Иранның танымал тұлғалары (178)
Бүгінгі бағдарламада да өткен бірнеше бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иран мен әлем философиясы мен хикметінің белді тұлғасы саналатын "Садр әл-Мұтаалалин" немесе "Молла Садра" деген лақап атпен танымал Мұхаммад бен Ибраһим Қавами Ширази жайлы сөз қозғаймыз.
"Молла Садра" деген лақап атпен танымал Мұхаммад бен Ибраһим Қавами Ширази х.қ.ж.с.б. 980 жылдың джамади ул-аууал айының 9 жұлдызында (1571 жылы) Ширазда дүниеге келген. Бастауыш білімді үйде жеке мұғалімдерден алған. Жанұясы Шираздан Қазвинге көшкеннен кейін Садреддин Мұхаммад өзінің бастауыш және орта білімін Қазвинде осы қаланың көрнекті ұстаздарынан алып, басқалардан тезірек жоғары сыныпқа көшті. Ол Қазвинде сол кездегі екі данышпан шейх Бахаи мен Мирдамадтан дәріс алып, аз уақыттың ішінде дарынының арқасында озат шәкірт атанды. Сафави әулетінің астанасы Қазвиннен Исфаһанға көшірілген кезде Садреддин Мұхаммад ұстаздарымен бірге Исфаһанға барып, Мир Фандараскиден дәріс алып, біраз уақыттан кейін ұстаздарының рұқсатымен дәріс бере бастады. Ол сол кезден бастап өз мектебінде философияның жаңа негіздерінен дәріс берді. Айтып өткеніміздей, бұл дәурен ұзаққа бармады. Оның сопылыққа бет бұруына қарсы болған кейбір білімі таяз үлемдердің қысымдары салдарынан Молла Садра Исфаһаннан кетуге мәжбүр болып, Құмның маңындағы "Каһак" ауылына қоныс аударып, бес немесе он бес жылдан кейін Ширазға оралды. Молла Садраның көптеген кітаптары осы кезде жазылды. Ол х.қ.ж.с.б. 1050 жылы (1640 жылы) Меккедегі Құдай үйіне жетінші сапары барысында Басра қаласында 71 жасында дүниеден өтті. Бұл ирандық философ әрі мистик Наджаф-е Ашраф қаласында шиіттердің бірінші имамы хазірет Әли (ғ.) кесенесі маңындағы "Үлемдер террасасында" жерленген.
Молла Садра ислам әлемінің ұлы философтарының бірі саналады. Бүгінде оның ойлары трансұлттық сипатқа ие болып, бүкіл әлемге таралды. Батыстың ислам философиясымен танысуының бастамасы ресми түрде 11 ғасырда философиялық еңбектерді аударумен басталған. Көбінесе бұл таныстық Ибн Рушд, Ибн Сина және Ғазалидің еңбектерін зерттеуден басталды. Бір кезеңде Ибн Синаның еңбектеріне көбірек көңіл бөлінді. Зерттеушілердің пікірі бойыгша, Августин мектебін жақтаушылардың басым бөлігі ислам философтарының мектебін ұстанған. Бұл кезеңде ислам философиясы Батыстың ойы мен философиясына қатты ықпал етті. Бұл ықпалға екі қырдан көңіл аударуға болады: біріншіден, ислам философиясы көпір саналды. Сол арқылы грек ойы мен философиясына жол тауып, Батысқа қайтып оралуға болатын; екіншіден, мұсылман философтар жаңа теориялар тудыру арқылы әлемде айтарлықтай рөл атқарды. Ибн Сина, Ибн Рушд пен Ғазали сияқты тұлғалардың ойлары Еуропа деңгейінде философиялық ағым тудырды. Молла Садраның философиялық еңбектері Декарттың батыстық заманауи философиясын тудыруымен бір мезгілде орын алды. Бірақ Батыстың модерн заманында Декарт өзін Шығыстан толығымен бөлек тұлға санаған. Шығысқа шығыстанушы көзімен қарап, өзін шығыстық және исламдық ойға қажеттіліктен ада сезінген. Сол себепті Батыстың өз-өзіне масаттанған үш ғасырлық кезеңінде Молла Садраның философиясы оларға тартымды көрінбеген. Батыстың шығыстық ой мен руханиятқа қайта бет бұруында әртүрлі факторлар себеп болды. Модернизм ғасыры басталған кезде Батыста ой мен рухани дағдарыс пайда болып, жерде жұмақ жасау идеясы жеңіліске ұшырғаннан кейін, әсіресе Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Батыста Шығыс пен оның шығыстық және исламдық руханиятына көңіл аудару қайта бой көтерді. Бұл бетбұрысты алғаш болып, Францияның дәстүр қолдаушы философы Рене Генон мен зерттеуші Генри Корбин бастады.
20 және 21 ғасырларда Батыста Молла Садраның философиясын таратып, үйреткен ұстаздарды үш буынға бөлуге болады. Бірінші буын – садралық философияның мұғалімдері. Оларға Генри Корбин, Фазлуррахман Малек, Сейіт Хусейн Наср, Меһди Хаери, Меһди Мұһаққеқ мен Джавад Фалатури жатады. Генри Корбиннен басқаның бәрі – Батыс әлеміне қоныс аударып, садралық философияны академиялық тәсілмен университеттерде сабақ беру, мақала мен кітап жазу арқылы Батысқа таныстырған шығыс адамдары.
