Шіл 15, 2019 22:39 Asia/Almaty

«Зүмәр» сүресінің 42-45 аяттарының тәпсірі

«Зүмәр» сүресінің 42 аяты:


 

«اللَّـهُ یَتَوَفَّى الْأَنفُسَ حِینَ مَوْتِهَا وَالَّتِی لَمْ تَمُتْ فِی مَنَامِهَا  فَیُمْسِکُ الَّتِی قَضَى عَلَیْهَا الْمَوْتَ وَیُرْسِلُ الْأُخْرَى إِلَى أَجَلٍ مُّسَمًّى  إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّقَوْمٍ یَتَفَکَّرُونَ»

 

Өлер уақытта жанды Алла алады. Сондай-ақ, өлмегендердің жанын ұйқыда алады. (Сезім қабілеттері тоқтайды.) Сосын өлуіне үкім берілгендердікін тоқтатады да, басқалардікін белгілі бір мерзімге дейін жібереді. Сөз жоқ, мұнда түсінетін елге ғибрат бар. (42)

 

Аятта айтылғандай, Құдай адамның өлген кезде жанын алып, ұйқыға шомғанда тірілердің де жандарын алады. Бірақ, кімге өлім үкімін шығарса, солардың жандары денеге қайтпай, адам өледі. Тіршілігін жалғастыруға бұйырғандардың жандарын белгілі уақытта тәндеріне қайтарады.

Таухид пен шерк мәселесін қарастырғанда Құран қуаттайтын мәселелердің бірі адамның өлімі мен өмірінің тек Құдайдың қолында екендігі. Бұл істе Құдайға ешқандай серік жоқ.                 
Құран осы аятта адамның екі қырын, яғни оның денесі мен рухын тілге тиек етеді. Өлім кезінде жан мен тәннің байланысы үзіледі. Тән жойылғанымен, жанды Құдай сақтайтындықтан, қияметте осы дүниедегі дене сияқты денеге қосылып, Құдайдың қасында қалады.

Адамдар өмір бойы күн сайын ұйықтаған кезде уақытша өлімді бастан кешеді. Ұйықтаған кезде жанның денемен байланысы ең төменгі деңгейге жетеді. Адам ұйқы кезінде өліп, оянған кезде тірілгендей болады.

Адамдардың көпшілігі түс көріп, түс әлемінде әлемнің әртүрлі жеріне барады. Қуанып күледі, қайғырып жылайды. Мұның өзі – жанның тәннен тәуелсіздігінің белгісі. Себебі, бұл құбылыстардың барлығы дене еш қозғалмаса да, орын алады. Сол себепті ұйқы Құдайдың құдіреттерінің бір белгісі саналады. Егер ойланса, бұл адам ғибрат алуы үшін жақсы мүмкіндік. Сонда адам бір жағынан көптеген адамдардың ұйықтап, ұйқыдан оянбағанын, өзінің ұйқысының да өліммен аяқталуы мүмкін екендігін түсінер еді. Басқа жағынан, аяттар мен рауаяттарда «жан» деп аталған адамның материалды емес қыры үшін дәлел болады.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Дене мен жан – тәуелсіз екі ақиқат. Олар адам өлген кезде немесе ұйықтағанда бір-бірінен бөлінеді. Өлген кезде адамның денесі жойылады. Бірақ, жан өлімнен кейін қалады.
  2. Ұйқы – өлімнің "інісі". Ұйқыда адам өлімнің әлсіз жағдайын сезеді. Ұйқы мен одан кейінгі сергектікті адамдар күн сайын бастан өткереді. Бірақ, бұл құбылыс туралы тек ақылды адамдар ғана ойланып, одан сабақ алады.

 

«Зүмәр» сүресінің 43-44 аяттары:  

 

 

«أَمِ اتَّخَذُوا مِن دُونِ اللَّـهِ شُفَعَاءَ  قُلْ أَوَلَوْ کَانُوا لَا یَمْلِکُونَ شَیْئًا وَلَا یَعْقِلُونَ»، «قُل لِّلَّـهِ الشَّفَاعَةُ جَمِیعًا  لَّهُ مُلْکُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ثُمَّ إِلَیْهِ تُرْجَعُونَ»

 

Немесе олар Алладан өзгені шапағатшы етіп алды ма? (Мұхаммед Ғ.С.): “Егер олар еш нәрсеге ие болмаса да, әрі еш нәрсені түсінбесе де ме?”,- де. (43)

(Мұхаммед Ғ.С.): “Барлық шапағат Алла үшін. Көктер мен жердің иелігі Онікі. Сонсоң Ол жаққа қайтарыласыңдар” де. (44)

 

Тарихи тұрғыдан мүшіріктер пұттарды өздері мен Құдай арасындағы делдал санап: «Біз пұттарға Құдайдың жанында бізге шапағат тілеуі үшін табынамыз» десті. Шын мәнінде, мүшіріктер тас, ағаш пұттарды қасиетті істердің символы санады. Оларға тағзым етсе, олардың көңілін аудару үшін негіз дайындалады деп ойлады.

