843-бөлім, «Зүмәр» сүресінің 22-23 аяттары
«Зүмәр» сүресі, 22-23 аяттарының тәпсірі
«Зүмәр» сүресінің 22 аяты:
«أَ فَمَنْ شَرَحَ اللَّهُ صَدْرَهُ لِلْإِسْلامِ فَهُوَ عَلى نُورٍ مِنْ رَبِّهِ فَوَیْلٌ لِلْقاسِیَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِکْرِ اللَّهِ أُولئِکَ فی ضَلالٍ مُبینٍ»
Алла (Т.) әлде кімнің көкірегін Ислам үшін ашса, сонда ол Раббы тарапынан нұр үстінде емес пе? Жүректері Алланы еске алудан қатайғандар құрысын! Міне, солар ашық адасуда. (22)
Құран мен аспандық уәхи жүректерге жауатын жаңбыр тамшылары сияқты. Илаһи аяттардың пайдасын жаңбырдың тіршілік сыйлайтын тамшыларын қабылдайтын тың жерлер сияқты Құдайдың мейірімі мен өздерін тәрбиелеудің арқасында тиісті әзірлікке ие адамдар ғана көреді. Адамдар хақты қабылдауда бірдей ұстанымға ие емес.
Осы аяттар адамның Құдайға иманы туралы баяндап, былай дейді: «Әлемді материалды әлеммен шектеу адамның өмірі мен оның әртүрлі аспектілеріне деген көзқарасын шектеуге себеп болады".
Құдайды теріске шығаратын адам бақыт пен шаттықты материалды ләззаттар мен дүниелік мүдделерде санайтындықтан, рухы тарылып, шектеледі.
Бірақ, ғайып әлеміне сенетін мүмін адам дүниені ақырет әлемінің бастамасы санап, рухы жоғары мүмкіндіктерге ие болады.
Құдайға иман келтіру адамның мүмкіндіктерін арттырып, көзқарасын кеңейтеді. Мұндай адамның көзқарасы өліммен аяқталатын 70-80 жылдық өмірмен шектелмейді. Ол өз алдынан өлімнен кейінгі мәңгілік, шексіз әлемді көреді. Мұндай адамның рухы ашық, кең. Ол азғана ишара немесе қысқа кеңеспен-ақ қапылдықтан оянады. Ол Құдайдың кітабынан алатын нұрдың арқасында дүниенің қараңғылықтары мен қиындықтарында дұрыс жолды тауып, өмір жолынан аман-есен өтеді.
Осы топқа қарсы ең мықты дәлелдер мен уағыздар әсер етпейтін адамдар бар.
Олардың рухы мен ойлары шектеулі. Олардың болмыстарында ақиқатты табуға орын жоқ сияқты. Олар – Алланың жетекшілігі жүректеріне жол таппаған қатігез, нұрдан кенде адамдар.
Құдайды теріске шығаратын немесе оны ұмытатын адамдар әрдайым алаңдап, мазасызданып өмір сүреді.
Себебі, олар үшін өлім барлық нәрсені жоғалту дегенді білдіреді.
Осы аяттан үйренетініміз:
- Құдайға деген иманның арқасында адамның көкірек сарайы мен көзқарас көкжиегі кеңейе түседі. Иман адамның мүмкіндіктерін арттырады. Иманды адам хақтың алдында әрдайым мойынсұнады.
- Мүмін илаһи нұрмен өмірдің шарықтаулары мен құлдырауларын өткереді. Өмірдегі сын-қатерлер оған азырақ қауіп төндіреді.
- Шерк, күпіршілік пен хақты теріске шығару жүректің қатаюына себеп болады. Жүректің қатаюы илаһи нұрдың жүрекке түсуіне кедергі жасап, салдарынан адам адасушылық пен қараңғылыққа батады.
