815-ші бөлім, «Саффат» сүресі, 114-122 аяттар
«Саффат» сүресі, 114-122 аяттарының тәпсірі
«Саффат» сүресінің 114-116 аяттары:
«وَلَقَدْ مَنَنَّا عَلَى مُوسَى وَهَارُونَ»، «وَنَجَّیْنَاهُمَا وَقَوْمَهُمَا مِنَ الْکَرْبِ الْعَظِیمِ»، «وَنَصَرْنَاهُمْ فَکَانُوا هُمُ الْغَالِبِینَ»
Расында Мұса, Һарұн (Ғ.С.) ға да игілік бердік. (114) Екеуін әрі елін зор апаттан құтқардық. (115) Оларға жәрдем еттік те сонда олар жеңіске ие болды. (116)
Алдыңғы бағдарламада Құран Кәрім Құдайдың хазірет Ыбырайымға сыйлаған кейбір нығметтерін еске салды. Бүгінгі аяттар Құдайдың хазірет Мұса мен бауыры Һарунға берген мейірімін қамтиды. Аяттар алдымен жалпылама түрде Құдайдың оларды өз нығметтеріне бөлегенін, кейін сол нығметтерді жекелей баяндайды. Құдайдың Мұса мен Һарун және Исраил қауымына жасаған алғашқы мейірімі оларды Перғауын мен айналасындағылардың шеңгелінен құтқарып, дұшпандарды жеңуге жәрдемдесуі болды. Мысырдың қанішер, зұлым басшысы Перғауын ерлерді құлдыққа, әйелдерді күңдікке салып, ұлдарын бауыздатты. Осындай жағдайда хазірет Мұса Құдай тарапынан Исраил қауымын құтқару міндетіне ие болды. Ол Құдайға деген иманмен оларды азат етуге, оларды үлкен апат мен қиындықтан құтқаруға негіз әзірледі. Құдайдың мейірімі мен жәрдемінің арқасында Исраил қауымы Ніл өзенінен өтіп, Перғауын мен ләшкері суға батып кетті. Осылайша, олар еш қару-жарақсыз Перғауын мен бақайшығына дейін қаруланған оның әскерін жеңіп, зұлымдықтың шеңгелінен құтылды. Перғауындардың көзі жойылған соң Исраил қауымы олардың мал-мүлкі мен бау-бақшалары мен сарайларына иелік етті.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Алдыңғы пайғамбарлардың мейірімдерін еске алу тарих бойындағы мүміндердің рухани тыныштықтары мен жүректерінің байыз табуына себеп болады.
2. Қам-қайғы мен психикалық қысымдардан арылып, рухани жан тыныштығына жету – Алланың үлкен нығметтерінің бірі.
3. Пайғамбарлар мен Құдайдың әулиелері әрдайым зұлымдық көріп жатқан адамдардың қамын ойлайды. Оларға жандары ашып, өздерін солардың қайғыларына ортақ санайды.
4. Құдай жолындағы ерлер мазлұмдар үстемшілдер мен зорлықшылдардан құтылып, тыныштыққа бөленген кезде ғана алаңдаушылықтан арылады.
«Саффат» сүресінің 117-119 аяттары:
«وَآتَیْنَاهُمَا الْکِتَابَ الْمُسْتَبِینَ»، «وَهَدَیْنَاهُمَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِیمَ»، «وَتَرَکْنَا عَلَیْهِمَا فِی الْآخِرِینَ»
Екеуіне түсінікті кітап бердік. (117) Екеуіне тура жол көрсеттік. (118) Екеуіне кейінгі нәсілдерде (жақсы даңқ) қалдырдық. (119)
Перғауынның құлдығынан азат ету нығметінен кейін аяттар қоғамды осы дүние мен ақыреттің бақытына нұсқау үшін түсірілген ең үлкен нығметтердің бірі аспандық кітаптарға көңіл аудартады.
Перғауынның үстемшілдігінен азат етілген қоғам қалыптасуы үшін және құлшылық пен үстемшілдіктің бұғауына қайта түспеуі үшін илаһи заң мен жетекшілікті қажет ететіні белгілі. Сол себепті Исраил қауымына қажет заңдардың жиынтығы Таураттың түсірілуі мен даму жолын бетке алған түзу қоғам құру үшін Мұса сынды мықты жетекшінің болуы Исраил қауымына берілген ең үлкен илаһи сый болды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Зұлым, қанаушы үкіметтен халықты құтқару оларды Құдай жаққа жетекшілік ететін жолды жеңілдете түседі.
- Аспандық кітаптар өзгертіліп, бұрмаланып, түзетілмеген жағдайда ғана адамға дұрыс өмір сүру жолын үйретеді.
- Құдай Құранда елшілерін құрметтеген. Жақсы ат тарих бойындағы барлық пайғамбарлардың қоғамдық қорларының бірі болған.
«Саффат» сүресінің 120-122 аяттары:
«سَلَامٌ عَلَى مُوسَى وَهَارُونَ»، «إِنَّا کَذَلِکَ نَجْزِی الْمُحْسِنِینَ»، «إِنَّهُمَا مِنْ عِبَادِنَا الْمُؤْمِنِینَ»
Мұса және Һарұн (Ғ.С.) ға сәлем. (120)
Рас, ізгі іс істегендерді өстіп сыйлыққа бөлейміз. (121)
Өйткені, екеуі де сенген құлдарымыздан еді. (122)
Хазірет Мұса мен Һарун туралы аяттардың соңғы бөлімінде Құдай иман иелері әрдайым илаһи пайғамбарларға сәлем жолдап, ұлылардың еңбектеріне алғыс айтуға сабақ болсын деген оларға сәлем жолдап, оны Құранның басқа сүрелерінде де атаған. Аяттардың жалғасы былай дейді: «Бұл екі пайғамбар мен иман иелеріне қатысты біздің мейіріміміз бен рақымымыз - үздіксіз, тұрақты іс. Тарихтағы иманды, пәк, салих, жұртқа жақсылық жасайтын адамдар осындай мейірімге бөленеді».
Хазірет Мұса мен Һарун туралы соңғы аят олардың құлшылықтары мен мойынсұнушылықтарының деңгейіне сілтеме жасап: «Олар біздің иманды құлдарымыз болды» дейді. Бұл анықтама Құранда пайғамбарлардың көпшілігіне айтылып, олар Құдайдың құлы деп сипатталған.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Илаһи ерлерге сәлем жолдау – Құдай бізге үйреткен жағымды іс. Бұл ұлы адамдарға сәлем жетеді деген мағынаны білдіреді.
2. Діннің ағартушылығы мен қоғамға жетекшілік ету мақсатындағы кез келген әрекет – ізгіліктің бір түрі. Бұл илаһи ерлердің ерекшеліктерінің бірі.
3. Ізгілік иелеріне білдірілетін илаһи мейірім – тарих бойындағы сүннет әрі үздіксіз үрдіс.