824-ші бөлім, «Сад» сүресінің 12-19 аяттары
«Сад» сүресі, 12-19 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 12-14 аяттары:
«کَذَّبَتْ قَبْلَهُمْ قَوْمُ نُوحٍ وَعَادٌ وَفِرْعَوْنُ ذُو الْأَوْتَادِ»، «وَثَمُودُ وَقَوْمُ لُوطٍ وَأَصْحَابُ الْأَیْکَةِ أُولَـئِکَ الْأَحْزَابُ»، «إِن کُلٌّ إِلَّا کَذَّبَ الرُّسُلَ فَحَقَّ عِقَابِ»
Олардан бұрын Нұх, Ғад елі және салтанат иесі Перғауын да жасынға шығарған еді. (12)
Сондай-ақ Сәмүд, Лұт және Әйке халқы да. Міне, осы топтар (13)
Барлығы елшілерді жасынға шығарғандықтан, азап лайық болды. (14)
Алдыңғы бағдарламада Меккенің үлкендерінің ислам пайғамбарына уәхидің түскенін қабылдағысы келмей, бұл іс үшін өздерін лайығырақ санағаны айтылды.
Осы аяттар ислам пайғамбарына былай дейді: «Бұлар сенің шақыруыңа қарсы шыққан алғашқы топ емес. Алдыңғы пайғамбарлардың барлығы осындай қиындықтармен бетпе-бет келген. Себебі, байлық пен билік иелері уәхи оларға түсуге лайық деп санағандықтан, билік пен байлықтан кенде қара халыққа уәхидің түсуін қабылдағысы келмеген.
Бірақ, олар Құдайдың пайғамбарын көріп, сөзін естіп, шынайылығын түсіне тұра, қырсығып немесе өзімшілдікке салынып, я болмаса қызғанып, хақты қабылдауға әзір болмаса, Құдайдың оларды осы дүниеде де жазалайтынын білмеді. Нұхтың қауымы суға батып, Ғад қауымы қатты дауылдан өлген болатын. Перғауындықтар да Ніл өзенінің буырқанған толқындарына батып кетті. Кейбір басқа қауымдар да осыған ұқсас тағдырларға ұшырады. Самуд қауымы хазірет Салехті теріске шығарса, Лут қауымы бейбастақтық пен азғындық және тағы басқа ұят істерге барған. Жайлы ауа райы мен жасыл ағаштарға толы аймақта өмір сүрген Шұғайып хазіретке қауымы ақыл-кеңесі мен үгіт-насихаттарына қарсы тұрды. Бірақ, соңында сол қауымның барлығы Алланың жазасына ұшырап, өлді».
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Адамдарға ескерту мен ғибрат болу үшін бұрынғы қауымдардың тарихы мен олардың істерінің соңын зерттеу – Құран Кәрім көңіл аударып, қуаттаған іс.
2. Адамдардың барлығы – Перғауын сияқты мықты билеушілер немесе қарапайым, мүмкіндіктері аз адамдардың барлығы Алланың қаһары алдында қауқарсыз.
3. Хақпен жауласып, қырсығу пәстік пен өлімнен басқаға жеткізбейді.
«Сад» сүресінің 15-16 аяттары:
«وَمَا یَنظُرُ هَـؤُلَاءِ إِلَّا صَیْحَةً وَاحِدَةً مَّا لَهَا مِن فَوَاقٍ»، «وَقَالُوا رَبَّنَا عَجِّل لَّنَا قِطَّنَا قَبْلَ یَوْمِ الْحِسَابِ»
Ал енді бұлар да тоқтаусыз бір ғана ащы дауысты күтеді. (15)
Олар: “Раббымыз, есеп күнінен бұрын көресімізді тез көрсет” десті. (16)
Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Мүшіріктер мен кәпірлердің қырсықтық пен кеудемсоқтыққа салынатындықтары сондай, тіпті, тұтқиылдан аспаннан түсіп, оларды өлтіретін дабысты күтетін сынды. Себебі, олар бұрынғы қауымдардың ащы тағдырларын біле тұра жауластық пен қырсықтықтан бас тартпайды».
