Қаз 08, 2019 17:49 Asia/Almaty

26 бөлімнен тұратын "Батыстың өмір салты: ішкі көзқарас" атты бағдарламада Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің "Революцияның екінші қадамы" атты баяндамасында сөз болған Батыс қоғамдарындағы кейбір әлеуметтік келеңсіздіктер мен қиындықтарды талдаймыз.

Өмір салты – қоғамтану ғылымында қарастырылатын тақырыптардың бірі және мәдениеттің бір тармағы. Заманауи өмірдегі орнының маңыздылығына байланысты ол барлық әлеуметтік деңгейлердегі сезімдерге қозғау салып жатқандықтан үкіметтер бұл салаға қатты көңіл бөледі. Бүгінде Еуропа мен Америкада батыстық емес елдер ислам қоғамдарындағы, соның ішінде Ирандағы өмір салтын өздері қалайтын бағытта өзгерту мақсатында арнайы орталықтар мен органдар жұмыс істеп жатқанын білген кезде өмір салты мәселесін түсіну тереңдей түседі. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Батыс елдері 100-ден аса жерсерік,  радио мен телеарналарды Иран халқына қарсы жұмылдырылды. Олар өз өнімдері арқылы Иранның  мәдениетіне әсер етіп, қоғамның өмір салтын өзгертіп, халықты революциялық мақсаттардан алшақтатуға бағытталған.

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи – ислам әлемінде  өмір салтының маңыздылығы жайында сөз сөйлеген жанашыр көшбасшылардың бірі. Ол көптеген баяндамаларында өмір салты тақырыбына тоқталып, өз тыңдармандарын өз өмір салты үшін таңдаған тәсілдерінің әсерлері мен салдарларына көңіл аударуға шақырды.

Батыстың мақсаттандырылған астыртын әрекеті бір жағынан, елдің кейбір басшыларының қапы қалып, жеңіл ойлауы екінші жағынан Ислам революциясы жетекшісінің Ислам революциясының жеңісіне 40 жыл толуына орай жасаған "Революцияның екінші қадамы" атты баяндамасының бір бөлігінде "Батыстың Иранда батыстық өмір салтын таратуға талпынысы еліміз бен халқымызға діни-ақлақтық және саяси-экономикалық тұрғыдан орны толмас зиян тигізді. Онымен күресу қырағы әрі жан-жақты джиһадты қажет етеді. Мұнда да, жастар, сіздерге үміт артып отырмыз" деп айтуына себеп болды.

 

Өкінішке орай, бүгінде дамыған ауқымды ақпарат құралдары ақлақ пен руханиятқа қарсы орталықтарға күн сайын жастар мен жеткіншектердің таза жүректеріне шабуыл жасауға мүмкіндік беріп отыр. Ислам революциясы жетекшісінің айтуынша, Батыс пен оның өмір салтын ұстанатындардың күннен күнге моральдық тұрғыдан құлдырауы, олардың әйелдер мен еркектердің азғындауы үшін көптеп жарнама жасауы әлемнің басым бөлігінде ақлақ пен руханилықты оқшауландырып тастады.

Бұл жағымсыз жағдай Батыстың ғылым мен білімге қол жеткізуі себебінен орын алды.

Білім – бір елдің абырой-айбынының ең айқын құралы. Білімнің келесі бір жағы – қарым-қабілет. Батыс әлемі білімнің арқасында өзіне байлық, ықпал пен 200 жылдық құдірет қалыптастырды. Бірақ ақлақ және сенім негіздерінен жұрдай Батыс елдері өздерінің өмір салттарын артта қалған қоғамдарға таңу арқылы олардың саясаты мен экономикасын қолдарына алды. Енді сарапшылар мен қоғамтанушылар тарапынан мынадай сауал туындайды: Батыс басқа қоғамдарға "қайырымды қала" бола ала ма? Батыс өзі көрсеткен бейнеге шынымен сәйкес келе ме? "Батыстың өмір салты" атты бағдарламада осы сұрақтарға жауап беретін боламыз.  

Америкалық психолог профессор Эдгар Шайан мәдениет пен оны құрайтын элементтерді мұз тауға теңеді. Ол тау жоғары, орта және төменгі үш бөліктен тұрады дейді. Оның пікірі бойынша, мәдениетті әртүрлі деңгейлерге бөліп, сараптауға болады. Бұл деңгейлер адам көріп, сезетін өте айқын көріністерден бастап, көмескі санаға әсер ететін мағлұматтарға дейін қамтиды. Оны "мәдениеттің мәні" деп атауға болады.  

Шайанның пікірінше, мәдениеттің сыртқы деңгейі көруге, естуге және сезуге болатын тақырыптарды қамтиды. Оған ғимараттың архитектурасынан бастап, киім-кешек, тамақ, технологиялық өнімдер, көркем туындылар мен эмоционалды қойылымдар жатады. Шайанның айтуынша, мәдениеттің бұл деңгейіне қатысты ең маңызды жайт оны көрудің оңай, бірақ құпиясын ашудың қиындығында.

