Иран мәдениеті және сәулет өнері (15)
Ирандағы үйдің құрылысы мешіттер мен медреселер сияқты жалпы ирандық сәулет стиліне бағынады. Иранның бұрынғы үйлерінің ерекшелігі төрт бұрышында төрт веранда орналасқан аула салу болған.
Бұл үйлерде негізгі веранда, есіктер мен бөлмелер солтүстік немесе оңтүстік бұрышта орналасқан. Кішірек верандалар, қоймалар мен дәретхана сынды онша маңызды емес құрылыстар шығыс немесе батыс бұрышта орналасқан. Әрине үйдің пайдалану аясы ерекше болғандықтан, әдетте ауланың бір тарапы ерекше маңызға ие болып, оған көбірек көңіл бөлінген. Әдетте Иран үйлерінде тағы бір кішкене аула салынған. Ол оқшаулану ауласы болып саналған. Кішкене аула негізгі ауланың жанына салынған. Кейде оларды бір-біріне жалғастыратын есік те болған. Ирандықтардың бұлайша үй салуы оның кеңістікті сыртқы және ішкі деп бөлуіндегі көзқарасын білдіреді.
Иранның ежелгі қалаларындағы көшелер, тіктөртбұрышты алаңдар және тарихи ғимараттарының сыртқы көрінісі Иран сәулет өнерінде бар тәртіптің үлгілері болып табылады. Мұнымен қоса, жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану да ғимараттардың сыртқы көрінісінің біркелкі болуына көмектесті.
Иран өнерінде төрт қауырсын, төрт гүл, төрт бұрыш, төрт қыр және төрт бақ сынды ұғымдарды әртүрлі суреттер мен өрнектерде өте көп кездестіреміз. Төрт жаққа қараған төрт сызық немесе бір-бірін қиып өткен екі сызық өнердің барлық салаларында ирандық өрнектердің негізін құрайды. Мыңдаған жыл бұрын ирандықтар қиғаш екі сызықты бүкіл әлемді билеп тұрған жүйе - Күн мен оның нұрының символы деп есептейтін және оны өздерінің өнер туындыларында пайдаланатын. Исламға дейінгі және кейінгі тарихи ескерткіштерде, әсіресе сәулет өнеріне қатысты туындыларда бұл символ ғимараттарды безендіруде пайдаланылған. Ғимараттардың төрт бұрыш негізінде салынуы, тіпті сол төртбұрышты ғимараттың үстіне күмбез салу ирандық сәулетшілер үшін төрт бұрыштың қандай маңызды болғандығын көрсетеді. Бұл ерекшелік Батыстың сәулет өнерімен салыстырылған кезде айқын байқалады. Қайта өрлеу (Ренесанс) кезінде 14-15 ғасырларда Батыстың ежелгі сәулет өнерінің ерекшеліктері қайта көрініс тапты. Италиялық сәулетші Леон Батиста Альберти өзінің "Сәулет" атты кітабында: "Діни ғимараттардың жобасы шеңбер түрінде немесе шеңберден таратылған қалыпта болуы тиіс. Өйткені шеңбер геометрияның ең табиғи және кемеліне жеткен формасы болып табылады",-деген. Содан соң ол: "Қиялдағы шіркеулер көзге түсерліктей болу үшін ең жоғары сәйкестік пен үйлесімдікке ие болуы тиіс",-деген. Альбертидің айтуы бойынша, тек қана шеңбер негізінде құрылған жобалар арқылы ғана осы мақсатқа жетуге болады.
Альберти өзінің осы көзқарасын "Сәулет" атты кітапта баяндағаннан кейін көптеген шіркеулер шеңбер негізіндегі жобалар бойынша салынды. Мұндай шіркеулер Еуропа халықтары арасында кең қолдауға ие болды. Альбертидің ойлары Батыс сәулет өнеріндегі шеңбер негізінде құрылған жобалардың алғашқы үлгісі болып табылады.