Екінші буын – көбінесе бірінші буыннан тәлім-тәрбие алып шыққандар. Олардың басым бөлігі – марқұм Хусейн Зиайи сияқтың ирандықтар немесе Иранға келіп, Молла Садраның философиясымен танысып, ирандық ұстаздардан тәлім алған адамдар. Джон Купер, Уильям Читинг, Джеймс Морис, Герман Ландулет пен Оливер Лиман Батысты ислам философиясы мен Молла Садраның философиясын таратып жүрген екінші буын өкілдері болып табылады.
Үшінші буынға АҚШ, Канада мен Еуропада ислам философиясын таратып жүрген ұстаздар жатады. Олардың көбі – профессор Наср мен ирандық ұстаздардың шәкірттері. Жильбер Дюран, Поль Харди, Джозеф Ламбард, Ахмадшах Каземи, Балал Каспинар, Мария Дакаке, Ятис Ашоц, Кристин Буно мен Мұхаммад Рустам – осы буынның айтулы тұлғалары.
Садралық философия ұстаздарының үш буынын қарастырғанда ескеретін маңызды жайт осы үш буынның идеялық орталығы ғұлама сейіт Мұхаммад Хосейн Табатабаи екендігінде. Сондай-ақ, Генри Корбин ислам философиясының француз философиясында өз орнын алуында маңызды рөл атқарды. Францияда Генри Корбин тұлғасы мен оның кейбір шәкірттері, соның ішінде Жильбер Дюран, Кристин Жамбе және Антуан Фурдың ықпалына байланысты ислам философиясының әртүрлі қырлары Франциядағы философиялық ой ағынына енді. Еуропаның басқа елдерінде Корбин, Изутцо, Фазлуррахман Малек пен Сейіт Хусейн Насрдың еңбектері таралған соң ислам философиясы, әсіресе садралық философия университет ортасында кең таралды. Қазіргі таңда ислам философиясы мен садралық философия АҚШ-та Джордж Вашингтон, Гарвард, Чикаго мен Калифорния университеттерінде, Ұлыбританияның Экзитер университетінде, Канаданың МакГилл университетінде оқытылады. Францияда Жильбер Дюран, Кристин Буно, Кристин Жамбе мен Антуан Фур сияқты адамдар ислам және садралық философияның таралуына зор үлес қосты.
Молла Садраның философиясы жеке түрде және ислам философиясы жалпы негізде ислам мен Батыс арасындағы диалог көпірі болып табылады. Бүгінде рационализмге негізделген садралық философияның тағылымдарына сүйеніп, Батыстағы атеист адамдармен пікір таластырып, олардың материалистік ойларының негізсіздігін рационалды түрде дәлелдеп беруге болады.
Болмыс, Құдайдың барлығын дәлелдеу, абстракция мен рухтың сақталуы, өлімнен кейінгі өмір, түсінік, ақлақты қажет ету сияқты басты мәселелер Молла Садраның философиясында жақсы түсіндірілген. Ислам философиясының тілі ислам мен Батыс әлемінің диалогы үшін ортақ рационалды тіл болып табылады. Басқа діндердің өкілдері мен атеистермен тікелей Құран мен хадистен мысал келтіру арқылы сөйлесуге болмайды. Өйткені олар Құран мен имамдардың сөздерінің илаһилығын қабылдамайды. Алайда ақыл тілі – жаһанға ортақ тіл. Сондықтан ислам философиясына сүйене отырып, жанама түрде Алла сөзі мен Аһл-е бейттің тағылымдарын Батыс әлеміне таныстыруға болады.
Батыс елдерінде Молла Садра туралы көптеген еңбек жазылған. Олардың көбі мақала, кітап, университеттік диссертация түрінде шыққан. Өкінішке орай, Молла Садра еңбектерінің аз бөлігі ғана еуропалық тілдерге аударылған. Осы уақытқа дейін Молла Садраның "Машаер" кітабын Сейіт Хусейн Наср, "Аршие" Джейм Морис, "Эксир ул-арефин" Читинг аударды. "Асфар" кітабының 8 және 9-шы томдары да ағылшын тіліне аударылып, басылып шықты. Сондай-ақ, өткен жылдар барысында Сейіт Хусейн Наср мен Меһди Амин Разавидің редакторлығымен "Зартушттан бүгінге дейінді ирандық-исламдық философиялық ойларды таныстыру" атты маңызды еңбек 5 томмен ағылшын тілінде жарық көрді. Бұл зерттеудің маңызы зор. Онда әрбір философтың ең маңызды ойларын таныстырумен бірге Молла Садра кітабының бір бөлігі де аударылып, таныстырылды. Бұл кітаптың 4-томы Сухравардидің ишракизм философиясына, 5-томы Шираз, Исфаһан және Теһран мектептерінің философтарына арналған. 5-томда Молла Садра философиялық мектебінің қалыптасуына жағдай жасаған ойларға сараптама жасалған соң садралық философия таныстырылып, артынан Молла Садрадан кейінгі және Қажар дәуіріне дейінгі садралық философияның жағдайы талданған.
Келесі бағдарламада келесі ирандық танымал тұлғамен танысқанға дейін аман-сау болыңыздар!