846-шы бөлім, «Зүмәр» сүресінің 33-37 аяттары
«Зүмәр» сүресі, 33-37 аяттарының тәпсірі
«Зүмәр» сүресінің 33-34 аяттары:
«وَالَّذِی جَاءَ بِالصِّدْقِ وَصَدَّقَ بِهِ أُولَـئِکَ هُمُ الْمُتَّقُونَ»، «لَهُم مَّا یَشَاءُونَ عِندَ رَبِّهِمْ ذَلِکَ جَزَاءُ الْمُحْسِنِینَ»
Сондай шындықты әкелген және оны мойындаған міне, солар – тақуалар. (33)
Оларға Раббыларының қасында қалағандары бар. Жақсылық істеушілердің сыйлықтары осы. (34)
Адамдар қияметте тақуалар мен мүшіріктер деп екі топқа бөлінеді. Алдыңғы бағдарламаның соңғы сүресінде қырсықтық пен қыңырлық және хақпен жауласуы оларды тозаққа тартатын мүшіріктердің тағдыры баяндалды.
Бұл аяттар тақуалар туралы былай дейді: «Олар хақ сөзді естіп, соған сеніп, тақуалыққа жетті. Олар – һәм іштей, һәм сөздері мен істерінде Құдайдың сөзіне имандай сенетін, дінді уағыздап, дін тағылымдарын дұрыс орындайтын адамдар. Мұндай адамдар кез келген рия мен жалғандық пен екіжүзділіктен ада".
Түбінде тозақтың отына түсетін мүшіріктерге қайшы ақиқат жолындағы мүміндер жұмаққа жол табады. Ол жерде мүміндердің қалаған нәрселерін – қуаныш пен материалды нығметтерді, ләззаттар мен рухани дәрежелерді де Құдай дайындап қойған.
Шынайы мүміндер түзу ғамал иелері болғандықтан, басқаларға жақсы қатынас көрсететіндіктен бұл сыйлық ғамалмен қатар жүретін иман үшін беріледі.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Сөз бен істегі шындық – Құдайға иманның алғашқы шарты. Өтірік иманның рухымен сәйкеспейді.
2. Уағыздаушы сөзін ісімен ұштастырғанда ғана дінді уағыздау әсерлі де тиімді. Кері жағдайда жаман салдарға жеткізуі мүмкін.
3. Жұмақтағы илаһи мейірім мен нығметтер шексіз әрі жұмақтықтардың қалауына байланысты.
4. Тақуалық пен ізгілік – бір-бірін қажет ететін, Құранда көп қолданылған екі сөз.
"Зүмәр" сүресінің 35 аяты:
«لِیُکَفِّرَ اللَّـهُ عَنْهُمْ أَسْوَأَ الَّذِی عَمِلُوا وَیَجْزِیَهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ الَّذِی کَانُوا یَعْمَلُونَ»
Өйткені, Алла (Т.) олардың істеген істерінің жаманын жояды да, оларды істеген істерінің ең жақсысымен сыйлайды. (35)
Құдайдан қорқатын ізгілік иелерінің ұлы Құдайдан сұрайтындарының бірі – өздерінің жаман істерін кешіріп, ең жақсы істерін сый мен сауаптың мизаны ету. Құдай олардың бұл өтініштерін қабылдап, олардың күнәларын кешіріп, ең жақсы сый береді.
Еске салатын жайт, тақуалық діндарды кез келген қателік пен күнәдан сақтайтын пәктік дегенді білдірмейді. Тақуалық – адамды күнә жасау мен Құдайға бағынбаудан тосатын, күнә жасауға себеп болатын істерден тыятын қасиет пен сипат.
