Сәу 13, 2016 14:16 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (19)

Ирандық сәулетшілер ғимараттарды салуда реалистік және қиял-ғажайып тәсілдерді қолданған. Реалистік тәсіл арқылы ирандық сәулетшілер жоба жасауда табиғаттың шынайы формалары мен көлемдерін пайдаланып, әдемі кешен жасауға тырысты.

Бұл тәсіл, яғни ағаш, бұта және гүлмен ғимараттарды безендіру - адам өміріндегі өсімдіктердің қадір-қасиеті жайлы ежелгі наным-сенімнен бастау алады. Иран сәулетшілері табиғи құбылыстардың эстетикалық аспектілерін сақтау арқылы үй ішіндегі олардың өміршең әрі құнды рөлін көрсетіп отырған.

Ежелгі қоғамдағы халықтың сенімінде ағаш өмір мен түсімнің нышаны болған және кейбір өсімдіктер ежелгі әдет-ғұрыптарда маңызды да көрнекті рөл атқарған. Тіпті Ислам сынды монотеистік діндерде қасиетті орындардың көбі ағаш, өсімдік және гүлдің суретімен безендірілген. Мысалы, жүзім ағашы көптеген ғимараттарды безендіруге пайдаланылды. Жүзім Шығыста өмір ағашы деп есептелген және ғарыштың символы болған. Жүзім ағашының арабескалық суреті Ирандағы Наин мешітінің михрабы мен Тунистегі Қырван мешіті михрабының маңдайшасын безендіруде пайдаланылған. Бұл өсімдік суретімен көмкеру үлгілерінің бірі болып саналады. Кейбір зерттеушілер бұл ағашты даналықтың немесе материалдық дүниенің символы деп санаған. 

Өсімдік нақышымен көмкерудің тағы бір үлгісі шырмауық өсімдігін пайдаланып, оның суретін үйлердің кіре беріс есігінің төбесіне салу болып табылады. Сәулетшілер шырмауық өсімдігінің суретін үйдің кіре беріс есігіне салу арқылы бұл өсімдіктің эстетикалық қырымен қоса, оның мәңгілік күш-қуатына сенген. Шырмауық өсімдігі халық арасында бәле-жаладан сақтану үшін пайдаланылған және Иран сәулет өнерінде өте көп пайдаланылған. 

Иранның тарихи қалаларында әртүрлі пішіндегі бақтар болған. Бақтар Иранның әрбір аймағында сол жердегі қоршаған орта, ауа райы және мәдени жағдайларға байланысты ерекше жобамен салынған. Әрбір қалада көптеген қоғамдық бақтар болған. Бұл бақтарда үлкен жол қиылыстары болған. Бұл қиылыстардың ортасында су ішуге арналған орындар болған. Бақтың түкпір-түкпірінде тебриздік биік ағаштар егіліп, ақгүл және раушан гүлдерімен көмкерілген күркелер болған. 

Луристаннан табылған б.з.д. бір мыңжылдыққа тиесілі қола бұйымдарда ағаштар мен аққан су бедерленген. Бұл шөлді жердегі ең жақсы табиғи көрініс болып саналады. Ежелгі ирандықтардың пайымдауынша, су мен өсімдікке зиян келтіру періштелердің ашуына себеп болады. Ахеменидтер дәуірінде Куруш "Сард" елді мекенінде үлкен бақ салып, өз қолымен сол жерге ағаш отырғызған. Грекиялық тарихшы Ксенефон былай дейді: "Куруш өз қонақтарын осы бақты көруге шақыратын. Қонақтардың барлығы ағаштардың әдемілігіне, олардың салыну тәртібі мен арақашықтығының дәлдігіне және гүлдердің хош иісіне таң қалатын". 

Ахеменидтер дәуіріндегі бақтар тіктөртбұрышты формада жолдар және ағаштармен қиылыстырыла салынған. Бұл бақтардың ауданы өте үлкен болған. Кейде олардың аудандары 25 шаршы метрге жетіп отырған. 

Сасанидтік бір патшаның кезінде қоршаған ортаға әдемі өзгеріс енгізген геометриялық формасы жағынан теңдессіз бір бақ салынған. Сасанидтер дәуіріндегі сарай-бақтар Сүлеймен тағы мен Фирузабад сарайы сияқты бір табиғи көлшіктің немесе бұлақтың айналасына салынған. Сол кездегі жасампаз сәулетшілер өздерінің тәжірибелеріне сүйеніп, табиғи ортаның сақталуына себеп болатын кеңістіктер тудырған. 