Әрине Леонарда да Винчи шіркеудің жобасына төртбұрышты немесе сегізбұрышты формаларды қолдануға тырысты, бірақ ол Евклидтің геометриясын пайдаланатын. Ал Иранның сәулет өнері ирандықтардың ежелгі дүниетанымы негізінде бұрыннан-ақ төртбұрышты пайдаланған.
Сондай-ақ, Батыс сәулет өнерінде төртбұрыш және сегіз бұрыш негізінде тек өте салтанатты ғимараттар мен үлкен шіркеулер салынды. Ал Иранда барлық ғимараттар- мешіттер, салтанат сарайлары, қарапайым үйлер, тіпті алыс ауылдардағы имамзадалардың кесенелері де төртбұрыш үлгісімен салынған. Ирандағы бұл ой жалғастығы бүгінде көптеген ғимараттарды салуда байқалады. Осылайша төртбұрышты құрылыс салу үлгісі Иран жерінен бастау алған деп пайымдауға болады.
Сәулет өнеріндегі "симметрия" дегеніміз бір кешен немесе бір ғимараттың ортаңғы сызығының екі жағы бір-біріне сәйкес келеді деген сөз. Иран сәулет өнерінде "төрт павильонды" құрылыс деп орталық симметриясы бар және төрт тарапы бірдей формада салынған үйлерді айтамыз. Бұл симметрия ғимараттың салыну тәртібі мен ондағы параллелизмді көрсетеді. Иранның сәулет саласындағы зерттеушілерінің пікірінше, сәулет өнеріндегі симметрия табиғи құбылыстардан алынып, табиғатта бар геометриялық тәртіп пен принциптердің негізінде қалыптасқан. Бұл ерекшелік ғимаратты салуда эстетикалық принциптердің сақталуына себепші болған.
Сәулетшілер, зерттеушілер мен мамандардың көбі иран сәулет өнеріндегі симметрияға тоқтала келіп, оны ирандық өнерпаздардың ойларын жеткізу үшін өте тиімді де ұтымды тәсіл деп сипаттайды.
Симметриядан басқа баланс пен параллелизмді сақтау Иран сәулет өнерінің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Енді осы екі ерекшелікке тоқталып өтейік. Бір кешеннің әртүрлі бөліктері бір-біріне ұқсас болмауы мүмкін, бірақ жалпы алып қарағанда ол кешенде баланс пен үйлесімділік сақталынған. Баланстың айқын үлгісін Исфахандағы Имам алаңынан (Нақш-е жаһан) көруге болады. Онда симметрия мүлдем сақталынбаған. Бірақ оның архитектуралық элементтері бір-бірінің жанына аса ұқыптылықпен жинақталғандығы соншалықты, онда ішкі тәртіп пайда болған. Жалпы алып қарағанда бұл кешенде тұтастық бар. Айта кету қажет: горизонталды және вертикалды элементтер, тіпті ғимараттың пайдаланылу аясы балансты қалыптастыруға ықпал етеді. Исфахандағы Имам алаңында төрт негізгі ғимарат бар: базар, Әли Ғапу сарайы, Имам мешіті және көбіне оқу-ағарту орталығы болған Шейх Лүтфолла мешіті. Бұл құрылыстардың сыртқы көрінісі бір-біріне ұқсамайды, яғни бұл алаңда ешқандай симметрия жоқ. Бірақ оны салуда назарға алынған баланс пен үйлесімділік әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандарды таңдандыруда. Ғимараттардың әр түрлі салаларда пайдаланылуы алаңның әр тарапында белгілі бір әлеуметтік топқа жататын адамдардың жүріп-тұруына себеп болды. Алаңның әрбір бөлігі бір-бірімен тығыз байланыста. Исфахан қаласы тұрғындарының көбі әр түрлі мәселе бойынша Имам алаңына келеді. Әрине бұл ерекшелік бұрын көбірек байқалатын. Ал қазір халық тек базар мен мешітті пайдаланады. Бірақ бүгінде бүкіл Нақш-е жаһан кешені туристердің тамашалайтын орнына айналды.