Ұзақ уақыт бойы Жер планетасының қай географиялық бөлігінде болса да, адамдардың өмір сүру тәсілінде айтарлықтай айырмашылық болмады. Өмірдің барлық тұғырлары, соның ішінде киім-кешек, тамақ, тұтыну, жеке қатынастар, үйлену мен отбасы құру, тұрғын үй, жұмыс, кәсіп және өмір сүру тәсілі қарапайым болды. Алайда ғылым дамып, әртүрлі идеологиялық мектептер құрылғаннан кейін біртіндеп адамдардың алдында өз ата-аналарынан естігеннен немесе кітаптардан оқығаннан мүлде бөлек әлем қалыптасты. Заманауи Батыс елдері осы жаңа әлемді қалыптастырды.

Бір мектеп оқушысының қолына пышақ алып, басқа оқушыларға шабуыл жасауына не себеп болды? Бір жалаңаш әйелдің Флоридада бір МакДональдс мейрамханасын тонауына не себеп болды? 18 жастағы екі жігіттің 30 жастағы бір әлжуаз мүгедекті өлімші ғып ұрып, оның ойын аппаратын тартып алуына не себеп болды? Бір әкенің өзінің бір жарым айлық сәбиін жыламасын деп мұздатқышқа салып қоюына не себеп болды?

Әлеуметтік ғылымдардың зерттеушісі Майкл Снайдер өзінің "АҚШ қоғамы туралы 65 адам сенгісіз шындық" атты мақаласында осы сұрақтарды талқылады. Оның пікірінше, америкалықтардың басым бөлігі моральдық ауытқу туралы ештеңе естігісі келмейді, өйткені олар АҚШ-ты әлем халықтарына үлгі деп ойлағанды жақсы көреді. Ол мақаласында деректер мен статистикалық мәліметтер келтіріп: "Егер жақсылап қарасаңыздар, моральдық құлдыраудың мысалдарын күн сайын айналаңыздан көресіздер. Көп адамдар бұл оқиғаларды әдеттен тыс санайды, бірақ өздеріңіз көріп отырғандай, бұлар бұдан да үлкенірек бір ағым үлгісінің белгісі. Біздің қоғамымыз іштен жойылып бара жатыр. Егер оның алдын алғымыз келсе, шындыққа тура қарауымыз керек",-деді.

 

Батыс қоғамдарында қалыптасқан өмір салтының басты мизандары қандай? Батыс қоғамдарында болып жатқан оқиғаларға жалпы бір қарағанда батыстық өмір салты әдетте дәстүр мен діннен қашып, бір сәттік ләззаттарға ұмтылуға бағытталған дейміз. Батыстық өмір салтының негізгі ерекшелігі – материалдық және зайырлы өмірге негізделгендігі. Бұл өмірде басты іс және салмақ орталығы ретіндегі діннің құзыры теріске шығарылады. Бұл өмір салтында қоғамдық және жанұялық құндылықтар солғындалып, ақша мен экономика адамның басты мәселесі болып көрсетіледі. Заманауи өмір салты ақшаға негізделген. Қазіргі әлемде адам ақшамен сипатталады деп айтуға болады. Бүгінгі қоғамда адам жанұядан қашады немесе жанұямен жауласады. Бүгінде адамдар алдымен үлкен жанұя және туған-туыстардан алшақтап, шағын жанұя құруға ұмтылады, содан соң одан да біртіндеп алшақтап, толық бойдақтыққа қарай бет алуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бұл жағдай Батыс елдерінде де көрініп отыр.

20 ғасырдың екінші жартысынан бастап Батыс қоғамында қатты байқалатын келесі ерекшелік ретінде тұтынушылыққа ұмтылысты атау керек. Капитализм жаппай өндіріс кезеңіне аяқ басқаннан кейін 20 ғасырдың басынан бастап тұтыну мәдениеті бас тарту мәдениетінің орнын басты. Бұл қатынас тәсілі бүгінде заманауи әлемде өмір сүру салтының бір бөлігіне айналды. Батыс қоғамының тағы бір ерекшелігі – асығыстық. Бұл асығыстық уақыт пен сағатқа қатысты қобалжу тудырды. Сол себепті адамдардың қарым-қатынасында механикалық жағдай қалыптасты. Ақша, жұмыс, уақыт тығыздығы, жанұядан қашу Батыс адамының тамақтану тәсілін өзгертіп, оны фастфуд пен үйден тыс жерде пісірілетін тамақтарды жеуге итермеледі.  Бүгінде тамақ өндіретін ірі компаниялар жұмыс істей бастағандықтан тамақтану үлгісі өзгеріске ұшырады.

Сіздер "Батыстың өмір салты" бағдарламасының бірінші бөлімін тыңдадыңыздар. Бұл бағдарламада Батыс елдеріндегі кейбір әлеуметтік құбылыстарға шолу жасалып, сарапшылар мен қоғамтанушылардың пікірлеріне сілтеме жасалып, заманауи Батыс әлемінің басқа қырларына да сараптама жасалатын болады. Бұл құбылыстар Батыстың идеологиялық негізінен туындап отыр. Аталмыш бағдарлама Стивен Уолт сияқты адамдардың Батыстың құлдырай бастағаны туралы сөздері жайлы ойлануға мүмкіндік береді.  

 

Тегтер