Шіл 01, 2019 22:18 Asia/Almaty

«Зүмәр» сүресі, 9-10 аяттарының тәпсірі

«Зүмәр» сүресінің 9-шы аяты:

 

 

«أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاءَ اللَّیْلِ سَاجِدًا وَقَائِمًا یَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَیَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ  قُلْ هَلْ یَسْتَوِی الَّذِینَ یَعْلَمُونَ وَالَّذِینَ لَا یَعْلَمُونَ  إِنَّمَا یَتَذَکَّرُ أُولُو الْأَلْبَابِ»

 

(Ал осылар,) бой ұсынып, түн ішінде сәжде етіп, тіке тұрып, сондай-ақ, ақыреттен қорқып Алланың рахметінен үміт еткен кісі сияқты ма? (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Білгендер мен білмегендер тең бола ма?”,- де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады. (9)

 

 

Алдыңғы бағдарламада Құран тек қиындық пен қысым кездері ғана Құдайды еске алатын, басқа жағдайларда Құдайды ұмытып немесе оған күпіршілік білдіретін адамдар жайлы сөз қозғады.  Осы аят салыстыру жасап: «Осындай адам барлық жағдайда, қиындықтар мен бақуаттылықта да Құдайды еске алатын, Алланың кешіріміне бөленіп, тозақ азабынан құтылу үшін түн ортасында ұйқыдан оянып, намаз оқып, ғибадат ететін адаммен бірдей ме?» деп сұрайды.

Құдайдың әулиелерінің ерекшеліктеріне біріне түн ортасында намаз оқып, дұға тілеп, Құран оқу үшін ұйқыдан оянуы жатады. Кейбір қарапайым адамдар уәжіп намаздарын жеккөрінішпен орындап, оразаны қиналып, ұстайды.

Осындай адамдарға қарсы Құдай мен қияметке деген сенімдері мықты шынайы мүміндер намаз бен басқа да уәжіп ғибадаттарын ықыласпен орындаумен қатар мұстахып намаздарына түн ортасында ұйқыларынан оянып, Құдайдың дәргейінде ғибадат етеді.

Адамдардың бұл тобы һәм Құдайдың рақымынан үміттенеді, һәм оның азабынан қорқады. Олар қорқыныш пен үміттің ортасында өмір сүреді. Мұндай жағдай олардың не Құдайдың рақымынан үмітсізденбеуіне, не илаһи шексіз рақымға қатысты тәкәппарлыққа салынбауына себеп болады.

Аяттың жалғасы ардақты пайғамбарға: «Адамдарға дана адамдардың надан адамдармен бірдей еместігін мәлімде» дейді.

 

Түзу ақылға ие адамдар ғана адамдардың бұл екі тобының айырмашылығын біледі. Мұндай адамдар ақыл-кеңесті қабылдап, бақыт жолын таңдайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Түн – Құран мәдениетінде тек ұйықтап, тыныштық табу үшін ғана емес, Құдайға оңашада мұңын шағып, оған жалбарыну үшін де ыңғайлы мүмкіндік.

2. Шынайы ғалымдар мен данышпандар – Құдайға ғибадат етіп, Құдаймен сырласатын адамдар.

3. Алланың азабынан қорқу мен Құдайдың рақымынан үміттенуге қатысты орта шекті сақтау керек. Құдай жолындағы ерлер һәм ақыреттен қорқады, һәм илаһи рақымнан үміттенеді.

 

«Зүмәр» сүресінің  10 аяты:

 

«قُلْ یَا عِبَادِ الَّذِینَ آمَنُوا اتَّقُوا رَبَّکُمْ  لِلَّذِینَ أَحْسَنُوا فِی هَـذِهِ الدُّنْیَا حَسَنَةٌ  وَأَرْضُ اللَّـهِ وَاسِعَةٌ  إِنَّمَا یُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَیْرِ حِسَابٍ»

 

(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй, иман келтірген құлдарым! Раббыларыңнан қорқыңдар! Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар. Алланың жері кең. Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі” деп айт. (10)

 

 

Алдыңғы аяттар тәкәппар, шүкірсіз адамдарды тәубешіл, момын адамдармен, білімді адамдарды надан адамдармен салыстыруға болмайтынын баяндады. Осы аяттар соның жалғасында Құдайдың шынайы пенделерінің кейбір ерекшеліктеріне тоқталады. Сондай ерекшеліктердің басында тақуалыққа сілтеме жасап: «Иманды адамдардың белгісі – Пәруәрдігерден қорқуда» дейді. Бұл – адамды Құдайдан ұялтып, күнә мен жаман істерден тыюға себеп болатын жағдай.

Бірақ тақуалықтың бір өзі жеткіліксіз. Ізгілік пен қайырымдылық та лазым. Тақуалық адамды қауіп-қатерлерден, қателіктер мен құрдымдардан сақтайтын тежегіш сияқты болса, ізгілік адамды ілгері бастыратын мықты мотор секілді.

Сөз бен істегі жақсылық – Құдайға деген иманның қажеттілігі. Сол себепті иман туралы айтқанымен, оны іс жүзінде орындамайтын адамның сөзі Алланың дәргейінде қабылданбайды. Олар өз істері үшін ақыретте сый алмайды.

Аяттың жалғасы иман адамдарының Құдай жолында хиджрат етуге әзірлігін баяндап, былай дейді: «Өз дініңізге қатысты қалаңызда немесе аймағыңызда қатты қиындыққа душар болсаңыз, басқа жаққа хиджрат етіңіз. Қала мен отаныңызға деген тәуелділік дініңізге зиян келтіруге себеп болмасын».

 

Пайғамбардың серіктері мүшіріктердің үстемдіктерінен құтылып, дінін сақтап қалу үшін барлық қиындықтарға қарамастан, Меккеден Мединеге хиджрат еткен.

Шәксіз, туған жер мен тұрғылықты аймақтан басқа жерге көшу өте қиын. Сол себепті аяттың жалғасы былай дейді: «Құдай жолында осындай қиындықтарға төзетін, шыдамдылық танытатын адамдардың сыйын Құдай өзінің мейірімі мен жомарттығы арқылы толық береді».  

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

  1. Иман, тақуалық пен ізгілік – бір-бірінің қажеттілігі. Олардың бірі болмаса адам бақытқа жетпейді.
  2. Егер иманды сақтаудың қажеттілігі үй мен тұрғылықты жерден көшу болса, Құдай жолында хиджрат ету керек. Алланың мейіріміне бөлену үшін сол істің қиындықтарын да қабылдау қажет. Біздің талпынысымызға Алланың сыйы беріледі.
  3. Талпыныс пен табандылық адамның дамуына себеп болып, оны жоғары мәртебеге жеткізеді.