиелерге сәлем жолдау – илаһи әрі құнды іс.

2.Құдайдың уәдесінің нәтижесі мынадай: ізгілік иелері Алланың мейіріміне бөленіп, Құдайдың сыйы мен сауабын алады. Құдай ізгі жандардың сыйы мен сауабын осы дүниеде де береді.

3.Ізгілік иманмен, иман ізгілікпен тиімді. Бұлар бір-бірінсіз толық емес.

4.Азап түскен кезде мүміндер кәпірлердің арасында болса да Құдай оларды құтқарып қалады.

 

«Саффат» сүресінің 83-87 аяттары:

 

 

«وَإِنَّ مِن شِیعَتِهِ لَإِبْرَاهِیمَ»، «إِذْ جَاءَ رَبَّهُ بِقَلْبٍ سَلِیمٍ»، «إِذْ قَالَ لِأَبِیهِ وَقَوْمِهِ مَاذَا تَعْبُدُونَ»، «أَئِفْکًا آلِهَةً دُونَ اللَّـهِ تُرِیدُونَ»، «فَمَا ظَنُّکُم بِرَبِّ الْعَالَمِینَ»

 

Күдіксіз, Ыбырайым (Ғ.С.) да Нұхтың (Ғ.С.) даңғыл жолында. (83)

Өйткені, Ыбырайым (Ғ.С.) Раббына ынталы жүрекпен келген еді. (84)

Сол уақытта әкесіне де, еліне де: “Нелерге табынасыңдар?”,- деді. (85)

“Алладан өзге өтірік тәңірлер қалайсыңдар ма?” (86)

“Әлемнің Раббына байланысты ойларың қандай?” (87)

 

Тарихи тұрғыдан хазірет Нұх пен хазірет Ибраһимнің арасында узақ уақыт болған. Бірақ, хазірет Ибраһимнің пайғамбарлығы хазірет Нұхтың пайғамбарлығының жалғасы әрі таухид пен бір Құдайға табынушылық жолында болғандықтан Құран хазірет Ибраһимді Нұхтың ізбасары деп атап, олардың арасын байланыстырғаны сондай, тіпті араларында алшақтық болмағандай сезіледі.

Аяттар хазірет Ибраһим үшін атаған маңызды ерекшелік – «салим»-сау жүрек».

«Салим» – һәм кез келген ластық пен шерктен таза жүрек, һәм Құдайдың алдында мойынсұну деген мағынаны білдіреді.

Хазірет Ибраһимнің жүрегі шерк пен күпіршіліктен таза болғандықтан айналасындағылар мен қауымының шерк пен пұтқа табынушылығына үнсіздік таныта алмады.

Сол себепті жөн сілтеп, кеңес беру мақсатында оларды ішкі болмыстарының үніне көңіл аударуға шақырып: «Жансыз заттарға қалай бас иіп, оларға табынасыңдар? Неліктен нағыз Құдайдың орнына жалған «құдайларды «іздейсіңдер? Әлемдіктердің Пәруәрдігерін тастап, неліктен одан мейірім мен рақым күтесіңдер?» деді.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Барлық пайғамбарлардың жолы – бір. Олардың арасында ешқандай қайшылық пен айырмашылық жоқ. Мезгіл мен мекен сияқты факторлар аспандық діндердің айқын принциптеріне әсер етпейді.

2.Кез келген шерк пен ластықтан бойды аулақ салып, Құдайдың алдында мойынсұну – илаһи әмбиелер мен олардың ізбасарларының ерекшелігі.

3.Адам басқаларға қатысты да жауапты. Сондықтан жақындары мен өзінің айналасындағыларға жетекшілік етуге күш салуы керек.

3.Құдай жолындағы адамдар бейбастақ кеңістікке сіңіп кетпей, кеңістікті өзгертуге күш салады.

 

 «Саффат» сүресінің 88-92 аяттары:

 

«فَنَظَرَ نَظْرَةً فِی النُّجُومِ»، «فَقَالَ إِنِّی سَقِیمٌ»، «فَتَوَلَّوْا عَنْهُ مُدْبِرِینَ»، «فَرَاغَ إِلَى آلِهَتِهِمْ فَقَالَ أَلَا تَأْکُلُونَ»، «مَا لَکُمْ لَا تَنطِقُونَ»          

 

 

Сонда Ыбырайым (Ғ.С.) жұлдыз жаққа назар аударып: (88) “Мен науқаспын” деді. (89) Сонда ел одан бұрылған бойда кете берді. (90)

(Ыбырайым Ғ.С.) олардың тәңірлерінің жанына оңаша барып: “Жемейсіңдер ме?- деді. (91) “Неге сөйлемейсіңдер?” (92)

 

Хазірет Ибраһимнің пұтқа табынушыларға қойған сауалдарының жалғасында осы аяттар хазіреттің мүшіріктер мен адасушыларды оятудағы келесі тәсіліне сілтеме жасайды.

 

Бабыл қаласының халқы рәсім бойынша мерекелік шараны өткізу үшін қаладан шығатын. Олар мереке қарсаңындағы түні Ибраһимді олармен бірге мерекелік шараға қатысуға шақырды.

Алайда хазірет Ибраһим пұттарды сындыратын мұрсатты күтіп жүрді. Бабыл халқы жұлдыздарды өздерінің тағдырларына ықпалы бар санағандықтан, хазірет өзінің қаладан шықпауына көндіру үшін олардың сенімдеріне орай аспандағы жұлдыздарға қарағансып: «Менің кешірімімді қабылдаңдар. Жұлдыздарға қарап, қаладан шықсам, ауырып қалам ба деп болжам жасап тұрмын. Менің қалада қалғаным жөн» дейді.

Шүбәсіз, хазірет Ибраһим жұлдыздарға сенбегенімен адамдарды риза ету үшін олардың қабылдайтын тәсілін қолданды.

Осындай сылтаумен қалада қалып, жоспарлаған ісіне жағдай әзірледі. Ол адамдар жоқта үлкенді-кішілі пұттарға барып: «Мүшіріктер нәзір етіп әкелгенді неге жемейсіңдер? Неге маған жауап бермейсіңдер? Неге менімен сөйлеспейсіңдер?

Мына мүшіріктер сендер олардың тағдырларына әсере етеді деп ойламаушы ма еді? Ондай болса, неліктен қолдарыңнан ештеңе келмейді?» деген сұрақтар қойды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Хақ жолын жарнамалауда әрбір топпен солардың тілімен сөйлесу керек. Сол себепті адамдарды Хаққа қарай нұсқауға дұрыс тәсіл табу үшін олардың ой-пікірі мен әдет-ғұрыптарын және салт-жоралғыларын тану қажет.

2.Қоғамдағы бұрмаланған ой-пікір мен тәсілдермен күресу үшін бастама көтеріп, қырағылық және көрегенділікпен тиімді мұрсаттарды пайдаланған абзал.

3.Шерктен тыйып, таухидке шақырудағы пайғамбарлардың қисыны айқын әрі адамның ақылы мен фитратымен де сәйкеседі.