Шіл 17, 2019 22:06 Asia/Almaty

«Зүмәр» сүресі, 51-53 аяттарының тәпсірі

«Зүмәр» сүресінің 51 аяты:

 

«فَأَصَابَهُمْ سَیِّئَاتُ مَا کَسَبُوا وَالَّذِینَ ظَلَمُوا مِنْ هَـؤُلَاءِ سَیُصِیبُهُمْ سَیِّئَاتُ مَا کَسَبُوا وَمَا هُم بِمُعْجِزِینَ»

 

 

Сондықтан олардың кесірлері өздеріне тиеді. Сондай-ақ, олардан залым болғандардың сұмдығы жедел өз бастарына жетеді. Олар Алланы әлсірете алмайды. (51)

 

 

Алдыңғы бағдарламада қиын кездері Құдайды еске алатын, бірақ бақуаттылық пеп нығметтерде Құдайды ұмытып, нығметтерді Құдай тарапынан емес, өздерінікі санайтын шүкірсіз адамдар туралы сөз болды. Осы аят соның жалғасында олардың қиындықтары мен мәселелерін өз істерінің салдарларымен байланыстырады.   

Кеше жасап, бүгін соны жалғастырып отырған зұлымдықтарының салдарлары оларға жетеді. Бірақ істерінің негізгі салдарын олар қияметте көреді. Олар осы дүние мен ақыретте өз істеріне берілетін жазадан қаша алатыны туралы ойламауы керек.

 

Осы аяттан үйренетініміз:

 

1.Табиғаттың материалды жүйесінде іс-әрекет пен соған реакция заңы үстемдік етеді. Адамдардың істері де илаһи осы сүннетпен байланысты. Сол себепті әрбір істің өзіне сай реакциясы болады. Адам ерте ме, кеш пе онымен бетпе-бет келеді.

3. Нығметтер Құдай тарапынан болғанымен, қиындықтар мен мәселелер – біздің өзіміздің бұрыс шешімдеріміз бен іс-әрекеттеріміздің салдары.

 

«Зүмәр» сүресінің 52 аяты:

 

 

«أَوَلَمْ یَعْلَمُوا أَنَّ اللَّـهَ یَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن یَشَاءُ وَیَقْدِرُ إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّقَوْمٍ یُؤْمِنُونَ»

 

 

Олар білмей ме? Расында Алла (Т.) кімді қаласа, оның несібесін кеңітеді де таратады. Сөз жоқ, осыларда сенген ел үшін өнеге бар. (52)

 

Алдыңғы бағдарламаның аяттарында кейбіреулердің нығметтерді өздерінің білімдерімен байланыстыратыны айтылды. Осы аят бұрыс көзқарасты теріске шығарып: «Ырзықтың негізі Құдай тарапынан, оның қолында. Сол себепті кім білімді болса, ырзық пен нығметке бөленеді дегенді білдірмейді», - дейді.

 

Адам білім алып, ғылыммен айналысуға, өмірлік істерінде талпыныс жасауға міндетті. Құдай надан, жалқау адамдарды жақсы көрмейді. Сөйте тұра, адам барлық нәрсе оның қалауы мен ерік-жігері немесе талпынысымен байланысты деп ойламауы керек. Ырзық түбінде адамға жететін, жеке және қоғамдық әртүрлі факторларға байланысты. Құдай өзінің хикметі негізінде оны адамдардың арасында бөледі.

 

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Біздің міндетіміз – табыс табу үшін талпыныс жасауда. Бірақ әрбір адамның ырзыққа ие болуы илаһи хикметке байланысты.

2.Ырзық бөлудегі Алланың әділдігі адамдардың барлығының ырзығы бірдей дегенді білдірмейді. Құдай жаратылыс жүйесіндегі әртүрлі факторлар негізінде адамдардың ырзығын әртүрлі етіп анықтайды. Бірақ Құдай адамға берген ырзығы мен нығметтің көлеміндей сауал қояды.

 

«Зүмәр» сүресінің 53 аяты:  

 

 

«قُلْ یَا عِبَادِیَ الَّذِینَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّـهِ  إِنَّ اللَّـهَ یَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِیعًا  إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِیمُ»

 

 

 

(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді” де. (53)

 

 

Бұл – илаһи аяттардың ішіндегі үміттендірерлік аяттардың бірі. Осы аятта Құдай мейірім мен махаббатқа толы екпінмен рақым құшағын баршаның алдынан ашып, баршаны кешіретін бұйрық шығарды.  

Аят барлық күнәһарлар мен өздеріне зұлымдық жасаған, өз қабілет-қарымын бос жолда жұмсаған адамдарға: «Оралатын жол әрқашан ашық. Ешкім Алланың мейірімі мен рақымынан үміт үзбеуі керек. Құдай оны кешірмейді деп ойламасын», - дейді.  

 

Кешірім мен рақым есіктері барлық пенденің алдынан ашық. Маңыздысы, адам қателік жасағанын түсініп, өз-өзіне келуі керек. Адамның бойында өкініш жағдайы пайда болып, жолын өзгертуге шешім қабылдағанда және қате жолдан қайтқанда Алланың кешірімі үшін негіз әзірленіп, Құдай оны кешіреді.   

 

Бұл – күнәһарлар мен өзінің пенделерін шақыратын Құдайдың мейірімі. Перзентінің ісіне ренішті, бірақ, жаман істі тастауға шақырып: «Не болса да сен менің перзентімсің. Мен сенің өткеніңді кешіремін. Бірақ бұдан былай мұндай қателік жасамауға тырыс», - дейтін әке сияқты.  

Осы аятта айтылған «Өзіңе зұлымдық жасадың» деген сөйлем шын мәнінде «Уа, адам! Сенің жағымсыз, жаман қатынасың өзіңнен басқаға зиян келтірмейді. Ондай болса, өзіңе зұлымдық жасама. Өзің туралы ойлан», - деген мағынаға саяды.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1. Алланың рақымы шексіз емес. Бірақ тек мүміндерге ғана тиесілі емес, Құдайдың барлық пендесін қамтиды.

 

2. Күнәларды кешіру Алланың рақымын қажет етеді. Сол себепті Алланың рақымынан үміт үзбеу керек. Күнәһарлар ешбір жағдайда Құдайдың рақымынан үмітсізденбеуі керек.

3. Күнә – өзіне зұлымдық жасаудың бір түрі; орта мен бірқалыпты жолдан шығу.

4. Күнә жасау арқылы Алланың бұйрықтарынан жалтаратын адам шын мәнінде Құдайға емес, өзіне зиян келтіреді.