Иран мәдениеті және сәулет өнері (16)
Құран Кәрімде иманды адамдар үшін бірнеше ерекшелік аталып өтілген. Мысалы, "Мұминұн" сүресінің 3-аяты: "Олар бос нәрселерден аулақ болады". Иранның мұсылман сәулетшілері осы діни тәлімдерден өнеге алып, ғимарат салуда ысырапшылық пен бос іс атқарудан бас тартуға тырысқан.
Мұхаммет Кәрім Пирниа өзінің "Иран сәулет өнерінің стильтануы" кітабында былай деп жазады: "Басқа елдерде қабырғаға сурет салу және тасты жону сынды өнерлер сәулет өнеріне бағынышты әрі ғимаратты көмкеруге арналған деп есептелетін. Ал Иранда ешқашан мұндай көзқарас болмады. Алебастр мен кафельді үйлестіру, саман мен кірпішті үйлестіру бір ғимаратты салуда атқарылатын негізгі жұмыстардың бірі болып табылады. Мысалы, ыстық, құрғақ және шөлді аймақтарда терезе күн нұрының тікелей кіруіне жол бермейді. Сөйтіп үй адамдардың жаны мен тәні жай табатын панаға айналған. Ағаш есіктер мен терезелердің түрлі түсті шыны терезелері бөлме ішінде әлсіз, жанға жайлы жарықты тудыратын. Ғимараттың сырты да әдемі көрінетін. Осыған байланысты мына мәселеге назар аударуымыз қажет: Иранның сәулет өнерінде "әдемі" деген сөз әдетте көз қызықтыратын емес, үйлесімді болу мағынасында қолданылған."
Иран сәулетшілері құрылыс салуда Ислам насихаттарын назарға алып отырған. Бірақ айта кету қажет: "бос істен бас тарту" Иран сәулет өнерінде Исламға дейінгі дәуірлерде де белгілі бір мөлшерде сақталынып отырған. Мысалы, ежелгі "Чуғозамбильдегі Зикурат" құрылысында да кафель пайдаланылған. Бірақ кафель бүгінгі сияқты көркемдеу үшін пайдаланылмаған. Кейбіреулер ғибадатхана деп есептейтін бұл үлкен ғимаратта қабырғаның төменгі бөлігі көк түсті кафельмен жабылған, өйткені қозғалыс барысында адамдардың аяғы қабырғаның төменгі жағына тиетін болған. Сондықтан қабырғаны мүжілуден сақтау үшін ирандық сәулетшілер кафельді пайдаланған. Әрине кафельмен көмкеру қабырғалардың әдемілігін де арттырған.
Иранның сәулет құрылыстарының үлгілері мен оларды құрайтын элементтерді зерттеу кезінде олардың белгілі бір тарихи кезеңде пайда болғандығына қарамастан, басқа дәуірлерде де пайдаланылып, дамытылғаннан кейін уақытқа бағынбай, тәуелсіз өмір сүре бастағандығын көреміз. Мысалы, "бос істен бас тарту" ұстанымының негізі ғасырлар бойында өңделіп, ғимараттардың ішкі бөліктерінде көрініс таба бастады. Өткен ғасырларда көптеген ирандық үйлерде адамдар бөлмелердің еденіне кілем және басқа да қолдан тоқылған бұйымдарды төсеп отырған. Үй тұрғындары әдетте жерде отыратын болған. Жерге отырудың нәтижесінде қабырғаға сүйену әдеті пайда болған. Сөйтіп уақыт өте келе қабырғаның төменгі бөлігі мүжілетін болған. Ирандық сәулетшілер қабырғаның беріктігін арттыру үшін алебастр мен шайырдан қоспа жасап оны 1 метрге дейін сылап отырған. Шайыр - өсімдіктің бір түрі. Ол тамырдан ажырағаннан кейін қатып қалады. Оны өнеркәсіпте желім жасау үшін пайдаланады. Шайыр алебастрдың беріктігін арттырады және қабырғаның мықты болуына көмектеседі.
Уақыт өте келе қабырғаның төменгі бөлігін жылтыр ашық түстермен бояйтын болған. Кейде осы бөлікке гүл мен өсімдіктердің суретін салатын. Осылайша, бұл суреттер қабырға мен бөлменің әдемілігін арттырумен қоса, қабырғаны мүжілуден сақтайтын тәсіл болған.
