Сәу 13, 2016 13:18 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (8)

Селжұқтар жаугер халық болған. Олардың Иранмен көршілес жерлерді басып алудағы себебі де осы соғысқұмарлық болса керек. Селжұқтар дәуірінің соңында билік басындағылардың бір-бірімен соғысы, олардың өзара бақталастығы және нөкерлердің билік басына келуі салдарынан жергілікті мемлекеттер өздерінің тәуелсіздігін жариялай бастады.

Осы мемлекеттердің бірі Хорезмшах әулетіне тиесілі болған. Құтб ад-Дин Мұхаммед бұл мемлекеттің негізін қалады және ол х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың басынан 7 ғасырдың басына дейін (12-13 ғасырлар) билік құрды.

Хорезмшах мемлекетінің барлық кезеңі қақтығыстар мен жанжалға толы болды деп айтса болады. Бұл тынышсыздық пен көптеген әскери жорықтар халықтың оларға деген қорқынышы мен жеккөру сезімін тудырды. Бұл әулеттің соңғы патшасы Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах ақылсыз адам болған. Сол кезде Ираннан алыс жерде билік құрып тұрған моңғолдар Сұлтан Мұхаммедтің ақылы аздығын пайдаланып, өз өкілдерінің өлтірілгендігін сылтауратып, Иранға қарсы жорық бастады. Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах қорыққаннан моңғол әскерінен қашып кетті және алыстағы бір аралда қайғы мен құсадан қайтыс болды. 

Бұл патшаның билік құрған кезеңі соғыстар мен жеңістер тұрғысынан ең әйгілі дәуір болды. Ол бүкіл Иран, Мәуереннахр, Хорезм және Түркістан мен Үндістанның бір бөлігін басқарып тұрды. Сұлтан Мұхаммед Хорезмшахтың жауынгерлік рухы жоғары болғандығына қарамастан, еш айла-шарасы, белгілі бір саясаты болмаған. Хорезм ежелгі Иран мен Римнің өте қатты ықпалында болса да, өнердің тәуелсіз түрін тудыра алды. Мұны сол дәуірдің сәулет өнерінен көре аламыз. Ресей зерттеушісі С.П. Толстовтың зерттеулері бойынша, хорезмшахтықтардың суландыру жүйесі мен сәулет өнерінің ерекше тәсілдері б.з.д. 6-7 ғасырларда қалыптасқан. Әрине, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен географтардың жазбалары нақтырақ уақытты, яғни Ахеменидтердің дәуірін осы сәулет өнерінің бастауы деп атайды. 

Хорезмшах сәулет өнерінің ең маңызды формасы қамал салу ісінде көрініс тапты. Осы дәуірдің ең көрнекті қамалы – "Тұпрақ" қамалы. Бұл қамал Хорезмшах билеушілерінің өмір сүріп, билік құратын орны болған. Толстов өзінің қазба жұмыстарында тек тұрғын үй кешендерін ғана емес, мүсіндеу және сурет салу өнерінің көңіл аударарлық белгілері бар қаланы анықтады. 

"Тұпрақ" қамалы – тіктөртбұрышты кешен. Оның ауданы 1380х1910 шаршы метрді құрайды. Оның айналасына кең ор қазылған. Ордың үстіне салынған көпір қамалдың сыртқы қабырғасына салынған кішкене сарайға жол ашады. Осы кіре беріс сарай бұл қамалды қалаға айналдырды. Әртүрлі көлемдегі төртбұрышты мұнаралар бұл тарихи құрылыс ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Тіпті бұл қамалдың жоғары қабаттарынан бедерлі тиындар табылды. Бұл тиындарда нақты уақыт б.з. 6-7 ғасыры деп жазылған. 

Хорезмшах билеушілерінің өмір сүріп, билік құрған орны болған "Тұпрақ" қамалының басты бөлігі көп бөлмелі екі қабаттан тұрған. Орталық бөлмелер әдемі мүсіндер және суреттермен безендірілген. Бұл бөлмелер сарайдың арнайы қонақтарын қабылдайтын орындары болған. Мүсіндердің маңызды ерекшелігі - олардың түрлі түсті болуы. Жанама залдар, бөлмелер мен дәліздер әртүрлі суреттермен безендірілген. Бізге жеткен мүсіндердің ішінде көңіл аударуға тұрарлық бірнеше туынды бар. Олардың бірі - жеміс көтерген әйелдің мүсіні, екіншісі – арфа тартып отырған екі адамның мүсіні. Еуропалық өнердің әсерімен жасалынған бұл мүсіндердің басқа мүсіндерден ерекше айырмашылығы бар. 

Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырдың басында моңғолдар Иранның абадтандырылған жеріне шабуыл жасады. Олар қырып-жойып, талан-таражға салғаннан кейін бұл жерді сөнген қабірстанға айналдырды. Моңғолдардың шабуылынан қашқан бұқаралық бір дәруіштен "не көрдің" деп сұрапты. Ол: "Келді, отқа орады, қырып-жойды да кете барды", -деп жауап беріпті. 

