Сәу 13, 2016 14:15 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (18)

Иранның сәулет өнері басқа елдердің сәулет өнерінен ерекше айқындалып тұрады. Тиімді жобалау, нақты геометриялық есептеулер, бірегей құрылым, ғимарат ішін безендірудегі жасампаздық сынды ерекшеліктердің әрқайсысы бір қырынан қарағанда қарапайым болғанымен, бір елдің архитектуралық салтанатының көрсеткіші болып табылады.

Табиғат барша әлемнің сәулетшісі, яғни Алла тағаланың туындысы болып табылады. Табиғат сәулетшілерге шабыт беретін ең жақсы қайнар көз болып келген. Адам баласы тарих бойында өзіне баспана, тұрғын үй және басқа да кеңістіктерді салып, қолдана бастаған кезден бастап табиғи факторларды үнемі негізгі де маңызды ұстаным ретінде қарастырып келеді.

Табиғат көп жағдайда сәулетшілердің жасампаздығына әсер етеді. Табиғат үнемі айналамызда. Ол өнерпаздар мен сәулетшілерге шабыт беретін құдіретті құбылыс болып табылады. Адам адамзат қоғамының өркениеттену үрдісімен бірге табиғатта өмір сүру үшін үнемі сәулет өнерін құрал ретінде пайдаланып келеді. 

Сәулет өнерінде ежелден-ақ табиғи элементтер пайдаланылған. Мысалы, ежелгі наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптарда тау, су, от, ағаш, күн немесе жұлдыз сияқты табиғи элементтер құрметтелген. Ғибадатханалардың көбісі тау, бұлақ немесе қасиетті ағаштың жанына салынған. Ол замандарда адамдар осы табиғи құбылыстармен байланыс орнату үшін кейде құрбандық шалып отырған немесе осындай жерлердің жанына құрбандық шалатын орын салған. 

Сәулет өнерінде ежелгі наным-сенімдермен қоса, табиғат пен табиғи элементтер сәулет өнерінде негізгі рөл атқарған. Бұл элементтердің Иран сәулет өнерінде де ерекше орны бар. Бұрын Иранда үйлердің ауласы болған. Бұл аулада бір немесе бірнеше бақша мен суға толы хауыз болған. Олар шаттыққа толы табиғаттың символы болып табылатын. Үйдің терезелері аулаға қарата болғандықтан, аула тек үйдің ішінен ғана көрінетін. Иран үйлерінің іші көбінесе табиғи көріністерден үлгі ала отырып безендіріледі. Әйгілі шығыстанушы Арту Поп өнер туындысын жасауда үш факторды маңызды әрі әсерлі деп біледі: біріншісі - тарих бойындағы ұлттардың мәдениеті, екіншісі - діни және мистикалық таным, ал үшіншісі - ата-бабалардың салт-дәстүрі мен салиқалы таңдауы. 

Шындығында ирандық сәулетшілер ғимаратты жобалауда Иранның бұрынғы сәулетшілерінің тәжірибесін пайдалана отырып, халықтың діни наным-сенімдері мен мәдени ұғымдарын баяндауды мақсат тұтты. 

Сәулетшілер ғимаратты жобалауда өздерінің шабыттарына сүйене отырып, екі тәсілді – реализм мен қиялды пайдаланып отырған. 

Реализм тәсілінде сәулетші табиғаттағы формалар мен көлемдердің тек шынайы сұлулығы мен көркемдігіне көңіл аударып отырған. Сондықтан сәулетші ғимаратты жобалауда бір бөлікті табиғи сұлулықты көрсетуге, табиғи элементтерді пайдалануға арнап отырған. 

Өткен бағдарламаларда Иранның үйлерін таныстырған кезде бұл үйлерде аула, бақша және хауыз болатындығын айттық. Бұл бау-бақшада негізінен жеміс ағаштары, гүлдер мен әсемдік өсімдіктер егілетін. Бұл үй тұрғындары үшін жап-жасыл әрі шаттыққа толы кеңістікті тудыратын. 

Су - Иранның сәулет өнерінде рухани мәнге ие болған. Мысалы, үйдегі су айналымы табиғаттағы адам өмірінің суға тәуелділігінің көрінісі болған. Иранның ауа райы мен табиғаты әралуан болғандықтан, көптеген аймақтарда жерүсті суларымен қоса, құдықтағы жерасты сулары пайдаланылған. Кейде жерасты сулары мен арықтардағы сулар бірнеше үйдің астынан өтетін және әркім өз еркіне қарай үй астындағы судың бағытын өзгертіп отырған. Субүркектер, арықтар, хауыздар мен тоғандардың барлығы ежелгі сәулетшілердің Иранның үйлерінде осы табиғи элементтерді пайдаланғандығын көрсетеді. 

Бақшаны суару үшін төртбұрыш немесе тіктөртбұрыш пішіндес суару желілері салынған. Осылайша желінің ұзындығы қысқартылып, судың босқа ысырап болуына жол берілмеген. 4 бақ пен бір суару желісінің айналасына тартымды төрт бөлік жасау – ирандық сәулетшілердің Иран үйлері мен бақтарын жобалаудағы қол жеткізген жарқын жетістігі болып табылады. 

