Маусым 27, 2023 23:18 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (27)

Иранға саяхатты жалғастырып, Керман қаласына барамыз.

Бүгінгі бағдарламада Иранның шөл даласына барамыз. Біздің мақсатымыз – Иранның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Керман облысы. Бұл облыста мыңдаған жылдық тарихы бар ескеркіштер мен табиғи тартымдылықтар көп. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелген Иранның 6 ескеркіші осы облыста орналасқан. Иранмен таныс адамдар үшін Керман дегенде әдемі кілемдер, терме және пәтедузи деп аталатын қымбат маталар, құрма мен ең сапалы ирандық пісте еске түседі. Ал біз бүгін Керман облысының тарихи тартымдылықтарымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

 

Керман тарихи қаласы – Иран тарихының бір кезеңінде астана болған үлкен қалалардың бірі. Кейбір кезеңдерде әртүрлі патшалар кезінде бірнеше астана болған. Қарақытайлар заманында 70 жылға жуық Керман жалғыз өзі астана болған. Але Буйе мен Але Мұзаффар заманында Керман бірнеше қаламен бірге астана болған. Зендтер заманында да Аға Мұхаммед хан Қаджар Шираз қаласын құлатқаннан кейін Лүтфәли хан Зенд Керманға барып, бұл қаланы екі жыл астана етті.

Тарихи-географиялық және исламдық құжаттарда Керман Кармания, Жермания, Кермания, Кариман, Кармани, Кермани және Бутия деп аталған. Кейбір географтар Керманның көне атауын "Говашир" деп атаған. Говашир Куре-е Ардашир немесе Ардашир қаласы деген мағына береді. Біртіндеп Говаширге айналып кеткен. Бағзы заманда Керман қаласының 6 қақпасы болған, сондықтан "Алты дарбаза" қаласы деген атпен танымал болған.

Керман қаласының шығысында Сасанилер дәуіріне тиесілі ескеркіштердің бірі Қыз қамалы мен Ардашир қамалы орналасқан. Әлі күнге дейін олардың қирандылары сақталған. Деректер бойынша  Ардашир Бабакан заманында осы жерде абадтандырылған қала немесе маңызды қамал орналасқан.

Кермандағы Ардашир Бабакан қамалының қалдықтары

Керманның тарихи тартымдылықтарымен танысуды базардан бастаймыз. Базардың 600 жылдан аса тарихы бар. Оның архитектуралық стилі өте құнды. Х.ш.ж.с.б. 1380 жылы 25 ордибехештте бұл базар №3856 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.

Керманның үлкен базары

Керман базары баяғы заманнан бері осы облыстың сауда-саттық, импорт-экспорт жасайтын орталығы болған. Керманның матасы, мыс ыдыстары мен қолөнер бұйымдары Қытай мен Үндістанға экспортталып, ол жақтан дәмдеуіштер мен түрлі маталар импортталып отырған.

Керманның тарихи кешендері Сефевилер заманынан бері бір-бірімен тығыз байланыста. Керман базары – осы кешендер арасында екі маңызды бөліктердің бірі. Қала билеушілері базарды әрдайым кеңейтіп отырған. Уақыт өте келе қала кеңейіп, дамыған соң оның бастапқы келбетіне көп өзгерістер енгізілді. Керманда базарлар көп. Олардың әрқайсысы қаланың тарихи ескеркіштерінің қатарына жатады.  

Гәнджәли хан базары деген атпен де танымал Керман базарында Ирандағы ең ұзын сауда қатары орналасқан. Оның ұзындығы шамамен 1200 метр. Қатар шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Ол х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдан кейін салынған. Чарсоуқ – күмбезді қиылыстар базарды басқа жанама бөліктермен байланыстырады. Күмбезді қиылыстар әдемі алебастр жапсырмаларымен өрнектелген. Олардың 350-400 жылдық тарихы бар. Ұзақ жылдар өтсе де, чарсоуқтардағы майлы бояумен салынған суреттер сақталып қалған.  