Дәруіштің сөзіне керісінше моңғолдар Ираннан кете қойған жоқ. Бірнеше уақыт өткеннен кейін сол қанқұйлы жаугершілердің ұрпақтары басқа да басқыншылар секілді Иранның мәдениеті мен салт-дәстүріне бой ұсынды және олардың көбі Ислам дінін қабылдады. "Илханиан" деп аталатын олардың бір тармағы Иранның бұрынғы патшалары сияқты таққа отырып, тәж кию рәсімін өткізді. Олар шатырда тұруды қойып, өмір сүру үшін көптеген сарайлар мен қамалдар салды. 

Бірақ Илханиан билігі кезінде Иранның мәдениеті мен өнерінің бесігі болып табылатын Хорасан аймағында қалаларды қайта қалпына келтіретін сәулетшілер мен өнер иелері жетіспеді. Қуанышқа орай, Иранның оңтүстігі мен батысында моңғолдар шабуылынан қашқан сәулетшілер мен өнер адамдары Иранның мәдениеті мен өнерін қайта жандандыруға кірісті. 

Моңғолдың алғашқы илханы Хулагухан Бағдад халифатын құлатты. Ол Марағе қаласын өзінің елордасы ретінде таңдап алды және өзінің ирандық уәзірі данышпан Ходже Насер ад-Дин Тусидің бағыт-бағдар беруімен Иранның мәдениеті мен өнерін қайта жандандыруға кірісті. Осы жолда өткен замандардағы өнер тәсілдері Иранның оңтүстік және батысында таралған сәулет өнері және қала салу өнерінің ерекшеліктерімен араласып кетті. Осы стильдер тайталасында Әзірбайжан сәулет өнері басымдылық танытып, "Әзери" (әзірбайжандық) стилі пайда болды. Иранның астанасы Марағе қаласынан Тебризге, одан Занджанның маңындағы Сұлтание қаласына ауыстырылды. Осы қалалардың барлығы Иранның солтүстік-батысында, яғни Әзірбайжан аймағында орналасқан. Аз уақыт ішінде жаңа салынған Сұлтание қаласы абадтандырылу және әсемдігі жағынан сол замандағы қалалардың алдыңғы қатарына шықты. Бірақ табиғи жағынан қолайлы жер болмағандықтан, қалай тез абадтандырылды, солай тез қирап қалды. Илханиан заманында моңғол шапқыншылығының қирандыларын түзетуге көптеген әрекеттер жасалды. Біртіндеп көптеген қалаларда қирандылардың үстіне әдемі мешіттер, медреселер мен керуен сарайлар салынды. 

Аббас Экбаль сынды кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұрын шектеулі болған Иран мен Қытайдың байланысы Илхандықтар кезінде шарықтау шегіне жетті. Бұл байланыс Иранның барлық өнер түрлері, әсіресе сәулет өнеріне өте күшті әсер етті. Мысалы, Қытайдың құрылыс жобасы мен формасына еліктеу, кафель салуда ашық көк түсті, ал күмбезді көмкеруде көк түсті пайдалану, ғимараттар мен мұнаралардың шатырын моңғолдардың киіз үйінің төбесіне ұқсатып салу кең таралды. Осы тарихи кезеңде ғимараттардың сырты шикі немесе кептірілген кірпіш және біртектес тастармен өрілген. Ал ғимараттардың іші кейде кірпіш пен алебастрдың бір қабат қабығымен жабылған. Біртіндеп ғимараттардың көбінде кірпіштің орнына нақышталған керамикалық жапсырмалар мен әшекейленген кафельдер пайдаланыла бастады. Кірпіш пен кафельді араластыра пайдалану және алебастрдың үстіне сурет салу кең таралды. Осы дәуірдің ерекшеліктерінің бірі сәулет құрылыстарының жобасын жасауда геометриялық өлшемдерді пайдалану болып табылады. Басқа дәуірлердегі стильдерге қарағанда "Әзери" стилінде жобаның әралуандығы көбірек байқалады. Сондай-ақ осы стильде бұрын соңды болмаған өте үлкен көлемдегі құрылыстар салынды. Мысалы, Сұлтание мұнарасы мен Әлишах мешіті. 

"Әзери" сәулет стилі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең Әзірбайжанда Хулагу мен оның орынбасары билік құрып, Марағе қаласы астана болған кезінде қалыптасты. Екінші кезең Әмір Темір заманында Самарқандтың астана болып таңдалынып алынған кезінде қалыптасты. 

Бұл тарихи кезеңнің сәулет өнеріне әсер еткен ерекшеліктері бар. Мысалы, құрылыс салудағы жылдамдық, жұмыс күшінің көп болуы және оның артылып жатуы кейбір ғимараттардың көзге ұрып тұрған қателіктермен салынуына себеп болды. Бұл кезеңде кейбір билеушілер жолдың бағытын ауыстырып отырған, осы себептен кейбір қалалар құлдырап, ал кейбіреулері абадтандырылды. Бұл жағдай "Әзери" сәулет стилінде өте тартымды әралуандықты тудырды.