829-шы бөлім, «Сад» сүресінің 39-43 аяттары
«Сад» сүресінің 39-43 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 39-40 аяттары:
«هَـذَا عَطَاؤُنَا فَامْنُنْ أَوْ أَمْسِکْ بِغَیْرِ حِسَابٍ»، «وَإِنَّ لَهُ عِندَنَا لَزُلْفَى وَحُسْنَ مَآبٍ»
“Бұл Біздің бергеніміз. Ал енді қалағаныңа бер. Немесе бермей ұстап тұр, есеп емес”,- (дедік). (39)
Күдіксіз ол үшін қасымызда жақындық әрі көркем келешегі бар. (40)
Өткен бірнеше бағдарламада хазірет Сүлеймен туралы баяндадық. Осы аяттар хазірет Сүлеймен оқиғасының соңында былай дейді: «Құдай хазірет Сүлейменге көп байлық пен құдірет сыйлап, шамасы келгенше оны қоғамның мұқтаждарына сыйлауды, олардың қажеттіліктерін шешуді сұрады».
Сүлеймен Алланың пайғамбары болғандықтан әділет негізінде қатынас жасады. Алланың сыйларын бөлгенде бәріне бірдей емес, әркімнің қажеттілігіне қарай берді. Әйтпегенде әділетке сәйкес келмеген болар еді.
Аяттардың жалғасы хазірет Сүлейменнің жақсы соңына сілтеме жасап: «Хазірет Сүлеймен ықтиярында болған барлық күш-құдіреті мен байлығына қарамастан, Құдайға құлшылық ету аясынан шыққан жоқ. Қарамағындағы халқына зұлымдық жасаған жоқ. Сол себепті Құдайдың алдында жоғары дәреже мен мәртебеге ие болып, бұл дүниеден жақсы кетті» дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Илаһи үкіметте басшы ықтиярындағыны Құдай тарапынан санап, оны халыққа қызмет етуге пайдалану керек.
2. Билік пен байлыққа иеліктің Құдайға ғибадат пен құлшылық ету және Аллаға жақын болумен қайшылығы жоқ. Илаһи үкіметте материалды тұрғыдан даму мен табиғи мүмкіндіктерді пайдаланудың рухани және психикалық кемелдіктерге жетумен де қайшылығы жоқ.
«Сад» сүресінің 41-43 аяттары:
«وَاذْکُرْ عَبْدَنَا أَیُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّی مَسَّنِیَ الشَّیْطَانُ بِنُصْبٍ وَعَذَابٍ»، «ارْکُضْ بِرِجْلِکَ هَـذَا مُغْتَسَلٌ بَارِدٌ وَشَرَابٌ»، «وَوَهَبْنَا لَهُ أَهْلَهُ وَمِثْلَهُم مَّعَهُمْ رَحْمَةً مِّنَّا وَذِکْرَى لِأُولِی الْأَلْبَابِ»
(Мұхаммед Ғ.С.) құлымыз Айюб (Ғ.С.) ты есіңе ал. Сол уақытта Раббына: “Рас мені шайтан бейнет және қинауға ұшыратты” деп жалбарынды. (41)
Оған: “Аяғыңмен жерді теп. Міне, саған шомылатын әрі ішетін суық су” (дедік). (42)
Бізден бір мәрхамет сондай-ақ ақыл иелеріне бір үгіт түрінде оған отбасын, олармен бірге бір есе артығымен бердік. (43)
Илаһи пайғамбарлардың арасында құдірет пен байлықтың символы хазірет Сүлеймен оқиғасынан кейін осы аяттар қиындықтардың алдында сабыр мен табандылықтың үлгісі болған хазірет Айюбтың оқиғасына тоқталады.
Осы аяттарға сәйкес, ислам пайғамбары халықты жеке және қоғамдық қиындықтар мен мәселелер алдында сабыр сақтап, төзімділік танытуға шақыру үшін хазірет Айюбтың өмірін халыққа баяндауға міндеттелді.
Тәпсірлер мен рауаяттарда Құдайдың хазірет Айюбқа көп нығмет бергені, хазіреттің де шүкіршіл пенде болғаны айтылған.