Бау-бақшаны жобалаудағы симметрияны сақтау принципі балансты сақтаудағы кемелденген форма болып табылады. Ирандық сәулетшілер мұны кеңінен пайдаланған. Жалпы бақ кеңістігін жобалауда тіпті ағаштар, бұталар мен гүлдердің егілу тәртібі симметрияға бағындырылған. Осылайша Иранның бақтарынан әдемі кеңістікті көруге болады. Бұл ирандық сәулетшілердің шығармашылық талғамдарының жемісі болып табылады. 

Тіпті кейбір жағдайларда таудың түзу немесе еңіс етегі бақтың кейбір бөліктерін салу үшін пайдаланылды. Сөйті, жердің әр бөлшегі кең көлемде пайдаланылды. Осылайша жазық та түзу жерлер ғимарат салуға арналып, ал көлбеу жазықтықтарда бау-бақша салынған. 

"Шираз тағының бағы" - Гурканиан дәуірінде салынған атақты 4 бақтың бірі болып табылады. Бұл бақ Шираз қаласының солтүстік-батысында баспалдақ түрінде салынған. Мұнда бұлақтар мен арықтар кішігірім сарқырама тәрізді мәрмәр тастардан жасалған тақташалардың үстіне құйылады. Су жоғарыдан ағып келіп, тастан жасалған әдемі хауызға келіп құяды. Арықтардың жағасы қашалған тастармен қоршал. Бақ ішіндегі жолдардың бойында сауырағаш пен апельсин ағаштары бой көтерген. Негізгі ғимарат осы бақтың ең биік тұсына салынған. Ғимараттың терезелерінен бақтың әдемі көрінісін тамашалауға болады. 

Иранның ескі үйлерінің көбісінің ауласында салынған хауыз тастан жасалған төртбұрыш, ромб, шеңбер және тіктөртбұрыш пішіндес кішкентай көлшіктің бір түрі болып табылады. Бұл терең тас хауыздың айналасы ауланың басқа бөліктерінің деңгейінен жоғары болған және ондағы артық су сыртқа төгіліп отырған. Хауыздың суы ішуге пайдаланылмайтын, бірақ бақты суару, аула мен террасаны тазалау үшін толтырылатын. Хауыздың ішінде тастан субүркек жасалған. Онда су қорғасыннан жасалған құбыр арқылы жоғары-төмен ағып, айналаға шашырайтын. 

Бұл хауыздардағы судың бетін әртүрлі тәсілдермен безендіріп отырған. Шамдарды кішкене ыдысқа салып су бетіне жіберу, раушан гүлінің жапырақтарын су бетіне себу, қарбыз сияқты жемістерді салқындату үшін су ішіне қою - осының барлығы хауыз бен ондағы суға ирандықтардың ерекше көңіл бөлетіндігін көрсететін ежелгі рәсімдер болып табылады. 

Иран сәулет өнеріндегі табиғатпен байланыс тек ауланы безендірумен ғана шектелмейді. Үй ішінде салынатын "хауызхана" да сумен байланысты көрсететін тағы бір кеңістік болған. Хауызхана – жаз маусымындағы орын ретінде бақта және үйде салынатын архитектуралық кеңістіктің бір түрі болып саналады. Ол ыстық кезде пайдаланылған. Оның негізгі қызметі іш пен сыртты байланыстыру болған. Оны жобалау шөлді аймақтарда аптап ыстықтан қорғалып, салқын орын жасау қажеттілігінен туындаған. Хауызхана әдетте сегіз бұрышты болып келген. Ол бір хауыздың айналасына салынған екі немесе төрт бөлмеден тұрған. Бөлмелердің есіктері хауызға қаратылып салынған, ал бөлмелердің арасындағы дәліздер ауламен байланыстырылған. Бөлмелердің алдында орындықтар қойылған. Хауызхананың үстіне ауаны тазартып, салқындатып тұру үшін желтартқыштар салынған. Хауызхана аула деңгейінен төменірек салынған. Әрине бақ пен үйде хауызхана салу үй иесінің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы деңгейін көрсететін болған. Сондықтан кейбір хауызханалар өте әдемі әрі салтанатты етіп салынған. Бүгінде олар белгілі бір кезеңнің көрнекті архитектуралық ескерткіші ретінде сақталып қалған. Кашандағы "Фин бағы", Исфахандағы "Делгоша бағы" мен "Хәшт бехешт" сарайы, Кашандағы "Саджадилер үйі" және "Гүлшан Завваренің үйі" – осының барлығы әдемі хауызханаларымен аты шыққан орындар болып табылады. Бұл хауызханаларда хауыздың айналасы мен ғимараттың төбесі өте әдемі нақыштармен безендірілген. Бұл нақыштардың суда шағылысуы хауызхана әсемдігін одан ары арттыра түседі. Хауызханалардағы су мен нұрдың көз қарықтыруы көптеген өлеңдерге арқау болған. Кейде бұл орындар ақындардың әдеби отырыстары мен ойын-сауық кештерін өткізуге пайдаланылып отырған.

Тегтер