Сәу 13, 2016 13:32 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (11)

Иранның сәулет өнері өзінің ұзақ тарихы барысында көптеген құлдыраулар мен шарықтауларды басынан өткізді. Оның қалыптасуына ауа райы мен саяси-әлеуметтік жағдай көп әсер етті.

Жалпылама бағалай келіп, былай деп айтуға болады: жергілікті материалдар мен жобалар қолданылған Иранның халықтық сәулет өнері әртүрлі дәуірлер барысында тек аз ғана өзгеріске ұшырап отырды. Ал биліктегілерге қатысты сәулет өнерде билеушілердің құдыреті мен қаржылық жағдайына орай жаңа да өте қымбат материалдар қолданылды. Екінші жағынан құрылыстардың сыртқы келбеті, тіпті ғимараттардың жобасы әрбір тарихи кезеңде өзгертіліп отырған.

Иранның сәулет стилі алтыға бөлінсе де, х.қ.ж.с. 12 ғасырында (18 ғасыр) Иранда "барокко" деп аталатын араласқан сәулет стилі пайда болды. Бұл стиль ұзақ уақыт бойы Иранның ғимарат салу жобасына әсер етті. 

Х.қ.ж.с. 12 ғасыр (18 ғасыр) Иран үшін күрес пен мазасыздыққа толы ғасыр болды. Сефевидтер әулетінің ауғанның мардымсыз күшінен жеңіліс табуы жылдар бойы жойқын қантөгіс пен жаппай қырғынның болуына себеп болды. Бірақ 1735 жылы Надер шах Афшар билікке келді де, Иранды басқыншылардың қолынан азат етті. Ол "Афшарлар" әулетінің негізін қалады. Бұл әулеттен кейін Зенд әулеті билік басына келді. Осы дәуірлердің барлығы да қақтығыстар мен талас-тартысқа толы болды. Х.қ.ж.с 1200 жылғы (1785 жылғы) қақтығыстар барысында ресми түрде Қаджарлар әулетінің негізі қаланды. Олар шамамен жүз жыл бойы Иранда билік етті. 

Қаджарлар әулеті кезінде Еуропамен байланыс жасау шарықтау шегіне жетті. Сауда-саттықтың дамуы және байыбына бармай Еуропаға еліктеу Қаджар дәуірінің ерекшелігі болып табылады. Осы әулеттің шахтарының бірі Насер ад-Дин Шах х.ш.қ.с. 1250 жылы (1834 жылы) Еуропаға сапар шекті. Оның Еуропадағы өмірдің сырқы көрінісіне қызыққандығы соншалықты Иранға қайтып келгеннен кейін еуропалықтарға еліктеп, Иранның сыртқы көрінісіне өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер алдымен сәулет өнерінде көрініс тапты. 

Осы өзгерістердің жалғыз себебі Насер ад-Дин Шахтың Еуропаға бірнеше рет баруы деп айту дұрыс емес. Студенттерді Еуропаға оқуға жіберу, саяси қайраткерлер мен саудагерлердің Еуропаға сапарлары ирандықтардың Еуропаның өнерімен танысуына қолайлы жағдай тудырды. Басқа жағынан 18-19 ғасырлардағы Еуропадағы өнеркәсіптік серпіліс, еуропалық елдердің отарлық саясатының күшейтілуі Батыс елдерінің басқа елдермен салыстырғанда басымдылығы артты. 

Осы жағдайды назарға ала отырып, сол заманғы Иранның ғимараттары мен байлардың үйлері еуропалық ғимараттарға еліктеп, солардың сәулет стилімен салынды. Тіпті сәулетші Мұхаммадхан Санеи ғимараттарды еуропалық ғимараттардың суреттеріне қарап салған. Бірақ олардың сүйенері жаңағы суреттер болғандықтан, еуропалық сәулет стилі ирандық сәулет стилімен үйлесімділік тауып, біте қайнасып кете алмады. Сондықтан кейбіреулер осы стильді "ирандық барокко" деп атайды. Өйткені Еуропадағы барокко стилінің кейбір ерекшеліктері Қаджар заманындағы Иранның сәулет өнерінде көрініс тапты. 

Қаджарлар дәуірінде сәулет өнерінің бұрынғы стильдері Ираннан мүлде кетті деп айта алмаймыз. Өйткені базарлар, моншалар, керуен сарайлар, медреселер мен мешіттер салу шамамен бұрынғы стильдерді пайдаланылып салынды. Осы дәуірдегі жаңалық – қалалық сәулет өнері болды. Оны көбіне салтанат сарайлары, әскери орындар мен әскери казармалардан көруге болады. 

