Там 18, 2019 05:49 Asia/Almaty
  • Ирандық тұтқынның естелігі (2)

2019 жылдың 17 тамызы тұтқындардың исламдық Иранға қайта бастаған күнінің жылдығы болды. Осы күнге орай, Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының қызметкері әрі Ирактың Иранға таңған соғысында тұтқында болып қайтқан ардагер Мұхаммадреза Каримзадеден алған сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

  • Мен х.ш.ж.с.б. 1365 жылы Маһи көлі маңында Кербала‑5 әскери амалы барысында тұтқынға түстім. Бұл көл де Ирактікі еді. Иран ол кезде Басра қаласын басып алуды көздеген. Кербала-4 әскери амалы сәтсіз болды.  Иран жеңіліс тапты, өйткені әскери амалдың болатыны алдын‑ала жария болып қойған еді. Мен де Кербала-4 әскери амалына қатысқым келген. Бірақ біз екінші реттегі күш болдық. Бірінші күш барғанда, амал жария болып, олар жеңіліс тапқан соң бізді жібермеді. Шамамен 20 күн өткен соң Иран Кербала‑5 әскери амалын орындауға шешім қабылдады. Онда да шәһид болғандар көп болды, бірақ көздеген мақсатымызға белгілі бір деңгейде жеттік. Бірақ Басраны ала алмадық. Өйткені Ирак үкіметі Басраға қатты қолдау көрсетіп отырды. Мен сол амалда жарақат алдым. Түн еді. Жолдастарым мені өлді деп ойлап, аяғымды байлады. Бір аяғыма оқ, екіншісіне снаряд тиген еді. Мені зембілдің үстіне жатқызды. Қақтығыс қатты болып жатқан аймақ болған соң мені артқа әкете алмады. Сол жерде қала бердім.  Басраға жақын болдық. Мен есімнен танып қалған кезде жолдастарым мені өліп қалды деп ойлап, үстімен жамылғы жауып тастады. Есімді жисам, түс болып қалған екен. Сол кезде бірнеше жауынгердің Саддам сарбаздарына қарай оқ жаудырып жатқанын көрдім. Тірі қалғандар аз еді.
  • Қай мезгіл еді?
  • Дей (желтоқсан) айы еді. Қыстың басы. Ол жерде түн суық болады. Жалпы Хузистан сондай. Бұл жерде қыста түн қатты суық, күндіз жылырақ. 1365 жылдың дей айында Кербала‑5 әскери амалы орындалды.
  • Жолдастарыңыз оқ жаудырып жатыр еді...
  • Иә, мен есімді жидым. Үстімде жамылғы, өзім зеңбілдің үстінде жатырмын. Жолдастарым ирактықтарға қарай оқ жаудырып жатты. Қарасам, ирактықтар алға жылжып келе жатқан көрінеді. Біздің күштеріміз кері шегініп бара жатты. Әскери амал жүргізілген кезде кімнің жеңіп, кімнің жеңіліп жатқаны белгісіз. Бір рет олар атқылайды да, алға жылжиды. Екіншіде артқа кетіп, қарсы жақ шабуыл жасайды. Сол кезде де сондай жағдай болды. Біздің күштер алғашқы кезде алға жылжығанда мен жарақаттанып, сол жерде қалдым. Келесі күні таңертең ирактықтар алға жылжып, ирандықтар аздап кері шегінген еді. Жолдастарымның бірі жаныма келіп: «Кел, қолыңды менің иығыма сал, артқа алып барайын»,‑ деді. «Қолымды иығыңа салайын‑ақ деймін, бірақ  мен мүлде орнымнан қозғала алмаймын»‑дедім. Аяғым мына жоғарыдан сынған еді (қолымен көрсетті). «Сен бара бер, өзіңді құтқар. Сен тұтқынға түспе. Маған ақыры бірдеңе болар»‑дедім оған.  Сөйтіп, мен қала бердім.  Жанымда тағы біреу болды. Ол да зеңбілдің үстінде жатыр еді. Үстіне жамылғы жауып тастаған. Бірақ ол шәһид болған секілді. Сол күйі жамылғысын ашқан да жоқ, қозғалған да жоқ. Ал мен жамылғыны аштым, бірнеше ирандықтың артқа кеткенін көрдім. Ирактықтардың келуін күттім. Олар келгенде басында былай деп шештім.....
