Иран мәдениеті және сәулет өнері (12)
Тарихи зерттеулер әр елдің сәулет өнері белгілі бір географиялық және әлеуметтік жағдай ықпалында болатындығын көрсетеді. Көптеген өзгерістер енгізілгендігіне қарамастан, ежелгі дәстүрмен салынған ғимараттардың қазіргі құрылыстармен өте көп ортақтықтары бар.
Бұл ортақтықтар мен бірдей элементтер бір сөйлем немесе өлең құру үшін қолданылған сөз секілді. Мұндай жағдайда сөздің мағынасына көңіл аударумен қоса, ол сөздің мәдени мазмұны мен ауыспалы мағыналарына да көңіл аудару қажет.
Мысалы, егер біз қабырға, терезе, еден, төбе және күмбез (шаңырақ) сынды ғимараттардың бөліктерін атайтын болсақ, олардың бір-бірімен өзара байланысын ерекше бір ережеге бағынған деп есептейміз. Мысалы грамматиканың ережелеріне сүйенген сөздер бір-бірімен байланыста белгілі бір орынды иеленіп, өз құрылымының мәнін басқаларға түсіндіреді. Сәулет өнеріне қатысты ережелер де көп жағдайда геометриялық жүйеге сүйенеді. Әрбір ғимаратты салуда пайдаланылған ереже мен өлшемді ала отырып, оның қандай сәулет стилімен салынғандығын анықтау оңай.
Сәулет стилін терең тануға көмектесетін тағы бір жолдардың бірі ғимараттың әрбір бөлшегінің мәніне және олардың жобаны орындау барысында бір-бірімен қалай біте қайнасқандығына көңіл аудару қажет. Егер мешітті құрайтын бөлшектерді алатын болсақ, күмбез, мұнара, дәліз бен мехраб - бұлардың барлығы қосыла келіп, ғибадат ететін орын деген мағынаны береді. Осы арада аталған элементтердің (күмбез, мұнара, дәліз бен мехраб) әрқайсысының діни-мәдени тамырына көз жүгіртуіміз керек және жалпы мешіттің өзін қарастыруымыз қажет. Осылайша бір сәулет туындысын зерттеп, талдау үшін оның үлгілері мен формаларын тану қажет.
"Жүйе" парсы тілінде "тәртіп, безендіру, тұтастық бір істі бастау" деген мағынаны береді. Басқа тілдерде де бұл сөз "тиімді ереже" және "заңдылық, дәстүр" деген мағынаны білдіреді. Жалпы бір кешен немесе құбылыстың жүйесі жайлы тек сол кешеннің бөлшектерінің өзара байланысын зерттеген кезде ғана сөз етуге болады. Барлық діндер, үкіметтер мен әртүрлі мектептер жүйе принциптеріне негізделген. Жүйе құбылыстар мен тіршілік иелерінің қалыптасуына және олардың ұзақ өмір сүруіне әсер ететін фактор болып табылады. Тіпті ол әдеміліктің пайда болу факторы деп таныстырылған. Жалпы адамзат болмысы жүйеге негізделген деуге болады.
Австралиялық өнертанушы Колар осы жайлы былай дейді: "Бір ғимарат қардың бір ұшқыны, бір кристалл, бір ағаш немесе бір қабыршақ сияқты. Оның салыну мақсатын анықтау үшін бір геометриялық кеңістіктің жүйесін тану қажет". Сәулет тарихы мен қала құрылысын зерттеу нәтижелері әдетте қалалар мен ондағы ғимараттардың салынуында тұрақты жүйе болғандығын көрсетеді. Бұл жүйе құдайылық, табиғи және адамзат жүйелері негізінде қалыптасқан.
Құдайылық жүйе Алла тарапынан жаралып, бүкіл болмысты қамтитын жүйе болып табылады. Адам үнемі осы жүйені танып, оны сақтауға тырысуы қажет. Бұл жүйе адамның барлық істерінің үлгісі болуы тиіс.
Табиғи жүйе табиғат, бүкіл әлем және табиғи құбылыстарға билік жүргізетін жүйе болып табылады. Осы сипаттама бойынша, кейбір сыртқы қайшылықтар табиғи жүйеге сәйкес келмеген жағдайда туындайды.
Адамзат жүйесі адам баласының қолымен адамдар немесе қоғамдар арасындағы байланысты реттеу үшін жасалған жүйе болып табылады.
Ислам бойынша, бұл жүйе де құдайылық жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені ол адамның ойлау қабілетінің арқасында жасалады, ал адамның өзін Алла жаратты.
