Иран мәдениеті және сәулет өнері (14)
Үй тыныш та жанға жайлы орын ретінде адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі болып саналады. Адам үнемі өзінің бұл қажеттілігін қамтамасыз етуге тырысады. Сыртқы кеңістіктердің арасында үй адамға ең жақын, онымен тығыз байланыстағы және оған әсер ететін кеңістік болып табылады.
Адам өзін оған тиесілі деп сезінетін алғашқы кеңістік үй болып табылады. Осы үйде адамның жалғыздықта немесе жақындар ортасындағы алғашқы тәжірибесі басталады. Үйде адам жалғыз қала алады немесе туған-туысқанмен бірге бола алады.
Франсис Бекон: "Үйлер өмір сүру үшін қажет, тамашалау үшін емес. Сондықтан үйдің пайдалану мүмкіндіктері оның сыртқы көрінісінен маңыздырақ. Болмаса, бір үйде осы екі мәселені бірдей назарға алуға болады",-дейді.
Үй онда жанұя тұрғанда ғана ерекше мәнге ие болады. Жанұя - қоғамның ең кішкентай бірлігі. Жанұя Шығыс қоғамында "ішке бағытталу" сипатына ие және жай ғана тұратын жер емес, оның терең мағынасы бар, онда жанұяның әрбір мүшесінің тұлғасы мен сезімдері қалыптасады. Ежелден-ақ жанұя мен оның әулеті үйге ерекше анықтама берген. Иранның дәстүрлі сәулет өнерінде көптеген үйлер адамдардың атымен аталған. Мысалы, Кашан қаласындағы Бруджерди үйі немесе Табатабайи үйі. Бұл жағдайларда үнемі жанұяның аты үйдің есіміне айналып отырған.
Иранда үй салу ежелден-ақ мәдени жағдай, ұлттық және діни әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге негізделіп отырған. Иранның ежелгі сәулет өнерінде үйдің ішкі бөлігін безендіруге өте көп көңіл бөлінген, ал үйдің сыртқы көрінісі аса маңызды емес еді. Үйдің ең маңызды бөлігі оның ішкі бөлігі болған. Сөйтіп үй тұрғындары сырқы көзден қорғалып отырған.
Өзінің ежелгі құрылымын сақтап қалған қалаларда терезесіз қабырғаға жасалған үлкен ағаш есіктер үйдің кіре беріс есігі болып табылады. Бұл есік адамды "хешти" деп аталатын кеңістікке кіргізеді. "Хешти" кішкене дәліз іспеттес. Ол кіре беріс есікті үйдің ауласымен жалғастырып жатыр. Бұл дәліздің төбесі жабылған және еденіне тас төселген. Ол 90 бұрышқа қиғашталып жасалған, сондықтан ол жерден аула көрінбейді. Дәліздің соңына жете бергенде тіктөртбұрышты кең де ашық ауланы көруге болады. Верандалар, есіктер мен терезелер оны айнала орналасып, әдемі де жанға жағымды ирандық үйді көз алдыңызға әкеледі. Егер үй тұрғындарына таныс адам болсаңыз, "андаруни" деп аталатын үйдің ішкі бөлігіне кіре аласыз, ал егер бейтаныс адам болсаңыз, "бируни" деп аталатын сыртқы бөліктегі қонақ күту бөлмесіне жіберілесіз.
Бұрын үйдің ауласы Күннің сәулесін қолайлы пайдаланып салынған және онда шөлді аймақтың желі мен дауылынан сақтану мәселесі назарға алынған. Аула тіктөртбұрыш пішінде болған және әдетте көшенің деңгейінен жарты метрге (шамамен 2 баспалдаққа) төмен салынған. Бұл жазды күні ауладағы көлеңкені ұлғайтып, үйдің салқын сақталуы үшін жасалған. Ауланың ортасында көгілдір кафельден тіктөртбұрыш пішіндес бассейн (хауыз) салынған. Ондағы салқын да таза су үйге ерекше әдемілік беріп тұратын. Бұл бассейннің айналасында бау-бақша бар. Онда әртүрлі ағаштар мен гүлдер егілген. Ағаштар үй тұрғындарына қажетті көлеңке беріп отырған. Кейбір кішкене бассейндер тастан жасалатын және оның ортасында суды ауыстыруға қажетті тесік жасалған. Кейде бассейнде субүркек жасалатын. Ол үйдің әдемілігі мен ауасының салқын сақталуына көмектесетін.
