842-ші бөлім, «Зүмәр» сүресінің 17-21 аяттары
«Зүмәр» сүресі, 17-21 аяттарының тәпсірі
«Зүмәр» сүресінің 17-18 аяттары:
«وَالَّذِینَ اجْتَنَبُوا الطَّاغُوتَ أَن یَعْبُدُوهَا وَأَنَابُوا إِلَى اللَّـهِ لَهُمُ الْبُشْرَى فَبَشِّرْ عِبَادِ»، «الَّذِینَ یَسْتَمِعُونَ الْقَوْلَ فَیَتَّبِعُونَ أَحْسَنَهُ أُولَـئِکَ الَّذِینَ هَدَاهُمُ اللَّـهُ وَأُولَـئِکَ هُمْ أُولُو الْأَلْبَابِ»
Сондай пұттан, оларға табынудан аулақ болғандар, сондай-ақ, Аллаға ынтамен бой ұсынғандар үшін қуаныш бар. Сонда құлдарымды сүйіншіле. (17)
Сондай сөзге құлақ салып, сонда оның ең көркеміне ілесетіндер, міне, солар Алла өздерін тура жолға салғандар. Міне, солар ақыл иесі. (18)
Құран осы аяттарда да салыстыру тәсілін қолданған. Себебі, алдыңғы бағдарламада қырсықтық пен қыңырлықтарына байланысты хақты қабылдауға әзір болмаған, Құдайға иман келтірмеген мүшіріктер туралы сөз болды. Осы аяттарда ақиқат іздейтін Құдайдың пенделері туралы айтылды. Хақты түсінгендер оны қабылдап, Құдай жаққа оралып, Алланың рақымына бөленеді.
Шынайы иман – Құдайдан басқа нәрсеге, соның ішінде тас немесе ағаш пұттарға, нәпсілік тілектерге, залым, бейбастақ басшыларға табынудан бойды аулақ салуда.
Құран мәдениетінде тағұттан қашық болу, шерк пен пұтқа табынушылық пен нәпсіқұмарлықтан бой тарту, зұлым басшылар мен үстемшілдік талап ететін, зорлықшыл үкіметтердің алдында бас имеу деген көп қуатталған.
Осы аяттар Құдайдың арнайы тобына сілтеме жасап, орынсыз қырсықтық пен қыңырлықты қойып, әртүрлі сөздерді тыңдағанда ақылдың көмегімен солардың ең жақсысын таңдауды ұсынады.
Олар ақиқатқа сусаған жандар. Оны тапқан жерде бар болмыстарымен мөлдір бұлағынан қанып ішіп, шөлдерін басады. Олар тек хақты ғана талап етпейді, сонымен қатар сөздердің арасынан олардың ең жақсысын таңдап, соған ереді.
Ақылды адамдар хақ сөздің алдында қарсылық білдірудің орнына оны естіп, тапқан соң соның алдында мойынсұнады. Мұның өзі – ақылдың белгісі. Құранның анықтамасы бойынша, бұлар – Құдай жетекшілік еткен ақылды адамдар.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Құдайға деген шынайы иманның шарты – тағұттардың үстемдігін қабылдаудан тартынып, олардан аулақ болуда.
2. Әртүрлі сөздермен бетпе-бет келгенде оларды айтушылардың мәртебесі мен жеке бастарына емес, мазмұнына да назар аудару керек. Сөздің арасынан ең ізгісін таңдаған жөн.
3. Ақыл мен уәхи және дін тағылымдарының арасында қайшылық жоқ. Бұлардың барлығы Құдайдың дәлелі, әрі адамға бақыт пен құтылу жолын нұсқайды.
4.Ислам азат ойлау мен өмір жолын ақыл мен қисын негізінде хабардарлықпен таңдауды жақтайды.
«Зүмәр» сүресінің 19-20 аяттары:
«أَفَمَنْ حَقَّ عَلَیْهِ کَلِمَةُ الْعَذَابِ أَفَأَنتَ تُنقِذُ مَن فِی النَّارِ»، «لَـکِنِ الَّذِینَ اتَّقَوْا رَبَّهُمْ لَهُمْ غُرَفٌ مِّن فَوْقِهَا غُرَفٌ مَّبْنِیَّةٌ تَجْرِی مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ وَعْدَ اللَّـهِ لَا یُخْلِفُ اللَّـهُ الْمِیعَادَ»
(Мұхаммед Ғ.С.) өзіне азап лайық болу сөзі бекіген біреуді және тозақтағы біреуді сен құтқарасың ба? (19)
Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлар бар. Бұл Алланың уәдесі, Алла (Т.) уәдесінен таймайды. (20)
Пайғамбар адамдардың барлығын, соның ішінде адасқандар мен мүшіріктерге де тура жол нұсқағысы келіп, олардың бұрмалаушылықтары мен жолдан тайғанына қатты қиналғанымен, осы аяттар пайғамбарға: «Өздерінің бұрыс таңдауымен тозақ жолын бетке алған адамдарды оттан құтқара аламын деп ойлайсың ба? Ешқашан ондай болмайды. Құдаймен барлық байланыс жолдарын үзгендердің құтылар жолы жоқ. Тіпті, пайғамбар да оларға ештеңе істей алмайды» дейді. Бірақ, осы топқа қарсы иманды, тақуа адамдар қияметте жоғары орынға ие болып, жұмақтың бақтары мен сарайларында нығметтерге бөленеді. Олардың жұмақтағы өмірлері қиындықтан, қайғы мен реніштен ада болады. Олар толық қауіпсіздік пен тыныштықта, бақуаттылықта өмір сүреді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Пайғамбарлардың негізгі міндеттері адамдарды хақ жаққа нұсқап, оларға дұрыс өмір сүру жолын көрсету болды. Дегенмен, адамдардың бақыты мен олардың құтқарылуы пайғамбарлардың ықтиярында емес, адамдардың өздерінің іс-әрекеттеріне байланысты.