  • Ғимараттың ішінде болдыңыздар ма, әлде?
  • Жоқ, жазық далада
  • Биік шөп немесе бұтаны паналадыңыздар ма?
  • Хузистан даласында шөп дейтін шөп жоқ. Барлық нәрсе өсетіндей топырағы құнарлы да емес. Тек құрма беретін пальма ағаштары өседі. Оны да егу керек.
  • Жертаса болмады ма?
  • Мен мүлде жертасада болмадым. Оқ тиіп, жертасаның сыртында жатқанмын. Сол жерде қалдым. Құтқарушы жігіттердің жаныма келіп, «Айғайлама» деп айтып жатқаны есімде. Мен өзімнің айғайлап жатқанымды түсінбеген екенмін. Маған «Айғайлама. Жолдастарың мен жауынгерлердің рухын түсіресің» депті. Зақымым қатты ауырғандықтан, өзім түсінбей тоқтаусыз айғайлай беріппін. Бұдан кейін ештеңе есімде жоқ, талып қалдым. Ертеңгі күні түс кезінде бірақ есімді жидым.
  • Бұдан кейін не болды? Бәрі кетіп, сіз жалғыз қалдыңыз.
  • Иә, олар артқа кетіп, мен қалдым.
  • Жалғыз?
  • Жанымдағы шәһидпен бірге жалғыз қалдым. Қарасам, ирактықтар келе жатыр екен. Мен оларға қарадым да, жаттым. Орнымнан тұра алмаймын, еш әрекет ете алмаймын. Басында өзімді өлгендей көрсетіп, көзімді жұмып жата берейін деп шештім. Бұлар келіп, өтіп кетер, менімен ісі болмас деп ойладым. Бірақ бұған дейін ирактықтардың жараланғандарды сақтамай, өлтіретіні туралы естіген едім. Содан кейін тағы былай ойладым: олар мені өлдіге санап, келер де, кетер.  Мен орнымнан қозғала алмай, осылай қала беремін. Бұлай өлгенімнің пайдасы болмас. Өзімнің тірі екенімді көрсетейін. Егер бұлар мені өлтірсе, мен үшін бағалырақ болмақ, шәһид болып есептелемін. Өз өліміме өзім себеп болмайын. Сөйтіп, ирактықтар келгенде мен өзімнің тірі екенімді көрсеттім. Біреуі келіп, басыма қару кезеді. Жараланғандарды өлтіреді деп бұрын да естігенмін. Шынында да солай еді. Бірақ Кербала-4 әскери амалынан кейін Ирак үкіметі Иран жағынан тұтқын алуға шешім қабылдаған көрінеді. Сол себепті мені өлтірмеді. Басыма қару кезеді, бірақ өлтірмеді. Олар екі‑үш адам еді. Менің зеңбілімді көтеріп, 200 метр жердегі өз жағына қарай алып кетті. Оларда жертаса бар еді. Мені өз жертасасының ар жағына қойды. Мен ол кезде қатты шөлдеп қалған едім. Ишарамен оларға су ішкім келіп тұрғанын түсіндірдім. Олар маған су бермеді. Олар белгімен маған су ішудің дұрыс еместігін айтты. Қаны көп кеткен адам егер су ішсе, қаны сұйылып, одан бетер ағатын көрінеді Олар маған «су ішу дұрыс емес» деп, бермеді. Біз кешке дейін сонда болдық.
  • Сізге қарайтын дәрігер болды ма?
