Иранның танымал тұлғалары (173)
Бүгінгі бағдарламада Иранның танымал тұлғасы, тазкере жазушы, ақын Әлиғоли Вазиридің "Тазкере-е Риаз уш-Шуара" атты еңбегін талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, «Вале Дағыстани» деген атпен танымал Әлиғоли хан х.қ.ж.с.б. 1124 жылдың сафар айында Исфаһанда дүниеге келген. Валенің әкесі Мұхаммад Әлихан Вазири х.қ.ж.с.б. 1126 жылы Сефеви шахы тарапынан «Бектер бегі» деген лауазымға ие болып, жанұясымен бірге Ереванға аттанған. Әкесі қайтыс болған соң Вале жанұясымен бірге Исфаһанға қайтып оралып, әкесінің інісі Хасанәлидің қамқорлығына алынып, сол кездегі ғылым мен әдебиет ұстаздарынан білім ала бастаған. Ол Құранды меңгергеннен кейін аз уақыттың ішінде Құдай берген зеректігінің арқасында парсылар мен арабтар арасында кең таралған ғылымдармен қоса, тарих пен әдебиетті меңгерген. Бірақ ағасы үкіметтегі жұмысынан айырылғаннан кейін Вале өз оқуын аяқтай алмады. Вале ағасының қызы Хадидже Сұлтанға ғашық еді. Бірақ Махмұт Ауған билікке келіп, Исфаханды басып алған соң Вале мен Хадидже Сұлтанның арасы алыстап кетті. Сол себепті Вале қайғыға толы ғазалдар жазған. Вале х.қ.ж.с.б. 1144 жылы 20 жасында Надершах Афшар билікке келген кезде отанын тастап, Үндістанға аттанып, үнді патшасы Сұлтан Мұхаммадтың сарайына қызметке алынды. Ол өмірінің соңына дейін Иранға оралуды аңсап өткен. Вале 1170 жылы 46 жасында Делиде қайтыс болып, сол жерде жерленді. Бірақ қазір оның қабірінен еш белгі қалмаған. Сондай-ақ, Вале Дағыстанидан бірнеше еңбек қалғанын айттық. Оның ең маңыздылары – Валенің өлеңдер жинағы мен "Риаз уш-Шуара" тазкересі. Бұл тазкере жазылу тәсіліне байланысты талдауға тұрарлық.
Парсы тіліндегі тазкерелердің көбі белгілі бір шеңбер мен құрылымда танымал адамдардың өмірбаянын жазып, еңбектерін таныстыруға арналады. Әдетте авторлар өз еңбектерінің кіріспесінде бұл кітапты жазудағы мақсатын айтып, оқырманды өзі ойластырған жобамен таныстырады. Валенің "Риаз уш-Шуара" тазкересінің кіріспесіндегі сөздері көрсеткендей, оның бұл кітапты жазудағы мақсаты – әдеби сын айтып, зерттеу жүргізу. Ол көне замандағы танымал тұлғалардың өмірбаянын жазып, замандас ақындардың аттарын жинауды мақсат тұтпаған. Ол өз тазкересінің зерттеу негізінде болуын және өнер мен ғылымға қызығатындар үшін әртүрлі қырдан пайда болуын көздеген. Вале өз ниетін орындап, мақсатына жету үшін 4 нәрсені назарға алған. Біріншіден, поэзия өнеріндегі аруз-өлең өлшемі, ұйқас пен көркемдік-бейнелеуіш құралдар туралы мәлімет берді, екіншіден өзіне дейінгі және кейінгі ақындардың үздік өлеңдерінен таңдамалы жинақ ұсынды, үшіншіден өлең мен ақындық мәселелеріне қатысы бар сол замандағы тарихи оқиғаларды баяндады, төртіншіден өлең мен ақындықтың дәрежесі мен мәртебесін анықтады.
Вале тазкерені жазудағы басты мақсатын сөзді байыппен бағалау және кәсіби емес тазкере жазушыларға ескерту жасау деп атады.
Үндістанда тазкере-өмірбаян жазу базары қызып тұрған кезде Вале "Риаз уш-Шуара" тазкересін жаза бастады. Ол кезде күн сайын жаңа бір тазкере жазылып жатты, бірақ олардың көбінде тазкере жазу принципі дұрыс сақталмады. Тазкере жазушылар бір-біріне еліктеп, тіпті бір-бірінен көшіріп алып отырған. Сол себепті Вале өз тазкересін өлең мен ақындыққа сыни көзқараспен жазып, сол заманда құлдырап бара жатқан поэзия өнеріне жаңа рух сыйлағанына сенімді болған.
