Маусым 13, 2023 23:36 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (26)

Мейбод қаласына сапар шегіп, оның кейбір тарихи-туристік жерлерімен танысамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! "Иранның туристік тартымдылықтары" атты бағдарламаның жаңа бөлімінде Йезд облысына сапарды жалғастырып, әлем мен Иранның шикі кірпіштен жасалған ең көне ғимараттардың бірі "Нарын" немесе "Коһандеж" қамалын көру үшін Мейбодке аттанамыз.

Йезд қаласының солтүстік-батысынан 45 км жерде Мейбод тарихи қаласы орналасқан. Бұл қаланың 7 мың жылдық тарихи бар. Оның тарихы ирандық аңыз-әпсаналармен астасып кеткен. Аңыз бойынша, қала Киумарс заманында салынған. Мейбод – Иранның көне қалаларының ең сирек үлгілерінің бірі. Онда әлі күнге дейін көне қала белгілері, соның ішінде жолдар, ғимараттар және соларға қатысты құрылыстарды көруге болады.

Мейбод қаласы – құнды тарихи ескеркіштердің болуына байланысты көруге тұрарлық жер. Бірақ көптеген тарихи ғимараттардың арасында Йезд жерінде қала салу тарихының ең көне құжаты ретінде "Нарын" қамалын айтуға болады. Бағзы заманда "Деж далан" деген атпен де танымал "Нарын" қамалы 3 га ауданды алып жатыр. Қамал 7 қабаттан тұрады. Онда мұнара, дуал мен есіктер көп. Қамал Мейбод қаласы маңындағы биік төбеде орналасқан. Шикі кірпіш және балшықтан салынған қамал әртүрлі тарихи кезеңдерде билік қамалы немесе әскери бекініс ретінде қолданылған. Қамал айбынының шарықтау шегі Исламға дейін Сасанилер заманында, содан кейін Мұзаффар әулетінің билігі кезінде болды.  

Қамалдың негізгі әрі көне бөлігі кешеннің жоғары бөлігінде орналасқан. Куәлер көрсеткендей, қамал бірнеше рет жөндеуден өткен. Төменгі бөліктер жаңа кезеңдерде салынғанға ұқсайды. Қамалдың орталық ауласында піскен кірпіш және саруджден салынған құрылыстар бар. Қамалда бөлме көп болған. Қазіргі таңда бірінің ішіне бірі кіріп жатқан кішкентай бөлмелер бар. Олардың көбі төменгі қабаттарда орналасқандықтан және дәліздер құлағандықтан әлі аршылып алынбады. Камалдың астында үлкен әрі күрделі жерасты каналдары бар.

"Нарын" қамалы

 

Кейбір архитектуралық сарапшылардың айтуынша, бұл тарихи зәулім ғимарат  – Ежелгі Ираннан қалған шикі кірпіштен салынған құрылыстардың бірі болып саналатын қамал. Құрылысында қолданылған архитектуралық жобаға байланысты ол әлі күнге дейін мықты да мығым сақталып тұр. Қамал қорғаныс тұрғысынан 5 қоршау мен қақпалардан тұрады. Бұл дұшпанның қамал ішіне кіру мүмкіндігін азайтқан. Қамал х.ш.ж.с.б. 1354 жылы №3490 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

"Нарын" қамалы

Мейбод көшелерімен қыдырып жүргенде қалада зилу тоқу, қыш бұйымдарын жасау және керамикалық тақташалар жасаудың айрықша орынға ие екенін көруге болады. Бұл салаларда көп адам жұмыс істейді. Мейбод қаласы Халықаралық қолөнер бұйымдары кеңесі тарапынан Жаһандық зилу қаласы деп таңдалған. Зилу тоқу – ыстық шөлді аймақтардағы ауыл тұрғындарының қарапайым тірлігінің белгісі. Оның өзіндік сұлулығы бар. Мейбодтың зилуында өзіндік өрнектер бар. Иранның ешбір жерінде осындай нәзік өрнек табылмайды. Әдемі де қарапайым өрнектерді пайдалану оны мешіттер мен зиярат ететін орындарда жаюға қолайлы төсенішке айналдырды.

 

Мейбод тұрғындары қадым заманнан бері зилуды пайдаланып келеді. Өйткені ол қолдан тоқылған және қоршаған ортаға үйлеседі. Сондықтан "Саламат (Денсаулық) кілемі" деген атпен танылған. Өйткені бұл тықыр кілем мақта жіптен тоқылады. Тоқымашы мен тұтынушының денсаулығына қатер төндірмейді. Нәзік зилулар топтамасын көру үшін Мейбодтың зилу және палас мұражайына баруды жөн көрдік. Бұл – Ирандағы жалғыз зилу мұражайы.   