Әдетте Иранның дәстүрлі үйлерінің әртүрлі бөліктерін салуда халықтың наным-сенімі ерекше рөл атқарған. Иран халқының наным-сенімдерінің бірі адамның жеке өміріне құрметпен қарау және оны қадірлеу болып табылады. Осы мәселе ирандық сәулетшілерді "ішке бағытталуға" (интравертке айналуға) итермеледі. Ирандық сәулетшілер бір немесе бірнеше ауланың айналасында үйдің әртүрлі бөліктерін жобалай келіп, ішкі кеңістікті сыртқы ортадан бөліп отырған. Тек бір ғана дәліз оларды бір-бірімен байланыстырып тұрған. Ішке бағытталған үйлердің ішкі кеңістігі сырттан мүлде көрінбейді. Тіпті үйдің төбесі де сырт көзден таса болған. Яғни төбенің төрт жағына қабырға салынған. Сондықтан үй тұрғындары түнде үйдің төбесінде ұйықтаған кезде оларды ешкім көрмейтін.
Әрине Иранның барлық үйлері мұндай болмаған. Кейбір аймақтарда сыртқа бағытталған үйлер де салынған. Мұндай үйлердің айналасы ашық, жасыл кеңістік болған. Үйдің алдында бақша мен хауыз салынған. Бірақ Иранның ғимараттарының жалпы ерекшелігі олардың ішке бағытталуы болып саналады.
Айтып өткеніміздей, Иранның сәулет өнерінде "ішке бағытталу" ерекшелігі басымдылық танытады. Бірақ көптеген исламдық елдерде бұл ерекшеліктің сақталынғанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Тіпті ислам елдерінің көбінде тарихи қалалар осы ерекшелікпен салынған.
Мұсылман жазушы Наджм ад-Дин Баммат өзінің "Исламдық қала" атты кітабында осы мәселені нақты зерттеп, талдау жасаған. Ол осы "ішке бағытталу" ерекшелігінің себебін былай түсіндіреді: "Біріншіден, Исламдық қалада ештеңе үй иесі немесе үй тұрғындарының байлығы мен күш-қуатын көрсетпейді. Өйткені кедейлер мен байлар арасында күрделі байланыс болған. Ал қазіргі заманда үй мен үй тұрғындарының ерекшелігі бірден анықталады. Мысалы, қаладағы экономикалық бөліністер байлар мен кедейлер тұратын аймақтарды бір-бірінен бөліп ерекшелендіріп тұрады. Бірақ исламдық қалаларда қаланы бөлу принципі мүлдем басқа болған. Әдетте қаланың орталығында мешіт, медресе және базар орналасатын. Орталықтан алшақтаған сайын қаланың тығыздығы мен адам қарасы азая беретін болған."
Иранның ішке бағытталған үйлері екі топқа бөлінетін: бір орталықты үйлер және екі орталықты үйлер. Иранның дәстүрлі үйлерінің көбі бір орталықты болған. Олардың барлық есіктері мен терезелері аулаға қаратылып салынған. Бірақ кейбір үйлер, яғни ақсүйектер мен шенеуніктерге тиесілі үйлерде екі орталық болған. Бұл үйлер бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бір-бірімен жалғасып жатқан екі бөліктен тұрған. Тек үйдің тұрғындары ғана үйдің ішкі бөлігіне кіре алатын болған. Сондықтан ішке бағытталған үйлердің кеңістігін жобалауда назарға алынатын маңызды мәселелердің бірі үй ішіндегі жүріс-тұрысты (келіп-кетуді) бақылау және сырттан ішке кіретін жолды ұзарту болып табылады.
Сефевидлер билігі кезінде бірнеше жыл Иранда тұрған атақты саяхатшы Шарден Иранның үйлері жайлы былай деп жазған: "Үйлердің кіре беріс есігі кішкентай. Осы есікке қарап, мұның ары жағында үлкен де әдемі үйлер бар деп ойламайсың. Олар тіпті есікті әдемілемейді. Үйдің кіре берісіне қарапайым есік қолданады."
Ислам тәлімдерінде жанұяның жеке кеңістігін сақтауға ерекше көңіл бөлінген және бөтен адамның үйге рұқсатсыз кіруіне болмайды. Құран Кәрімде мұсылмандардың басқалардың үйіне рұқсатсыз кіруге болмайтындығы, ал үйге кірер кезде үй тұрғындарымен сәлемдесуінің шарт екендігі әмір етілген. Балалар да ата-анасының жеке кеңістігін құрмет тұтуы тиіс. Діни тәлімдер халықты осы принциптерді сақтауға шақырады. Осының негізінде мұсылман сәулетшілері үй салуда Исламда айтылған принциптерді сақтауға тырысқан. Олар өз өнері мен жасампаздығына сүйеніп, ұлттық мәдениет пен діни құндылықтармен үйлесім тапқан ғимараттарды салған.