Керман базарының әрбір бөлігінде белгілі бір кәсіп немесе қолөнер түрі орналасқан. Халық күнделікті қажеттіліктерін сатып алу үшін базарға барады. Сауданың қызып жатуы көрген көзді қуантады.

 

Арг-е Керман алаңынан базарға кіргенде Нағархана базарының үлкен есігіне келеміз. Ол сырлы кірпіштермен өрнектелген төбе және үлкен маңдайшадан тұрады. Жоғары бөлігінде бірнеше бөлме бар. Базардың түрлі бөліктерінің сәулет өнері Қаджарлар заманына тиесілі.  

Керман базарындағы Иран сәулет өнерінің теңдессіз туындыларының бірі – Гәнджәли хан базары. Деректерге сәйкес бұл кешен қаланың көне базарының үстіне салынған. Базарға жапсарлас орналасқан Гәнджәли хан кешені – Сефевилер заманына тиесілі сәулет өнерінің айқын үлгісі. Кешен х.қ.ж.с.б. 1005-1029 жылдарда шах Аббас Сефеви заманындағы билеушілердің бірі  Гәнджәли хан билік құрған кезде салынған.

Гәнджәли хан кешені базар мен моншадан тұрады. Қазір монша этнографиялық мұражайға айналған. Сондай-ақ заррабхана – тиын жасау шеберханасы бүгінде тиын мұражайына айналдырылған. Мұражайдан көне замандарда қолданылған тиындар мен қағаз ақшаларды көруге болады. Кешенге сондай-ақ су қоймасы, мектеп, Гәнджәли сарайы және бір керуен сарай кіреді.

Гәнджәли хан кешенінің сәулетшісі ұстаз Сұлтан Мұхаммед Язди болған. Осыдан 60 жыл бұрын аталмыш тарихи кешеннің моншасы қолданыста болған деседі. Кейін этнографиялық мұражайға айналдырылды. Сөйтіп туристер мен жолаушылар моншаның әдемілігін көре алады. Этнографиялық мұражайда адамдардың мүсіндері қойылғанымен монша өзінің шынайы қалпын сақтап қалған. Көне дәстүрлі моншаның көңіл-күйін сыйлайды.

 

Базардың ең көне бөліктерінің бірі саналатын Ихтияри базарынан өткеннен кейін Уәкіл базарына жетеміз. Ол Керманның ең әдемі базарларының бірі саналады. Уәкіл базары – Керманның тірі тарихы. Ол Керман билеушісі Мұхаммед Исмаил хан Уәкіл ул-Мүлктің бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 1282 жылы (1856 жылы), кейін оның ұлы Мұртаза Қолихан Уәкіл Сани және оның балалары тарапынан салынды. Онда керуен сарай, базар, монша мен мешіт бар. Ол әлі күнге дейін Уәкіл деп аталады. Базардың ең маңызды бөліктері ретінде Уәкіл моншасы, Уәкіл керуен сарайы, Хайяти мектебі, екі сауда қатары (бірінші және екінші) және Уәкіл мешітін атауға болады.    

Уәкіл моншасы – Зендтер мен Қаджарлар заманынан қалған Керманның тартымды тарихи ескеркіштерінің бірі. Ол екі бөлік –  киім шешетін жер және жуынатын бөлмеден тұрады. Бұл көне ғимараттың ғұмыры ұзақ. Ол х.қ.ж.с.б 1280 жылы салынған. 1369 жылы жөндеуден өткізілген. Әдемі тас бағандар, үлкен хауыз, еден мен қабырғаға жапсырылған түрлі түсті сырлы кірпіштер осы тарихи құрылысқа ерекше сұлулық сыйлады. Қазіргі таңда ол дәстүрлі баспаханаға айналдырылған. Туристерге ашық.  

Уәкіл моншасы