Маусым 21, 2019 17:54 Asia/Almaty

«Сад» сүресінің 59-66 аяттарының тәпсірі

«Сад» сүресінің 59-61 аяттары:

 

 

«هَـذَا فَوْجٌ مُّقْتَحِمٌ مَّعَکُمْ  لَا مَرْحَبًا بِهِمْ  إِنَّهُمْ صَالُو النَّارِ»، «قَالُوا بَلْ أَنتُمْ لَا مَرْحَبًا بِکُمْ  أَنتُمْ قَدَّمْتُمُوهُ لَنَا  فَبِئْسَ الْقَرَارُ»، «قَالُوا رَبَّنَا مَن قَدَّمَ لَنَا هَـذَا فَزِدْهُ عَذَابًا ضِعْفًا فِی النَّارِ»

 

 

(Күнәһарлардың бастықтарына): “Мына топ сендермен бірге тозаққа кірушілер” дегенде олар: “Оларға жақсылық жоқ. Олар тозаққа кіреді” (дейді) (59).

Олар: “Олай емес, сендерге жақсылық болмасын! Бұны бізге сендер келтірдіңдер. Нендей жаман орын” (дер). (60)

Олар: “Раббымыз! Бізге бұны кім келтірген болса, оның тозақтағы азабын неше есе арттыра түс!”,- дейді. (61)

 

 

Алдыңғы бағдарламада қияметтегі зұлымдар мен бүлікшілердің кейбір жазалары баяндалды. Осы аяттар былай дейді: «Тозақтықтар жаңадан келгендерді қарсы алмайды. Керісінше оларға тілдерін безеп, өздерін айыптайды». Құран аяттарына сәйкес, һәм адасқандардың жетекшілері өздерінің соңдарынан ергендерді, һәм соңдарынан ергендер жетекшілерін өздерінің тозаққа түсуіне айыпты санап, оларға қарғыс айтады.                                           

Тозақтағы жауаптылар күпір мен шерк басшыларына: «Бұлар дүниеде сендердің басшыларың болған. Бүгін сендермен бір топ болып, сендердің соңдарыңнан тозаққа еніп отыр. Дүниеде сендердің соңдарыңнан ергендер бүгін тозақта да сендермен бірге. Енді барлығың отта күйесіңдер» дейді.

 

Бір топ енген кезде сол жердегілердің оларға қошамет көрсетуі – қалыптасқан рәсім. Бірақ тозаққа ертерек енген күпір мен шерктің басшылары тозаққа енді еніп жатқандарға былай дейді: «Тозаққа қош келмедіңдер!». Тозаққа келіп жатқан адамдар өздерінің жетекшілеріне: «Өздерің де қош келмедіңдер. Бізді осында тартып, тозақтың азабына душар еткен сендерсіңдер» деп, Құдайдан жетекшілерінің азабын екі есе арттыруды сұрайды. Себебі олардың адасуы мен бақытсыздығына жетекшілері себеп болғанын айтады. 

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Тозақтықтар бір-бірін айыптап, бір-бірін жек көреді. Әрбір топ қарсы жақты кінәлі санап, бір-біріне жаман сөздер айтады. Қиямет – адамның осы дүниеде жасаған істерінің салдары көрінетін жер.

 

2. Ешкім өз күнәсін басқаның мойнына арта алмайды. Күпір мен бүліктің басшылары кінәлі әрі олардың азабы көбірек болғанымен, бұл олардың ізбасарлары мен жақтастарын жауапкершіліктен айырмайды. Көздерін жұмып, күпір мен зұлымдық жетекшілерінің соңдарынан еретіндердің өздері де кінәлі. Екі топ та тозақ отына түседі.