Вале өз заманындағы әдебиеттің жағдайына қатты алаңдаған. Оның пайымдауынша, өлең мен ақындық бақыты Сұлтан Хосейн Байқараның кезінен құлдырай бастады. Валенің сенімінше, бұл заманда ақындарды қолдап-қолпаштауда әсірешілдік жасалды. Адамдар ұйқасты сөз жазса болды, өздерін ақынбыз деп санаған. Тура осындай істер біртіндеп ең нәзік өнерлердің бірі саналатын ақындық өнерінің "беделден айырылып, келекеге айналуына себеп болды". Вале өз заманындағы ақындар мен ақын-сымақтардың ғылым-білімнен аса хабары жоқтығын тура айтқан. Осы сыни сөздермен қатар, ынсапты да сақтап, әрбір ақынның жақсы өлеңін мақтап өткен.
Валенің заманы поэзияда үнді стилі шарықтап тұрған кезбен тұспа-тұс келді. Оны "жаңа стиль" деп атайтын. Бұл термин сол заманда өз өлеңдерінде абстрактілі ойлар, тың метафоралар мен ұшқыр мағыналар келтірген ақындардың тәсіліне қатысты айтылатын. Бұл стиль парсы поэзиясында Баба Фоғани Ширазидің өлеңдерімен басталып, Саеб Табризи және Бид Дехләвимен кемеліне жетті. Алайда біртіндеп әсірешілдікке бой алдырып, бұрмалаушылыққа ұшырады. Осы стильді ұстанушылардың өлеңдері шикі әрі түсініксіз болды.
Вале Дағыстани "Риаз уш-Шуара" тазкересінде Зохури Таршизидің өлеңдерін "жаңа стильдің" соңы деп атап, бәрінен бұрын парсытілді үнділер қолдайтын әсірешіл үнді стилін әдеби бұрмалаушылық деп атады. Валенің сенімінше, осы стильдегі үш ақын – Вахши Бафақи, Зохури Таршизи мен Шоукат Бахаридің өнері олардан кейін бұл стилдің жолдан таюына себеп болды. Валенің сенімінше, бұл үш ақын басқалар жүре алмайтын жолға аяқ басты. Вахши қарапайым халықтың күнделікті өмірдегі сұхбатында, Зохури "ерекше нәзік мағынаны ойлап табу" тәсілінде және Шоукат Бахари "қиялдың ұшқырлығы" бойынша өлеңді кемеліне жеткізді. Бұл үш ақын өз мойындарына алған тәсілді жақсы ұстанды, бірақ оларға еліктеушілер адасып, сандырақтап кетті.
Вале "Риаз уш-Шуара" тазкересінде ақындық критерийлерін анықтауға тырысты. Дарынсыз да тексіз ақындардан шаршаған ол нағыз ақынды ақын-сымақтардан ажыратып алуға болатын критерийлерді ұсынуға талпыныс жасады. Вале баса айтқан критерийлер қабылданғанда "ақынмын" деп уәж айтатын білімсіз-өнерсіз адамдардың көбі ақындар санатынан шығарылады. Ақынның жергілікті болуы, ана тілі мен ауызекі тілді жетік білуі, ұстаздардан тәлім алуы және ақындық дарынының болуы Валенің өз тазкересінде ақындықты бағалау критерийлері ретінде ұсынған үш принципі болды. Вале адамның ақындық дарынына қатты сенген. Оның ойынша, ақындық – Алла беретін нығмет, оны сырттан келмейді, біреуден дарымайды.
"Риаз уш-Шуара" тазкересінде Валенің парсы поэзиясына қатысты терең көзқарастарын көруге болады. Бұл оның ауқымды білімін көрсетеді. Мысалы, ол Сағди Ширазидің өмірбаяны астында парсы әдебиетіндегі ғазалдың даму жолы тарихын баяндап кеткен. Әдеби сыншылардың айтуынша, сол заманда осындай көзқарасқа ие болу Вале Дағыстанидің әдеби білімінің тереңдігін және ой-пікірінің дәлдігін білдіреді. Валенің ойынша, ғазал жырлау өнерін шығарған – Сағди, бұрынғы ақындардың ешқайсысы ғазал жырлау жолын ол сияқты әдемі жүріп өтпеген. Валенің сенімінше, ғазал Сағдиге дейін қасиданың бір бөлігі болған. Сағдиге дейінгі ақындардың "ғазал" деп өз өлең жинақтарында келтірген жырлары шын мәнінде ғазал емес, қысқартылған қасида ғана.
Әдебиетке тарихи тұрғыдан қарау – Вале Дағыстани тазкересінің ең көрнекті ерекшелігі. Бұл парсы тіліндегі тазкерелерде сирек кездеседі. Валенің пайымдауынша, поэзия мен проза кемелдену жолынан өтеді, сол себепті әрбір өлеңді өзінің тарихи аясында сараптап, талқылау керек.