Сәу 12, 2016 16:46 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада Осман империясы мен Сефевилер империясы арасындағы бақталастықтың мұсылмандардың бөлінуіне әсері, олардың билігінің әлсіреуі және еуропалық отарлаушылардың ислам елдеріне енуі және мұсылмандар арасындағы жікшілдіктің күшеюі жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдың басында халифат құлағаннан кейін Османның айбынды әскері билікті өз қолына алып, біртіндеп мұсылмандардың крестшілерге қарсы ең үлкен күшіне айналды. Мұсылмандар Осман халифі сұлтан Мұхаммадты исламды құтқарған патша, крестшілер басқыншылығының есесін қайтарушы,  моңғол шапқыншылығынан қалған  қирандылар мен қырып-жоюшылықтың орнын толтырушы деп санаған. Бұл іс оның құдіреті мен беделін арттырды. Тіпті Стамбұл халифаттың мықты орталығы әрі ислам қоғамының жетекшілігі орналасқан жер ретінде танылды. Сұлтан Мұхаммад Осман билігінің тұғырын Анатолия мен Балканда мықтап орнатқаны соншалықты, ол төрт ғасыр бойы шайқалмастан ғұмыр кешті. Бүгінгі бағдарламаның жалғасында екі тақырыпқа тоқталамыз: біріншісі – Осман империясы мен Сефевилер империясы арасындағы бақталастықтың мұсылмандардың бөлінуіне әсері және олардың билігінің әлсіреуі, екіншісі –  еуропалық отарлаушылардың ислам елдеріне енуі және мұсылмандар арасында жікке бөлінушіліктің күшеюі.

Осман үкіметі крестшілерден кейінгі бейберекет жағдайда ислам әлемінде бірорталықтанған билік құрғанымен ислам әлемі османдықтар билікке келгеннен кейін бірікті деп айта алмаймыз. Бұл дәуірде ұлттық соқыр сенімдердің қайта өршуі және тоухидтік құндылықтардың солғындауы ислам елдерінің, әсіресе Иран мен Османның бәсекелестігіне ұлстырды. Сондай-ақ, еуропалық елдердің  ислам елдері арасына іріткі салып, жауластыру жолындағы рөлі мен талпыныстарын естен шығармауымыз қажет. Тарих көрсеткендей,  исламның екі ірі мемлекеті, яғни Иран мен Османның қарым-қатынасы х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдан Осман империясының соңына дейін  әрдайым қантөгіске толы болды.  Еуропалықтар осы қайшылықтарды тудыру немесе өзара кек пен ұлтшылдық ойларды қоздыруда әсерлі рөл атқарды. Мысалы, Иранда Гурканилер басқарған кезде Темірлан  Венеция республикасы және құлау алдындағы Шығыс Рим империясымен Осман сұлтанына қарсы бірігіп, 1425 жылы (х.қ.ж.с.б. 804 жылы) оны жеңді. Сондай-ақ, Ақ қоюнлылардың билігі кезінде Узун Хасан Венеция республикасымен  Осман империясына қарсы келісім жасап, 1497 жылы (х.қ.ж.с.б. 876 жылы) Османның билігін құлату үшін олардан әскери көмек сұрады.

Ислам әлеміндегі жікшілдік, Иран мен Осман арасындағы қақтығыстар Сефевилер билік басына келгеннен кейін ушыға түсіп, х.қ.ж.с.б. 920 жылы екі империя арасында соғыс отын тұтатты. Бұл жылы Иран мен Османның әскерлері Әзірбайжанның солтүстік-батысындағы Чалдаран атты аймақта бір-бірімен бетпе-бет келді. Бұл соғыста Сефевилер зеңбірек пен мылтық пайдаланған османдықтардан жеңіліп қалды. Сұлтан Сәлім I Табризды басып алды, бірақ 8 күннен кейін оның әскері қысты Иранда өткізгілері келмей Сефевилердің астанасын тастап кетті. «Чалдаран» соғысы ислам әлеміндегі қайшылық пен бөлінушіліктің символы болды. Бұл ислам әлеміндегі екі полюстің арасына жік салып қана қоймай, Иранда бытыраңқылықтың күшеюіне себеп болды. Өйткені шах Исмаил осы соғыстан кейін оқшау өмір сүруге бет бұрды. Ал бір-бірімен бәсекелес қызылбас топтары арасында билікке талас басталды.  