Ислам өркениеті орнағаннан кейінгі алғашқы ғасырларда Иранда бақ салу жобасы сасанидтік үлгіге сүйеніп отырды. Бірақ зерттеушілердің көбі Сефевидтер дәуірін Ирандағы бақ салудың ең көрнекті ғасыры деп санайды. Бұл дәуірде бақтар шын мәнінде қаланың физикалық құрылымын қалыптастыратын элемент болған. Бақтар жасыл желекті кешен ретінде қаланың бүкіл болмысына ықпал етіп отырған. 

Осы дәуірдегі бақ салу Қазвин қаласынан басталды. Содан кейін Исфахан қаласы Сефевидтердің бақ салу және сәулет өнерінің салтанатты туындылары жинақталған астанасына айналды. "Хашт бехешт", "Чехелсутун" және "Фейз" сияқты атақты бақтар Сефевидтер дәуірінде салынды. 

Иран сәулет өнерінде пайдаланылатын өсімдіктердің түрі мен тегіне қарамастан, олардың орналасу орны, егу жобасы, әдемілігі мен пайдалылығы көңіл аударуға тұрарлық. Өсімдіктер тіпті бақты бұзушы табиғи факторларға қарсы тұру мақсатында пайдаланылған. Ирандық бақтар мен үйлердегі өсімдіктер әртүрлі мақсаттарда, атап айтқанда көлеңке түсіру, жеміс беру, бақ пен үйді көмкеру үшін егілетін болған. Иран сәулет өнерінің негізгі ерекшеліктерінің бірі - пайдалы болу болғандықтан, өсімдіктердің көбі алдымен жеміс ағаштарынан, содан соң саясы кең ағаштардан тұратын. Тұт, жүзім, інжір, алма, алмұрт, шабдалы, өрік, және жаңғақ ағаштары Иран бақтары мен аулаларында егілетін негізгі ағаштар болып табылады. 

Шығыс елдеріндегі бақ салу тәсілі ирандық бақ салу өнерінен үлгі алған. Үндістанда билік жүргізген Моғол патшаларының бірі - Бабыр шах Иранның бақ салу өнерін Үндістанға әкелді. Ол осы елдің солтүстігіндегі Агра қаласының бақтарын салдырды. Бұл бақтардың бірнешеуі бүгінге дейін сақталып қалған. Бабырдың ізбасары Жаһангир де Кашмир аймағында ирандық бақ салу стилімен бірнеше бақ салды. Виль Дуранттың "Өркениет тарихы" кітабының "Иман ғасыры" атты томында: "Ирандық стильдегі бақтар басқа халықтардың еліктейтін үлгісіне айналды. Арабтар, үндістер және орта ғасырларда еуропалықтар одан үлгі алды. Орта ғасырлардағы Еуропаның қалаларында қоғамдық бақтар мен жасыл желек отырғызу жолға қойылмаған еді. Ал Иран қалаларының көбісі бау-бақшаның ортасында салынған. Бұл қала тұрғындарының жайлылығы үшін жасалатын еді",-деп жазды. Виль Дурант: "Бұл бақтар әдемілік, тазалық, ағаш пен гүлдің көптігі тұрғысынан сол заманның мақтанышына айналған еді",-деп жазды. 

Ирандықтардың өсімдіктерге деген қызығушылығының әсері олардың барлық өнерінен көрініс тапқандығы сөзсіз. Бұл қызығушылық кілем мен текеметтің өрнегін жобалауда, поэзиялық туындыларда және көптеген суретшілердің суреттерінде көрініс тапты. 

Иранның төрт бақтан тұратын кілемі 18 ғасырдың аяғында тоқылды. Оның көлемі 130х262 см. Бұл - әлемдегі атақты, әрі өте сирек кездесетін кілемдердің бірі. Бұл кілемде ұзыннан бір өзек, еннен екі өзек бар. Бұл өзектердің қиылысқан жерінде екі хауыз салынған. Кілем 10 бөлікке бөлінген. Оның әрқайсысында ағаш, гүл және құстың суреттері салынған. Кілемнің негізгі түсі қызыл, оның шеті қою көк түспен көмкерілген. Өсімдіктер, құстар мен жануарлардың суреттері кілемнің ортасындағы хауыздың айналасына салынған. Иранның әртүрлі тарихи дәуірлеріне тиесілі ыдыстар мен маталарда Иран бақтары мен гүлдерінің суреттері бедерленген. Бұл суреттерде бір-бірімен біте қайнасқан ағаштар мен аққан судың көріністері салынған.