Маусым 16, 2019 20:05 Asia/Almaty

«Сад» сүресінің 34-38 аяттарының тәпсірі

«Сад» сүресінің 34-35 аяттары:

 

«وَلَقَدْ فَتَنَّا سُلَیْمَانَ وَأَلْقَیْنَا عَلَى کُرْسِیِّهِ جَسَدًا ثُمَّ أَنَابَ»، «قَالَ رَبِّ اغْفِرْ لِی وَهَبْ لِی مُلْکًا لَّا یَنبَغِی لِأَحَدٍ مِّن بَعْدِی إِنَّکَ أَنتَ الْوَهَّابُ»

 

Расында Сүлеймен (Ғ.С.) ді сынап, тағының үстіне бір дене қойдық. Сосын ол тәубе қылды. (34)

“Раббым! Мені жарылқа. Маған, менен кейін ешкімге нәсіп болмайтын патшалық бер. Әрине, Сен өте жомартсың” деді. (35)

 

 

 

 Құдайдың хазірет Сүлейменге көрсеткен мейірімі туралы алдыңғы бағдарламаның жалғасында осы аяттар хазірет Сүлеймен өткен қатты сынақтардың біріне сілтеме жасайды. Бірақ, сынақ оқиғасы Құран аяттарында айтылмаған. Бұл туралы сенімді рауаяттарды баяндаймыз.

Хазірет Сүлеймен көп перзентке ие болуды, өзінен кейін билігін жалғастыруы үшін солардың арасынан батыл, мықты ұлдарының бірін орынбасары етіп таңдауды армандаған. Бірақ, армандаған кезде Құдайдан қапыл қалып, Құдайға тәуекел етудің орнына, өзінің ерік-жігері мен қалауына арқа сүйегендіктен, Құдай оған қатал қатынас көрсеткендіктен әйелдері бала тумай, тек мүгедек бір перзентін жансыз мүрде сияқты оның алдына тастаған.

Мұны көрген Сүлеймен өзінің Құдайын ұмытқандықтан осындай ауыр сынаққа душар еткенін түсінді. Құдайдан қапыл қалғаны үшін тәубеге келіп, өкініп, Құдайға қайта оралды.

Кейбір рауаяттарда Сүлейменнің қатты ауруға шалдығып, жансыз өлік сияқты төсегінде жатқаны айтылған.

Аяттардың жалғасы былай дейді: «Хазірет Сүлеймен Құдайдан кешірім сұраған соң басқа пайғамбарлардың өмірлерінде болған мұғжизалар сияқты әрі оның пайғамбарлығының Құдай тарапынан екеніне дәлел болуы үшін, басқа биліктерде оған ұқсас болмайтын, сол себепті өзінің билігін басқа билеушілерден ерекшелендіретін әдеттен тыс іс жасауды сұрады".

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Сынақ – рухтың шыңдалуы мен Пәруәрдігердің дәргейіне жақындай түсуге себеп болатын илаһи сүннеттердің бірі. Сол себепті адамдардың барлығы, тіпті пайғамбарлар мен илаһи әулиелер де сынаққа алынады. Бұл істен ешкім тысқары емес.

2. Кейбір әмбиелер пайғамбарлық пен адамдарға жетекшілік ету міндеттерімен қоса адамдарға билік еткен. Бұл екеуінің бір-біріне қайшылығы жоқ.

3. Дұға тілегенде аз нәрсені қанағат етпейік. Хазірет Сүлеймен сияқты асқақ армандап, Құдайдан маңызды тілектер сұрайық.

 

«Сад» сүресінің 36-38 аяттары:

 

 

«فَسَخَّرْنَا لَهُ الرِّیحَ تَجْرِی بِأَمْرِهِ رُخَاءً حَیْثُ أَصَابَ»، «وَالشَّیَاطِینَ کُلَّ بَنَّاءٍ وَغَوَّاصٍ»، «وَآخَرِینَ مُقَرَّنِینَ فِی الْأَصْفَادِ»  

 

Сондықтан қалаған жерге жетуге, бұйрығымен оңай жүретін желді бағындырдық. (36)

Әр түрлі құрылыс жасаушы және сүңгігіш шайтандарды бағындырдық. (37)

Ал басқа біреулері шынжырларда матаулы еді. (38)

 

 

 

 

Бұл аяттар хазірет Сүлейменнің сұрағанының орындалғанын, Құдай оған өзіне дейін және одан кейін ешбір үкіметтің ықтиярында болмаған ерекше мүмкіндіктер мен құдіретті сыйлағанын көрсетеді.

Қалыптан тыс, мұғжиза істер оның үкіметінің илаһи әрі ерекше болғанын көрсетеді. Желді жүйрік ат сияқты бағындыруы Құдайдың Сүлейменге сыйлаған алғашқы сыйы болды. Жел бүгінде аспанда ұшатын, ұзақ жолды қысқа уақытта өтетін ұшақтар сияқты Сүлейменнің тағын көтеріп, оны қалаған жеріне жеткізген.

Құдайдың хазірет Сүлейменге берген екінші сыйы әртүрлі ауыр жұмыстарды атқару үшін жындарды бағындыруы болды. Осы аяттарға сәйкес, жын-шайтандар Сүлейменге бағынған. Жындардың бір тобы көпір салу, бөгет тұрғызу сияқты құрылыс жұмыстарын атқарса, тағы бір тобы теңіздердің түбіне сүңгіген. Билігін қабылдамай, қырсыққан жындарды зындандарға тастап, басқа қылмыскерлер сияқты шынжырлап тастаған.

Осылайша, Құдай өзінің мейірімі мен мұғжизалары арқылы табиғи, адами күштер мен жындарға Сүлейменді билік еткізді.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Жындар ақыл мен шеберліктерге ие. Сол себепті адам кейбір істерді атқару үшін олардың мүмкіндіктерін пайдаланады.

2. Ел басқаруда немесе маңызды жобаларды орындауда білікті күштердің мүмкіндіктері мен шеберліктерін пайдалану керек.

3.Қоғамға зиян келтіретін, қоғамдық жүйеде бейберекеттік қалыптастыратын адамдар мен топтар ұсталып, бақылауға алынуы керек. Сүлеймен бағынбаған жындарға сондай қатынас көрсеткен.