Шахмат іспеттес әртүрлі көшелерден тұраты қаланы көз алдыңызға елестетіңіз. Адамның көзі бір-бірін кесіп өтіп жатқан вертикалды сызықтарды көреді. Бұл сызықтарда математиканың қарапайым ережелері мен заңдары айқын байқалады. Сызықтардың (жолдардың) ұзындығы мен енінің бір-біріне сәйкестігі, ғимараттардың биіктігі мен түстердің әралуандығы – осының барлығы белгілі бір жүйенің барлығын көрсетеді. Бірақ тереңірек талдауды тек төменде берілген сұрақтарға жауап берген кезде ғана орындай аламыз. Сұрақтар мыналар:
- Бұл торапта басымдылық қайсысына берілген? Адамға ма, көлікке ме?
- Осы тасымалдау торабының адамның психикасына әсері қандай?
Мамандардың айтуынша, әрбір дінде сипатталған жүйе ғимараттар мен қала келбетіне тікелей әсер ете алады. Кейбір теоретиктер бір ғимараттың немесе бір қаланың сәулетін адамның денесіне теңеген және адамның үш бөлігін (бас, жүрек және дене тұрқын) биліктің орталығы, рухани орталық және жұмыс пен сауда орталығына теңеген. Денеде қалыптасқан жүйе Ислам дәуірінде исламдық ғалымдар тарапынан зерттелді. Ирандық жобалаушылар көп жағдайда адамның денесінде қалыптасқан жүйеден үлгі алып, оны қала салуда пайдаланған.
Атақты мұсылман тарихшысы Ибн Халдунның көп қайталайтын сөздерінің бірі - "қала" немесе "өркениет" сөзі. Өркениет шын мәнінде қала өмірімен (яғни отырықшылықпен) байланысты. Осыған орай қаладағы тәртіп жаңа мәнге ие болады. Қала – көшпенді тұрмыспен салыстырғанда тәртіпке келтірілген өмірдің үлгісі болып табылады. Дала, тіпті орман мен тауда шексіз де әралуан кеңістік бар, сондықтан адамзат жүйесі онда орын тебе алмайды.
Ежелгі Иран өркениеті және одан кейінгі исламдық өркениетте тәртіпке келтірілген байланыс жолдары бар үлкен қалалар болған. Иранның осы мәдени жетістігі ғасырлар бойы аталған өркениет таралған жерлерде абадтандырылған кең қалалардың қалыптасуына себепші болды. Бұл ирандықтардың әлеуметтік өмірде заңдылыққа сүйенген жүйе қалыптастыруға деген ынтасын көрсетеді.
Экбатан және Парс сынды Иранның ежелгі қалалары және Бағдад, Тус, Исфахан, Шираз, Тебриз және Рей сынды Исламның ең үлкен қалалары – осының барлығы адамзаттық және исламдық құндылықтардың шағылыс тапқан айнасы болып табылады. Бұл қалалардың ең маңызды ерекшелігі - олардың құрылысында белгілі бір жүйенің болуы. Жалпы алғанда әрбір қала бір үй сияқты. Үйдің Ислам мен Ирандағы мәнін түсіну үшін оның салыну ережесін қарастыруымыз қажет.
Иран мәдениетінде үй - тыныштық пен жанға-жайлылықты қамтамасыз ететін орын. Оның ішкі кеңістігінде бір жанұя немесе бір-біріне жақын бірнеше жанұя өмір сүреді. Бұл кеңістік көлемі шағын жеке-жеке бөліктерге бөлінген. Сырттан оның іштегі тіршілігі байқалмайды. Бірақ оның ішкі дүниесі әрқилы болып келеді.
"Исламдық қалалар" атты кітаптың авторы Нәжмеддин Бамматтың айтуы бойынша, исламдық-ирандық қалалардағы көшелер қабырғалардың жалғасы. Ондағы ғимараттардың терезелері ішке қаратылған. Сондықтан сырттан қарағанда онда ерекше жүйені көруге болады. Ғимараттардың негізгі пішіні сырттан қарағанда қарапайым және біркелкі болып келеді. Жанұя мүшелері бөтен адамдардың көзіне түспейді. Бұл мұсылмандардың тыныштықты сақтау және үй ішіндегі адамдардың жеке кеңістігін сақтауға бағытталған сенімінен туындайды. Бұл үлгі Иранның бүкіл сәулет өнерінде - қала салу немесе үй салуда толықтай сақталынған.