Ислам әлеміндегі бөлінушіліктің ең соңғы кезеңі еуропалық отарлаушылардың ислам елдеріне кіруімен қалыптасты.  Еуропада орта ғасырларды аяқтап, жаңа философиялық қозғалыс пен өмірді тудырған ой-сана өзгерісі отарлаушылықтың қалыптасуында әсерлі рөл атқарды. Гуманизм деп аталған бұл қозғалыс бастапқыда әдеби-философиялық сарынға сәйкес болды. Онда адам барлық дүниенің критерийі деп бағаланып, табиғатты толығымен адам баласына бағындыру көзделді. Бірақ бұл ой дүниені басып алуға әкеліп соқтырып, әлемнің әртүрлі елдерінің, әсіресе мұсылман халықтардың еуропалық отарлаушылар тарапынан талан-таражға түсуіне себеп болды. Осы кезеңге дейін де Еуропа елдері ислам елдері арасында қайшылық пен қақтығыстар тудыруда маңызды рөл атқарған.  Орта ғасырда ислам әлемінің күш-қуаты артып, салтанаты тасып тұрғанда еуропалық елдер әлсіз әрі артта қалған болатын.  Бірақ Батыста «Қайта өрлеу» деп аталатын өзгерістер болып, содан кейін ағартушылық ғасырының келуі және  оның саяси‑экономикалық, әскери және мәдени салалардағы нәтижелері біртіндеп артықшылық бағытын өзгертіп, еуропалық елдердің ислам елдеріне еніп, оларды отарлап алуына жағдай жасады.

18-19 ғасырларда Батыстың отаршыл елдерінің Осман империясы, Иран, Мысырмен көптеген соғыстары салдарынан осы елдердің территориясының ауқымды бөлігі жаулап алынып, ол жерлерде саяси билік жойылды немесе отарлаушы күштердің талан-тараж, зорлық-зомбылық жасайтын алаңына айналды.  Тіпті орыстардың өздері алты соғыста османдарды жеңді. Осы жеңілістердің салдарынан «Кучук-Карниаджа» пактісіне қол қойылғаннан кейін іс жүзінде орыс патшасы үшін Осман империясының ішкі ісіне араласуына жол ашылды. Қырым түбегі (Қара теңіздің солтүстігі мен Украинаның оңтүстігіндегі түбек) алғаш рет Осман империясынан бөлініп шығып, Ресей империясына қосылды. Орыстар, сондай-ақ, Ираннан Баку мен Дербентті алды. 723 жылы Сефевилердің ең соңғы билеушісі шах Сұлтан Хосейннің ұлы Тахмасп II-мен келісім жасады. Сол келісім бойынша Иранның Каспий теңізіндегі барлық жерлері Ресей империясына беріледі. Оның есесіне орыстар Сефевилерге Иранның басым бөлігін, соның ішінде Исфаханды жаулап алған Мұхаммад пен Ашраф бастаған ауғандарды Ираннан қуып шығуға көмектесуі тиіс болды.

Осылайша ислам әлеміндегі  билік тетігінің бірі ретіндегі  Иран 19 ғасырда екі еуропалық күштің – Ресей мен Англияның текетірес алаңына айналды. Екі ел де әртүрлі мақсаттармен Иранның ішкі ісіне араласып отырды. Иран өзінің мәдениеті мен өркениетінің тереңдігіне байланысты басқа ислам елдері сияқты бодан елге айналмады. Бірақ  сол кезде екі отарлаушы ел – Ресей мен Англия ислам әлеміндегі бытыраңқылықты пайдаланып, барлық ислам елдерінің ішкі ісіне араласып, олардың көбін отарлап алды. Шын мәнінде ислам елдері билеушілерінің көбінің жемқорлығы, өзімшілдігі мен бейбастақтығы, сондай-ақ мұсылмандар арасында туындаған терең қайшылықтар ислам әлемінің 18-19 ғасырларда Батыс отарлаушыларының осы елдерге енуіне куә болуына себеп болды.