Иранның үйлерінде әдетте екі аула болған. Бірінші аулада айнала отыруға болатын күркелер құрылған. Тұрмыс жағдайы жақсы адамдардың үйінде бірінші аула қонақтарды күтуге арналған. Осы аулада орналасқан қонақ күту бөлмелерінің ағаш есіктері екі жақтаулы болған. Бұл бөлмелердің түрлі түсті шыныдан жасалған терезелері аулаға қарай қаратылып салынған.
Үйдің бұл бөлігі дәліз арқылы ішкі ауламен жалғасып жатыр. Ішкі аула да тіктөртбұрышты пішінде салынған. Бұл аулада да бөлмелер, дәліздер мен верандалар салынған. Бұл жер үй тұрғындарының жүріп-тұратын орны болып саналған. Оның ортасында да тастан жасалған кішкене бассейн болған. Бөтен адамның бұл аулаға кіруіне рұқсаты болмаған. Үй тұрғындары бөтен адамдардың көзінен таса еркін өмір сүріп, жүріп-тұратын. Жаз мезгілінде аулаға ағаш күркелер қойылатын. Үй тұрғындары күн батқаннан түнге дейін аулада, ағаштардың көлеңкесінің астында уақыт өткізетін. Жазы ыстық аймақтарда, әсіресе шөлді жерлерде үйдің төбесін түнде ұйықтау үшін пайдаланған.
Иранның дәстүрлі сәулет өнерінің ұстазы марқұм Мұхаммад Кәрім Пирниа осы дайлы былай дейді: "Иран халқының сенімдерінің бірі жеке өмірді құнды деп санап, оның құрметін сақтауға болып табылады. Сондықтан Иранның сәулет өнерін "ішке бағытталған" деп атайды. Аула айнала салынған құрылыстар арқылы сыртқы дүниеден оқшауланып тұратын. Оларды тек бір "хешти" (дәліз) бір-біріне жалғап тұрған. Ыстық та құрғақ климатты жердегі "ішке бағытталған" үйлер шөлдің ортасындағы жұмаққа ұқсайды. "Ішке бағытталған" кеңістік әзиз жандардың ашық құшағы іспетті, ол қай жағынан қарасақ та, ішке бағытталған".
Мұхаммад Кәрім Пирниа өз сөзін былай деп жалғастырады: "Тіпті Иранның дәстүрлі үйлерінің кіре берісі сізге Ирандағы жанұялық өмірден хабар береді. Үйлердің төбесі екі сатыдан тұрған, ол кейде демалу үшін пайдаланылған. Үйдің есігінде екі тұтқа болған. Оның біреуі әйелдерге, екіншісі ер адамдарға арналған. Ерлердің тұтқасы балта іспеттес болып келетін, оның дыбысы қатқыл болған. Әйелдердің тұтқасы дөңгелек пішінді болып келетін, оның дыбысы нәзік те жіңішке болған. Осылайша үй тұрғындары осы екі дыбыстың айырмашылығынан келген қонақтың әйел не еркек екендігін анықтап отырған."
Ирандағы үйлердің қабырғалары кірпіш немесе саманнан жасалған. Саман негізгі құрылыс материалы болған. Оны жасау үшін ағаш қалып қолданылған. Оны әртүрлі пішінде және көлемде жасаған. Көбіне саманның пішіні шаршы пішіндес болған. Саман кірпішті жасау үшін балшық, сабан және құм пайдаланылған. Кірпіштің де бірнеше түрі болған. Оны үй құрылысы, баған салу және қабырғаны әшекейлеу үшін пайдаланған. Иранда үйдің төбесі ауа-райына байланысты әралуан болып келеді. Теңіз жағалауындағы ыстық аймақтарда үйлердің төбесі шатырмен жабылған.
Ауа райы қоңыржай аймақтардағы қалалардың көбінде үйдің төбесін ағаш бөренелермен жауып, содан соң оны балшықпен сылап тастайтын болған. Каспий теңізінің жағалауында жауын-шашын мөлшерінің көптігінен төбеге ағаш тақтайлар жапқаннан кейін, оны керамикалық тақташалармен жауып отырған.
Иранның дәстүрлі үйлерінің есігі мен терезелері ағаштан жасалған. Кейбір терезелерді "ороси" деп атайды және олар торкөз пішінде болған. Оның әрбір бөлігі өз алдына бөлек бір тетік арқылы жоғары тартылған. Терезелер түрлі түсті шыны мен әртүрлі нақыштары бар ағаштан ойылып жасалған өрнектермен безендірілген.
Иран үйлеріндегі қонақ күтетін залдар мен бөлмелерде әдетте аулаға қарайтын 5 терезе болған. Сондықтан оны "Пандждари" деп атаған.