«Зүмәр» сүресінің 23 аяты:
«اللَّهُ نَزَّلَ أَحْسَنَ الْحَدیثِ کِتَابًا مُّتَشَابِهًا مَّثَانِیَ تَقْشَعِرُّ مِنْهُ جُلُودُ الَّذینَ یَخْشَوْنَ رَبَّهُمْ ثُمَّ تَلینُ جُلُودُهُمْ وَ قُلُوبُهُمْ إِلى ذِکْرِ اللَّهِ ذلِکَ هُدَى اللَّهِ یَهْدی بِهِ مَنْ یَشاءُ وَ مَنْ یُضْلِلِ اللَّهُ فَما لَهُ مِنْ هادٍ»
Алла (Т.) аяттары бір-біріне ұқсас қайталанып отыратын, сөздің ең көркемін Кітап түрінде түсірді. Одан Алладан қорыққандардың түктері үрпиеді. Сосын олардың терілері, жүректері Алланың зікіріне жұмсайды. Бұл (Құран) Алланың тура жолы. Онымен кімді қаласа, тура жолға салады. Алла әлдекімді адастырса, сонда оған тура жол көрсетуші болмайды. (23)
Өткен аяттардың жалғасында осы аят алдымен Құранның бірнеше ерекшелігіне сілтеме жасап, кейін мүміндер мен кәпірлердің жағдайларын салыстырады.
Құран аяттарының бір-біріне кереғарлығы жоқ. Сол себепті, бір-бірімен сәйкесіп, үндеседі.
Жаратушы мен жаратылысты бір-бірімен салыстыруға болмайтын сияқты Жаратушының сөзін де жаратылыстың сөзімен салыстыруға болмайды.
Құран – Жаратушының сөзі, ең жақсы сөз.
Құрандағы Құдайдың сөзі оны басқа адамдардың, тіпті ардақты пайғамбардың сөзінен ерекшеліндіретін бір стиль мен біртұтас, ұқсас тәсілмен жазылған. Құран пайғамбардың аузына салынып, мұсылмандар оны пайғамбардан естігенімен, Құран аяттары мен хадистарда жинақталған пайғамбардың хадистерінің арасында үлкен айырмашылық бар.
Аяттардың барлығы бір қарағанда бір-біріне ұқсас, әрі бір мақсатты көздегенімен, Құран тәсілі көптеген тұрғылардан аяттарда бір тақырыптың екі қайшылығын қарастыруға негізделген. Әрбір нәрсе салыстыру негізінде танылады дейтін ережеге сәйкес, Құранның тәсілі Хақтың мықты, қисынды тағылымдарын әлсіз, негізсіз, жалған критерийлермен салыстыруға сүйенеді.
Құран сонымен қатар салыстыру арқылы хақ немесе жалған жолды таңдаудың нәтижелері мен салдарларын еске салады. Ондағы мақсаты адамдардың екі жақты да танып, ең жақсысын таңдауын көздейді.
Мәселен, аяттардың бір бөлігі иман мен мүміндер туралы, бір бөлігі күпіршілік пен кәпірлер туралы, келесі бөлігі илаһи сый мен сауаптар туралы, тағы бір бөлігі жаза мен азап туралы.
Илаһи істерге қатысты бөлігі – халал әрі уәжіп істердің көрсеткіші. Тағы бір бөлігі харам, жөнсіз істерге қатысты илаһи тыйымдар туралы.
Сонымен қатар аяттардың бір бөлігі жетекшілік пен оның факторлары, тағы бір бөлігі адасушылық пен оның себептері туралы.
Құран мұндай салыстыру тәсілімен адамдарды әр нәрсенің оң және теріс жақтарын салыстырып, ең жақсы жолды таңдауға ынталандырады.
Келесі жайт, мүміндер қорқыныш пен үміттің арасында өмір сүреді.
Олар өздерінің әлсіз тұстары мен кемшіліктері мен қателеріне қарап, қорқынышқа бой алдырады. Илаһи мейірім мен оның рақымы мен кешірімінен үміттеніп, жүректері тынышталады.
Шәксіз, Құран аяттары адамдардың барлығы үшін түсірілген.
Хақты қабылдауды мақсат ететін адамдар ғана оның жетекшілігіне бөленеді. Хақты теріске шығаратындар илаһи жетекшіліктен мақұрым қалып, адасушылыққа душар болады.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Құран – ең жақсы сөз.
2. Құран аяттарының бір-бірімен қайшылығы жоқ. Олар біртұтас мақсатты көздейді. Олар бір-бірімен ұқсас. Аяттардың арасынан ешқандай қайшылық пен үйлесімсіздік көзге түспейді.
3. Иманды адамдар азап туралы аяттар оқылған кезде қорқып, рақым туралы аяттар оқылған кезде үміттенеді.
- Құдай жетекшілік құралын адамдардың барлығы үшін дайындаған. Құран арнайы бір топ үшін түсірілмеген. Құран – баршаға жетекшілік кітабы болғанымен баршаның оған қолжетімділігі жоқ. Бірақ, хақты қабылдауды мақсат ететіндер оның жетекшілік нұрынан пайдаланады.