 

«Сад» сүресінің 62-63 аяттары: 

 

 

«وَقَالُوا مَا لَنَا لَا نَرَى رِجَالًا کُنَّا نَعُدُّهُم مِّنَ الْأَشْرَارِ»، «أَتَّخَذْنَاهُمْ سِخْرِیًّا أَمْ زَاغَتْ عَنْهُمُ الْأَبْصَارُ»، «إِنَّ ذَلِکَ لَحَقٌّ تَخَاصُمُ أَهْلِ النَّارِ»   

 

Олар: “Бізге не болды? Өздерін жамандардан санаған адамдарды көрмейміз ғой” деседі. (62)

“Оларды келеке етуші едік. Немесе олар көзімізге түспей ме?” (63)

Күдіксіз, міне осы, тозақтықтардың дауласуы шындық. (64)

 

Тозақтықтар осы дүниеде кейбір адамдарды қоғамда жоғары дәреже мен кісілікке ие санап, иман адамдарының көбі қоғамның төмен, бейшара таптарынан шыққан, ғылым мен кемелдіктен кенде деп ойлады.

Олар кез келген мүмкіндікті пайдаланып, құрметті адамдарды келеке етіп, оларды сөзбен де, іспен де мазақтады.

Осы аяттар былай дейді: «Тозаққа түскен олар қазір мүміндерді де тозақтан көруді күтетіндей. Бірақ иман адамдарын отта көрмегендіктен: «Біз оларды босқа келеке еткенбіз бе? Олар қазір жұмақта ма? Әлде олар да тозақта ма екен? Біз оларды көрмейміз бе?».

Бүгін де үстемшіл жүйе мен отаршыл үкіметтер әлемнің әр жерінде өздері жасап жатқан зұлымдық пен үстемшілдікке езгідегі халық қарсылық танытпаса, өздерінің мәдениеті мен құндылықтарына мойынсұнса деп ойлайды. Егер иманды, әділет талап етуші адамдардың бір тобы зұлымдықпен күресіп, мазлұмдардың құқығын қорғау үшін үстемшіл күштерге қарсы шықса, оларды әлемдік жүйеге зиян келтіруді көздеген бүлікшілер, содырлар деп атайды.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Осы дүниеде мазаққа ұшырағанымен, қияметте құтылғандардың қатарында болатын адамдар қаншама. Олар жұмаққа барады, бірақ оларды келеке еткендер тозаққа түседі.

2. Осы дүниеде адамдардың сыртқы келбеттеріне қарап төрелік етпейік. Бұл дүниеде көзге қораш көрінетін адамдардың қияметте жоғары мәртебеге ие болатыны қаншама.

 

 

«Сад» сүресінің 65-66 аяттары:

 

«قُلْ إِنَّمَا أَنَا مُنذِرٌ  وَمَا مِنْ إِلَـهٍ إِلَّا اللَّـهُ الْوَاحِدُ الْقَهَّارُ»، «رَبُّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَمَا بَیْنَهُمَا الْعَزِیزُ الْغَفَّارُ »

 

 

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Шын мәнінде мен бір ескертуші ғанамын. Өте өктем бір Алладан басқа ешбір тәңір жоқ” де. (65)

“Ол – көктер мен жердің әрі екі арасындағылардың Раббы. Тым үстем, аса жарылқаушы (66)

 

 

 

 

 

Тозақтықтардың жазасы туралы аяттардың жалғасында Құдай ислам пайғамбарына былай дейді: «Мүшіріктер мен кәпірлер және олардың жетекшілеріне айт: «Мен де сендерге бұрынғылардан ғибрат алып, шерк пен күпіршіліктен бас тартыңдар деп ескертемін. Құдіреті шексіз, ешкім қарсыласа алмайтын бір Құдайдан басқа Құдай жоқ екенін біліңдер.

Ол – аспан мен жердің жаратушысы, әлемнің барлық істерінің басқарушысы. Теңдессіз, жеңілмейтін құдірет иесі бола тұра ол жаққа оралатын күнәһарларға қатысты өте кешірімді әрі мейірімді.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

Адамның жүрегінен қапылдық пердесі түрілуі үшін сүйіншінің қасында хабардар етіп, ескерту де қажет.

Адам өз өмірінде адастыратын қауіп-қатерлер және факторлармен бетпе-бет келетіндіктен ескерту адамның оянуы мен қырағылығына, бұрыстық пен бұрмалаушылықтан құтылуына себеп болады.

Бүкіл әлемді бір басшы басқарады. Әлемнің Пәруәрдігерінің құдіреті бүкіл жаратылыста үстем.

Құдай һәм шексіз құдіретке, һәм шексіз рақымға ие.