Құдай Айюбтың барлық жағдайда, бақуаттылық пен қиындықта да шүкіршіл пенде екенін дәлелдеу үшін оны ауыр қиындықтармен сынады.
Сол себепті Айюбтың мал-мүлкі, егістіктері мен қойлары біртіндеп жоғалып, өзі ауыр науқасқа шалдықты.Тек адал жары ғана оған қарап, бағып-күтті.
Сондай жағдайда шайтан халықтың арасында "Айюб Құдайға бағынбағандықтан осындай қындықтар мен ауруға шалдықты" деген өтірік қауесет таратып: «Егер ол Құдайдың жақсы пендесі болғанда басы мұндай бәлеге душар болмас еді» деді.
Шайттаның азғыруымен халықтың өсегі хазіретті қиын жағдаймен бетпе-бет келтіріп, қатты қиналуына себеп болды.
Соншама тауқімет пен шеккен мехнаттан ол налыған жоқ. Әрдайым әлемнің Жаратушысына шүкіршілік білдірді. Бір күні Құдайын шақырып, шайтанның азғыруымен адамдардың арасында қалыптасқан теріс пікірге налығанымен, Құдайға тура өтініш жасаған жоқ.
Құдай Айюбты адамдардың қаңқу сөзінен құтқарып, барша Айюбтың Құдайдың дәргейінде қаһарға емес, мейіріміне бөленгенін білуі үшін мұғжиза жасап, оны ауруынан арылтты.
Ол Айюбқа отырған жерінде аяғымен жерді тебуге бұйырды. Сол кезде Алланың құдіретімен мөлдір, тұщы су ағып шықты.
Айюбтың аяғының астынан бұлақ суының атқылау оқиғасы хазірет Ыбырайымның ұлы Ысмайылдың оқиғасына ұқсас.
Ыбырайымның зайыбы Һаджер баласына су табудан үмітін үзгенде, Меккеде Құдайдың үйінің жанында баласының шөлден әбден мазасы кеткенде тәтті суы бар бұлақ пайда болған. Бұлақтың атауы – Зәмзәм. Сол бұлақ осы уақытқа дейін ағып жатыр.
Енді Айюбтың оқиғасын жалғастырайық. Бұлақ аққан соң Құдай аурынан сауығуы үшін Айюбқа сол суға шомылып, ішуді бұйырды.
Алланың осы емтиханында Айюб жеңіске жетіп, толығымен жазылды. Құдай өзінің нығметтерін оған қайтарып, хазіреттің өмірі қайтадан қалпына келді. Құдай оған өзінің мейірімі мен рақымын дәлелдеу үшін тағы перзент сүйгізді.
Хазірет Айюбтың қиындықтар мен қуанышқа толы өмірі қолындағыға масаттанбауы үшін ақылдыларға ғибраттың мәйегі саналады.
Бір сәтте соның барлығынан айырылғандар қаншама! Бұл оқиға бізге қиындықтарға душар болып, басымызға күн туғанда, ауруға шалдыққанда ешқашан Құдайдың рақымы мен мейірімінен күдерімізді үзбеуді үйретеді. Себебі, қиындықтар мен мәселелерді шешу Құдайға оңай.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Бұрынғылардың, әсіресе пайғамбарлардың тарихымен танысу – сындарлы әрі ғибратты. Себебі, басқалардың қиындықтарымен танысу адамның бойында сабыр мен төзімділік рухының нығаюына себеп болады.
2. Қиындықтар мен бөгеттер һәм адамның дамуы мен кемелдікке жетуі үшін негіз, һәм шайттанның азғыруы үшін алаң болуы мүмкін. Шайтан қиындықтардан қорқыту арқылы адамды тура жолдан тайдыруға күш салады.
3. Дұға – Құдайдың әулиелерінің өмір салты мен жаратылыстың Пәруәрдігері алдындағы құлшылықтың көрінісі. Ондай болса, қиындықтарды шешу үшін дұға тілейік.
4. Көп перзент пен үлкен отбасы – Алланың нығметі.