Сөйте тұра, мұндай адамның жолдан тайып, еріксіз күнә жасау ықтималы да бар. Тақуалық – жауынгер өзін дұшпан жаудырған оқтан сақтану үшін қолына ұстайтын қалқан іспеттес. Алайда қалқан тосқауыл бола алмайтын, оқтар денеге тиетін жағдай қаншама. Қолында қалқаны бар жауынгердің әрдайым сақтанып, дұшпанның шабуылынан абай болуы маңызды. Дегенмен, тақуалық қалқанын жерге қойып, нәпсілік тілектері мен шайтанның азғыруына еретін адам қаншама.
Бірақ, Құдайдың кең рақымы тақуалардың жағдайын қамтамасыз етеді. Яғни, олардың өздерін күнәдан сақтаудағы талпыныстарына орай білместікпен күнәға батқан жағдайларда Құдай оларды кешіріп, сыйды олардың ең жақсы ғамалдары негізінде береді.
Өйткені, әрдайым олардың ниеттері мен түрткілері сәтті орындаған істерінен артық әрі үлкен болды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Маңызды жайт – адамның ниеті мен түрткісі және мақсаты. Егер ол күнәдан тартыну үшін талпыныс жасаса, Құдай оның жаман істеріне көзжұмбайлық танытып, оның жақсы істеріне ең жақсы тәсілмен сый тарту етеді.
3.Күнәлар мен олардың жаман салдарларынан тазалану – илаһи мейірімге бөленудің алғышарты.
«Зүмәр» сүресінің 36-37 аяттары:
«أَلَیْسَ اللَّـهُ بِکَافٍ عَبْدَهُ وَیُخَوِّفُونَکَ بِالَّذِینَ مِن دُونِهِ وَمَن یُضْلِلِ اللَّـهُ فَمَا لَهُ مِنْ هَادٍ»، «وَمَن یَهْدِ اللَّـهُ فَمَا لَهُ مِن مُّضِلٍّ أَلَیْسَ اللَّـهُ بِعَزِیزٍ ذِی انتِقَامٍ»
Алла құлына жеткілікті емес пе? (Мұхаммед Ғ.С.) олар сені Алладан өзгелермен қорқытады. Кімді Алла адастырса, оған тура жол көрсетуші жоқ. (36)
Ал кімді Алла тура жолға салса, сонда оны адастырушы жоқ. Алла (Т.) өте үстем, өш алу күшіне ие емес пе? (37)
Имандылар мен мүшіріктерді салыстырған алдыңғы аяттардың жалғасында осы аят ислам пайғамбарына: «Саған бір Құдай жеткілікті болғанда оның рұқсатынсыз ешкім саған зиян келтіре алмайтын, яғни, бұрын хазірет Ыбырайымды отта күюден, хазірет Мұсаны Перғауынның кәрінен, хазірет Исаны дарға асудан сақтаған жағдайда олар хақ сөзді қабылдаудың орнына сенімен қарсыласып, саған қоқан-лоққы жасайды» дейді.
Аяттың жалғасы жетекшілік пен адасу туралы былай дейді: «Илаһи жетекшілікті қабылдап, еретін адам адасудан аман қалады. Илаһи жетекшілікті қабылдамайтын адам бақытқа жетпейді».
Осы аяттардың соңы «Мүшіріктер мен кәпірлер Құдайға қарсы тұра алмайтындары мен оны жеңе алмайтынын білмей ме? Әлде олар Алланың пайғамбарлары мен тағылымдарына қарсы шығатындардан өш алатынын білмей ме?» деп сұрайды.
Құдайдың алатын өші – мүшіріктердің адасуы.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Егер адам Құдайға мойынсұнған болса, Құдай оның істерін толықтырып, кепілдендіреді.
2. Мүмін дұшпанның қауіп-қатерлері алдында Құдайға иек артады. Дұшпанның күші мен мүмкіндіктерінен қорқудың орнына Құдайға деген үміт және тәуекелмен хақ жолында табандылық танытады.
3. Адамның адасуы себепсіз емес. Адам өзінің бұрыс істері салдарынан жетекшілік нұрынан мақұрым қалып, жолсыздыққа түседі.