834-шы бөлім, «Сад» сүресінің 75-78 аяттары
«Сад» сүресі, 75-78 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 75-76 аяттары:
«قَالَ یَا إِبْلِیسُ مَا مَنَعَکَ أَن تَسْجُدَ لِمَا خَلَقْتُ بِیَدَیَّ أَسْتَکْبَرْتَ أَمْ کُنتَ مِنَ الْعَالِینَ»، «قَالَ أَنَا خَیْرٌ مِّنْهُ خَلَقْتَنِی مِن نَّارٍ وَخَلَقْتَهُ مِن طِینٍ»
(Алла Т.): “Әй, Ібіліс! Құдырет қолыммен жаратқаныма сәжде етуден сені не тосты? Тәкаппарландың ба?”,- деді. (75)
Ол: “Мен одан артықпын. Өйткені, мені оттан, оны топырақтан жараттың” деді. (76)
Алдыңғы бағдарламада алғашқы адам жаратылғаннан кейін Құдай періштелерге оның алдында сәждеге жығылуға бұйрық бергенін айттық. Барлығы сәждеге жығылғанымен тек Ібіліс қана бұйрықтан бұлтарды. Осы аяттар былай дейді: «Құдай Ібілісті тағы шақырып, Адамның алдында сәждеге жығылудан бас тартуының себебін сұрап: «Адамның алдында сәждеге жығылмайтындай сенің мәртебең мен дәрежең соншама жоғары болды ма? Болмаса тәкәппарлық пен менмендіктен Адамның алдында жығылғың келмеді ме?» деді. Бірақ, Ібіліс ісінің бұрыс болғанын қабылдап, өкініш білдіріп, тәубеге келудің орнына Адамды өзінен төмен, оның алдында сәждеге жығылуға лайық емес тіршілік иесі деп атады.
Ол сөзін дәлелдеу үшін мынадай салыстыру жасады: «Мен жын болғандықтан, жаратылысым – от; адамның жаратылысы – топырақ. Оттың топырақтан артық екені анық».
Ібілістің салыстыруына қатысты бірнеше жайтты еске салып өтейік: біріншіден, бұл салыстырудың ешқандай дұрыс негізі жоқ. Себебі, оттың топырақтан артық екендігін дәлелдейтін қисынды, ақылға қонымды себеп те жоқ; екіншіден, Ібіліс артық деген күннің өзінде Құдай адамның алдында сәждеге жығылуға бұйырғанда оның бағынбауы ешқандай ақтау мен қорғауға лайық емес; үшіншіден, адамның алдында сәждеге жығылу туралы бұйрық оның топырақтан жаратылғаны үшін емес, оның бойына үрленген илаһи рухқа, барлық жаратылыстан артықшылыққа ие болуына байланысты.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Қылмысы мен күнәсінің себептері мен түрткілері анықталуы үшін қылмыскер мен күнәһарға да мүмкіндік беру керек.
2.Адамның жаратылысы басқа жаратылыстардан өзгеше. Жердегі жан-жануарлар мен хайуандар ғана емес, сонымен қатар көзге көрінбейтін аспандағы періштелер мен жындар да адамның дәрежесіне жетпейді.
3.Құдайдың тура бұйрығы алдында мойнсұнып, бұрыс, қисынсыз дәлелдерден бас тарту керек.
4. Құдайдың алдында бойсұнбайтын, оның бұйрығына бағынбайтын адамдардың себебі – әлем Пәруәрдігерінің алдындағы тәкәппарлықтың бір түрі.
3.Нәсілшілдік, бір ұлтты басқа ұлттан артық санау – шайтани ой мен қатынастың бір түрі.
«Сад» сүресінің 77-78 аяттары:
«قَالَ فَاخْرُجْ مِنْهَا فَإِنَّکَ رَجِیمٌ»، «وَإِنَّ عَلَیْکَ لَعْنَتِی إِلَى یَوْمِ الدِّینِ»
(Алла Т.): “Дереу ол жерден шық. Шын мәнінде сен рахметімнен қуылдың” деді. (77)
“Шынында қиямет күніне дейін лағынетім саған болсын.” (78)
Ібіліс жын болғанымен, көп жылдар бойы бойғы тағаты мен ғибадатының арқасында періштелердің қатарынан орын алған болатын. Бірақ, оның Адамның алдында сәждеге жығылудан бас тартуы Құдайдың бұйрығына бағынбай, өзі қалағанын жасайтынын көрсетті. Оның оқиғасы қиын өткелді таудан өтіп, құзына жеткенімен, азғана қапылдық салдарынан аяғы тайып, құлаған адамның оқиғасына ұқсас. Ібіліс бұйрықтан бұлтаруына байланысты мәртебесінен айрылып, илаһи дәргейден қуылды.
Аяттарға сәйкес, Ібіліс илаһи дәргейден қуылуымен қатар Құдайдың лағынеті оны қияметке дейін қамтитын болады. Осы жерде мүмкін біреуді ойында бір рет бұйрыққа бағынбағаны үшін, оның өзі Адамға сәжде жасамағанына бола мұндай үлкен жазаны қалай ақтауға болады деген сауал туындауы мүмкін.
Бағынбау – жағымсыз әрекет, шектен шығу. Бірақ одан маңыздысы бағынбаушылықты ақтау. Хазірет Адам да Құдай оған әзірлеген жұмақ сияқты бақта бағынбаушылық танытып, тыйым салынған жемісті жеді. Бірақ Адам мен Ібілістің арасындағы айырмашылық мынада: Адам өзінің бұрыс ісін ақтаған жоқ, керісінше, егіліп жылап, кешірім сұрап, тәубеге келіп, өкініш білдірді. Сол себепті Құдай оның тәубесін қабылдап, оны өзінің ерекше мейіріміне бөледі. Алайда шайтан тәубе мен кешірім сұраудың орнына ақталуға көшіп, илаһи лағынетке ұшырады.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Тәкәппарлық пен менмендік, мақтаншақтықтың Құдайдың рақымы мен оның нығметтерінен мақұрым қалудан басқа еш нәтижесі жоқ, әрі адамның құлдырауына себеп болады.
2.Қоғамда илаһи заңдардан бас тартатын адамдар аластатылып, жауапкершілік иманды, дұрыс адамдардың ықтиярына берілуі керек.
3. Қызғаныш, кек, тәкәппарлық пен менмендікке душар шайтан тектес адамдар қоғамда қорлыққа ұшырауы керек.