Осы дәуірде үлкен қалаларға кіре берісте безендірілген дарбаза салу әдетке айналды. Қалаға келіп тірелетін әрбір үлкен жолдың бойына дарбаза салынды және сол дарбазаның аты қаланың атымен сәйкес болды. Мысалы Қазвиннен Тегеранға келетін жолдың бойындағы дарбаза "Қазвин дарбазасы" деп аталды. Бұл дарбазалардың аркасы кафель және алебастрдан жасалған жапсырмалармен безендірілді және тәуліктің белгілі бір уақытында халықтың жүріп-тұруы үшін ашылып тұратын. Бірақ "барокко" деп аталатын сәулет стилі шахтардың Тегерандағы сарайларында көрініс тапты. Тіпті Қаджар әулеті құлатылғаннан кейін де осы стиль сақталып қалды. Тегеран жылдар бойына Насер ад-Дин Шахтың кезіндегі үйлесім таба алмаған стильдің құрсауында қалды. 

Қаджар дәуірінде ғимараттар әртүрлі кафельдер және суреттермен безендірілген. Кафельдің бетіне жағылатын жылтырақ бұрынғы кезеңдерде әртүрлі металдар мен минералдық заттардан алынған болатын. Кафельдің бетіндегі түстің әртүрлі болуы себебінен олар көп жағдайда араласып кетіп отырған. Ресейден дайын қалыпқа салынған жылтырақтардың әкелінуі Ирандағы кафельдердің сапасын арттырды. Кафель түсінің қанық болғандығы соншалықты оның әшекейі жүздеген жыл бұрын салынған ғимараттан көнелеу болып көрінді. 

Бірақ кафель бетін жобалауда бұтақтар, жапырақтар және гүлдандағы роза гүлін салу бұрынғы лалагүл мен лотос гүлдерінің орнын басты. Еуропалық шілкеулер, сарайлар, тіпті диірмендердің суреттері кафельдердің бетіне салынатын болды. Бұл суреттер осы замандағы сәулет өнері өзінің бірегейлігінен айырылғандығын көрсетеді. Хиджабсыз әйелдердің суретін кафель беті мен қабырғаға салу кең таралды. Сөйтіп Иранның сурет өнеріне жаңалық енгізілді. 

Қабырға мен төбені безендіруде айна сынықтарын жапсыру біртіндеп алебастр жапсырмаларының орнын басты және сары, ақ және күлгін түстер басқа түстерден қарағанда көбірек пайдаланылатын болды. 

Сәулет өнерінің "ирандық барокко"стилінің тағы бір ерекшелігі мұнда пирамида пішіндес шатыр, римдік аркалар және гректің стилімен капительдер салу кең таралды. Бұл бастамалар Иранның сәулет өнерімен жарасымды үйлесім таба алмады. Осы дәуірдегі сәулет өнерінің айқын үлгісі – Тегерандағы "Гүлістан салтанатты сарайлар кешені". Ол Насер ад-Дин Шах кезінде еуропалық сәулет стилінің әсерімен салынды. Бұл кешен әртүрлі стильдермен салынған ғимараттардың жиынтығынан тұрады. Мұнда жеке резиденция, орталық сарай, аза тұту рәсімдерін өкізетін орын, шахтың қазынасын сақтайтын мұражайлар орналасқан. Айна сынықтарымен безендірілген зал, кітапхана, фарфор ыдыстар орналасқан зал және Шамс ол-Амаре ғимаратын да осы кешеннен көруге болады. Бұл кешен қазір Тегеранның тарихи бөлігінде орналасқан. Бұл ескерткіштердің көбі ежелгі Иран, Ислам дәуірі және батыстық сәулет стильдерінің жиынтығынан құралып, әртүрлі әшекейлермен безендірілді. 

"Иран сәулет өнеріне шолу" атты кітапта былай деп жазылған: "ирандық барокко" стилінің ерекшеліктері бұл стильдің әртүрлі стильдерден әсер алуы себебінен әралуан болып келеді. Сарайдың кіре берісіне орталық баспалдақ салу және оның көтеріле бере екіге бөлінуі Ресей сәулет стилінің әсері болып табылады. Әдемі жобамен жерасты бөлмелерін салу және оны кірпішпен өру, дем алып, ойын-сауық өткізуге арналған "бассейні бар бөлме" салу осы дәуірде кеңінен таралды. 

Қалай болғанда да, бұл "ирандық барокко" стилі ауа райы жағдайы мен Иранның бұрынғы сәулет стильдеріне көңіл аудармастан қолданылды. Сондықтан жалпы халық арасында қолдау таба алмады. Сөйтіп, Қаджарлар әулетінің дәуірі аяқталғаннан кейін аз-аздап қолданыстан шығып қалды. Тегеранның кейбір жерлерінде ғана "ирандық барокко" стилінің белгілерін көруге болады. Бүгінде бұл орындар туристер аралайтын мұражайларға айналды.