Зилу

Мейбодтың зилу және палас мұражайы Мейбод керуен сарайының мәдени-тарихи ғимаратының шығыс залында орналасқан. Мұражай №1618 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Зилу мұражайы х.ш.ж.с.б. 1381 жылы Иранның Мәдени мұра ұйымының таныстыру және білім беру бағдарламалары аясында мамандандырылған мұражай ретінде ашылды. Мұражай іске қосылғаннан кейін зилу ирандықтар мен әлем халықтарына таныстырылды.

Бұл ғимаратта х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдан бері мейбодтық өнерпаздардың көк, ақ, жасыл және қызыл зилулар қалыбында көрініс тапқан Сарпанже өнері жұрт назарына ұсынылған. Осы мамандандырылған мұражайда бар зилулар көне және жаңа зилулар деп екіге бөлінеді. 50 ескі зилу бар. Ең көне зилулардың  бірі х.қ.ж.с.б. 808 жылға тиесілі. Ол Әли Бид ибн Хаджи қолымен михраб жобасы және ерекше техникамен көк, ақ және қызыл түстермен тоқылған. Мейбодтың ең нәзік зилуы х.қ.ж.с.б. 12 ғасырға тиесілі. Оның үстіне 24 жайнамаз жобаланған. Оның жиегінде вакфқа берушінің аты-жөні мен х.қ.ж.с.б. 1118 жыл деп тоқылып жазылған. Зилу тоқу шеберханалары да осы мұражайдың тартымдылықтарының қатарына жатады.

Мейбодтың зилу мұражайы

Әдетте кез келген турист бір жерге барғанда сапардан мәңгілік естелік ретінде сол қаланың сәлем-сауқатын сатып алады.  Мейбодке сапардың естелігі зилу кілемдері, түрлі қыш бұйымдары және керамикалық тақташалар бола алады. Мейбодтың түрлі нақышты қыш бұйымдары адамды таң қалдырады. Йезд облысында, әсіресе Мейбод ауданында қыш бұйымдары және керамикалық тақташалар жасау өнері қадым заманнан кең таралған. Зерттеулер көрсеткендей, Мейбодте қыш бұйымдарын жасау өнерінің мыңдаған жылдық тарихы бар.

Қыш бұйымдарын жасаушылар алдымен тұтынатын топырағын дайындайды. Мейбод ауданындағы "рос" қызыл топырағының жабысқақтығы жоғары. Балшықты шеберхананың ішіндегі хауызшаларға салмайды, тікелей аяқпен мыжғылап, дөңгелекке қоюға дайындайды. Бұл кезеңде балшықты қалаған көлемде домалатады. Мұны "Рачане" деп атайды. Әдетте үлкен заттар жасау үшін қаттырақ балшық, кішкентай заттарға жұмсағырақ балшық қолданылады. Бұл ауданда қыш бұйымдары ақ балшықтан да жасалады. Қыш бұйымның сырты пісірілгеннен кейін оны ақ балшықпен бір қабат сылап шығып, сосын оны түрлі түспен бояйды. Ақырында қыш бұйымның бетін түссіз мөлдір эмальмен бояп, пісіреді.

Қыш бұйымдарын жасау өнері

 

Мейбод қыш бұйымдарының бетіне салынған суреттердің бірі – күн. Шын мәнінде ол шөлді аймақтарда жарқырап тұратын күннен шабыт алған. Екіншісі – әйел. Ол "Хуршид ханым" (Күн ханым) деп аталады. Үшіншісі – декоративті гүлдер, балық пен құстар. Балық – судың белгісі. Бұл аймақта су зор маңызға ие. Басқа сөзбен айтқанда  қыш бұйымдарындағы суреттер – өнерпаздардың тұрмыс-тіршілігі мен талап-тілектерінің көрінісі. Бұл суреттер көбіне көк, жасыл, сары және нәзік қара сызықтармен салынған және айрықшы әдемілік пен тектілікке ие. Мейбодтың күн, құс пен балық салынған керамикалық тақташаларының үлгілері 1971 жылы Мюнхен халықаралық көрмесінде алтын жүлде жеңіп алды. Басқа халықаралық көрмелерде Йезд облысының керамикалық тақташалары әрдайым көрермендердің зор қолдауына ие болып келеді.

Ақ қыш ыдыстың бетіне көк және жасыл түспен сурет салу – Мейбод қыш бұйымдарының айрықша белгісі. Сондай-ақ шахмат және аскөк – Мейбод қыш бұйымдарының бетіне салынатын жобалар. Осы қалада жасалған құмыралар мен кеселерде Иранның басқа жерлерінде байқалмайтын айрықша нәзіктік пен сұлулық бар.