Олардың ислам пайғамбарына қатысты қылықтары да бұрынғы кәпірлердің алдыңғы пайғамбарларға көрсеткен қылықтары сияқты. Сондықтан келген кезде қайта оралатын жол қалдырмайтын, бәрін жойып жіберетін солардың жазасы сияқты жазаны күту керек.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Мүшіріктер Алланың осы дүние мен қияметте әділ сотының орнайтынын теріске шығарады. Сол себепті мазақтап: «Құдайларыңа біздің есебіміз бен ісіміздің жазасын неғұрлым тез берсін деп айтыңдар. Неліктен біз өлгенімізді, қайта тірілген кезде жазаланғанымызды көруіміз керек. Біз ісіміздің жазасын осы дүниеде көргіміз келеді».
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Бұрынғылардың тағдырлары мен істерінің соңын білетін адамдар құдды Құдай мен оның елшісіне қарсы шығып, азаптың келуін күтетіндей, өз аяқтарымен өлімге қарай аяқ басатындай көрінеді.
2.Кәпірлер мен мүшіріктердің тәкәппарлықтары мен менмендіктері иманды адамдардың сенімдерін келеке етіп, дәлел мен қисын қолданудың орнына оларды тәлкек етуге себеп болады.
3. Тәубе мен тура жолға оралу – азап түскенге дейін ғана мүмкін іс. Бірақ, азап түскеннен кейін тәубе қабылданбайды.
«Сад» сүресінің 17-18-19 аяттары:
«اصْبِرْ عَلَى مَا یَقُولُونَ وَاذْکُرْ عَبْدَنَا دَاوُودَ ذَا الْأَیْدِ إِنَّهُ أَوَّابٌ»، «إِنَّا سَخَّرْنَا الْجِبَالَ مَعَهُ یُسَبِّحْنَ بِالْعَشِیِّ وَالْإِشْرَاقِ»، «وَالطَّیْرَ مَحْشُورَةً کُلٌّ لَّهُ أَوَّابٌ»
(Мұхаммед Ғ.С.) олардың айтқандарына сабыр ет. Мықты құлымыз Дәуіт (Ғ.С.) ті есіңе ал! Өйткені ол, өте бой ұсынушы. (17)
Рас оған тауларды бағындырдық. Олар онымен бірге іңірде әрі сәскеде Алланы дәріптейтін еді. (18)
Оған құсты тобымен бағындырдық. Барлығы Алланы дәріптеуші еді. (19)
Қарсыластардың жаман сөздері мен келекесі туралы алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Тіпті, мықты билікке ие болған хазірет Дәуіт те адамдардың ащы тілінен аман болған жоқ. Уа, Алланың елшісі! Уа, иман адамдары! Дұшпандардың келекесі мен қорлықтарына шыдаңдар. Сендер түбінде жеңіске жететіндеріңді біліңдер».
Хазірет Дәуіт әрдайым дұға тілеп, Пәруәрдігерімен мүнәжат етті. Ол Құдайдың қалауымен үлкен құдіретке ие болды. Құдай тіпті жансыз таулар мен аспандағы құстарды да оған бағындырғаны сондай, ол Алланы пәктеген кезде барлығы хазіретпен үндесіп, Құдайды зікір етті. Құран аяттарына сәйкес, барлық жаратылыс Құдайды пәктейді. Бірақ, біз оны түсіне алмаймыз. Осы сүренің аяттарынан хазірет Дәуіттің Алланы пәктеген кезде басқа жаратылыстардың да онымен үндескені, ол хазіреттің де олардың пәктегенін түсінгені белгілі болады.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Дұшпанның хақ пен оның қолдаушыларына қарсы келекесі мен теріс жарнамасы өте қатты әрі үздіксіз.
2. Мүміндер дұшпанның келеке, мазағы мен тіл безеушіліктеріне бола осалдық танытпауы керек. Керісінше, олардың қорлықтары мен ащы сөздері алдында сабыр сақтап, өздерінің принциптері мен сенімдеріне берік болып, табандылық танытуы керек.
3. Билік – адамды алдарқататын қауіпті нәрсе. Бірақ, басшы үнемі Алланың дәргейіне қарап өкініп, тәубеге келіп, өзін Алланың құлы санаса, жағдай басқаша.
4.Кәпірлер қырсығып, Құдайдың алдында тағзым етпегенімен, жаратылыстың барлығы, қатты заттар мен жан-жануарлардың Құдайды пәктеп жатқанын білуі керек.
5.Егер адам Құдайдың нағыз пендесі болғанда, жаратылыс та онымен үндесер еді.