  • Жоқ, болмады. Кешке дейін сонда болдық. Олар жертасада жасырынды. Өйткені ирандықтар оларға қарай оқ атып, снаряд лақтырды. Мен сыртта қалған едім. Олар жертасаны паналады. Ирандықтардың атқан снарядтары менің айналамда жарылып жатты. Менде ешқандай пана болмады. «Осы жолы ирактықтардың менде ісі жоқ, ирандықтар маған атып жатыр» деп ойладым. Өйткені ирандықтар  ирактықтарды нысанаға алып жатқан еді. Снаряд бірде оң жағыма, бірде сол жағыма түсіп жатты. Келесі бір сәтте бір снаряд тура үстіме түсіп, жарылып кетермін деп күтіп жаттым. Қысқасы, ештеңе болмады. Снарядтар менің айналама түсіп жатты, бірақ маған тимеді. Кеш батқанда ирактықтар артқа кетіп қалды. Мені далада жалғыз қалдырып кетті. Енді ирандық та, ирактық та жоқ еді. Қашып кете алмайтын жағдайда едім. Тіпті зеңбілден жерге аунап түсерліктей күшім болмады. Сол күйі таңға дейін шыдадым. Түнде қатты қорықтым. Ит‑құс, қасқыр келе ме деп ойладым. Өйткені қанның иісі қасқырды тартады. Түнде қасқырлар келетін шығар деп ойладым. Бұлай да болмады. Таң атқанда ирактықтар келді. Бұл кешегіден басқа бір топ еді. Тағы да басыма қару кезеді. «Бұлар енді мені өлтіреді» деп ойладым. Бірақ өлтірмеді. Түске қарай Ирактың бір сауытты көлігі келді. Мені сонда мінгізіп, өз тылына алып кетті. Сол сәттен бастап мен тұтқынға айналдым. Тұтқынға осылай түстім.
  • Қай қалаға әкетті?
  • Алдымен Басраға әкетті. Өйткені сол қалаға жақын едік. Басрада бір бөлме болды. Ол жерді Басраның әуежайы деп атайтын. Бөлмеде 20-ға жуық ирандық болдық. Бәріміз жаралы едік. Тек бір жас ирандық қана сау болатын. Әскери емес, азаматтық киім киген еді. Кейін одан «Мына күйде қалай келдің? Жауынгерсің бе?» деп сұрадық. «Жоқ, мен күрдпін» деп жауап берді. Ирандағы күрдтердің біразы соғыс кезінде Иран үкіметіне қарсы әрекет етті. Оларды «кумуле‑демократ» деп атайтын. Иранда үкіметке қарсы әрекет еткен күрдтердің біразының аты «кумуле» (коммунист), басқасынікі «демократ» болды. Олардың ісі іштен соққы беру, өлтіру, бауыздау болды. Немесе осылай адамдарды ұстап алып, Иракқа ақшаға тапсырып отырған. Бұл жігіт ресми түрде майданда жауынгер болмаған. Қала ішінде ұсталып, ирактықтарға тапсырылған екен.
  • Ахваздан ба еді?
  • Жоқ, Ахвахдікі емес. Білесіз бе, майдан шебі ауқымды еді. Оңтүстіктен басталып, батысқа қарай созылып жатты. Бұл жігітті батыс шекарада ұстап, Басраға әкелген. Қысқасы, 20 адам болдық. Бір адамымыз сау, қалғанымыз жаралы едік. Бірінші түні ирактықтардың бізбен ісі болмады.
  • Сіздерге тамақ берді ме?
  • Бізге бір ұрттам су мен бір тілім қатқан нан берді. Ирактықтар бұл нанды «самун» деп атайды. Біздің зауыттан шығатын нанға ұқсайды. Біз оны «сэндвич наны» деп атаймыз. Бірақ арпадан жасалатын. «Арпа нан» деп те атайтын. Бұл нан ыстық күйінде жақсы желінеді. Біраз тұрып қалса, тастай қатып қалатын. Жеу мүмкін емес еді. Суға салып, жұмсартып жеу керек. Әйтпесе, тас сияқты болатын. Тістегенде жұлып ала алмайтынсың. Бізге осындай наннан біраз беретін. Басрада екі күн болдық. Бірінші күні бізбен істері болмады. Екінші күні келіп, бәрімізді сабады. Барлығымыз жаралы едік. Біреудің аяғы, екіншінің қолы сынған, үшіншінің басы зақымданған еді. Басқа біреудің көзінде ақау бар болатын. Әйтеуір, әрқайсымызда түрлі жара.
