Сәу 13, 2016 14:13 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (17)

Нұр (жарық) адам өмірінде үнемі өміршең әрі ықпалды рөл атқарып келеді. Жарық тіршілік иелерінің өмірін ұзартуға айтарлықтай ықпал етеді. Адамдар ежелден‑ақ бұл ақиқатты білген. Күннің нұры табиғи нұрдың ең жақсы үлгісі болып табылады. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе суық аймақтар мен ауылшаруашылыққа негізделген елдерде нұрға ерекше құрмет көрсетіледі.

Әртүрлі діндерде нұрға азды‑көпті көңіл аударылған. Құран Кәрімде былай деп жазылған: "Алла көктер мен жердің нұры" (Нұр сүресі, 35 аят).

Кейбір ежелгі жазбаларда былай деп келтірілген: болмыс нұрдан жаралған, жарық пен қараңғының қақтығысы соңында нұрдың жеңісімен аяқталады. Тіпті ақындар да өздерінің қиялға толы тілімен нұрды барлық соғыс алаңдарының жеңімпазы деп санайды және оны өмір мен үміттің бастауы деп атайды. 

Философия мен Ислам тағылымдарында нұр материалдық емес дүниеден бастау алған құбылыс деп аталған. Ол періштелер мен мағына әлемінің нышаны болып табылады. 

Ирандық сәулетшілер де нұрдың маңыздылығын түсіне келіп, өз туындыларына үйлесімділік, сәйкестік пен әдемілік беру үшін ғимаратты жарықтандыруға көңіл аударып отырған. 

Ежелгі дүниеде құрылыстарды жарықтандыру үшін табиғи нұр пайдаланылды. Әдетте түннің белгілі бір уақытында үй ішінің кейбір бөліктері немесе қала мен ауылдағы сыртқы кеңістіктер жасанды нұр, яғни әртүрлі шамдар мен шырақтар арқылы жарықтандырылды. Түнде жасанды нұрды пайдаланудың қиындықтары мен шектеулері адамзат баласының табиғи нұрды қадір тұтуына және оны максималды түрде пайдалануына себеп болды. Сондықтан айлы түндерде оның сәулесі пайдаланылды. Кейбір ғимараттарда, әсіресе тұрғын үйлерде "маһтаби" (ай сәулесімен жарықтандырылатын) деп аталатын кеңістіктер жобаланған. 

Ежелгі замандарда Иранның шөлді, ыстық та құрғақ аудандарында үйлерді күннің нұрын назарға ала отырып жобаланған. Қыста көбірек пайдаланылатын үйдің бөлмелері әдетте ауланың солтүстік бөлігінде күн нұрының түсу бағытына қаратылып салынған. Үйдің бұл бөлігін "қысқы жай" деп атаған. Қыс кезінде күннің нұры осы бөлмелерге көбірек түсіп, оны жылытып отырған. Осы себепті ирандық сәулетшілер жаз кезінде күннің ыстығынан сақтану үшін өз жобаларында әртүрлі жаңалықтарды пайдаланып отырған. Мысалы, жаз кезінде қолданылатын кейбір бөлмелерді ауланың оңтүстік бөлігіне салған. Ол күнге теріс қаратылып салынған. Сөйтіп жазда салқын болған. Сондай‑ақ күн нұрының бөлмелерге ену (?) көлемін бақылау үшін вертикалды және горизонталды қалқалар пайдаланылған. Иран сәулетшілері жаз мезгілінде ғимаратты аптап ыстықтан сақтау үшін қабырғалар мен шарбақтар, "ороси" терезелері мен түрлі түсті шыныларды пайдаланған. 

"Жанған қала" Иранның оңтүстік‑шығысындағы Систан мен Бәлуджистан облысында орналасқан ежелгі аудан болып табылады. Бұл жерде б.з.д 2-3 мыңжылдықта ирандық тайпалардың бір бөлігі қоныс тепкен. Бұл қала ежелгі замандағы ең дамыған қала болып саналады. Сол заманнан қалған үйлерде күннің ыстықтығынан бөлмелер терезесіз болған. Олар тек бір кіре беріс есік арқылы сыртпен байланыстырылған. Эламдықтар дәуірінен (б.з.д. шамамен 1300‑1400 жылдар) бізге шыныдан жасалған терезелердің үлгісі жетті. Бұл терезелер үй ішін жарықтандыру үшін пайдаланылғаны анық. 

