Maм 23, 2019 21:02 Asia/Almaty

«Саффат» сүресі, 102-105 аяттарының тәпсірі

«Саффат» сүресінің 102 аяты:

 

«فَلَمَّا بَلَغَ مَعَهُ السَّعْیَ قَالَ یَا بُنَیَّ إِنِّی أَرَى فِی الْمَنَامِ أَنِّی أَذْبَحُکَ فَانظُرْ مَاذَا تَرَى قَالَ یَا أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ  سَتَجِدُنِی إِن شَاءَ اللَّـهُ مِنَ الصَّابِرِینَ»

 

Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: “Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?”,- деді. Ол: “Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың” деді. (102)

 

Алдыңғы бағдарламада хазірет Ибраһимнің Құдайдан оған мүмін перзент беруді сұрағаны айтылды. Осы аят былай дейді: «Хазірет Ибраһимге берген ұл жасөспірімдік шаққа жеткен кезде оған түсінде аян беріліп, ұлын Құдай жолында құрбан етуге бұйырды».

Бұл істі жүзеге асыру үшін әкесінің ризашылығымен бірге перзентінің де келісімі қажет болды. Сол себепті хазірет перзенті Ысмайылға: «Маған осындай бұйрық берілді. Мұндай қиын істі қабылдауға әзірсің бе, жоқ па? Ойың қандай?» деп сұрады. Әкесінің өз ұлын бауыздауы қалай? Қарапайым адамдар Алланың мұндай бұйрығына: «Уа, Құдай! Менен сұрап тұрғаның не? Егер осындай болатынын қалағанда басынан-ақ маған мұндай баланы бермеуің керек еді. Егер бұл бала сенің жолыңда құрбан болатын болса, бұл істі неліктен әкесі мен жүзеге асыруым керек?» дер еді.

Бірақ, пайғамбарлар пайғамбар болудан бұрын Құдайдың пендесі әрі оның бұйрықтарына бағынған. Олардың көзқарасы бойынша, Құдай – дана әрі хәкім. Қандай бұйрық берсе де оның шексіз ғылымы мен хикметі негізінде беріледі. Сол себепті пайғамбарлар өздерінің шектеулі білімдерімен оның бұйрығының себебін толық түсінуге дәлел жоқ деп санаған.

Жасөспірім Ысмайылдың да жауабы мынадай болды: «Әкетай, Құдай бұйырғанды орында. Әке мен перзент арасындағы байланыс пен адами сезімдерді былай қойып, өзіңнің міндетіңді орындауды ойла. Бұл іс қиын болғанымен, әлемнің жалғыз Пәруәрдігерінің бұйрығын орындау жолында барлық қиындыққа бас тігіп, сабыр мен шыдамдылық танытамын».

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Пайғамбарлардың көрген түстері оларға түскен илаһи уәхидің бір түрі болған. Бірақ бұл қарапайым адамдарға қатысты емес. Сол себепті қарапайым адамдар көрген түстері бойынша өздеріне немесе басқаларға төрелік айта алмайды.

2. Балаға бауыр басушылық илаһи бұйрықтарды орындауға, Құдайдың әміріне мойынсұнбауға кедергі, ал күнә жасауға себеп болмауы керек.

3.Міндетті орындау сабыр мен табандылық танытуды қажет етеді. Істің қиындығына бола Құдайдың бұйрығынан жалтаруға болмайды.  

 

«Саффат» сүресінің 103-105 аяттары:

 

 

«فَلَمَّا أَسْلَمَا وَتَلَّهُ لِلْجَبِینِ»، «وَنَادَیْنَاهُ أَن یَا إِبْرَاهِیمُ»، «قَدْ صَدَّقْتَ الرُّؤْیَا  إِنَّا کَذَلِکَ نَجْزِی الْمُحْسِنِینَ»    

 

 

Сөйтіп екеуі де ұнап, әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. (103)

Біз, оған: “Әй, Ыбырайым!”,- деп, дыбыстадық. (104)

“Рас, түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз” (дедік). (105)

 

Ысмайылдың илаһи бұйрықты орындауға әзірлігін жариялауы әке мен баланың Құдай алдындағы мойынсұнушылығының белгісі болды. Ибраһим ұлын бауыздау үшін оның басын жерге қойғызып, дайындала бастады.

Сол сәтте бір үн естіліп: «Уа, Ибраһим! Біз сенің ұлыңды бауыздағаныңды қалаған жоқпыз, біз ұлыңнан бас тартуыңды қаладық. Бұл қиын сынақта сен жеңіске жеттің. Біз саған түсінде берген аянымызды еш кем-кетіксіз іске асырып, һәм илаһи бұйрықты орындау үшін мақсат пен түрткіге ие екеніңді, һәм сол жолда еш аянып қалмайтыныңды көрсеттің» деді.

Ысмайыл бауыздалмағанымен, Ибраһимнің перзентін Құдай жолында құрбандыққа шалу ниеті түзу болды. Ғамалдың орнына осы ниетінің өзі Хақтың алдында қабылдану үшін жеткілікті еді. 

Негізінде дін мәдениетінде кез келген істің құны мен бағасы оны орындауға деген ниет пен түрткіде. Сол себепті мүміннің бір істі жасаудағы ниеті оны іске асырудан қайырлы әрі құнды саналады.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Құдай мен оның бұйрықтарына бағыну – пайғамбарлар мен илаһи әулиелердің кемелдіктерінің бірі.

2. Негізінде, Құдайға бағынып, оның ризашылығына бөленген іс – мадақтауға лайық.

2. Кейде Алланың бұйрықтары адамды сынау үшін беріледі. Рухани кемелдікке жету үшін шек пен шекара жоқ.

3. Кейде Ысмайыл сияқты жасөспірім кемелдіктің кезеңдерін жылдам өтіп, осы жолда Ибраһим секілді Алланың үлкен әулиелерінің қатарында қадам баса алады.

4. Құрбандық тек материалды аспектіге ғана ие емес, Құдай жолында жан қию да құрбандықтың бір түрі.