  • Таяқпен ұрды ма?
  • Иә. Бөлмеде тұрған орындықпен ұрды. Қолына түскен заттың бәрімен ұрды. Жаралыларға рақымшылық жасап, тиіспес деп ойлағанбыз. Бірақ бәрімізді соқты. Бұл екінші күннің «қонақ күтуі» еді. Содан соң бізді автобусқа отырғызып, Бағдадқа алып келді. Алдымен Ирактың САВАК‑ына апарды. Ирактың барлау ұйымы «Эстехбарат» деп аталды. Бәрімізді сонда апарды. Бір бөлмеде отырдық. Бір‑бірден жігіттерді басқа бөлмеге кіргізіп, оңдырмай ұратын. Олардан мағлұмат алғысы келді. «Не үшін келдің? Не істегің келді? Жоспарың қандай еді? Басшың кім еді? Бәсиджсің бе? Сепахтықсың (Ислам революциясы Сақшылар корпусы) ба? Армия жауынгерісің бе?» деген сұрақтар қойылды.
  • Сіз не дедіңіз?
  • Мені ғана апармады. Осындай сұрақтар сұрауға апармаған жалғыз адам мен болдым. Өйткені жағдайым бәрінен нашар еді. Зеңбілдің үстінде жаттым. Мүлде тұра алмаймын. Аяғым сынған.
  • Басқалар отыра алатын ба еді?
  • Басқалар қозғалып жүре алатын. Қолы сынған адам тұра алады. Бір аяғына оқ тиген адамның тым болмағанда екінші аяғы сау еді. Менің екі аяғым да сау емес еді. Сол себепті 20 адамның ішінде мені ғана ұруға апармады. Басқаларын оңдырмай соғып, мағлұмат алды. Ол жерде бір апта болған сияқтымыз.
  • Бәріңіз бір бөлмеде болдыңыздар ма?
  • Иә, бір бөлмеде болдық. Содан соң бізді Бағдадтағы бір жерге апарды. Онда 100 кісілік бөлімдер бар еді. Ішіндегілердің бәрі ирандықтар болатын. Бір бөлімінде ирандық сарбаздар, екінші бөлімінде бәсидждер – халықтық жасақ жауынгерлерін жинаған екен. Сарбаздар мен бәсидждерді бөліп қойған. Мені сарбаздар бөліміне апарды. Бөлмелер толы болған соң мені дәлізге жатқызды. 3x4 бөлмеге 50 адамды күштеп қамайтын. Кейбіреулерде отыруға жер болмай, тұрып тұруға мәжбүр болатын. Мен зеңбіл үстінде болғандықтан дәлізге жатқызылдым. Таңертең екі ирактық келіп, жараларды жуып, дәкемен қайта таңып беретін. Жаралыларға «Аулаға шығыңдар» дейтін. Олар дәкемен таңып берген соң, қайта бөлмелеріне кіретін. Мені де таңу үшін аулаға шығаратын. Ирактық құтқарушылар менің қандай жағдайда екенімді көріп, маған қол тигізбейтін. Басқалардың жарасын бетадинмен жуып, тазалап, таңып беретін. Ал маған қарайтын да, қол тигізбейтін. Маған мүлде жоламайтын. Сөйтіп, мені қайтадан ішке кіргізетін.
  • Сізді тірі қалмайды деп ойласа керек?