Бұл заманда кейбір билеушілердің бейбастақтығы мен мұсылмандар арасындағы қайшылықтардың ушыққандығы соншалықты, Батыс отарлаушыларына қарсы ислам әлемін біріктіру үшін ешқандай үміт қалмаған еді. Тайпалық және ұлттық  құндылықтардың ислам әлеміне дендеуі салдарынан кейбір ислам елдері басшыларының бірігуге шақыруы басқа мұсылман елдері тарапынан қолдау таппады.  

Бақталастық мен дұшпандыққа байланысты ислам елдерінде ислам әлемінің бірлігін қайта жандандыруға деген сенім қалмады. Мысалы,  Надершах Афшар ислам әлемін біріктіру ұранын көтерген кезде Осман империясы тарапынан тиісті жауап ала алмады. Өйткені Осман халифі әлі де ислам мемлекеттерінің ішіндегі ең қуаттысы саналды. Ол ислам әлеміне рухани және саяси салаларда жетекшілік ету үшін жақсырақ позиция тұрмын деп есептеді.  Сондай-ақ,  Осман халифаты билігінің соңғы жылдарында сұлтан Абдулхамид II сейіт Жамал деген кісімен пікірлесіп, халифаттағы барлық мұсылмандарға қолдау көрсету өзегіндегі ислам әлемін біріктіру саясатына бет бұрып, империяның түкпір-түкпірінде және ислам әлемінің басқа қалаларында үгіт-насихат жүргізуге кірісті, бірақ ислам елдерінен, әсіресе Ираннан тиісті жауап ала алмады. Өйткені мұсылман елдері тұрғысынан ол ислам әлемін басқару үшін қажетті біліктілікке ие емес болды. Османның саясаткерлері мұсылман елдеріне қатысты қарама-қайшы саясат ұстанатын.

Бұған қарамастан, Абдулхамид II (Осман империясының 34 халифі, 1876-1909) басқарып тұрған кезде әлем мұсылмандары арасында ояну толқыны пайда болып, кейбір мұсылман ойшылдары мен саясаткерлері ислам мен ислам үмбетінің бірлігін қайта жаңғыртуға талпыныс жасады. Бірақ  оның саясаттары мұсылмандар тарапынан қолдау таппады. Абдулхамид Стамбұлда әртүрлі панисламдық ұйымдар мен қоғамдар құрумен қоса, іс жүзінде мұсылмандардың шынайы бірлігі бағытында қадамдар жасады. Ол Құдайдың үйін зиярат етуге барушылардың жолын жеңілдету үшін Анатолия түбегінен Бағдад пен Сауд Арабиясындағы қасиетті жерлерге темір жол желісін тартуды көздеді. Бұл кейін  панисламистік шаралардың символы болып қабылданды. Абдулхамидтің саясаттары ислам әлемінде оң реакция тудыра алғанымен Батыстың отарлаушылығына қарсы жан-жақты одаққа айнала алмады, өйткені басқа елдер, әсіресе Иран оған сенбей, оның шараларын саяси, жеке немесе ұлттық мақсатта деп бағалады.

Отаршылдықтың ислам әлеміне енуі мұсылмандар арасында бөлінушілік пен бытыраңқылықтың үдей түсуіне алып келді. Бірақ бірігуге ұмтылушылардың оң реакциясын да тудырды. Сөйтіп, ішкі тирания мен сыртқы отаршылдарға қарсы әлем мұсылмандары арасында саяси және әлеуметтік қозғалыстар мен толқулар болды. Мұсылмандар сейіт Джамаледдин Асадабади, Абдулрахман Кавакеби, Экбаль Лахури сияқты ағартушылардың арқасында өздерінің артта қалуының себебі ауызбіршіліктің жоқтығында жатқанын, ислам әлемінің бытыраңқылығы озбыр билеушілер мен отарлаушылардың әрекеттері салдарынан туындап отырғанын түсінді. Көп жағдайда бұл бір тиынның екі бетін құрайды. Ислам әлеміндегі Батыс отаршылдығына қарсы көтеріліс интеллектуалды саланы ғана қамтымады. Тирания мен отаршылдыққа қарсы исламдық ояну қозғалысы саяси және әлеуметтік салалардан айқын көрініс тапты. Алайда бұлар да ислам қоғамдарының толық бірігуіне алып келмеді.