- Ырымшылдық, қырсықтық пен қыңырлық арқылы алдарынан таным жолын жабатын адамдар шын мәнінде құтқарылу мен құтылудың жолын да жабады.
- Егер Құдайға иман келтірсек, оның жұмақ пен тозақ туралы уәделерін кесімді, нақты санап, өз істерімізге абай болайық.
«Зүмәр» сүресінің 21 аяты:
«أَلَمْ تَرَ أَنَّ اللَّـهَ أَنزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَسَلَکَهُ یَنَابِیعَ فِی الْأَرْضِ ثُمَّ یُخْرِجُ بِهِ زَرْعًا مُّخْتَلِفًا أَلْوَانُهُ ثُمَّ یَهِیجُ فَتَرَاهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ یَجْعَلُهُ حُطَامًا إِنَّ فِی ذَلِکَ لَذِکْرَى لِأُولِی الْأَلْبَابِ»
Көрмейсің бе? Алла көктен жаңбыр жаудырып, оны жер жүзіндегі қайнарларға салды. Сосын ол арқылы түрлі түсті егін шығарды. Сосын қуқыл тартып, оның сарғайғанын көресің. Сосын оны қоқымға айналдырады. Бұнда ақыл иелеріне үгіт бар. (21)
Кәпірлер мен мүміндердің соңы туралы қысқаша салыстырудан кейін осы аят таухид пен қиямет тақырыбына қайта оралып, таухид дәлелдерінің арасынан аспаннан жаңбырдың жаууына сілтеме жасайды. Өйткені, жердің тіршілігі осындай жаңбырлармен байланысты. Егер осындай жүйе, яғни, теңіз суларының булануы, бұлттардың түзілуі мен олардың жердің әртүрлі аймақтарына жөңки көшуі мен қар мен жаңбыр жаумағанда, жердің көп бөлігі құрғап, шөлге айналып, тіршіліктің жалғасуы қиындап, тіпті мүмкін емеске айналар еді.
Теңіздер мен мұхит жағалауларының тұрғындары да егін шаруашылығына қажет су мен ауыз суларын да қамтамасыз ете алмаған болар еді.
Себебі, теңіздердің суы ащы, тұзды. Көп қаржы шығындағанмен, оның суын тұщыландыру мүмкін емес.
Бірақ, табиғатта бұл мәселе таңқаларлық түрде шешілген. Теңіздердің суы буға айналып, жоғары көтерілгенде ондағы тұздар мен артық қоспалары буланбайды. Осылайша, су қар, жаңбыр түрінде жауғанда қоспалардан таза, мөлдір, қолдануға жарамды күйде жауады.
Шәксіз, бұл – жаратылыс Пәруәрдігерінің хикметі.
Осылайша, суды табиғи түрде тұщыландырып, адамдар мен басқа тіршілік иелері өмірлерін жалғастыру үшін тұздар мен артық қоспаларды жояды.
Су жаңбыры жерастында, қар таулардың басында сақталып, кейін бұлақтар мен өзендерден ағып, құдықтардан шығарылып, адамның қолданысына айналады,
Адам мен барлық тіршілік иелері және жер бетіндегі шөптердің өзегі саналатын илаһи үлкен нығмет туралы ойлану арқылы адам жаратылыс иесінің ұлылығын түсінеді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Табиғи құбылыстарды танып, оларға мән беру – Құдайтану жолдарының бірі. Сол себепті, көзжұмбайлық танытып, сол құбылыстардың қасынан жай өтіп кетпейік.
2. Бір су мен топырақтан әртүрлі, түрлі түсті ағаштар мен гүлдер, жемістер өсіп шығады. Мұның өзі – Пәруәрдігердің құдіреті мен ұлылығының белгісі.
3. Ақылдың белгілеріне табиғи құбылыстарды танумен қатар жаратылыс бастауларын танумен айналысу да жатады.