  • Иә, біздің таңғанымыздан ештеңе өзгермейді деп айтты. Қысқасы, 2 аптадан кейін мені ауруханаға апарды. Аурухана «Салахеддин» деп аталды‑ау деймін. Онда мені бірнеше тексерістен өткізіп, аяғымның қай жері сынғанын анықтады, басқа қандай зақым барын қарады. Мен ол жерде бір апта болдым. Біздің ауруханаға кіруіміздің өзі қызық болды. Жедел жәрдем көлігі емес, автобустан бізді түсіріп каталкаға жатқызатын адамдар ойнап жүргендей көрінетін. Бізді арбаға отырғызып алғандай итере жүгіріп, аурухананың ішіне кіргізетін. Менің аяғым сынған. Сынған аяқты салдырлатып жылдам апарсаң, ауырады, әрине. Өститін бұлар.
  • Рақымшылық танытпаған екен ғой
  • Рақымшылық болмады. Құлатып алса, күліп отырып көтеріп, ішке кіргізетін. Қысқасы, сол жерде менің аяғыма гипс салды. Аяғымның сынғанын түсінген соң аяғымның төмен жағынан беліме дейін гипстеп, бұрынғы бөлмеге, жолдастарымның жанына жіберді. Бір ай сонда болдық. Менің жарам гипстің астында қалып қойған еді. Зақымданған жер тазаланып тұруы керек. Менің жарам гипстің астында қалып, тазаланбай, ішіне инфекция түсіп кетті. Аяғым қыши бастады. Тырнай да алмадым, өйткені гипстің астында қалды. Бір жолдасымда тырнақалғыш бар еді. «Жараң қай жерде?» деп сұрады. «Мына жерде» деп көрсеттім. Сол жерді тырнақалғыштың үшкір ұшымен тесе бастады. Сол бөліктің гипсін жонып алып тастады. Тесік пайда болған кезде аяғымның ішінен құрттар шыға бастады. Зақымыма инфекция түскен. Ішінен құрт шықты. Жеміс‑жидектің құрттарын көрдің бе? Солардан ұзынырақ, жуанырақ әрі қара. Әлгі гипстің тесігінен бір‑бірлеп шыға бастады.
  • Ирактықтар көрді ме?
  • Ирактықтарға көрсеттім. Сол жағдайда бір айға жуық уақыт болдым. Бір апта ғана ауруханаға апарды. Гипстегеннен бір аптадан кейін қайта бөлмеге жіберді. Бір ай болдық. Содан соң «Сендерді ордугаһ‑лагерьге апарамыз» деді. Иранда болған кезде «ордугаһ» біз үшін бір әдемі сөз болатын. Ордугаһ деген ауа райы жағымды жап‑жасыл жер, адам онда демалуға барады. Ирактықтар «Сендерді ордугаһқа апарамыз» дегенде біздің ойымызда Ирандағы ордугаһ тұрған еді. Мына тар да лас бөлмеден, тамақтың тапшылығынан құтылармыз деп ойладық. Ордугаһқа барған соң жағдайымыз дұрысталар дедік. Бір айдан кейін бізді автобуқа отырғызып, Тикритке алып барды. Тикрит – Саддамның қаласы. «Тикриттік Саддам» дегенді естіген боларсыз. Өйткені Саддам сол қалада дүниеге келген. Бізді сондағы әскери базаға апарды. Жеткен кезде түн еді. Мені төсенішке салып әкеткен соң автобустың еденінде жаттым. Басқалар орындықта отырды. Мен өзім сияқты тағы бір адаммен автобустың еденінде жаттық. Орындықта отырған жігіттер қараңғы болғанынан қарамастан, ақырындап перденің артынан бірдеңелер байқап отырды. Мен мүлде ештеңе түсінген жоқпын. Қысқасы, автобустар кезекпен жетіп, тұтқындар түсе бастады. Біздің автобусқа да кезек жетті.
  • Сол 100 адам болдыңыздар ма?
