826-шы бөлім, «Сад» сүресінің 26-28 аяттары
«Сад» сүресі, 26-28 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 26 аяты:
«یَا دَاوُودُ إِنَّا جَعَلْنَاکَ خَلِیفَةً فِی الْأَرْضِ فَاحْکُم بَیْنَ النَّاسِ بِالْحَقِّ وَلَا تَتَّبِعِ الْهَوَى فَیُضِلَّکَ عَن سَبِیلِ اللَّـهِ إِنَّ الَّذِینَ یَضِلُّونَ عَن سَبِیلِ اللَّـهِ لَهُمْ عَذَابٌ شَدِیدٌ بِمَا نَسُوا یَوْمَ الْحِسَابِ»
Әй, Дәуіт! Сені жер жүзінде меңгеруші қылдық. Сондықтан адамдардың арасына ақиқатпен үкім ет, ойға ерме. Онда сені Алланың жолынан адастырады. Шәксіз, Алланың жолынан адасқандар есеп күнін ұмытулары себепті оларға қатты азап бар. (26)
Алдыңғы бағдарламада Дәуіт пайғамбардың басынан өткен оқиғада екі ағайындының арасындағы төрелікке тиісті көңіл бөлмегенін, шешім айту мен үкім шығарғанда асығыстық жасағанын айттық. Сол себепті хазірет Құдайдың дәргейіне бет бұрып, кешірім сұрады. Хақ Тағаланың алдындағы мойынсұнушылығы Құдайдың оны кешіріп, мәртебесінің қасында сақталуына себеп болды.
Бұл аят былай дейді: «Уа, Дәуіт! Саған пайғамбарлық міндет жүктеген біз шын мәнінде сені жер бетіндегі өзіміздің орынбасарымыз еттік. Ондай болса біздің тағылымдарымыз бойынша әрекет етуің керек. Іс-әрекетің мен қатынасың илаһи сипаттардың айнасы болуы шарт. Адамдардың арасында хақ негізінде әділ төрелік етіп, нәпсілік тілектерге салынбау керек. Өзің жақсы көргенді хақтан артық санама. Себебі, бұл іс хақ болып табылатын Құдай жолынан ауытқуға себеп болады».
«Илаһи пайғамбарлар қорғалған, олар Құдайдың жолынан ауытқымайды» дегенмен, осы аяттардан тақуалықтың іс-әрекет азаттығы мен ықтиярды пайғамбарлардан алмайтыны анықталады.
Олар да басқа адамдар сияқты қателік пен күнәға батады. Сол себепті Құдай оларға егер өз нәпсілеріне ие болмаса, Құдайдың жолының орнына нәпсілеріне еруі мүмкін екендіктерін, әрі илаһи қатаң жазаға ұшырайтындарын ескертеді.
Осы аят алдыңғы аяттардың жалғасында адамдардың арасында төрелік ету тақырыбына тоқталады. Соған сәйкес, жерде билік ететін адам қоғамның барлық саласында хақ пен әділет негіздері бойынша әрекет етуі қажет.
Мұндай адам хақ пен әділетті дұрыс танып, соның негізінде әрекет ету үшін Құдайдың дінінің принциптері мен үкімдеріне жүгінеді. Ол өзі қалағаны мен нәпсісі талап еткеннің соңынан ермейді. Өйткені, мұндай жағдайда адамдардың құқығы билеушілердің талап-тілектерінің құрбаны болмайды.
Осы аяттан үйренетініміз:
1. Дін саясаттан бөлек емес. Пайғамбарлардың міндеттерінің бірі халыққа билік етіп, қоғамдағы істерді басқару болған. Олардың азына ғана үкімет құру үшін ыңғайлы жағдай жасалды.
2. Заңдар мен сот үкімдерінің мизаны мен мөлшері басшылар немесе соттардың талаптары емес, хақ болуы керек.
3. Егер іске нәпсі араласса, хақ дұрыс сақталмайды. Себебі, нәпсіқұмарлық хақ жолынан таю дегенмен мағыналас. Сол себепті зиялы адамдар өмірдің әртүрлі істерінде хақ негізінде әрекет ету үшін әрдайым өздерінің нәпсілік қалауларын бақылауы керек.
«Сад» сүресінің 27-28 аяттары:
«وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاءَ وَالْأَرْضَ وَمَا بَیْنَهُمَا بَاطِلًا ذَلِکَ ظَنُّ الَّذِینَ کَفَرُوا فَوَیْلٌ لِّلَّذِینَ کَفَرُوا مِنَ النَّارِ»، «أَمْ نَجْعَلُ الَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ کَالْمُفْسِدِینَ فِی الْأَرْضِ أَمْ نَجْعَلُ الْمُتَّقِینَ کَالْفُجَّارِ»
Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы. Сондықтан оттан азап болатын қарсы келгендерге не өкініш! (27)
Немесе иман келтіріп, ізгі іс істегендерді, жер жүзіндегі бұзақылардай қыламыз ба? (28)
Алдыңғы аятта Құдай хазірет Дәуітке: «Жерде хақ негізінде билік пен төрелік ет. Себебі, сен – біздің жердегі орынбасарымызсың» деді.
Соның жалғасында осы аяттар былай дейді: «Біз әлемді хақ негізінде жараттық. Онда ешқандай жалғандыққа жол жоқ. Сондықтан жерде де хақтан басқа ештеңе үстемдік етпеуі керек».
Құдайды қабылдамайтын, Құдайдың болмысы мен хикметін теріске шығаратын адамдар жаратылыс жүйесі мақсатсыз, бағдарламасыз жаратылған, оның нақты болашағы жоқ деп ойлайды.
Бірақ тозақ отына түскен кезде олар ойларының жалғанға негізделгенін түсінеді.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Жаратылыс жүйесі ғана хақ негізінде емес, сонымен қатар жаза жүйесі де хақ пен әділет негізінде. Сондықтан Құдай жақсылар мен жамандарды бірдей көрмейді. Олармен бір тәсілмен қатынас жасамайды».
Алланы Жаратушы әрі өздерінің Құдайы санайтындардың қиямет күніне сенетіні белгілі.
Олардың әрекеттері де Құдай мен қияметті теріске шығаратындардан басқа. Бірінші топ өздері мен қоғамды түзету үшін талпыныс жасайды. Екінші топ жер бетінде неғұрлым көбірек бейбастақтық жасауды көздейді. Бірінші топ Құдай адам үшін анықтаған прнициптер мен заңдар аясында әрекет етсе, екінші топ өздерінің материалды мүдделерін көздейді. Бірінші көзқарастың нәтижесі – тақуалық пен пәктік. Екінші көзқарастың салдары – қоғамда бейбастақтық тарату.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Діни көзқарас бойынша жаратылыс мақсатты әрі хикметке негізделген. Бірақ, діннен тыс көзқарас бойынша жаратылыс мақсатсыз әрі алдын ала жоспарланған ешбір бағдарламаға ие емес.
2. Жаратылыс жүйесі хаққа негізделгендіктен адамзат қоғамдарында үстемдік ететін жүйе мен заңдар жаратылыс жүйесімен үндесуі үшін хақ тағылымдары негізінде болуы керек.
3. Хақтың талабы – осы дүние мен ақыретте әділетті жүзеге асыру. Қоғамда жақсылар мен жамандарды бірдей көру әділет негізімен үйлеспейді. Алланың бұйрықтарынан бұлтару жер бетінде бейбастақтықтың таралуына себеп болады.