Maм 22, 2019 19:48 Asia/Almaty

«Саффат» сүресінің 93-101 аяттарының тәпсірі

«Саффат» сүресінің 93-96 аяттарының тәпсірі:

 

«فَرَاغَ عَلَیْهِمْ ضَرْبًا بِالْیَمِینِ»، « فَأَقْبَلُوا إِلَیْهِ یَزِفُّونَ»، «قَالَ أَتَعْبُدُونَ مَا تَنْحِتُونَ»، «وَاللَّـهُ خَلَقَکُمْ وَمَا تَعْمَلُونَ»           

 

 

Сонда аңдып барын, оң қолымен ұрды. (93) Олар оған жүгірісіп келді. (94) “(Қолмен) жонып алғандарыңа шоқынасыңдар ма?”,- деді. (95) “Алла сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жаратты.” (96)

                  

 

 

Алдыңғы бағдарламада хазірет Ибраһимнің пұтқа табынушыларды қапылдық ұйқысынан оятатын мұрсатты күтіп жүргенін айттық. Хазірет оларға пұттардың қолынан іс келмейтінін, бұл жансыз мақұлықтардың олардың тағдырына әсері жоқ екенін түсіндіруге талпыныс жасады. Сондықтан жұрт қаладан шыққан мереке кезінде ауырып тұрғанын сылтауратып, қалып қойды. Ол ыңғайлы сәтті пайдаланып, қолына балта алып, қаланың пұтханасына барып, үлкен пұттан басқаның бәрін қиратып, сындырды. Пұтқа табынушылар қалаға оралған кезде таңқаларлық, сене алмайтын көрініспен бетпе-бет келді: олардың ірілі-ұсақты «құдайлары» сынып, қирап, аяқтың астында жатты. Ибраһимнің пұттар мен пұтқа табынушылар туралы жаман сөз айтып жүргенін білетіндіктен және оның қаладан шықпағанын ескеріп, пұттардың қиратылуының соның ісі екендігіне сенімді болды. Сол себепті ашу білдіріп, ызаланған күйде оны айыптады. Алайда Ибраһим пұтқа табынушылардың ашу-ызасынан еш қорықпастан анық әрі қисынды дәлелдермен олардың сөздері мен уәждеріне жауап беріп: «Қандай ақылды адам өз қолымен жасаған нәрсеге табынады? Егер жасанды нәрсе «құдай» бола алса, Жаратушы да Құдай бола алады. Пұтқа табынудың орнына әлемнің жалғыз Құдайына табыныңдар. Сендер  де оның мақлұқтары болғандай, мына пұттар да – оның жаратылыстары» деді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Бұрмалайтын факторларды жою үшін дұрыс жоспар құрып, ұрымтал тұста соққы беру керек.

2.Пайғамбарлар шеркпен күрес және бұрмалаушы факторларды жою жолында ескерту мен хабардар етумен қатар дұрыс деп санаған кезде хазірет Ибраһим пұттарға жасаған сияқты әрекетке де барады.

3.Адамның қолымен жасалғандар – қарапайым болсын, дамыған болсын, шын мәнінде Құдайдың жаратылыстары. Себебі, адамзаттың барлық ашылымдары мен жаңалықтарының тамыры – Құдай оған сыйлаған ақыл мен қабілетте.

 

«Саффат» сүресінің 97-98 аяттары:

 

 

«قَالُوا ابْنُوا لَهُ بُنْیَانًا فَأَلْقُوهُ فِی الْجَحِیمِ»، «فَأَرَادُوا بِهِ کَیْدًا فَجَعَلْنَاهُمُ الْأَسْفَلِینَ»  

 

Олар: “Ол үшін бір бина жасап, оны отқа тастап жіберіңдер” десті. (97)

Сонда олар оған бір айлакерлік жасауды ойлады да оларды төмендетіп жібердік. (98)

 

Мүшіріктер хазірет Ибраһимнің қисынды әрі дәлелді сөздеріне көңіл аударып, оны қабылдаудың орнына басқалар сабақ алуы үшін оның көзін жоюды ойлады. Сол мақсатта үлкен пеш салды. Оның ішін ағаш пен шөпшекке толтырып, тұтатты. Сөйтіп, өз ойларынша, оның ісін бітірмек болып, Ибраһимді оттың ортасына лақтырды. Бірақ, Құдайдың қалауымен от Ибраһим үшін гүлстанға айналып, оны күйдірудің орнына суып, хазірет дін аман қалды. Ибраһим мүшіріктердің таңданысына қарамастан оттың жалынынан аман шықты. Осылайша, оның дұшпандарының жоспары мен қастандығы іске аспады.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Күпіршілік пен шерк – негізсіз, қисын мен дәлелден кенде. Сол себепті мүшіріктер тоухидпен күресу үшін күшке жүгінеді.

2. Алла жолындағы ерлер істерін жүзеге асыру мен зұлымдық пен күпіршіліктің құралдарын жою жолында бастарын қатерге тігеді, тіпті, отқа күюден де қорықпайды.

3. Табиғат заңдарында Құдайдың ерік-жігері үстемдік етеді. Сол себепті ол қалаған уақытта табиғи факторлар мен құбылыстардың әсерін өзгертеді. Хазірет Ибраһимнің оқиғасында оттың күйдіру қасиетін залалсыздандырды.

 

«Саффат» сүресінің 99-101 аяттары:

 

 

«وَقَالَ إِنِّی ذَاهِبٌ إِلَى رَبِّی سَیَهْدِینِ»، «رَبِّ هَبْ لِی مِنَ الصَّالِحِینَ»، «فَبَشَّرْنَاهُ بِغُلَامٍ حَلِیمٍ»  

 

(Ыбырайым Ғ.С.): “Раббым жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді” деді. (99) “Раббым, маған жақсысынан бір ұл бер!” (100) Оны өте төзімді бір ұлмен қуанттық. (101)

 

Хазірет Ибраһим оған дайындалған қастандықтан аман қалған соң өзінің пайғамбарлық міндетін Бабылда аяқтады. Хазірет Шам жаққа хиджрат етуге шешім қабылдады. Өйткені, тарих бойында бұл аймақ пайғамбарлар мен Құдайдың пәк әулиелерінің жері болған. Ибраһим Құдайдан міндетін орындауы үшін өзіне жол нұсқауды сұрады. Сонымен қатар Құдайдан өзінің пайғамбарлығы, жолы мен тәсілін жалғастыратын барлық жағынан ізгі, түзу, лайық ұл беруді сұрады. Құдай да оның дұғасын орындап, Ысмайыл мен Ысқақ деген екі ұл берді. Олардың екеуі де пәк, түзу адамдар болып, пайғамбарлықтың жоғары дәрежесіне жетті.

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

  1. Илаһи ерлер Құдай жаққа жол тартады. Олардың әрбір ісі мен әрекеттерінің мақсаты – Құдай.
  2. Олар Құдайдан өздеріне міндеттері бойында жетекшілік етуді сұрайды. Нәтижесінде, Құдайға тәуекел етіп, жол табады.
  3. Егер Құдай жолында қадам басатын болсақ, оның мейірімі мен жетекшілігіне және жолымызды ашатындығына сенуіміз керек.
  4. Түзу перзентке ие болу үшін дұға тілеу пайғамбарлардың сүннеті болған. Мұның өзі пәк, лайық, дұрыс ұрпақтың маңызы мен қоғамның пәктігі мен саулығына үлкен әсерінің белгісі.