  • Жоқ, көбірек болдық. 300‑дей адам болған шығармыз. Одан да көп болуымыз мүмкін. Сонда жігіттердің бір‑бірімен сыбырласып жатқанын көрдім. Кенет айғай‑шу күшейіп кетті.  Автобустан түскен әрбір адамның айқайы естіліп жатты. Жігіттерді ұрып жатқанын түсіндік. Бізге де кезек келді. Мен тұра алмайтындықтан жігіттердің екі‑үшеуі менің төсенішімнің төрт бұрышын ұстап, төмен түсіруге бел байлады. Олардың кейбіреулері жаралы болатын. Бірақ бір қолмен менің төсенішімнің бұрышын ұстай алатын еді. «Бұл жаралы, біз жаралымыз. Оның төсенішін алып түсейік, мүмкін бізді ұрмас» деп ойлады. Автобустан соңғы шыққан біз едік. Қарасақ, ирактықтар автобустың есігінен ғимаратқа дейін екі қатарға тұрып алған екен. Біреуінің қолында таяқ, екіншісінде кабель болды. Қысқасы, әрқайсысының қолында бірдеңе бар еді. Автобустан түсе сала таяқ жеп, ғимаратқа кіргенде дейін соққы жейтінсің. Біз түскенде төрт адам менің төсенішімді көтеріп шыққан болатын. Ғимараттың алдына жетерде үшеуі қолдарын босатып жіберіпті. Тек бір адам ғана табандылық танытып, мені сүйреп ғимаратқа кіргізді. Яғни жігіттерді қатты соққыға жыққаны соншалықты, олар қорғану үшін қолдарын босатып жіберген. Осындай жағдай еді. Әлгі бір адам ғана шыдап, мені алып шықты. Шын мәнінде ордугаһ‑лагерьдегі қарсы алу осылай болды. Бұл жақтың ордугаһы Иранның лагеріндей емес екенін түсіндік. Бұл шын мәнінде барлық тұтқындардың ортақ естелігі. Өйткені бүкіл ирандық тұтқындар осылай қарсы алынды. Иранның соғыс туралы фильмдерін көрген болсаңыз, кейбіреулерінде ордугаһқа кіре берісте осындай ұрып‑соғу сахналары бар. Ғимаратқа кіргенде ішінде ештеңе жоқ екенін көрдік. Бұл жер бұрын қойма болғанға ұқсайды. Ішін босатқан үлкен бір салон еді. Ішінде цементтелген еден мен бірнеше терезеден басқа ештеңе болмады. Бізді ішке кіргізіп, сыртымыздан жауып кетті. Жігіттер әжетханаға барғысы келді. Есік жабық. Әжетхана жоқ, су жоқ. Шыдай алмағандар мәжбүр болды... Кешіріңіз, салонның бір бұрышы көлшікке айналды. Жігіттер бір бұрышқа дәрет сындыруға мәжбүр болды. Ертеңінде есікті ашып, жігіттердің өздеріне салонды тазалатты. Бұл күнделікті шаруаға айналды. Сосын бір күні шелек берді. Соны қолдана бастадық. Ордугаһқа келгендегі алғашқы күндері осындай жағдайда болдық. Төсек жоқ, төсеніш жоқ, ештеңе жоқ еді.
  • Бәрінен сіздің жағдайыңыз нашар болған шығар? Үнемі қозғалыссыз жаттыңыз ғой.  
  • Менің жағдайым ауыр болды. «Өліп қалған жақсы‑ау маған» деп сәт сайын ойлап жаттым. Мен және екі адам осындай жағдайда болдық. Бір жігіттің аяғы тізеден жоқ еді. Ол менің жанымда жататын. Біз екеуміздің жағдайымыз басқалардан нашар болатын.
  • Ол кісінің аты есіңізде бар ма?
  • Аты Хабибулла еді. Шираздың жігіті. Оның рухы мен физикалық жағдайы менікінен жақсырақ болды. Аяғы кесілген болса да, рухы берік еді. Спортпен айналысатын. Жатқан күйі жаттығу жасайтын. Бір күні бұл жігіт шәһид болып кетті.
  • Не болды?
  • Ұйқыда жүріп кетіпті. Жігіттер таңертең тұрып қараса, шәһид болып кеткен көрінеді.  Жолдастарымыздың бірі түс көрген екен. Түсін маған айтып берді...  

Тегтер