Иран сәулет өнеріндегі есік пен терезелердің үлгісі және оған қатысты деректерді мадтардың қамалдарындағы суреттерден көруге болады. Ассуриліктердің бедерлі суреттерінде де мұнаралардың бойына салынған желдеткіштер көруге болады. Олар күн нұрын ішке бағыттап тұрған. Ахеменидтердің ең көрнекті ескерткіші "Персеполисте" есіктер мен төбелерде ішке нұр кіргізетін желдеткіштер болған. Профессор Вольфгангтың зерттеулері бойынша, Персеполис сарайларының ауытқу бұрыштары ерекше дәлдікпен жобаланған. Мұндай жобаның арқасында белгілі бір бөліктерде көлеңкелер пайда болып отырған. Бұл көлеңкелерден жылдың алғашқы күні мен әртүрлі мезгілдердің басталу уақытын анықтайтын болған. 

Ашканидтер дәуіріндегі құрылыстар, әсіресе сарайлардың төбесі ағаштан жасалған. Ғимарат ішіне төбенің әр жеріндегі жарты ай пішіндес желдеткіштерден жарық түсіп тұрған. Бұл желдеткіштер шығысқа қарай ашылатын болған. Сасанидтер дәуірінде құрылыстардың төбесі күмбез пішіндес болған. Күмбездің ұшар басында тесік болған. Бұл тесік арқылы оттың түтіні сыртқа шығарылған. Құрылыстың ішіндегі жарық аталмыш тесік арқылы қамтамасыз етіліп отырған. Ол замандарда Иранның Хузистан аймағындағы үйлер төбедегі терезелер арқылы жарықтандырылып отырған. 

Ислам келгеннен кейін үй салудың жаңа тәсілдері пайда болды. Сөйтіп нұрды пайдаланудың жаңа жолдары табылды. Иран сәулет өнерінің үлгілерін табу үшін оны сарайлардан іздеудің қажеті жоқ. Осы дәуірде салынған үйлер Иран сәулет өнерінің жақсы үлгісі болып табылады және олар сәулетшілердің жарықтандыруға деген көзқарасын көрсетеді. Иран сәулет өнерінде "нұр ұстаушы" деп қарастырылатын элементтердің аттары әртүрлі болып келеді. Мысалы, тесік, торлы терезе, терезе мен жарықдан. Бұл атаулар әртүрлі тарихи кезеңдерде және әртүрлі аймақтарда желдеткішке қатысты пайдаланылған. Ал перде мен қалқа сынды элементтер нұрдың ғимарат ішіне енуін бақылайтын болған. 

Нұрды бақылау және Иран үйлерін жарықтандыру тәсілдерімен танысу үшін ирандық сәулетшілерінің кейбір бастамаларына тоқталып өтеміз. Иранның өзгермелі ауа райы, ыстық та жарық күн нұры, жаңбыр мен дауыл үйдің тұрғындарын сақтау үшін есік және тереземен қоса, басқа да элементтердің салынуын қажет етті. Иранның ескі ғимараттарының іші ағаш пен алебастрдан жасалған желдеткіштер және терезелермен қорғалып отырған. Бұл терезелерді сыртынан қыш немесе кафельден жасалған тормен жауып отырған. Желдеткіштің нақышталған жақтауымен шағылысқан нұр өз бағытын өзгертіп, ғимарат ішіне бірдей таралып отырған. Бұл жағдайда бөлменің ішінен сыртқы кеңістікті толықтай көруге болады. Бірақ сырттан бөлменің іші көрінбейді. Мұндай терезелерді "шабак" деп атаған. 

Ирандық сәулетшілердің жарықтандыру саласындағы тағы бір жаңалығы "хорно" деп аталады. Базар мен медресе сынды қоғамдық орындардың күмбездерінің ұшар басы әдетте жабылмайтын, үлкен шеңбер пішінде ашық қалдырылатын. Кейбір ғимараттарда нұр ішке бағытталуы үшін аталмыш тесіктерді шынымен жауып отырған. Бірақ базарлардың төбесіндегі тесіктерде шыны болмаған. Ауа сол тесіктер арқылы тазартылып тұрған. Кейбір базарларда күмбездің үстіне басқа да желдеткіштер салынып отырған. Бұл жарық пен ауа айналымын жеңілдеткен. Бұл тесіктерді "жарықдан" деп атаған. Жарықдан көпбұрышты болған, оның айналасына алебастрдан әдемі нақыштар жабыстырылған. 

Жарықты бақылаудың келесі бір тәсілі – үлкен терезелер мен кіре беріс есіктерге қалың перделер ілу болып табылады. Сефевидтер дәуірінен бері Ираның кейбір аймақтарында мұндай перделерді пайдалану өте кең таралды. Перделер кенеп немесе жібек матадан тігілген. Олар бір қабатты, кейде екі қабатты болған. Перделер терассалардың алдына немесе терезелердің алдына ілінген. Үй тұрғындары түнде пердемен жабылған терассада жиналатын болған. 

Тегтер