Құран осы аяттарда бұрыс ойға жауап беріп: «Кім немесе не нәрсенің сендер мен Құдайдың арасында делдал бола алатыны Құдайдың қолында. Сендер өздерің қалағандарыңды, әсіресе, не ақылдары, не қолдарынан ештеңе келмейтін пұттар сияқты жансыз заттарды делдал ете алмайсыңдар.

Егер сендер жаратылыстың барлығын Құдай жаратқанын, тек оның ғана осы әлемнің басшысы екенін қабылдағанда, неліктен жансыз нәрселерге барып, олардан шапағат тілейсіңдер?» дейді.

Қалай болғанда да шапағат тілейтін шапағатшының Құдай тарапынан рұқсаты болуы керек.

Құран аяттарына сәйкес, илаһи пайғамбарлар адам мен Құдайдың арасында делдал болған. Бұл іс Құдайдың рұқсатымен жасалған.

 

Хазірет Жүсіптің оқиғасында ағалары соңында істеріне өкініп, күнәларының кешірілуі үшін әкелері хазірет Жақыпты өздері мен Құдай арасында делдал еткен.

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Құран шапағат негізін теріске шығармайды. Бірақ, пұттар мен мүшіріктер табынатындарды қабылдамайды.
  2. Біз бен Құдай арасындағы делдал бізден жоғары, түсінік-пайымға ие болуымен қатар бізге көмектесе алатын, талап-тілектерімізді орындай алатын болуы керек. Не ақылы жоқ құдіретсіз пұттардан қандай көмек күтуге болады?
  3. Жаратылыс жүйесі себептерге негізделген. Ең мықты себеп те Құдайдың қолында.

 

«Зүмәр» сүресінің 45 аяты:

 

Бір Алла зікір етілсе, ақыретке сенбегендердің жүректері жиренеді. Ал қашан Алладан өзгелер зікір етілсе, олар қуанады. (45)

 

«وَإِذَا ذُکِرَ اللَّـهُ وَحْدَهُ اشْمَأَزَّتْ قُلُوبُ الَّذِینَ لَا یُؤْمِنُونَ بِالْآخِرَةِ  وَإِذَا ذُکِرَ الَّذِینَ مِن دُونِهِ إِذَا هُمْ یَسْتَبْشِرُونَ»

 

 

 

 

Бұл аятта мүшіріктер мен қияметті теріске шығаратындардың таухидпен кездескендегі жағымыз сезімдері баяндалған: «Бір Құдайдың аты аталған кезде ақыретке сенбейтін адамдардың жүректерін жеккөрініш кернейді. Ал пұттар туралы сөз болғанда шаттанады. Тек дүниені ғана көріп, ақыретке сенбейтін мүшіріктер мен имандары әлсіз адамдар ғана Құдай мен оның шексіз ғылымы мен құдіреті туралы сөз болғанда ренжіп, мазасызданады. Себебі, мұндай адамдар Құдайға сенбей, істерді Құдай емес, басқалар жасайды деп ойлайды. Өмірде де кез келген адамға арқа сүйегенімен, Құдайға тәуекел етпейді. Олар жаһанның Жаратушысы Құдайға тағзым етпейді. Бірақ, өздері сияқты адамдардың алдарында тізе бүгіп, иіледі. Шын мәнінде лауазым иелері мен жоғары мәртебеге ие адамдардың есімдері мен оларды еске алу олар үшін мақтаныш. Олар неғұрлым соларға жақындаған сайын, көбірек қуанып, бақытқа жеттік деп ойлайды.

Оларға қарсы жақта әлемнің бір Құдайының атын естігенде қуанатын, қолдарындағы барын Құдай жолында қиюға әзір мүміндер бар. Олар Құдайдың атын естігенде қуанып, жүректері нұрлана түседі. 

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Шынайы иманның белгілеріне Құдайдың аты мен Құдайды еске алу арқылы жанымыз тыныштыққа бөленіп, жүрегіміз қуанышқа толу жатады.
  2. Егер Құдайдың бұйрықтарын қораш санап, оларға мән бермей, адамдардың заңын артық көрсек, иман туралы уәж айтқанымызбен, шеркке салынғанымыз.