Иранның туристік тартымдылықтары (2)
Бүгінгі бағдарламада Сәрпол Заһабқа саяхат жасаймыз. Керманшаһта болған жер сілкінісінде ең көп зардап шеккен қала бұрынғыдай берік, әдемі әрі шаттыққа толы тарихи қала болып қалып, туристерді өзінің әдемілігімен баурап алуда.
Керманшаһ облысына сапар шеккен адамның Сәрпол Заһабқа соқпай, оның атырабындағы көрікті жерлерді көрмей кеткені өкінішті болар еді. Сәрпол Заһаб Халван көне қаласының үйінділеріне жақын жерде орналасқан. Сасанилер заманынан қалған қиранды қамал да қаланың жанында орналасқан. Сәрпол Заһаб Иранның шекаралық базасы мен қамалы болған. Арабтар Иранға шабуыл жасаған кезде қамал жойылды. Қазір бұл қала қасиетті жерлердің басты бағытында Теһран-Бағдад тас жолында орналасқан. Сәрпол Заһаб орманды және таулы жерде орналасқан. Далаһу әйгілі таулары мен Риджаб аймағының әдемі көлшіктері осы ауданда орналасқан.
Сәрпол Заһабтың айналасы мен Далаһу тауларының жап-жасыл етегінде орналасқан Пиран ауылы кез келген туристі өзіне тартады. Бұл ауылдың айналасындағы қалың орманда әдемі, биік шынар, табризи, жаңғақ пен інжір ағаштары өсетіндіктен өте сұлу көрініске ие. Сондықтан туристердің демалыс уақытын жақсы өткізуі үшін қолайлы жағдай жасалған. "Пиран" әдемі сарқырамасы –ауылдың ең негізгі тартымдылығы. Сарқырамаға бару үшін Сәрпол Заһабтан Шалан ауылына қарай шамамен 9 км жүріп, жасыл баурайға жету керек. Отандық және шетелдік туристер Иранда 100 метрлік сарқырама көреміз деп ойламайтын болар. Бірақ бұл шындық. Заһаб үстіртіндегі алып жартастардың арасынан 100 метр биіктіктен сарқырама ағып жатыр. Жартасқа өрмелеушілердің төмен түсіп бара жатқанын көру – сарқырама тартымдылықтарының бірі. Жыл сайын көптеген альпинистер осы әдемі ауданға сапар шегеді.
"Пиран" сарқырамасы
Сәрпол Заһабтың айналасындағы әдемі тауларда көретін жер көп. Мысалы, "Патақ" ауылындағы "Имам Аббас" деген атпен танымал орманды демалыс орны бар. Ауылда табиғи ресурстар сақталып, тұрғындарына тоған суы санитарлық жолмен жеткізілетіндіктен «Таза ауыл" деген атқа ие болған.
Мыңжылдық тарихы бар тас пен сарудждан жасалған "Зидж Маниже" қамалы, толығымен тастан жасалған террасаға ұқсас патшалық қамал саналатын Тақгарас сияқты тарихи ескерткіштер, сондай-ақ "Марав" көлшігінің тұмса табиғаты ауылды облыстың туристік полюстерінің біріне айналдырды.
"Зидж Маниже" қамалы
Тіпті Сәрпол Заһабтың айналасындағы жолдар бізді табиғаттың сұлулықтарына бастайды. Мысалы, Риджаб жолы осы аттас жап-жасыл әрі ауа райы жайлы ауылдарға апарады. "Баба Йадегар" кесенесі осы жолдың соңында орналасқан. Кесене мен оның демалатын орындарына жету үшін аздап жаяу жүру керек. Баба Йадегар – ақиқат жолындағы ұлылардың бірінің қабірі орналасқан зиярат және демалыс орны. Бұл жерде әртүрлі рәсімдер өткізіледі. Соның бірі – дәруіштер рәсімі. Ол қол соғып, зікір айту арқылы орындалады. Кесене өткелі қиын биік жартастардың арасында орналасқан. Ескі ағаштар мен сарқырап аққан бұлақтардың салтанаты атыраптың сұлулығын арттырып, әрбір жолаушыға естен кетпес әдемі көрініс сыйлайды. Сәрпол Заһабтың төзуге қиын ыстығында салқын самалдың соғуы – Баба Йадегардың қонақтарына сыйлайтын ең жақсы сыйы.
Сәрпол Заһабтың айналасындағы тарихи ескерткіштердің бірі – "Анубанинидің" бедерлі нақышы. Бұл Лулубилер патшасы Анубаниниден қалған ескерткіш. Лулубилер – арийлерден бұрын Загроста өмір сүрген қауымдардың бірі. Олар 4800 жыл бұрын осы аймақта мекендеген. "Анубанинидің" бедерлі нақышы "Мианкөл" атты танымал жартастың үстіне салынған. Қатты ұқсастығына байланысты көп адамдардың айтуынша, Дариуш "Беһистун" жазба тақталарын осы Анубанини үлгісінде қашатқан.
Сәрпол Заһаб қаласының ішіне қайтып оралғанда көрнекті зиярат орнын міндетті түрде көру керек. Ахмед бен Исхақ – имам Хасан Асгяридің (ғ.) танымал хадисшілерінің бірі. Ол х.қ.ж.с.б. 250 жылы Сәрпол Заһабта қайтыс болып, оның кесенесі зиярат орнына айналды. Зиярат орнының төрт бұрышты ғимаратының үстіне күмбез орнатылған.
Ислам революциясы жеңіске жеткен соң Сәрпол Заһаб ауданы Ирактың Баас режимінің ИИР-ға таңған соғысының құрбандарының біріне айналғанымен тұрғындары баастық басқыншыларға ержүректікпен қарсы тұрды. Сәрпол Заһаб халқының ерліктерін қалада соғыстан белгі ретінде қалған қирандылар мен снаряд түскен жерлерден көруге болады. Сәрпол Заһаб халқы басқа отандастарымен бірге Иран шекараларын дұшпаннан жан аямай қорғаған. Сәрпол Заһаб – ыстық қала. Бірақ ыстыққа қаланың атырабында өсіп тұрған пальма ағаштарының арасынан ескен салқын желдің көмегімен төзуге болады. Пальмалар адал сарбаздардай осы өлкенің шекараларын қорғап тұр.